Астанадағы Ұлттық музейде республикалық көрме өтті

Дата: 14 апреля 2018 в 14:32 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Астанадағы Ұлттық музейде республикалық көрме өтті

Көрмеге Ақтөбе облысында шығарылған кітаптар мен көрнекі материалдар, бейнероликтер ұсынылды.

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының жарияланғанына бір жыл толды.

Осыған байланысты кеше Астана қаласындағы Ұлттық музейде республикалық көрме ұйымдастырылды. Мұнда бағдарлама аясында барлық өңірлерде атқарылған жұмыстардың нәтижелері таныстырылды.

Жиынға Президент әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева қатысып, сөз сөйледі. Ол бұған дейін атқарылған жұмыстарды алдағы уақытта да тиімді жалғастыру қажеттігін айтты. Сонымен қатар, бұл бағдарламаны халық арасында кеңінен насихаттау маңыздылығын атап көрсетті.

Республикалық көрмеге ақтөбеліктер де белсене қатысты.

Облыстағы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің қызметкерлері жыл бойы атқарылған жұмыстар туралы бейнероликтер әзірлеп, өзге де көрнекі материалдар дайындады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Туған жерге тағзым», «Бақытты бала», «Аналарға тағзым» жобалары ауқымындағы шаралар, сондай-ақ Ақтөбе облысының 85 жылдығына арналып шығарылған «Ақтөбе — құтты мекен» энциклопедиялық анықтамалығы, «Ақтөбе» ақпараттық-имидждік журналы және Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің «Жұбанов кітапханасы» сериясы бойынша жарыққа шыққан он томдық кітап көрмеге қойылды.

«Ақтөбе облысының киелі жерлері», «Есет батыр Көкіұлы», «Жаңғырған Көкжар жәрмеңкесі» кітаптары да көпшілік назарын аударуда.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының жарияланғанына бір жыл толуы қарсаңында облыстың аудандарында көптеген кітапшалар жарыққа шығып, бейнероликтер әзірленді.

Р.ІЗБАХЫШ,

Астана.