Ерлікке тағзым еткен күн

Дата: 10 мая 2018 в 11:12

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Ақтөбе облысының әкімдігі Ресей Федерациясы Тверь облысы Ржев қаласының әкімшілігіне 100-інші және 101-інші атқыштар бригадасының қазақстандық жауынгерлеріне арналған жаңартылған мемориалды кешенді табыс етті.

Ұлы Жеңіс күні қарсаңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған делегация Ржев қаласындағы 100-інші және 101-інші атқыштар бригадасының қазақстандық жауынгерлеріне арналған мемориалды кешенге барып, ерлікпен қаза болған сарбаздарды еске алып, тағзым етті. Салтанатты шараға Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасының елшісі Иманғали Тасмағамбетов және Тверь облысының губернаторы Игорь Руденя қатысты.

Ржев жері қазақстандықтар үшін қасиетті. Себебі дәл осы жерде 1942 жылы желтоқсан айында Алматы және Ақтөбеде құрылған 100-інші және 101-інші атқыштар бригадасының жауынгерлері мәңгілік даңққа бөленді. «Марс» жауынгерлік операциясы кезінде қазақстандық дивизия 75 пайыз жеке құрамынан айырылды, бірақ олар өздеріне жүктелген тапсырманы абыроймен орындап шықты.

2010 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай Қазақстан елшілігі Ақтөбе облысының әкімдігімен бірлесіп, Ржев қаласында қазақстандық екі атқыштар бригадасының жауынгерлерін мәңгі есте сақтау мақсатында бірқатар жұмыстар атқарды. Аталған қалада қазақстандық жауынгерлерге арналып мемориалды кешен ашылды. Содан бері қазақстандықтар, оның ішінде ақтөбеліктер осы тұрғызылған кешенге барып, жауынгерлердің ерлігіне тағзым етеді.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған ақтөбелік делегация құрамында Әлия-Мәншүк атындағы «Қос шынар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Байдербес, «Адырна» журналының бас редакторы Мейірхан Ақдәулетұлы, облыстық ауған соғысы жауынгер-интернационалистерінің қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Ржев шайқасының қатысушысы Балқасын Кенжеғариннің немересі Аслан Балқасынов, Ржев шайқасының қатысушысы Ермак Кужиевтің қызы Әлима Кужиева, т.б. бар.

Мәскеуде біздің облыстан барған делегацияға Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетов бастаған елшілік өкілдері қосылды.

Ржев қаласына қазақстандықтар келгенде аспан ашылып, күн жарқырап тұрды. Делегация өкілдерін Тверь облысының губернаторы Игорь Руденя бастаған топ қарсы алды.

Бұдан кейін 100-інші  және 101-інші атқыштар бригадасы мемориалдық кешені аумағында Ұлы Отан соғысы батырларына арналған салтанатты жиын өтті.

Аталған шарада облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ел басына күн туғанда батырлық пен ерлік көрсеткен сарбаздарды қазақстандықтар әрдайым жадында сақтайтынын, олардың рухына тағзым ететінін жеткізді.

— Жеңіс күні — бұл маңызы зор мерекелердің бірі. Фашизмге қарсы күресте бізге жеңіс халықтың бірлігі, майдандағы жаппай ерлік көрсету мен тылдағы үздіксіз еңбектің арқасында келді. Соғыс жылдары Ақтөбе облысынан 122 мың адам қан майданға аттанып, оның 36 мыңы қаза болды. Біз соғыста жанын пида етіп, елді жаудан қорғаған жауынгерлердің, аға буынның ерліктерін ешқашан ұмытпаймыз. Бүгінгі бейбіт күнде біз олардың көрсеткен ерліктері мен табандылығына, батылдығына шынайы ризашылығымызды айтамыз, — деді облыс басшысы.

Ұлы Жеңістің 73 жылдығы қарсаңында биыл мемориалды кешен қалпына келтірілді. Бұл бағыттағы жұмыстарды «Парыз» қоғамдық қоры қаржыландырды. Мемориалды кешен тағы бір колоннамен толығып, гранит плиткасы ауыстырылды, брусчаткалар мен жиектастар төселіп, жарық орнатылды. Сондай-ақ «Туған жер» тұғыры қайта жаңартылып, аталған аумаққа орындықтар, қоқыс жәшіктері, гранит құмыралар қойылып, гүлдер егілді.

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына орай Ұлы Жеңіс күніне орай Ржев қаласындағы мемориалды кешенді қалыпқа келтірдік. Бұл жұмыстарға ақтөбелік кәсіпкерлер өз үлесін қосты. Солардың көмегінің арқасында кешен қайта жаңартылды. Сондай-ақ бүгінгі мерекеде бізге қолдау көрсеткен барлық жерлестердің атынан Тверь облысының басшылығына алғысымызды айтамыз. Бұл кешен алдағы уақытта келер ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде зор рөл атқарады деп ойлаймын, — деді облыс әкімі.

Бүгінгі күні гранитті қабырғада Ресей Федерациясы Қорғаныс министрінің Орталық архивінде Қазақстан елшілігінің дипломаттары арқылы деректері табылған 10 мың қазақстандық жауынгердің фамилиясы жазылған.

Батырлардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Салтанатты жиында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мерекелік құттықтауы тыңдалды.

Майданда қаза болған жауынгерлерге арналған мемориалды кешенді қалыпқа келтірген Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа, сондай-ақ батырлардың есімін мәңгілік есте сақтауға үлес қосқан Тверь облысының басшылығына алғыс айтамын, — деді Иманғали Тасмағамбетов.

Шарада Тверь облысының губернаторы Игорь Руденя ресейліктер ең жауапты кезеңде жаудың жолын кесіп, Отан алдындағы борыштарын орындап, оны фашистік басқыншылардан қорғап қалған, Ржев маңында қаза тапқан 100-інші және 101-інші қазақстандық бригаданың жауынгерлерін құрметпен еске алатынын жеткізді.

— Бұл мемориалды кешен — біздің ата-бабаларымыздың мәңгілік ерлігі туралы Ресей мен Қазақстан халқының тарихында есте қалатын символ. Біз Қазақстанның ортақ ерлік туралы естеліктерді сақтауға деген ықылас-ілтипатын бағалаймыз, — дей отырып, губернаторы Ақтөбе облысының халқына ерекше алғысын жеткізді.

Сондай-ақ ақтөбеліктер атынан Ржев қаласындағы Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне естелік сыйлықтар табысталды.

Бұдан кейін мемориалды кешенге гүл шоқтары қойылды. Оған соғыс ардагерлері, Ақтөбе облысынан келген делегация, Ресейдегі Қазақстан елшілігінің қызметкерлері, Тверь облысының басшылығы, сондай-ақ Ржев қаласының тұрғындары мен қазақстандық студенттер қатысып, қаза болған жауынгерлер рухына тағзым етті.

Салтанатты шара соңында мемориалдық кешенді Ресей Федерациясы Тверь облысы Ржев қаласының муниципалдық меншігіне беру туралы келісімге қол қойылды.

Жантас МАҚСҰТОВ,

Ржев қаласы,

 Тверь облысы.