«Шай ішкенде әңгіме жақсы жүреді дейтін». Сәтбаев туралы шәкірт естелігі

Дата: 12 апреля 2018 в 17:43 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

По сообщению сайта TengriNews

\"Шай ішкенде әңгіме жақсы жүреді дейтін\". Сәтбаев туралы шәкірт естелігі

Бүгін, 12 сәуір Қазақстан геологтары ғылыми мектебінің негізін қалаушы, қазақстандық металлогения ғылымының негізін салушы, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясын ұйымдастырушылардың бірі әрі тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевтың туған күні. Осыған байланысты Тengrinews.kz тілшісі Қаныш Имантайұлының көзін көрген шәкірттерінің бірімен тілдесті. 

11 жылын академияда аспиранттар дайындап, 54 жылын ұстаздық еткен Досмұхамед Кішібеков Ұлттық ғылым академиясының академигі, 850 ғылыми мақала, оқулық, монография және өзге де ғылыми еңбектердің авторы. Қаныш Сәтбаев туралы сұрағымызға Досмұхамед Кішібеков ол кісінің үш қырын баяндап берді. 


Досмұхамед Кішібеков. © Манас Жантекеев

Досмұхамед Кішібековтің сөзінше, ең бірінші, әрине, Қаныш Имантайұлы үлкен ғалым. Білімімен және көрегендігімен бүкіл кеңес одағын мойындатқанын айта кету керек. Жезқазған өндіріс орнын ашу үшін үкімет қаулысы қажет болған екен. Қаныш Сәтбаев осы мәселені қолға алып, Одақтың ауыр өнеркәсіп наркомы Орджоникидзеден қабылдауды сұраған. 1936 жылы 31 желтоқсанда сағат 18:00-де қабылдауға кірген Сәтбаев түнгі бірге дейін тілдесіп, ғалымның білімділігі мен көрегендігіне разы болған Орджоникидзеден қаулы шығартып алған екен. 

«Екіншісі, ол ғылымды ұйымдастырушы адам, бүкіл одақ бойынша мықты ғалымдарды және қазақтың маңдайға ұстар азаматтарын жинап, ғылым академиясын ашқаннан кейін, сол ғалымдардың орнын басатын буын дайындады. Мен ол кісінің алдына аспирантураға түсерде бардым. Ол кезде елімізде зертхана және өзге де қажетті дүниелер жоқ еді. Сондықтан бізді Мәскеуге жіберді, мен сол 25 адамнан құралған алғашқы лекте болдым. Ол кісінің мықты тұстарының бірі — адам тани білетін, сондықтан шәкірттерінен белгілі ғалымдар шықты», — дейді Досмұхамед Кішібеков.

Оның сөзінше, осындай беделі болғанымен, Қаныш Имантайұлы адамгершілігі мол, кішіпейіл адам болғанын атап өтіп, ғалымның үшінші қыры осы болған екен. 

«Мәскеуге барғанымызда Малая бронная көшесінде үлкен жатақхана болды аспиранттар үшін. Үлгермей қалған екенмін, орын болмады. Қаныш Имантайұлы бізді КСРО Ғылым академиясын басқарған Сергей Иванович Вавиловқа тапсырған. Содан Вавилов мені Мәскеудегі ғылым академиясының қонақүйіне орналастырамын деді. Мен бармаймын, ондай ақшам жоғын айттым. Болмай сонда орналастырды, бір тиын да төлеткен жоқ. Аспирантура бітіргенше тегін тұрдым. Бір қызығы Вавилов 21 жылы қайтыс болды, ал мен ол қонақүйде 53 жылы оқуым аяқталғанша тұрдым. Бұл Вавиловтың сөзін құрметтеу, Қаныш Сәтбаевтың беделі деп есептеймін», — дейді Кішібеков.

Сонымен қатар, Қаныш Сәтбаев бастаған ісін аяғына дейін жеткізіп басы қасында жүретін жауапты адам болған дейді Досмұхамед Кішібеков.

«Бізді көріп қайту үшін КСРО астанасына арнайы келіп, сол кездегі ең мықты «Мәскеу» қонақүйіне тоқтайтын. Сосын институттарға қоңырау шалып, 25 адамды екі-үштен кезектеп өзіне шақыртып алатын. Барлығымыздың аты-жөніміз жазылған қағазы бар екен. Қонақүйдегі нөміріне кіргенімізде дастархан жаюлы тұрады. Жұбайы Таисия шай демдеп дайындап береді, сосын әңгімеге бөгет болмай шығып кетеді. Шайды Қаныш Имантайұлы өзі құяды. Сүтпен ішесің бе, әлде қара шай ма деп сұрайтын. Ол кісі сүтсіз шай ішетін және шай үстінде әңгіме жақсы жүреді дейтін еді. Сосын өзіңмен тең адам сияқты сөйлесіп, баурап алатын. Кімнің алдында отырғаныңды ұмытып кетесің. Қал-жағдайымызды білу үшін арнайы келетін. Кейін аспирантураны бітіріп барғанымда. Шевченкодағы ғылым академиясының ғимаратын салу үшін қазандық қазылып, астына тастар жарып тастап жатқын. Сол кезде тасты қалай кесетінін алғаш көрдім, ортасына сына қағылғанда жарылып қалады екен. Міне Қаныш Имантайұлы күнде таңертең келіп, құрылысты аралап, жұмыстың қалай жүргізіліп жатқанын бақылап кететін еді», — деп аяқтады Кішібеков.

Тағы бір атап өтерлік жайт бар — Досмұхамед Кішібеков Мәскеуге аспирантураға аттанған 1951 жылы ғалым Қажым Жұмалиев, жазушы Мұхтар Әуезов, композитор Ахмет Жұбанов ұлтшыл деп айыпталған. Осы кезде Қазақ КСР ғылым академиясының президенті Қаныш Сәтбаевқа аталған адамдарды қызметтерінен босату керектігі айтылады. Сол уақытта биліктің айтқанына бармаған Қаныш Имантайұлы «Маған сеніп тапсырылған ешбір мекемеде мұндай негізсіз қудалау жүргізбеймін» деген екен. Осылайша өзі де сол кездегі биліктің сынына ұшырап, ғылым академиясының басшылығынан босатылады. Тек 1954 жылы Компартияның орталық комитетінің басшылығы ауысқан шақта ғана, Сәтбаевтың ісі қайта қаралып, ақталып шығады. 

Сәтбаевтың геологиядан басқа, мәдениет пен тарих саласы бойынша жазып қалдырған еңбектері бар. Ғалым Жезқазған мен Ұлытау өңірінен этнографиялық мұраларды жинап, «Жезқазған ауданындағы көне заман ескерткіштері» еңбегін жазған. Шоқан Уәлиханов қағазға түсіріп алған «Едіге» жырының мәтінін араб, татар сөздерінен тазартып, қазақ тілінің жаңа орфографиясының негізінде қайта дайындаған. 1924 жылы өз аулында қымыз ішіп, туберкулезден емделіп жатып, Қазақ орта мектебінің бастауыш және жоғары сынып оқушыларына арналған алғашқы «Алгебра» оқулығын жазып шығады. 1931 жылы басылған А. Затаевичтің «500 қазақ әндері мен күйлері» жинағына халқымыздың музыкалық мұрасының інжу-маржаны есептелетін 25 әнді өзі орындап, оларға орыс тілінде ғылыми түсініктеме беріп енгізген екен.