Бердібек САПАРБАЕВ: Мұнайдың қоры мәңгілік емес, оған сеніп отыруға болмайды

Дата: 14 апреля 2018 в 15:02 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Бердібек САПАРБАЕВ: Мұнайдың қоры мәңгілік емес, оған сеніп отыруға болмайды

Жұмыс сапарымен Байғанин ауданына барған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Жаңатаң, Бұлақтыкөл, Көкбұлақ, Қосарал ауылдарының халқымен кездесіп, салынып жатқан газ өңдеу зауыты және «Аман мұнай» кен орнын аралады.

Ілеспе газ өңделеді

Облыс әкімінің сапары Қызылбұлақ ауылдық окургіне қарасты Жаңатаң ауылынан басталды. Алдымен облыс әкімі осы маңда салынып жатқан «Газ процессинг компани» газ өңдеу кәсіпорнының құрылысымен танысты.

Кәсіпорын облыс әкімдігімен арадағы меморандумның негізінде округ аумағындағы 2500 гектар жерге газ өңдейтін зауыт салып жатыр. Өткен жылы басталған құрылыс жұмыстары биыл аяқталмақ. Өндіріс іске қосылғанда аудан аумағында кен орындарында далаға босқа жанып жатқан ілеспе газ алаулары өңделеді. Құрылыстың жалпы құны — 21 миллиард теңге. Зауыт жұмысымен танысқан соң облыс әкімі Жаңатаң ауылына келді.

Аудан орталығынан шалғайда жатқан ауылда 83 үй бар. Халықтың негізгі күнкөрісі — мал шаруашылығы. Оны өсіріп, сатып, пайда көріп отыр. Қазіргі күні ірілі-ұсақты 11 жеке қожалық бар.

Жаңатаңдықтар үшін ең өзекті  мәселе — көгілдір отын. Жаз шықса, қысқа отын дайындап, қамданады. Көмір алуға қыруар ақша жұмсайды.

Ауылдағы тағы бір проблема — мектептің ескілігі. Іргетасы жетпісінші жылдары қаланған білім ордасының әбден тозығы жетіпті. Мұғалімдер әр бөлмені әктеп, сырлап, мүмкіндіктері келгенше балаларға жағдай жасап отыр.  Физика, химия кабинеттері жұмыс істейді. Түрлі шаралар ұйымдастырылады. «Бақытты  бала» жобасы бойынша биыл наурыз айында тоқсан балаға дастарқан жайылып, наурыз көже берілсе,  әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасының балдырғандарына мектеп құралдары таратылған. Мектептің спорт залы да әбден ескірген. Соған қарамастан балалар спортпен шұғылданып, облыстық, республикалық жарыстарда жүлдеге ие болып жүр. Оқушы Заманбек Қанатұлы республикалық сайыста қазақ күресінен чемпион атанып келіпті. Облыс басшысы мектептің ішін аралап көрді. Білім ордасының жас мамандарымен әңгімелесті. Оларды нәтижелі еңбек етуге шақырды.

Сондай-ақ Бердібек Сапарбаев ауыл ортасындағы «Ұлы қабырға» ЖШС салып берген спорт алаңын көрді. Серіктестік былтыр бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі  негізінде құны 7,2 миллион теңге тұратын  жасанды  жабындысы бар спорттық ойын  алаңын салыпты. Бұл жерде балалар қысы-жазы спортпен шұғылданады. Футбол, волейбол ойнайды.

Әлеуметтік ғимараттарды аралаған соң облыс әкімі Мәдениет үйінде жаңатаңдықтармен кездесті.  Облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайына қысқаша тоқталды. Қандай қиындықтар болмасын Елбасының қойған тапсырмалары толығымен орындалып жатқанын, аймақтың экономикалық көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда өскенін мәлім етті.

— Байғанин — облыстың шалғай аудандарының бірі. Бірақ мұнай мен газға, қазба байлықтарға бай өлке. Ауылға кіріп келе жатқанда-ақ халықтың әл-ауқатының қандай екені көрінеді. Шатырлары жаңа, ауласы қоршалған, айналасы мұнтаздай таза үйлер бірінші көзге түседі. Әрине, ауылда проблема бар. Оның барлығын бірден шешу мүмкін емес, біртіндеп шешіледі. Жаңа ғана іргеде салынып жатқан газ өңдеу зауытын көрдік. Желтоқсан айында іске қосылады. Облысқа ең кемі 220 миллион текше метр газ аламыз. Далаға жанып жатқан газды пайдаланып, облыс бюджетіне қаржы түсіреміз. Қазір зауытта 220 адам еңбек етіп жатыр. Оның елуден астамы осы аудан тұрғындары. Ертең іске қосылғанда кемі 600-ден аса адам жұмысқа орналасады. Тұрақты түрде 250-ден астам адам жұмыспен қамтылады.  Сондықтан ауыл жастары осы бастан мамандық алулары керек. Аудан мен облыс орталығындағы тегін оқыту орталықтарына жазылса, біріншіден, мамандық иесі атанады, екіншіден, шәкіртақы алады. Ауыл жастары мал шаруашылығымен айналысуы керек. Қазақ әу бастан мал бағып, күн көрген халық. Мұнайдың қоры мәңгілік емес, оған  сеніп отыруға болмайды, — деді облыс әкімі.

Сондай-ақ аймақ басшысы мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға  кеңінен тоқталды. Биыл облыста осы саланы жандандыру үшін үлкен шаруа қолға алыныпты. Республикада алғаш рет  пилотты жоба жүзеге асырылмақ. Бұл бастама Үкімет тарапынан да қолдау тапқан. Ақтөбеде  халыққа қызмет көрсету орталығы секілді мал шаруашылығына қолдау көрсететін орталық ашылады. Қазір мал базарының жанынан елу гектар жер бөлініпті. Бұл жерде малды сату, оның өнімін өткізу, баға саясатына қатысты проблемалардың барлығы шешімін табады. Бұрынғыдай ауылдың шаруасы малын өткізе алмай әуреге қалмайды және алыпсатарлардың арбауына түспейді. Делдалсыз-ақ қойы мен сиырын етке өзі өткізеді. Барлығы бір орталықтан қадағаланады, яғни тұрғындар үшін де, мал өсіріп отырған шаруашылық иесі үшін де тиімді жағдай жасалады. Кездесуде ұсақ шаруашылықтардың кооперативке бірігуі де сөз болды. Жол, көгілдір отын мәселесі де айтылды.

— Облыстағы ең күрделі мәселе — жол. Ақтөбе, Алға, Темір, Байғанин бағытындағы ірі жолдың құрылысы былтыр басталды, биыл жалғасын табады. Ал ауыларалық жолдардың проблемасы —  екінші кезекте. Себебі жол салу қыруар қаржыны талап етеді. Алдымен ауылдың болашағы, халқының саны есептеліп барып құрылыс жүреді. Ал көгілдір отынға қатысты шаруа біртіндеп шешіліп жатыр, — деді облыс басшысы.

Биыл Жаңатаң ауылында жаңа  100 орындық мектептің құрылысы басталады. Жергілікті бюджеттен 4 миллион  теңге қаражат бөлініп, қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу порталында мердігерді анықтау үшін конкурс жарияланыпты.

Шалғай ауылдардағы интернет жылдамдығының аздығы да облыс басшысына жақсы таныс. Бұл мәселе қазір Үкіметте қаралып жатыр. Жиын соңында аймақ басшысы жастарды білім алуға, еңбекпен шұғылдануға шақырды.

— Қазақтың балалары өзге ұлттың балаларынан кем болмауы керек. «Бақытты бала» акциясының мақсаты да осы. Ата-ана бала алдында жауапты. Қазір жастар ағылшын тілінде сөйлейді. Сіздердің балаларыңыз да солардан кем болмауы керек, — деді облыс әкімі.

Облыс пен аудан орталығынан шалғайда жатқан ауылдағы халықтың әл-ауқатын білуге келген өңір басшысына ауыл ақсақалдары риза болысты.

—  Осы жерде туып-өстім. Жетпісінші жылдары осы ауылдың өркендеуіне үлес қосып, еңбек еттім. Жаңатаңның тарихында ауылға келіп тұрған облыс басшысы өзіңізсіз. Сізге зор денсаулық, қуат берсін, — деген Қанат ақсақал ағынан жарылды. Ал ауыл мектебінде 42 жыл физика пәнінен сабақ берген ардагер ұстаз Мырзаш Нұржанов ауылдағы өзекті мәселелерді ортаға салды. Балаларға заманауи спорт зал керектігін айтты. Ауыл іргесінде қалдық төгетін полигонның иісі де тұрғындарды алаңдатып отыр. Желді күндері ауылды жағымсыз иіс басады. Осыдан он жыл бұрын жаңартылған электр сымдарының да тозығы жеткен. Жел тұрса үзіліп, жарық өшіп қалады. Ауыл ортасындағы трансформаторлар да ескіріпті. Электр қуатын үйлерге дұрыс бөлмейтіндіктен, тұрғындар зардап шегіп отыр. Осы мәселені айтқан ардагер ұстаз шаруаны шешуге ықпал етуін сұрады. Тағы бірі мал шаруашылығына қажетті несиені алу үшін кепілдік мәселесі қинайтынын, енді бірі денсаулығына қатысты жеке жағдайын да айтты. Тұрғындардың сұрақтарын мұқият тыңдаған облыс басшысы әрқайсысына нақты  жауап берді. Бірқатар шаруаны аудан әкімі Асқар Шерияздановқа тапсырды.  Полигонға қатысты проблема зерттелетінін айтып, қағазына түртіп алды.

Төрт ауылға көгілдір отын барады

Облыс әкімінің сапары Бұлақтыкөл ауылының маңындағы «Аман мұнай» ЖШС-на қарасты мұнай кен орнында жалғасты. Бұл жерде газ жүйесін тарту жұмыс жоспарымен  танысты. Аудандағы 24 елді мекеннің екеуі ғана көгілдір отынмен қамтамасыз етіліпті. Енді 2020 жылға дейін Қызылбұлақ ауылдық округіне қарасты Жаңатаң, Кемерши, Бұлақтыкөл және Жарлы ауылдарына газ кіргізу жоспарланып отыр. Аталған кен орнындағы ауаға жанып жатқан ілеспе газ үш ауылға тартылып, пайдаға асады. Осылайша тұрғындар отын мәселесінен біржола құтылмақ. Әр ауыл маңында газ қысымын реттейтін блоктар  орнатылады. Жалпы осы мақсаттағы шаруаларға  726 миллион 800 мың теңге қаржы қарастырылған. Бердібек Сапарбаев Бұлақтыкөл ауылындағы 100 орындық мектептің құрылысын көрді.

Бұдан кейін облыс әкімі Қарауылкелді ауылдық округіне қарасты Қосарал ауылына барды. Ауылдық Мәдениет үйінде тұрғындармен кездесті. Ауыл ақсақалдарынан ауылдың жай-күйін сұрады. Қосарал тұрғындарын да қинайтын — көгілдір отын мен ауызсудың жағдайы. Егер осы проблема шешілсе, жері шұрайлы, мал санын өсіруге қолайлы өңірден тұрғындар қоныс аударғысы жоқ. Қазір ауылда 15 шаруа қожалық бар. Әрбір қожалық 500-ден аса қой өсіріп отыр. Халықтың сауалын тыңдаған облыс басшысы бәріне жауап берді. Ауыз су мәселесіне қатысты зерттеу жұмыстары жүретінін айтты. Жер астындағы су қоры зерттеліп, сапасы тексерілген соң ғана шаруа қолға алынады.

Облыс басшысы Көкбұлақ ауылына да барды. Бұл жерде де ауыл тұрғындарымен жүздесті. Халық көкейлерінде жүрген  проблемаларды ортаға салды.

P.S.

Барлық ауылдың  проблемасы бір. Ол — жол, газ, ауызсу. Осы мәселелер шешімін тапса, халық қонысынан айырылғысы жоқ. Малын өсіріп, өрісін кеңейтуді ойлайды.  

Кәмшат ҚОПАЕВА.