Facebook | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Әйтеке би ауданы тұрғындары: ауызсу құбыры проблемасы қашан шешіледі?

Дата: 29 марта 2018 в 10:42 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Әйтеке би ауданы тұрғындарын бірқатар әлеуметтік мәселе алаңдатады. Ең бастысы — ауызсу проблемасы. Нақтырақ айтсақ, құбыр бойындағы су қыста қатып, халықты әбігерге түсірсе, жаз айларында судың қысымы бәсеңдеп, бақша суаруға мүмкіндік болмайды. Биыл қыста аудандағы ауызсу құбырының 40 пайызы қатып, жергілікті тұрғындарға құдықтан қауғамен су тартып ішуге тура келді. Әйтеке би ауданы әкімі Мәлімбет Ибрашовпен редакциямызда тікелей байланыс арқылы өткен сұхбат барысында тұрғындар тарапынан осы мәселе жиі қойылды. 

Ибрагим, Комсомол ауданының тұрғыны:

— Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев сізді Әйтеке би ауданының әкімі етіп тағайындаған кезде бірқатар тапсырмалар жүктеген болатын.  Соның ішінде мал шаруашылығын дамыту мен егіс алқаптарын кеңейтуге ерекше мән беру керектігін тапсырды. Қазір бұл бағыттағы жұмыстардың атқарылу деңгейі қандай?

— Былтыр ауданда егіс алқабының көлемі 187,3 мың гектарға жетті. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 12,5 пайызға көп. Ал биыл егіс алқабының көлемі 15,3 пайызға ұлғайды, яғни 216 мың гектар.

Ауданда мал санын көбейту, асылдандыру бағытында шаруалар жүйелі жүзеге асырылып жатыр. Атап айтсақ, өткен жылы аудан бойынша асылтұқымды ірі қара малын сатып алу жұмыстары жоспардан артығымен орындалды. Сол сияқты, асыл тұқымды қой сатып алу жұмыстары да осындай деңгейде жүргізілді. Мәселен, былтыр ауданға 702 асылтұқымды қой сатып алынды немесе 100,3 пайыз. Жылқы малын асылдандыруға да ерекше назар аударылып отыр.

Тағы бір айта кететін жайт, ауыл шаруашылығы саласында «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» сынды мемлекеттік бағдарламалардың ықпалымен мал санын көбейтуге басымдық беріліп отыр.

Қуаныш, Әйтеке би ауданының тұрғыны:

— Соңғы кездері жол бойында сервистік қызметтерді дамытуға ерекше көңіл бөлініп жүр. Әйтеке би ауданының экономикалық көрсеткішін көтеруге ықпал ететін осындай шаруалар қазір қалай жүзеге асырылып жатыр?   

— Бүгінгі таңда аудан бойынша 6 кемпинг жұмыс жасайды. Ағымдағы жылы 2 жобаның құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Олар — «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық дәлізі бойындағы жеке кәсіпкер Болат Телегеновтің жобасы бойынша кемпинг құрылысы. Бұл жобаға сәйкес инфрақұрылым тарту жұмыстары да қолға алынды. Атап айтсақ, газ құбырын жүргізуге 39,262 миллион теңге «Бизнестің жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы өңірлік үйлестіру кеңесінде мақұлданды. Осы бағдарлама бойынша 60,0 миллион теңге несие алу мақсатында құжаттары банкке тапсырылды. Осындай жобалардың тағы бірі — Ақтөбе-Астана бағытындағы тасжолдың бойында «Жаназаров» жеке кәсіпкерлігі иелігіндегі кемпинг құрылысы. Бүгінгі күні 2 қабатты ғимараттың 50 пайызы тұрғызылды. Бұл маңға инфрақұрылым тартуда, оның ішінде жарықтандыру  жүйесін жүргізуге 13652,0 мың теңге «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы  арқылы өңірлік үйлестіру кеңесінде мақұлданды. Бүгінгі таңда құрылыс басқармасы жарықтандыру  жүйесін өткізу үшін тендер жариялады.

 Жеткерген, зейнеткер:

— Бүгінгі күні аудан халқының өмір сапасын арттыруға, әсіресе тұрмысы төмен отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға, ардагерлер мен зейнеткерлерге күтім мен қолдаудың қажеттілігі турасында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев сізді ауданға әкім етіп тағайындаған кезде негізгі тапсырмалардың бірі ретінде айтқан болатын. Қазір осы тапсырмалар қандай деңгейде орындалды?

— Бүгінгі күні табысы төмен адамдар мен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін мемлекеттен арнайы көрсетілетін көмектер бар. Атап айтсақ, кірісі төмен отбасылардың жан басына шаққандағы табысы кедейлік шегінен төмен болса, онда жаңа форматта адресті әлеуметтік көмек тағайындалады. Сол сияқты, мұндай отбасы мүшелерін жұмыспен қамтуға бағытталған белсенді шаралар да жүргізіледі. Биыл 1 наурыздағы мәлімет бойынша, ауданда осындай 61 отбасыға 2,0 миллион теңге тағайындалды және 1,9 миллион теңге төленді. Ал мүмкіндігі шектеулі жандар жеке оңалту бағдарламасына сәйкес медициналық қолдауға ие бола алады. Ол үшін жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арқылы әрбір мүгедектің бойындағы науқасына байланысты аталған бағдарламаға сәйкес техникалық, көмекші және гигиеналық құралдар алудың мүмкіндігі бар.

Ауданда ардагерлер мен зейнеткерлерге, мүгедектерді қолдауға ерекше көңіл бөлініп жүр. Әсіресе, мереке күндері демеушілердің көмегімен халықтың осал тобына жататын мұндай жандарға мерекелік дастарқан жайылып, естелік сыйлықтар табысталады, аудандағы жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен мұндай жандардың үйінде шаруашылық жұмыстары жүргізіледі.

 Нұрсәуле Истаева, Комсомол селосының тұрғыны:

— Былтыр орталық көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілетін болып, жолдың барлық асфальт жамылғысы алынып тасталды. Дегенмен жол жартылай ғана жөнделді, ал қалған бөлігі сол күйінше тұр. Бұл мәселемен аудан әкімдігіне барғанымызда, ондағылар жолдың қалған бөлігін жөндеуге қаражаттың жоқтығын айтады. Орталық көшенің жолы қашан толық жөнделеді?

— Комсомол селосындағы көше жолдары бюджеттен бөлінетін қаражатқа байланысты кезең-кезеңімен жөнделетін болады. Былтыр Комсомол селосындағы Темірбек Жүргенов көшесіне жөндеу жүргізілді. Жолдың қашықтығы — бір шақырым. Аталған көше жолын жөндеуді жалғастыру үшін жобалық-сметалық құжат әзірлеуге аудандық бюджеттен қаражат қарастырылды. Жолдың қашықтығы — 1,1 шақырым. Содан соң ғана қаржы бөлу үшін бюджеттік тапсырыс беріледі.

Комсомол ауылының бір топ тұрғыны:

— Аудан орталығындағы Темірбек Жүргенов атындағы мектепке дейін қашан дұрыс жол салынады? Себебі, жолдың нашарлығынан балалардың мектепке баруы қиындап тұр.

Мәлімбет Ибрашов:

— Ағымдағы жылы Темірбек Жүргенов атындағы мектепке жақын көше жолының учаскесіне жөндеу жүргізу жұмыстары жоспарланып отыр.
Нұрсейіт Кішкентаев, Әйтеке би аудандық ауруханасының бас дәрігері:

— Ауданның денсаулық сақтау саласындағы проблемаларды аудан әкімі жақсы біледі. Бұл — кадр тапшылығы. Бізге кардиолог дәрігерлер өте қажет, сол сияқты, рентгенолог, селолық амбулаториялар үшін кәсіби медициналық қызметкерлер де керек. Жаңа ультрадыбыстық аппарат сатып алу қажет. Аудан әкімінің осы құрылғыны сатып алуға көмектесуін қалаймын.

— Аудандық аурухананың бас дәрігері Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті ұжымымен бірлесе отырып, кадр мәселесін шешу барысында ауданға жас мамандарды тарту бойынша ақылы интернатураны төлеуді өз міндетіне алды. Сондай-ақ, бас дәрігер аудан әкімдігімен бірлесе отырып, жоспар бойынша жас түлектермен кездесуге қатысады. Аудандық ауруханаға ультрадыбыстық зерттеу аппаратын жаңарту жөніндегі ұсыныс облыстық денсаулық басқармасы басшылығына жолданды.

 Еламан Ахметов, Ақтасты ауылының тұрғыны:

— Аулымызда барлығы 80 үй бар. Бізді, яғни ардагерлерді ауыл жастарының жұмыссыздығы алаңдатады. Бүгінде ауылдан жастар көшіп жатыр, оқушылар санының жеткіліксіздігінен мектептің жабылу қаупі бар. Ауылда 30 мың гектар егіс алқабы бос жатыр, 15 мың гектар жайылымдық жер бар. Егер  аудан әкімі бос жатқан жерді игеруге инвестор табуда көмектесетін болса, онда жастарымызға жұмыс болып, олардың ауылда қалуына жағдай жасалар еді.     

— Былтыр наурызда Ақтасты ауылдық округі аумағынан «ЛАН-АГРО» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшысына жалпы алаңы 12 530 гектар жер берілді. Оның 12053 гектары — егістік, 431 гектары — жайылымдық. Сондай-ақ, «Ақтөбе-Нұрлан» серіктестігіне де өткен жылы жалпы алаңы 11997 гектар егістік жер берілді. Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бибігүл, Комсомол селосының тұрғыны, кәсіпкер:

— Біздегі мейрамхана, асханаларға, ауылдық жерде тұрсақ та ет Ақтөбе қаласынан жеткізіледі. Оған бір ғана себеп — біздің адамдар ет тапсыра алмайды, себебі мал соятын пункттер жұмыс жасамайды. Мәселен, тұшпара цехын ашқанмен, осындай проблеманың салдарынан цехты толық қуаттылықта іске қоса алмаймыз. Бұл проблема қашан шешіледі?

— Аудан орталығында «Алихан» шаруа қожалығы мал сою пунктін 2017 жылы қыркүйекте  ашып, жыл аяғына дейін 5,0 тонна ет тапсырды. Қазіргі таңда құрамында бір мал дәрігері және 3 қызметкерімен жұмысын жүргізіп отыр.

Ислам Ешімұлы, Әйтеке би аудандық мәслихатының депутаты:

— Өткен жылы аудан орталығынан теміржол вокзалына дейін жол құрылысы салынды. Алайда аудан тұрғындары әлі күнге дейін осы жолды жарықтандыру туралы жұмыстың қашан қолға алынатынын күтіп жүр. Бұл мәселе қашан шешіледі?

— Аталған автожол учаскесінің құрылысы жүргізілді және былтыр желтоқсанда пайдалануға берілді. Қазіргі күні Комсомол округі әкімдігі бұл нысанды өз балансына алу жұмыстарын жүргізіп жатыр, содан кейін ғана жарықтандыру жұмыстары шешіледі.

Талдысай ауылының бір топ тұрғыны:

— Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ауданға жасаған әрбір сапарында суармалы жер көлемін ұлғайту тапсырмасын қатаң тапсырады. Неліктен бізде аймақ басшысының бұл тапсырмасын орындауға онша көңіл бөліне қоймайды? Осыдан он шақты жыл бұрын көктемгі су тасқыны кезінде Талдысай су қоймасының бөгеті бұзылған еді. Сол бөгет әлі күнге дейін қалпына келтірілген жоқ. Егер суармалы жер көлемін ұлғайтуға басымдық берілсе, онда біздің аудан басшылығы қайда қарап отыр? Бұл мәселені оңтайлы шешуде не істеу керек?

— Суармалы жерді пайдалану мақсатында Ақтөбе облысы әкімдігінің 19.01.2018 жылғы №23 қаулысымен «Ярослав» және «Тереңсай» бөгеттері «Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы» мемлекеттік мекемесінің меншігінен шығарылып, ауданның коммуналдық меншігіне қабылданып, тиісті шаралар алынуда. Талдысай елді мекеніндегі бөгетке жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжат дайындауға жергілікті бюджеттен 2,8 миллион теңге қаржы қарастырылып, дайындық  жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Мәрия апа, Комсомол селосының тұрғыны, зейнеткер:

— Облыс әкімі ауданға жасаған сапары кезінде аудан әкіміне біздегі азық-түлік бағасының жоғары екенін айтып, ескерту жасаған еді. Әрине, ол ескерту өте дұрыс, енді аудан басшылығы бағаны тұрақтандыруды неге қолға алмайды? Жергілікті билік тарапынан бағаны бақылау, болмаса бағаға мониторинг жасау секілді жұмыстарға ешкім бас ауыртпайды.

— Бүгінгі күні аудан бойынша азық-түлік бағалары қатаң бақылауда. Оның ішінде, азық-түліктің 19 түрі бойынша 29 азық-түлік дүкені басшылығымен бағаны тұрақты ұстауға меморандум жасалды. Азық-түлік бағасына байланысты апта сайын мониторинг жүргізіліп отыр.

 Бақытжан, теміржолшы, Комсомол селосының тұрғыны:

— 2014 жылы жаңа теміржол вокзалы салынып, тұрғындар қатты қуанған еді. Әсіресе, жергілікті шағын тауарлар сатумен айналысатын саудагерлер бұл мүмкіндікке ерекше қуанды. Алайда, әлі күнге дейін вокзал маңында бірде-бір сауда нүктесі жоқ. Он бес жылдан бері вокзал маңы жабайы сауда алаңына айналды. Шағын тауарлар сататын кәсіпкерлер үшін сауда орындарын салуға болмас па?  

— Теміржол вокзалының жанынан жеке кәсіпкерлерге арнап сауда орындарын салуға қаражат қарастырылып жатыр. Алдағы уақытта бұл бағытта жұмыстар жүргізіледі.

Комсомол ауылының бір топ тұрғыны:

— Қыс басталысымен аудан орталығы мен селолық округтерде су жүйелерінің 40 пайызы қатып қалды. Ауыл тұрғындары тағы да ауызсусыз қалып, құдықтан суды қауғамен тартып ішуге тура келді. Неге осындай жағдай орын алды? Жергілікті билік ауылдарға су жүйесін тарту ісінде мердігер компаниялардың жұмысын неге бақылауға алмайды?

— Су құбырлары жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес тартылған және біздің өңірде топырақтың қату тереңдігі 2,2 метрге дейін болғасын, құрылыс кезінде бұл талап та қатаң ескерілген. Алайда тұрғындар өз бетінше магистральды су құбыры жүйесінен үйге дейінгі аралыққа құбыр тартуда бұл талапты сақтамаған және соның нәтижесінде құбыр қату жағдайлары орын алды. Тұрғындардың өтініші бойынша «Қайнар» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны жөндеу жұмыстарын жүргізеді.

Анар апа, Комсомол ауылының тұрғыны, зейнеткер:

— Бүгінде аудан орталығында бос тұрған ғимараттар бар. Мәселен, бұрынғы халыққа қызмет көрсету орталығы болған ғимараттың жартысы бос тұр. Ғимарат жылытылған және мұнда қандай да бір цех, балалардың шығармашылық немесе шеберлік орталығын ашуға болады. Неге бос тұрған ғимараттар мақсатты пайдаланылмайды?

— Қазіргі күні Комсомол селосында мақсатты жағдайда пайдаланылмай, бос тұрған ғимараттар бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен, бұрынғы гастроном ғимаратын жекпе-жек залы ретінде пайдалануды жоспарлап отырмыз. Аудандық аурухана маңындағы екі қабатты ғимаратты медицина қызметкерлеріне тұрғын үй ретінде пайдалану жоспарда бар. Қазір халыққа қызмет көрсету орталығы орналасқан, яғни сіз айтып отырған ғимараттың бос тұрған бөлігін балабақша ретінде пайдалануды жоспарлап отырмыз.

Қалдыбек, Комсомол ауылының тұрғыны:

— Мен бұрынғы агрономмын. Біздің ауданның астықты өңір екенін бәрі біледі. Аудан әкімінен сұрайын дегенім, неге қазір аудан орталығынан астық қалдықтарын және басқа да кебек жем алу мүмкін емес? Аудандағы ірі шаруашылықтар — «Комсомол», «Бұлақ-Агро», «Еңбек агро» серіктестіктерінде астық қалдықтарының тоннасы 30-35 мың теңгеге сатылады. Астық қалдықтарын ондай қаражатқа кім алады?! Оның үстіне бұл жеке сектор малының өсуіне кедергі келтіреді.

— Астық қалдықтарының бағасын төмендету мақсатында жәрмеңкелер тұрақты өткізіліп тұрады. Биылдың өзінде аудан орталығында үш жәрмеңке ұйымдастырылды. Сол сияқты, «Комсомол», «Бұлақ-Агро», «Еңбек агро» серіктестіктері жыл сайын өз үлесшілерінің малына қажетті мөлшерде жемшөпті тегін береді.

Айгүл, Комсомол селосының тұрғыны, үш баланың анасы:

— Ауданда балалардың жазғы демалыс лагері жоқ. Бұл мәселе бірнеше рет көтерілгенімен, әлі шешілер емес.  Осы мәселе қашан шешіледі?

— Қазір ауданда мектеп жанындағы демалыс лагерьлерінен бөлек, балалардың жазғы демалыс лагері жоқ. Осыған байланысты әкімдік мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында балалардың жазғы демалыс лагері құрылысын салу үшін инвестор тарту жұмыстарымен айналысып жатыр.

Арман, жеке фирма жұмысшысы:

— Аудан орталығында «Алғашқы тың игерушілердің» саябағы аталатын бос жатқан алаң бар.  Бұл жерді саябақ етіп жасақтап, қоршауға алды, брусчаткадан жол салынып, тынығушылар үшін шатыр құрылысы да жүргізілді. Саябақтың салтанатты ашылу рәсімі де ұйымдастырылды. Ал көктемде бірінші шатыры бұзылып, брусчаткаларды тұрғындар тасып әкетті, жас көшеттер солып қалды. Бүгінгі күні саябақтың аты болғанмен, өзі жоқ. Неге?

— Саябақты қайта қалпына келтіру үшін 2016 жылы бюджеттен 8,4 миллион теңге қарастырылды. Бөлінген қаражатқа саябақты қоршау жұмыстары жүргізіліп, брусчатка төселді. Ағымдағы жылы қосымша жасыл желектер егіп, суару жұмыстары ұйымдастырылатын болады.

Көрпе ауылының бір топ тұрғыны:

— Аулымызға су құбыры тартылғанда бәріміз қуанған едік. Алайда қыста құбыр қатып, ауызсусыз қалдық. Неге су құбырлары қатады? Әрине, бұл жағдайдың мердігер компаниялардың жұмысының шалалығынан орын алатынын білеміз. Неге жергілікті билік жұмыстың сапалы жүргізілуіне қадағалау жасамайды?

— Бұл жерде мына мәселені түсіну керек. Ең бастысы — магистральды су құбыры қыста қатпайды. Тұрғындардың үйіне дейінгі аралыққа өз еркімен тартқан құбырлары бойындағы су қыс мезгілінде  қатып қалып жатады. Себебі, тұрғындар жерасты тереңдігінің талабын сақтамайды. «Қарабұтақ-Су» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі проблема туындаған жағдайда жөндеу жұмыстарын уақтылы жүргізеді.

Данаберген, Комсомол ауылының тұрғыны:

— Аудан орталығындағы көпшілік тұрғындарды алаңдататын өзекті мәселелердің бірі — ауылдағы су құбырының проблемасы. Қыс мезгілінде су құбырлары қатса, ал жазда судың қысымы бәсеңдейді. Бұл мәселе түбегейлі қашан шешіледі?

— 2016 жылы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында қаражат бөлінген болатын және өткен жылы ұзындығы 22 шақырымдық қосымша су құбыры жүйесі  салынған болатын. Бұл шаралар аймақ тұрғындарына ауызсуды жеткізудің көлемін ұлғайтуға өз ықпалын тигізді. Сол сияқты, бау-бақша үшін жазғы су құбырларын қайта қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды.

Данагүл, Комсомол селосының тұрғыны:

— Комсомол селосындағы жұмыс жасап тұрған музыкалық мектеп жыл сайын қатысушылардың көбеюіне байланысты тарлық етеді. Болашақта ауданда жаңа музыка мектебі ғимараты салына ма?

— Аудан орталығындағы саз мектебін кеңейту мақсатында мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі аясында бұл шаруаны жүзеге асыру шаралары  қарастырылып жатыр.

P.S. Әйтеке би ауданының әкімі Мәлімбет Ибрашовқа әлеуметтік желі арқылы да оқырмандарымыздан сауалдар жолданған болатын. Соның бірі — Әйтеке би ауданы Комсомол селосы Гагарин көшесінің тұрғыны Өтеген Ыбыраевтан келген арыз. Арыз иесі 11 жылдан бері баспанасының құжаттарын заңдастыра алмай, ешкімнен көмек болмаған соң, шарасыз күйде редакцияға хат жолдауға мәжбүр болыпты.  Мәлімбет Ибрашовтың қатысуымен тікелей байланыс арқылы болған сұхбат кезінде біз Өтеген Ыбыраевтың арызын аудан әкімінің қолына табыстадық. Аудан басшысы бұл мәселені тікелей өз бақылауына алатынын айтты.  

Тікелей желі сұхбатын жүргізген Арайлым НҰРБАЕВА.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

По сообщению сайта Ақтөбе газеті