Кәсіпкерлер қайырымдылық акциясын өткізіп, 251 адамға медициналық көмек көрсетілді

Дата: 10 апреля 2018 в 11:22 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Кәсіпкерлер қайырымдылық акциясын өткізіп, 251 адамға медициналық көмек көрсетілді

«Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасының «Кең көлемдегі ақпараттық-түсіндіру жұмыстары және өзекті мәселелерді шешу» бағыты бойынша Мұғалжар ауданына барған 4 ақпараттық топ түсіндіру жұмыстарын аяқтады.

5 күн: 6364 адам, 102 шара

«Кең көлемдегі ақпараттық-түсіндіру жұмыстары және өзекті мәселелерді шешу» бағыты бойынша 1-топ өкілдері Ақкемер, Сағашилі, Елек ауылдарында болып, жергілікті тұрғындармен, мектеп оқушыларымен және ұстаздармен кездесу өткізді. Жалпы саны 602 адам қамтылған шараларда жат діни ағымдардың қатері, дін саласындағы жаңа заңнама мен мемлекеттік саясаттың тұжырымдамасы түсіндіріліп, «Қара жол» фильмі тұрғындардың назарына ұсынылды. Аталған фильм сондай-ақ Жағабұлақ ауылдық мешітінің жамағатына да көрсетілді. Топ өкілдері Ж.Сүлейменов пен А.Ерғазин Ақкемер және Сағашилі ауылдарының мешіттерінің қызметімен танысып, жергілікті жамағатпен кездесті.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен 75 ауыл

жамағатының және жастардың қатысуымен үстел теннисінен және тоғызқұмалақтан жарыс ұйымдастырылып, республикалық және облыстық дін саласы мамандарының

қатысуымен Қандыағаш қаласындағы колледжде 33 тұрғынды қамтыған екі күндік семинар өткізілді. Сондай-ақ, ақпараттық топ мүшелері Қандыағаш қаласының теміржол станциясының 73 қызметкеріне семинар ұйымдастырды.

Айта кету керек, станция қызметкерлерінің 20%-ға жуығы — деструктивті діни ағым өкілдері.

«Аңсар» орталығының теолог маманы Р.Мералы әйел жамағатының арасында жүргізетін дәрісін Қандыағаш қаласындағы «Нұртай» мешітінде жалғастырды. Дәріс тыңдауға 15 әйел жамағаты келді. Сонымен бірге халық арасында кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында әлеуметтік желілерде 3 ақпараттық материал жарияланды. ҚАЖ 168/5 мекемесінде 602 жазасын өтеуші мен қызметкерлерге «Үлкен сұрақ» қойылымының тележазбасы көрсетілді.

Сонымен бір апта ішінде 1-топ өкілдері Мұғалжар ауданында жұмыссыз отырған 103 адамның 58-і өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандығын, ауданда 45 жат ағым мүшесі жұмыссыз екенін анықтап, оларға түсіндіру жұмыстары барысында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан бос жұмыс орындарының тізімі ұсынылды. Нәтижесінде Мұғалжар ауданында 4 күн ішінде жүргізілген жұмыстар барысында 4611 адамның қатысуымен 80 шара өткізілді.

Жұмыс сапарының соңғы күні 1-топ өкілдері Қандыағаш қаласында болып, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен жергілікті халыққа «Аңсар» орталығының қолдауымен жарық көрген «Үлкен сұрақ» қойылымы көрсетілді. Спектакльді көруге 296 қала тұрғыны келді. Қойылымнан соң, «Аңсар» орталығының басшысы Ж.Сүлейменов «Мұғалжар» аудандық газетіне сұхбат берді.

Құтпан намазының уақытында топ мүшелері Ә.Серікбай мен Н.Тағаев, облыстық

орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Қ.Дәрменов Ембі қаласының «Нұр» мешітінде және аудандық «Нұртай» мешітінде жамағаттарға, жалпы саны 81 адамға уағыз жүргізді.

Ембі қалалық «Нұр» мешітінде құтпаннан кейін жамағат арасында ауызашар өткізілді.

Бұдан кейін топ мүшелері Қандыағаш, Ембі қалаларында түсіндіру жұмыстарын жалғастырды. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 18 жат ағым мүшесімен жеке кездесу өткізіліп, 3 адамның дәстүрлі дінге бейімделуге келетіндігі анықталды.

1-топтың мүшелері Қандыағаш қаласында мектеп оқушыларымен және ұстаздармен кездесу өткізді. Жалпы саны 346 адамды қамтыған іс-шаралар барысында жат діни ағымның қатері түсіндірілді.

Облыстық дін істері басқармасының қызметкерлері тарапынан терроризм мен экстремизмге қарсы жүргізілетін жұмыстарды жетілдіру мақсатында жергілікті құқық қорғау органдарының 42 қызметкеріне семинар-сабақ жүргізіліп, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен жұма намазынан кейін мешіт ауласында 245 қала жамағатының және жастардың қатысуымен ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды. Сонымен қатар қала халқына ұлттық-этнографиялық көрме ұйымдастырылып, жергілікті мәдениет саласының қызметкерлері мен кітапханашыларға шеберлік кластар өткізілді.

Айта кету керек, 5 күн ішінде ауданда жүргізілген жұмыстар барысында 6364 адамның қатысуымен 102 шара өткізілді. Ал жүргізілген жеке түсіндіру жұмыстары барысында ҚАЖ 168/5 мекемесіндегі жат ағым мүшелері толық қамтылып, аудан бойынша жалпы саны 133 адаммен жеке кездесу өткізілді. Оның ішінде 21 адамның дәстүрлі дінге бейімделуге келетіндігі анықталды.

Шаруашылықтарды аралады, тренинг өткізді

Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасының бірінші бағыты бойынша ауданға келген 2-топ өкілдері шағын және орта бизнесті дамыту шеңберінде Еңбек ауылдық округінің Басшилі, Сағашилі ауылдарын аралап, 173 адамды қамтыған 7 кездесу өткізді. Топ өкілдері нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында 150 адаммен кездесу өткізіп, 190 ақпарат парақтарын үлестірді. Сондай-ақ екі ауылда 23 тұрғынға жеке қабылдау жүргізіліп, шағын және орта бизнесті дамытуға арналған бағдарламалар түсіндірілді.

Облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері ауыл жастарына тренингтер өткізіп, 25 жас шағын және орта бизнес туралы көп мағлұмат алды.

Топ өкілдері сондай-ақ ауылдық округте орналасқан «Черсон» шаруа қожалығының көкөніс қоймасы мен «Ел-қоныс» шаруашылығының мал шаруашылығы кешенін аралап шықты. Асылтұқымды 170-ке жуық ірілі-ұсақты малы бар шаруа қожалығы мал шаруашылығын дамытуға субсидия алған.

Сонымен қатар округте «АСК-профит» ЖШС директоры, бизнес-тренер А.Сейітжапарованың қатысуымен тренинг өткізіліп, 26 адамға кеңес берілді. Топ өкілдерінің қатысуымен сондай-ақ 30 адамды қамтыған семинар ұйымдастырылып, нәтижесінде округтің 6 кәсіпкеріне әр түрлі көмек көрсетілді.

145 бала медициналық тексеруден өткізілді

«Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасының бірінші бағыты бойынша ауданға келген 3-топ өкілдері Ақкемер ауылдық округінде болып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Аталған іс-шаралар аясында мүмкіндігі шектеулі 15 адамға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, мүгедектерге арналған жеке оңалту бағдарламасы негізінде 2 мүгедекке құралдар табысталды. Сондай-ақ топ мүшелері құрамында 58 адамы бар 11 аз қамтылған және көп балалы отбасының үйлерін аралап, олардың жағдайларымен танысты. Аталған отбасыларға биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген жаңа форматты атаулы әлеуметтік көмек түсіндірілді. Нәтижесінде отбасының жан басына   шаққандағы табысы облыстағы кедейшілік  шегінен (11955 теңге) төмен тұратын 2 аз қамтылған отбасына мемлекеттік атаулы көмекке құжаттары рәсімделді.

Жұмыс тобы барлығы 24 адамға жұмыспен қамту бойынша мемлекеттік қолдау шаралары жөнінде толық ақпарат беріп, нәтижесінде 8 азамат жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылды. Жұмыссыз 3 адам жұмысқа орналастырылды.

Жұмыс тобының мүшелері әлеуметтік статустарды актуализациялау бойынша 24 адамның статусын растау жұмыстарын жүргізіп, 1960-1961 жылы туған 10 адамға  зейнетақы заңнамасындағы өзгерістер туралы түсініктеме берілді.

«Жақыныңа көмектес» акциясы аясында Ақкемер ауылдық округі бойынша көмекке мұқтаж 4 азаматқа жеке кәсіпкерлер Н.Ибрашева мен Б.Бұхарбаеваның қолдауымен  барлығы 40000 теңге көлемінде ақшалай қайырымдылық көмек көрсетілді.

Сондай-ақ Ақкемер ауылдық округінде орналасқан мекемелерде Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексінің және міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заңдары бойынша негізгі ережелерді және әлеуметтік тәуекел туындаған жағдайда төленетін төлемақылардың тағайындалуын, еңбек заңнамасын түсіндіру жұмыстары

жүргізіліп, әр түрлі еңбек ұжымдарымен екі мекемеде 72 адамды қамтыған кездесулер өтті.

Сонымен қатар медицина мамандары округ тұрғындарына қабылдау өткізіп, нәтижесінде жалпы саны 152 адам қамтылды. Оның ішінде 149 балаға тексеріс жүргізіп, дәрігерлік кеңестер берілді. Мектепте 145 балаға медициналық тексеру өткізіліп, тұрғылықты жеріне байланысты қосымша қаралуға 40 бала жолданды.

Ақкемер дәрігерлік амбулаториясында кардиохирург 4 бала қабылдап, бір балаға ота жасатуға кеңес беріліп, облыс орталығына жолдама берілді.

Сондай-ақ дәрігерлер Ақкемер ауылындағы үй-үйді аралау арқылы екпеден бас тартқан 4 отбасымен түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Ақкемер орта мектебінің 6, 9-11 сынып оқушылары арасында «Салауатты өмір салты негіздері» тақырыбында 2 семинар ұйымдастырылды. Семинар барысында 86 оқушы қамтылып, ақпараттық-оқу-ағарту материалдары таратылды.Скандинавтік жүріс бойынша  9 адамның қатысуымен оқу-жаттығуы өткізілді.

Осылайша округ бойынша медициналық десант мүшелерімен барлығы 8 шара өткізіліп, барлығы 251 адам қамтылды.

Бес бастама түсіндірілді, сауалнама жүргізілді

«Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасының «Кең көлемдегі ақпараттық-түсіндіру жұмыстары және өзекті мәселелерді шешу» бағыты бойынша ауданға келген 4-топ өкілдері өз жұмысын Мұғалжар ауданының Құмжарған, Бірлік, Шеңгелши елді мекендерінде жалғастырды.
Жоба аясында топ мүшелері ауыл тұрғындарымен кездесіп, Елбасының биылғы Жолдауы мен бес әлеуметтік бастамасы, сондай-ақ облысымызда қолға алынған «Бақытты бала», «Аналарға тағзым» жобалары түсіндіріліп, аталған жобалар аясында жасалып жатқан жұмыстар баяндалды.

Кездесу барысында әдістемелік құралдар таратылып, тұрғындардың сауалдарына жауап берілді. Сондай-ақ ауыл тұрғындары арасында топ өкілдері жұмысының тиімділігін анықтау үшін сауалнама жүргізілді.

 Данагүл ҚАЗИХАН,

Мұғалжар ауданы.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті