Пайдаланылмаған мүмкіндіктер

Дата: 10 апреля 2018 в 10:12


Пайдаланылмаған мүмкіндіктер

«Ордабасы»-«Ақтөбе» — 3:1

«Ертістің» Павлодарда «Астанадан» 1:6 есебімен ұтылуы, «Қайраттың» Алматыда «Ақжайықтың» қақпасына жауапсыз 3 гол соғуы 4-турдағы ең ірі есептер болды.

Шымкенттегі ойынның бастапқы он шақты минутында екі команданың қайсысы басым екені бірден аңғарыла қойған жоқ. Тек 14-минутта бұрыштама соққы арқылы келген допты Темірлан Ерланов баспен соғып кіргізіп жібергенде ғана алаң иелері кім екендігі анық байқалды — 1:0.

«Ордабасы» мұнымен де қанағаттанбады. 17-минутта Тимур Досмағамбетов есепті және ұлғайтты. Бұл ретте, әрине, қақпашымыз қамсыздық көрсетіп алды. Оң қанаттан құлдырай құйылған Тимур қиялай тепкен доп қақпадан ілгерірек шығып кеткен ақтөбелік қақпашы Рамиль Нұрмұхамбетовтің төбесінен асып барып, тура тоғыздыққа кірді де кетті — 2:0.

Дегенмен ақтөбеліктердің ұнжырғасы түсе қойған жоқ. Жерлестеріміз қарсы шабуылдар ұйымдастыруға кірісті, «Ордабасы» қорғаушыларын қыспаққа алды.  Осындай сәттердің бірінде Хрвое Милишевичи шымкенттік қақпашыны қапы қалдырды — 2:1.

Расына келсек, «Ақтөбе» командасының үзіліске тең есеппен шығарлықтай да мүмкіндіктері болды. Бірақ гол өткізудің сәті түспей қойды.

Екінші таймды қонақтар қарқынды шабуылдармен бастады. Әсіресе, алғашқы он минутта дес берместей күшке мінгендей болып та көрінді. Бірақ қақпашы Жасұр Нарзиқұловты опындырудың орайы келмей-ақ қойды. Сөйтіп жүргенде тамаша қарсы шабуыл ұйымдастырған шымкенттік футболшылар тағы да табысқа жетті. Тура ортадан тіке жол тартқан Иван Нагаев өзіне тасталған пасты тиімді пайдалана қойды — 3:1.

«Ақтөбе» футболшылары бұдан соң да тәп-тәуір шабуылдар ұйымдастырды, тынбай қимылдады, тіпті Маркос Пиззеллидің соққысы қақпа діңгегіне тиді. Дегенмен есеп өзгеріссіз қалды.

«Ордабасы»-«Ақтөбе» — 3:1

Гол авторлары: Т.Ерланов, 14-минут (1:0); Т.Досмағамбетов, 17-минут (2:0); Х.Милишевичи, 44-минут (2:1); И.Нагаев, 66-минут (3:1).

37-минутта Б.Қайыров («Ақтөбе») ескерту қағазын алды.

«Ақтөбе»: Рамиль Нұрмұхаметов, Бағдат Қайыров (Жамбыл Көкеев, 72-минут), Ақжол Кәкімов, Ардақ Сәулет, Хрвое Милишевичи, Александр Симчевич, Фабрисио, Рейналдо (Маркос Пизззелли, 72-минут), Милан Радин (Саша Марьянович, 79-минут), Жан-Эд Морис, Виталий Волков.

«Ордабасы»: Жасұр Нарзиқұлов, Хрвое Спахия, Пабло Фонтанелло, Никита Бочаров (Джаба Джигаури, 82-минут), Абдулай Диакате, Кирилл Ковальчук (Факундо Бертольо, 63-минут), Иван Нагаев, Темірлан Ерланов, Мардан Төлебек, Тимур Досмағамбетов (Талғат Адырбеков, 88-минут), Еркебұлан Тұңғышбаев.

7 сәуір 2018 жыл. Шымкент. Қажымұқан атындағы орталық стадион. 3500 адам.

*   *   *

Басқа ойындардың нәтижелері:

«Ертіс»-«Астана» — 1:6

«Қайрат»-«Ақжайық» — 3:0

«Тобыл»-«Атырау» — 3:2

«Шахтер»-«Қызылжар СК» — 2:1

«Жетісу»-«Қайсар» — 1:0

*   *   *

4-турдан соң «Астана» мен «Ордабасы» 12 ұпаймен көш бастап келеді.

3-6 орындарда «Қайрат» (10 ұпай), «Тобыл» (9 ұпай), «Шахтер» (7 ұпай), «Ертіс» (6 ұпай) тұр.

7-9 орындар 4 ұпайдан жинаған үш команданың еншісінде: «Ақтөбе», «Жетісу», «Ақжайық».

1 ұпайы бар «Қайсар» 10-орында қалды.

11-12 орындардағы «Қызылжар СК» мен «Атырау» әлі еш ұпайға ие болған жоқ.

*   *   *

 5-тур ойындары 14 сәуір, сенбі күні өтеді.

Бұл күні «Ақтөбе» өз алаңымызда қостанайлық «Тобылды» қабылдауы тиіс.

Басқа ойындар:

«Астана» (Астана) — «Қайрат» (Алматы)

«Ақжайық» (Орал) — «Ордабасы» (Шымкент)

«Атырау» (Атырау) — «Шахтер» (Қарағанды)

«Қайсар» (Қызылорда) — «Ертіс» (Павлодар)

«Қызылжар СК» (Петропавл) — «Жетісу» (Талдықорған)

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

 

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями