«Даму көмек» үш адамға көмек көрсетті

Дата: 19 апреля 2018 в 12:32 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

«Даму көмек» бағдарламасы бойынша мүмкіндігі шектеулі үш азамат бизнеске қажетті құрал-жабдықтарға ие болды.

Мәртөк ауданынан келген екінші топтағы мүгедек Төлеген Иримовке бақша тракторы-мотоблок берілді. Жасы жетпістен асқан ақсақал мүгедектігіне қарамастан бау-бақша жұмысымен айналысады.  Ауласындағы он сотық жерге картоп, пияз, сәбіз, қияр, қызанақ егеді екен.

— Үйдің ауласына трактор кіре алмайды. Ал мотоблок шағын жерді жыртуға өте ыңғайлы. Осындай құрал керектігін айтып «Даму» қорына өтініш жазып едім. Бүгін, міне, алып отырмын. Енді ауылға барып, жердің әр сотығын бес жүз теңгеден жыртамын. Ауылда бұндай құрал тапшы. Үйде бос отырғым келмейді. Ұлым мен немерем көмектеседі. «Даму» қорының қызметкерлеріне алғысым шексіз, — деді ақсақал.

Қарияға  «АЗПО» ЖШС демеушілік көрсетті. Ал Мұғалжар ауданы Ембі қаласынан келген үшінші топтағы мүгедек Амангүл Меңдеева көпсалалы принтерге ие болды.  Амангүлдің Ембі қаласында азық-түлік дүкені бар. Тұрғындар дүкенге принтер іздеп жиі келеді екен. Ал оны сатып алуға Амангүлдің мүмкіндігі жоқ. Сондықтан «Даму көмек» бағдарламасына өтініш жазыпты. Кәсіпкер әйелге «Айс+» ЖШС демеушілік көрсетті.

Мүмкіндігі шектеулі Ақтөбе қаласының тұрғыны Марғұлан Жетесов бағдарлама аясында шағын бутигін кеңейткен. Ұзақ жылдардан бері кәсіпкерлікпен айналысатын азамат бұл бағдарламаға жиі қатысады. Осыдан төрт-бес жыл бұрын мұздатқыш камера алыпты.

— Бағдарламаның мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін пайдасы өте көп. Қызмет көрсету саласына қажетті заттарды осы бағдарлама бойынша аламыз. Бұл біздің бизнесімізді әрі қарай дамытуға серпін береді, — деген азамат алғысын айтты. Марғұланға жеке кәсіпкер Л.Ена демеушілік көрсетті.

Жиында демеуші болған серіктестік өкілдерін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры облыстық филиалының бас менеджері Әліби Сабыр Алғыс хатпен марапаттады. Жалпы «Даму көмек» бағдарламасы бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтардан 282 өтініш қабылданған. Қазіргі күні оның 132-сіне көмек көрсетілген.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

По сообщению сайта Ақтөбе газеті