«Орыс бақшасына» өнім егіледі

Дата: 30 апреля 2018 в 11:42 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Қазір Ойылда түрлі ұлт өкілдері тұрады. Орыс, украин, молдаван, поляк, беларус, славян, татар, ұйғыр, өзбек, неміс ағайындар ұзақ жылдар бойы тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Көкжардың қазақтарымен құда-құдандалы болып, қыз беріп, қыз алысып отыр. Мінезі, мәрттігі өзімізге тартқан көк көз жиендеріміз де жетерлік. Бұрын тіпті көп болды. Еңбекқор, күні бойы тыным таппайтын орыстардың жерді игерудегі тәжірибесі орасан зор. Бүгінде көптің тілімен айтылатын «Орыс бақшасы» солардан қалған бір белгі. Көбісі көшіп кетті. Бірақ кіндік қаны тамған атамекенін ұмытқан емес. Жыл сайын әр жақтан ағылып, туған жердің таза ауасына келіп демалып тұрады. Мұндағы барлық жерлестерімен мәре-сәре болады.

Ал, Ойылда туып, осында оқып, бала кезден қазақтың барлық салт-дәстүрін бойына сіңіріп өскен Елена Жигадлоның әкесі де Ойылда туған. Арғы атасы ғана Астраханьнан келген екен. Еленаның жолдасы украин ұлтынан. Виктор әскерден келгеннен соң, Ойылға құрылысқа жұмыс жасауға келген. Украин жігітінің Еленамен әңгімесі жарасып, кейін екеуі отау құрып, осында тұрақтап қалады. Виктор біраз жыл бұрын қайтыс болды. Олардың екі қызы тұрмыста, ал өзі баласы Виталиймен бірге тұрады. Екі қызының бірі қазаққа келін боп түсті. «Күйеу бала қазақ. Қазақ жиендерім бар», — деп әзілдеп қояды өзі.

— Есімді білгелі осы Ойылдың адамдарымен, мейлі ол қазақ болсын, басқа ұлт болсын, бірге араласып келемін. Қазақ көршілерім тойларынан, соғым-қонақтарынан қалдырмайды, —  деген Елена ет асу, қуырдақ қуыру, жеті нан пісіру секілді тағамдарын өзі әзірлей береді.

Қазақ тілінде еркін сөйлейтін Елена Жигадло ауданда өтетін мәдени шаралардың бел ортасында жүреді. Биыл Наурызда қазақтың халық әндерін нақышына келтіріп орындап, көпшіліктің сүйіспеншілігіне де бөленді. Той-томалақта қазақ әндерін шырқауға қолқа салатындар да көп. Ондайда ол тартынбайды.

Елена 13 жылдан бері «Жолшы» балабақшасында кіші қызметкер болып еңбек етеді. Тұрмысы да қарапайым. «Бізде бәрі жақсы, шүкір. Ұлым үй шаруасын жасайды. Біреулерге көмектесіп, азды-көпті табыс табады. Екеуімізге тапқан табысымыз молынан жетеді», — дейді Елена.

Ол Ойылдағы «Орыс бақшасын» жергілікті биліктің қайта жандандыруды қолға алып жатқанын білмейді екен. Елена бұл жаңалықты бізден естіп, балаша қуанды. «Егер сол жерді қадағалайтын болса, міндетті түрде бақша өнімдерін егемін. Біздің сай астында тиесілі жеріміз бар», — деді ол.

Самат НАРЕГЕЕВ,

Ойыл ауданы