Сандық технологиялар — агроөнеркәсіп кешенін жаңа бағытта дамытудың басты құралы

Дата: 12 апреля 2018 в 12:42 Категория: Новости высоких технологий

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Бүкіл әлем цифрлы технологиялар дәуіріне қадам басты. Елбасы кезекті Жолдауында жаhандық талаптарды ескере отырып, ел экономикасын сандық технология негізінде дамытып, жаңа индустрияны қалыптастыруды тапсырды.

Дамыған елдер индустрияландыруды аяқтап, өз экономикаларын заман талаптарына сай оңтайландырып жатыр. Бұл мемлекеттер цифрлы жүйелер мен автоматтандыруды, жасанды интеллект пен инновациялық технологияларды жылдам дамытып келеді. Дүниежүзі бойынша ғылыми-технологиялық жобаларды іске асырудың әлемдік шығыны үшін 2,0 трлн АҚШ доллары жұмсалады. Бұл көрсеткіш жыл сайын орта есеппен қосымша 4%-ға өсіп отыр. Озық елдер тәжірибесі көрсеткендей, тиімді цифрландыру шаралары экономиканың қарқынды дамуы мен халықтың өмір сүру сапасын арттырудың негізгі факторына айналды.

Мамандардың болжамынша, 2020 жылға қарай әлемдік экономиканың 25%-ы мемлекет пен бизнестің, жалпы қоғамның өзара ықпалдаса дамуын қамтамасыз ететін цифрлы технологияларды енгізуге көшеді. Өткен жылдың желтоқсан айында елімізде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Осы мерзім ішінде бағдарламаны іске асуруға мемлекет бюджетінен 384,2 млрд теңге қарастырылған.

Қазіргі уақытта ел экономикасының басты локомотиві саналатын аграрлық саланы жандандыру мақсатында аталған бағдарламаны негізге ала отырып, «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында көптеген ауқымды іс-шаралар жүзеге асырыла бастады.

Бүгінде Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің алдында әлемдік нарықта экспортқа бағытталған, бәсекеге қабілетті, сапалы өнім көлемін молайту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті тұр. Сондықтан отандық аграрлық секторды «Ақылды технологиялар» арқылы дамыту қазіргі таңда ең өзекті мәселе болып отыр. Агроөнеркәсіп кешеніне сандық технологияларды енгізу климаттық өзгерістерді болжауға,тәуекелдерді төмендетуге, ауылшаруашылық дақылдардың өнімділігін, мал басы өсуін бақылауға,  топырақ құнарлылығын, оның ылғалдығын анықтауға, ауылшаруашылық жүйесін автоматтандыруға, өнімді арақашықтықтан сатуға, тауар биржаларымен өнім өткізу үшін электрондық келісімшарттар жасауға, маусымдық жұмыстарды орындаудың нақты сызбаларын жасауға, зиянкестерге қарсы дер кезінде шара қолдануға, ауылшаруашылық өнімдерінің өнімділігін ұлғайтуға, олардың  сапасын бақылауға, өнімнің «алқаптан-тұтынушыға» дейінгі аралықтағы жүйелерін жеңілдетуге, алатын өнім көлемін болжауға және кеткен шығындарды, түсетін пайданы санауға, білікті мамандар тапшылығын азайту мәселелерін жедел дамытуға мүмкіндіктер береді.

Бүгінгі заманның фермерлері өздері өндірген өнімдердің нарықта бәсекеге қабілетті болуына, оның қаншалықты сұранысқа ие болатынына дұрыс болжам жасай білуі керек. «Ақылды» технологиялар көмегімен шаруашылықты басқару арқылы коммерциялық мәселелерді де жақсы білуі тиіс. Аграрлық саласы жоғары дамыған елдер тәжірибесіне қарасақ, IТ-технологияны өндіріске енгізу жоспарланған шығындарды кемінде 20%-ға дейін азайтады. Бүгінде қазақстандық фермерлер GPS-жүйелері, мобильді қосымшалар, жоғары технологиялық датчиктер, алгоритмдер, спутниктік бақылау сияқты цифрлық технологияларды кеңінен қолданысқа енгізуі қажет. Бұл ауыл мектебінен бастап колледж, университетте фермерлерге жаңа білімді меңгеруге ықпал ететін мамандарды кәсіби даярлау жүйесін өзгерту керектігін білдіреді.

Біз ауылшаруашылық саласын цифрлы технологиялар арқылы дамытпай, үлкен көрсеткіштерге жете алмаймыз. Мысалы, дамыған елдер сандық жүйелерді кеңінен қолдану арқылы өздерінің экономикалық өсімін 80-85%-ға дейін арттырып отыр. Ол үшін заманауи талаптарға сай келетіндей үздіксіз білім алу жүйесін дамыту керек. Осы мақсатта біздің университет жанында жаңа білімге қол жеткізуге мүмкіндік беретін ашық курстар, тұрақты семинарлар өтетін «Агробизнестің жоғары мектебі» және «Фермерлердің жоғары мектебі» жұмыс істейді.

Осы уақытқа дейін Қазақстанның аграрлық саласы  инвестиция тартуға тиімсіз сала болып келді. Бұған аталған салада өндірілетін өнімнің көлеміне, оның сапасына кері әсер ететін факторлардың көптігі себеп болды, ол дегеніміз — ауа райына тәуелділік, топырақтың құнарлығы, тауар айналымының ұзақтылығы, әсіресе мал шаруашылығында 3 жылдан кейін ғана тауар айналымының басталуы, өнімді өсіру, жинау, сақтау кезеңдеріндегі шығындардың көп болуы, инновациялық технологияларды уақтылы қолдану мүмкіншіліктерінің болмауы.

Ауыл шаруашылығында IT-технологиялар тек компьютерде жұмыс істеу, бағдарламамен қамтамасыз ету, қаржыны басқару, коммерциялық кызметтерді мәмілеге келтіруде ғана қолданылды. Ал қазіргі уақытта цифрлық технологияны аталған саласында кеңінен қолдануға болады. Мысалы, егін шығымы туралы неше түрлі цифрлық құрылымдар, атап айтсақ, электронды датчиктер, дрон, спутник арқылы алдын ала ақпарат алуға болады: егінді ауа райына қолайлы уақытта себу, топырақтың ылғалдылығы, тыңайтқыштарды қолдану уақыты, өндірілген өнімді жинау мерзімі, өнімді кімге, қайда өткізу, нарықтағы ауылшаруашылық өнімі бағасының өзгеруі, өндіріске қажетті субсидияны автоматтандырылған түрде алу, арақашықтықтан несие алу, сақтандыру, өнімді сақтайтын қоймалардағы температураны бақылау туралы көптеген ақпарат алуға мүмкіндік береді.

Бұл мәселеге мемлекет барынша қолдау көрсетіп отыр. Алдымен ауылдық жерлердегі ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге қосымша қаржылық ресурстар қарастырылғаны дұрыс. Сондықтан ауылшаруашылық саласының ақпараттық-технологиялық деңгейін арттырып, инвестиция көлемін арттыру үшін «Агроөнеркәсіп кешенінің сандық жүйесі» қорын құру маңызды.

Цифрлы технология фермерлерге әр елдегі озық тәжірибе әдістерін үйренуге, өндірістің бірыңғай стандарттарын қадағалауға қолайлы жағдай туғызады.

Соңғы уақыттарда бизнес-құрылымдардың цифрлық технологияларға қызығушылығы артып келеді. Егер 2010 жылы әлемде ауылшаруашылық саласында жұмыс істейтін және венчурлық инвестициясы нарықта 400 мың доллар болған 20-дан аспайтын жоғары технологиялық компания болса, 2015 жылы ауылшаруашылық өнеркәсібіндегі инвестиция көлемі ұлғайып, 4,6 млрд долларға жетті. Бүгінде АҚШ, Қытай, Үндістан, Канада, Израиль сынды елдер агростартаптарға инвестиция тартатын белсенді елдер қатарында аталады.

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында көрсетілгендей, экономиканың цифрландыру деңгейін анықтайтын The Boston Consulting Group рейтингісі бойынша Қазақстан 85 мемлекеттің арасында 50-ші орынға тұрақтаған. Алдын ала есеп бойынша 2025 жылға қарай сандық жүйенің ел   экономикасына тікелей әсерінің қосымша құны 1,7-2,2 трлн теңге  болмақ.

Еліміздің цифрлы экономика құру жолында технологиялық және психологиялық кедергілер бар екенін түсінеміз. Сондықтан ауылшаруашылық өнімдерін таратуда делдалдарды болдырмау қажет. Өнімдерді делдалсыз сату қайта өңдеуші кәсіпорындардың жүктемесін 1,3 есеге көтеретіні есептелген. Алып-сатушылар қатарын қысқарту арқылы сауданың қосымша ақысын 15-20%-ға төмендетуге болады, бұл ауылшаруашылық өнімдерінің жеке бағасын біршама төмендетуге мүмкіндік береді.

Бүгінде Қазақ ұлттық аграрлық университеті базасындағы агроөнеркәсіп кешенінде цифрлық технологияны дамыту мақсатында «Ситуациялық орталық»жұмыс істейді. Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін цифрландыру бойынша Ситуациялық орталықтың жұмысы елдің ауыл шаруашылығы саласының жағдайына талдау жасау, «онлайн» режимде ауылдық кәсіпкерлердің мәселелерін шешуге бағытталған. Республикалық, өңірлік, ауылдық округ, агроқұрылым деңгейлерінде статистикалық деректердің ақпараттық базасы құрылған.

Ситуациялық орталық уақыт өте келе біздің барлық әлеуетті әріптестерімізге, яғни ауылшаруашылық тауарөндірушілер, оқу бітіруші-түлектер, ата-аналар, мектеп директорлары, мұғалімдер, әкімшіліктер, білім алушы студент, магистрант, докторанттар мен ғалымдарға ақпараттандыру, кеңес беру, алдыңғы қатарлы тәжірибемен алмасу, пікір алысу, талдау материалдарын орналастыру, жедел мерзімде болжау және нұсқаулықтар беру бойынша көпфункционалды платформаға айналатын болады. Бұл орталық сандық технологияларды игерген әлемдік деңгейдегі білікті мамандарды тартуға, идеялар мен жаңа технологияларды енгізуге, озық инновациялық тәжірибелерді үйренуге жол ашады. Осы орталықта білімді, талантты жастарымыз өздерінің жаңа идеяларын, ғылыми жобаларын іске асыра алады.

Жоғарыда атап өткеніміздей, Қазақстанда ауылшаруашылық саласында тәуекел көп. Осы жағдайға байланысты қазірден бастап ауыл шаруашылығындағы күрделі мәселелерді кешенді түрде шешуге көмектесетін бәсекеге қабілетті білім беру және зерттеу моделіне көшу үшін цифрлық трансформация бағдарламасын әзірлеу қажет. Халықаралық тәжірибеге және әлемдегі озық университеттердің тәжірибесіне сүйене отырып, университет білім мен өндірістің интеграциялануының ең тиімді және инновациялық түрлерін үздіксіз іздестіріп отыр. 2015 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университеті базасында еліміздің аграрлық секторына үздік халықаралық тәжірибе мен технологияларды табысты енгізуге мүмкіндік беретін Агротехнологиялық хаб құрылған болатын. Агротехникалық хабтың құрылымдық бөлімшелері келесі бағыттар бойынша жұмыс істейді: интеграцияланған су ресурстарын басқару (Су хабы) және жер ресурстары (Жер хабы), климаттық тәуекелдерді басқару (Климаттық хаб).

2017 жылы Азия Даму Банкінің, Мичиган штаты мен Нидерландыдағы Дельф университеттерінің қолдауымен Агротехнологиялық хабтың негізінде Су ресурстарын интеграциялық басқару орталығы (Су хабы) құрылды. Ол алдыңғы қатарлы инновациялық технологияларды қолдану негізінде  проблемаларды кешенді шешумен айналысады. Біз спутниктік мониторинг пен модельдеудің цифрлық жүйелері арқылы Астана мен Алматы қалаларын су алу туралы ақпаратты ертерек анықтау және әрекет ету жүйелерін әзірлеу бойынша пилоттық жобаларды жүзеге асырып жатырмыз.

Қазақстанның жайылым жерлерінің 30%-дан астамы тозған және бүгінгі күні республиканың жем-шөп қорының жай-күйін кешенді бағалаудың заманауи жүйесін енгізу мәселесі күн тәртібінде тұр. Жер хабы АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып, сандық алгоритмдік талдау жүйелерін қолдану арқылы жайылымдық жерлердің тозуын бағалау әдістемесін енгізу бойынша жобаны іске асырып жатыр.

2017 жылы Агрохаб мамандары АҚШ пен Италиядан келген халықаралық сарапшылардың көмегімен Қазақстанның 5 облысында жайылымдардың жай-күйін бағалау бойынша пилоттық жоба жүзеге асырды. Еліміздің барлық жайылым жерлерін бағалау үшін бұл жүйені енгізіп, өзімізге бейімдеу жоспарда бар. Біздің университеттің базасында 2017 жылдың желтоқсан айында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 35 қызметкері бағалау әдісін практикалық жұмыста қолдану үшін америкалық ғалымдардың әдіснамасына сәйкес оқытылды.

Ауыл шаруашылығындағы ең күрделі мәселелердің бірі — фитосанитарлық тәуекелдер. Мысалы, 2011 жылдан бастап бактериялық күйік — жеміс өсімдіктерінің қауіпті ауруы тез таралды. Ауру тіркелгеннен кейін таралу ауданы 40 есе өсті. Бұл мәселені шешу үшін Корнель университетінің мамандары жұмылдырылды, олардың көмегімен бактериялық күйікке төзімді селекциялық материалды пайдалана отырып «вируссыз тәлімбақ» жасау жоспарланған.

Карантиндік нысандардың тізіміне «жатаған укекіре» арамшөбі кіреді. Бұл қауіпті арамшөптерді оқшаулауды және жоюды тек жаңа технологиялар көмегімен жүзеге асыруға болады, мұндай технологиялар АҚШ пен Италияда бар. 2017 жылы италиялық жаңа технологиялар және тұрақты ресурстар жөніндегі агенттік пен АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігі мамандарының қатысуымен жан-жақты зерттеулер жүргізіліп, арамшөптермен күресудің биологиялық әдістері зерттелді.

Дәнді дақылдардың жағдайы туралы ақпаратты уақтылы алу фермерге ең тиімді шешім қабылдауға көмектеседі. Мичиган штатының университетімен бірге өсімдіктердің, жануарлардың және қоршаған ортаның жай-күйін тез әрі нақты талдай алатын мобильді сенсорлық жүйелерді пайдалану бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осындай жолмен алынған деректер осы университеттің ғалымдары әзірлеген алгоритмдерді пайдалана отырып, «бұлтты серверде» өңделеді. Олардың негізінде фермерлер мобильді қосымшалар арқылы ұсыныстар қабылдайды. Бұл жүйені бейімдеу бойынша пилоттық жоба 2018-2019 жылдарға жоспарланған.

Қазақстанда құрғақ кезеңдердің қайталануының жиілігі жоғары: бақыланып отырған 5 жыл ішінде орташа есеппен 2 жыл. АҚШ Ауылшаруашылық министрлігі, Азия даму банкі, Ислам банкі және ЮНЕСКО қолдауымен құрылған Климаттық хаб GIS технологиялардың, Су және Жер хабтарымен бірлесе отырып, машиналық талдамаларды өңдеу үшін ауыл шаруашылығының қазіргі жағдайы туралы деректерді жинайды. Колумбия университеті мен Годдард Орталығының  (NASA) осы хабтың жұмысына қатысу туралы келіссөздері жүргізіліп жатыр.

Нарықтық экономика жағдайында агроөнеркәсіптік кешенінің тиімділігін арттыру мақсатында ауыл кәсіпкерлерін қолдаудың инновациялық шаралары қажет. Сондықтан біз еліміздің ауыл шаруашылығын цифрландыруға белсенді атсалысып, оң ықпал ететін «Цифрлық АӨК» пилоттық жобасын жүзеге асыруды ұсынып отырмыз.  Қазіргі кезде Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында Агротехнологиялық хаб өкілдігі құрылып жатыр. Болашақта біз бұл өкілдіктерді Қазақстанның барлық аймақтарында ашуды көздеп отырмыз.

Бүгінде университет ізденістер мен тәжірибелердің күрделі жолынан өтіп, еліміздегі аграрлық ғылым, білімді және өндірісті шоғырландырған ірі орталыққа айналды. Біздің табыстарымыз бен жетістіктеріміз мемлекеттік қолдау арқылы алдағы уақытта да жемісті жалғасын таба бермек. Осындай нақты әрі жүйелі іс-шаралар арқылы университеттің жаңа білім, ғылым, идеяларды тарататын агроөнеркәсіпті цифрландырудың басты алаңы болуға мүмкіндігі мол деп сеніммен айта аламыз.

 Тілектес ЕСПОЛОВ,

Қазақ ұлттық аграрлық  университетінің ректоры,

Ұлттық Ғылым Академиясы академигі.