Тілепжанның тұғыры

Дата: 30 апреля 2018 в 11:12 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Тілепжанның тұғыры

Тілепжан Ибрагимов жоғары оқу орнын бітірген сонау сексенінші жылдары жас мамандар жұмысқа жолдамамен жіберілетін. Одан бас тартуға болмайды. Кемі белгіленген екі-үш жылды атқаруың керек. Содан кейін қалаған жағыңа баруыңа болады.

Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтын бітірген біздің кейіпкеріміз де Ақтөбеге осылай келді. Әйтпесе, табиғаты тіпті бөлек, қытымыр қысынан гөрі жадыраған жазы көбірек, таулы, баурайынан сылдырап өзен ағып жататын Алматы облысының Ұйғыр ауданындағы Кетпен деп аталатын көрікті ауылда туып-өскен жас жігіт бастапқыда өзіне бейтаныс аймақта бірер жыл қызметін атқарып қайтуды да бөтен көре қойған жоқ. «Ел көріп, жер танығаннан жаман болмаспын» деп ойлаған ол. Бір жағынан өзімен институтта қатар оқыған, студенттік өмірдің қызықты, қиындықты күндерін бірге өткізген Мұхтар Жұмағазиев, Алпысбай Өтепов секілді жігіттер Қобда ауданында қызметті қатар бастап, мұны жалғызсырата қойған жоқ.

«Қазақ КСР-нің 30 жылдығы» атындағы ұжымшарға бірден бас мал дәрігері болып орналасқан Тілепжанға көп ойланып-толғанатын уақыт болған жоқ. Өйткені, егіншілігі де, мал шаруашылығы да қатар дамыған шаруашылықта бірінен соң бірі келіп жататын науқандық жұмыстар мамандардың бір сәт тыныс алып, дамылдауына мүмкіндік бермейтін.

— Мен жұмысқа кіріскен кезде бұл ауылда сан түрлі ұлт өкілдері тұрады екен. Қазақ та, орыс та, украиндар да бар. Бір қызығы, сол кезде уақыт ағымы солай болды ма, менің ұйғыр екеніме ешкім мән бере қоймаған секілді көрінеді. Көп ұзамай жақсы жолдастар таптым, бұл мекенге де үйрене бастадым. Қысқасы, қобдалық болып кеттім,— дейді ол өткен күндерді еске алған кезде.

Алматы шетел тілдері институтының ағылшын тілі факультетін бітірген зайыбы Гүлзарам да мектеп тірлігіне белсене араласып кетті. Отбасында Әзиз, Фариз, Наргиза есімді перзенттер дүниеге келді.

Тілепжан Ибрагимов 1991-1997 жылдары ұжымшар басқармасының төрағасы болып қызмет атқарды. Абыройсыз болған жоқ. Аудандағы іргелі шаруашылықтардың бірі саналатын үлкен ұжымның көшбасшысы ретінде ол үнемі ілгеріде жүрді. Сол тұстарда Қазақстан тарихында ең алғаш таратылған Парламенттің депутаты да болды.

Ал беріректе елімізде жекешелендіру басталып, жаңаша құрылымдар бой көтере бастаған тұста ол өзі басқарып келген шаруашылық ізінен құрылымдалған жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің тізгінін ұстады. Әуелгі кездің өзінде ұжым құрамында екі жүзге жуық адам еңбек етті.

— Бәлкім жастау кезімізде тереңірек ескермеген шығармыз, бірақ адам баласы өзінің шыққан тегін, түп-тамырын, ұлтының салт-дәстүрлерін ұмытпауы керек деп ойлаймын. Біздің елімізде бұл жағынан көп жұмыстар атқарылып жатыр. Қазақстан халқы ассамблеясы сан түрлі ұлт өкілдерінің жан-жақты көрінуіне жол ашып отырған жоқ па?!— дейді Тілепжан бізбен әңгімесінде.

Оның 2006 жылы  Ақтөбеде құрылған «Назугум» ұйғыр мәдени-ұлттық орталығының жетекшісі болып тағайындалуы көңіл көкжиегінде жаңа өрістер ашқандай. Рас, Ақтөбеде ұйғырлар соншалықты көп емес, Жиырмадан сәл ғана асады. Тілепжан жас буын — кейінгі ұрпақтарының ұлттық салт-дәстүрлерді жақсы білгенін қалайды. Бұл ретте зайыбы Гүлзарамның мерекелерде арнайы жасайтын дастарқаны — балалары үшін үлкен сабақ, жақсы тәлім-тәрбие.

Назугум — ұйғыр халқының батыр қызының есімі екен. Бұл күнде ұлттық-мәдени орталықтың атауы болған қастерлі есім әсіресе жас буынға рухани жігер береді. Тілепжан осылай деп ойлайды.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Поделитесь новостью с друзьями