Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

Жыл оқиғалары: Наурыздан наурызға дейін

Дата: 23 марта 2018 в 05:22


Жыл оқиғалары: Наурыздан наурызға дейін

Өткен жылы облыста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың берген тапсырмалары толығымен орындалып, өңірдегі экономика өсімі 2017 жылы 5 пайызды құрады. Ал биылғы жылдың үш айында облыста жаңа жобалар басталып, қарқынды жұмыстар атқарылуда.

Ұлыстың ұлы күнінде өткен жылдың наурызынан бастап бүгінге дейінгі облыста атқарылған маңызды шаралар мен оқиғаларды оқырман назарына ұсынамыз.

 Наурыз — жыл басы

Өткен жылы Ақтөбе жұртшылығы Ұлыстың ұлы күнін ерекше тойлады. ҚР Тұңғыш Президенті атындағы орталық саябақ алаңына, Әбілқайыр хан даңғылының бойына 30-ға жуық киіз үй тігіліп, көше бойында ең үлкен этноауыл бой көтерді. Мереке күндері тұрғындарға 5 тонна бауырсақ және 7 мың литр наурыз көже ұсынылды.

Наурыз мерекесінде республика бойынша Ақтөбеде бірінші болып мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жатақхана пайдалануға берілді. 70 пәтерлік бес қабатты жатақхананың 47-сі — екі бөлмелі, 23-і — бір бөлмелі. Үйдің жалпы көлемі — 2920 шаршы метр.

Наурыз айының аяғында Ақтөбеге жұмыс сапарымен ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев келді. Екі күндік жұмыс сапары барысында Премьер-Министр облыстағы әлеуметтік нысандар мен өнеркәсіп орындарын, жылыжай кешендерін аралап, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй алабында салынып жатқан үйлердің құрылысымен танысты. Қорытынды жиында Бақытжан Сағынтаев облыста жасалып жатқан жұмыстарға жоғары баға берді.

Сәуірдің жұлдызды сәттері

Жерлесіміз, әнші Димаш Құдайберген қытайлық Хунань телеарнасының «Singer 2017» ән байқауына қатысып, финалда екінші орынды иеленді. Бірінші орынды гонконгтық Лин Илиан (Sandy Lam) жеңіп алды, ал тайваньдық «Арыстан» (Lion) тобы үшінші орынға қол жеткізді.

Ресей Федерациясына қарасты Орынбор облысында Ақтөбенің күндері ұйымдастырылды. Шара аясында екі өңірдің басшылары бастаған делегация өкілдері келіссөздер жүргізіп, бірқатар мәдени-спорттық жиындарға, сондай-ақ, ауылшаруашылық жәрмеңкесіне қатысты.

Мамырдағы дүбірлі жарыс

Ақтөбеде облыстың құрылғанына 85 жыл толуына арналған «Ақтөбем менің еңселі, Жырыма қосам мен сені» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Ақтөбеде үшінші рет ұйымдастырылған бұл айтысқа «менмін» деген жүйріктер келді. Айтыстың қорытындысы бойынша бас жүлдені қарағандылық Төлеген Жаманов, 1-орынды алматылық Ринат Зайытов, 2-орынды батысқазақстандық Жансая Мусина жеңіп алса, 3-орын үш бірдей ақынға бұйырды: қарағандылық ақындар — Мақсат Аханов пен Дидар Қамиев, қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан.

 Маусымдағы қос мереке

1 маусым — Балаларды қорғау мерекесіне орай Ақтөбеде алғаш рет балалардың шеруі өтті. Оған 2 мыңнан астам талантты жас музыканттар мен әртістер қатысты.

Облыс әкімдігінің алдында басталған шеруге Ақтөбе қаласындағы 20-дан астам білім беру мекемесінің оқушылары атсалысты. Сондай-ақ, Қарғалы, Мәртөк және Алға аудандарының оқушылары өнер көрсетті.

Астана қаласында «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Ақтөбе облысының күндері өтті. Шараның шымылдығын ақтөбелік өнер шеберлері ұйымдастырған «Ақтөбе — құтты мекен» гала-концерті ашты. Сондай-ақ Астанадағы Ақтөбе күндері аясында Димаш Құдайбергеннің «Бастау» атты үлкен концерті өтті.

 Шілде: Жаңа пилоттық жоба

Ақтөбеде Қазақстандағы алғашқы құқықтық қызмет көрсету орталығы өз жұмысын бастады. Аталмыш орталық — облыстық прокуратураның облыс әкімдігі қолдауымен жүзеге асырған пилоттық жобасы. Жобаның мақсаты — азаматтардың мемлекеттік және құқықтық органдарға деген сенім деңгейін арттыру, олардың жүгіну құқығының жүзеге асырылуын қамтамасыз ету, сапалы құқықтық қызметтерге «бір терезе» қағидасы бойынша қол жеткізуді арттыру.

Ақтөбе облысының 85 жылдығына орай облыстық халық шығармашылығы үйінің ұйымдастыруымен облыстық «Өнерім — өрісім» атты отбасылық ансамбльдер фестивалі өтті. Оған Ақтөбе қаласы мен облыс аудандарынан 15 отбасылық ансамбль қатысты.

Тамыз: Озық тәжірибе және оң нәтиже

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы мәселелері бойынша кеңейтілген отырыс өтті. Кеңейтілген отырыста облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Президенттің өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен облыс тұрғындарының әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз ету бойынша тапсырмаларының орындалуы туралы баяндады. Елбасы Бердібек Сапарбаевтың баяндамасын талқылау барысында кеңеске қатысып отырған өзге облыс басшыларына бірқатар әлеуметтік және экономикалық жобаларды іске асыруда өңірдің тәжірибесін қолдануды ұсынды.

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин жұмыс сапарымен Ақтөбеге  келді. Жұмыс сапары барысында Ақтөбеде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуы мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары барлық облыс әкімдері орынбасарларының қатысуымен өткен жиында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Ақтөбе облысы тәжірибесінен үлгі алу керектігін айтты.

 Қыркүйек: Көкжардағы жәрмеңке

Ойыл ауданының орталығында Ұлы Жібек жолындағы жаңғырған Көкжар жәрмеңкесінің 150 жылдығы ерекше атап өтілді. Оған Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарынан қонақтар келді.

Мерекелік шараның салтанатты ашылуында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев  жұртшылыққа тілегін арнап, ауданның экономикалық және әлеуметтік дамуына үлес қосып жүрген бір топ азаматты, сондай-ақ еңбек ардагерлерін марапаттады.

 Қазан: Елбасы келді!

Облысқа екі күндік жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев келді. Мемлекет басшысы ірі өндіріс орындарын аралап, жаңадан салынған әлеуметтік кешендермен танысты. Жұртшылықпен жүздесіп, емен-жарқын әңгімелесті.

Сондай-ақ, биыл облысқа жасаған сапарында ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасының Ақтөбе облысында жүзеге асырылуы туралы сөз болғанда аталған ауқымдағы тәжірибені Қазақстанның өзге де өңірлерінде тарату қажеттігін атап өтті.

Ақтөбеде «Туған жер» республикалық жерлестер форумы өтті. Кең ауқымды шараға ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова қатысты. Сондай-ақ, форумға қатысу үшін өңірге әлемнің 21 елінен 300-ден аса делегат келді. Форум аясында көптеген шаралар ұйымдастырылды.

Ақтөбе қаласында «KazRobotics-2017» халықаралық робототехника фестивалі ұйымдастырылды. Облыс әкімінің қолдауымен өткен шара аясында «KazRoboSport-2017» республикалық ғылыми-техникалық жобалар конкурсының финалдық туры ұйымдастырылды. Оған еліміздің өзге өңірлері мен шетелдерден 141 бала қатысты.

Облыста 505,8 мың тонна астық жиналды. Облыс бойынша дәнді дақыл егісінің орташа  түсімі гектарына 13 центнерге жетті. Соңғы үш жылда егістік алқаптарының көлемі айтарлықтай көбейді. Нәтижесінде айналымға енген егістік алқабы — 154,6 мың гектар.

 Қараша: Құжатқа қол қойылды

Облыс әкімдігі мен Ресей Федерациясының Татарстан Республикасы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, әлеуметтік және мәдени ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы келісім жасасты. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Татарстан Республикасы Президенті Рустам Минниханов Челябинск қаласында өткен Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығы ХІV форумы аясында аталған құжатқа қол қойды.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев және ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Мереке Пішембаев «Ақтөбе-Атырау» автожолын қалпына келтіру жұмыстарының басталуына арналған салтанатты шараға қатысты. Мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жүргізілетін жоба толықтай 2020 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.

Есет Көкіұлының 350 жылдығына орай Алға ауданында батырдың құрметіне көрнекті монумент салынды. Аталған монумент тұғырының биіктігі — 6 метр, ат үстіндегі батыр мүсінінің биіктігі — 5,5 метр. Ескерткіштің авторы — ақтөбелік мүсінші Ерлан Пірімбетов.

Ақтөбе-Астрахань тасжолы бойында орналасқан көрнекті монумент «АкТеп» ЖШС  басшысы Нұрлан Сағыналиннің демеушілігімен салынды.

 Желтоқсан: Тәуелсіздік жемісі

Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Жаңа индустрияландыру: қазақстандық барыстың қадамы» атты жалпыұлттық телекөпір өтті. Телекөпір кезінде Мемлекет басшысы облыста екі жаңа кәсіпорынды іске қосты. Оның бірі — «Қазақстан мұнай жабдықтары зауыты» ЖШС, ал екіншісі —  «Бозой» жерасты газ сақтау қоймасы. Дәстүрлі телекөпір кезінде Елбасы екі жобаны да іске қосуға рұқсат берді.

Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік мерекесіне орай облыс әкімі Бердібек Сапарбаевты «Отан» орденімен марапаттады. Мұндай құрмет Қарғалы ауданындағы «Степное» ЖШС директоры Аманғос Төлеуовке де көрсетілді.

ҚР Тұңғыш Президенті күнінде Ақтөбеде «Қазақ халқына мың алғыс» атты ескерткіш-стеланың ашылу салтанаты өтті. Ескерткіш бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ашылды. Ол кәсіпкерлер қаржысына тұрғызылды. Биіктігі — 30 метр. Оның орта тұсында Қазақстан картасы бейнеленіп, «Қазақ халқына мың алғыс» деген жазу айналдыра жазылған. Ал ескерткіш іргетасын айналдыра қойылған гранит тақтайшаларда Қазақстанның ежелгі заманнан бүгінге дейінгі тарихынан мәліметтер бар. Ескерткіштің жоғары жағындағы киіз үй түріндегі композиция бір шаңырақ астындағы тату-тәтті тірлікті айғақтайды.

Ақтөбе қаласындағы «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған 273 пәтерлі сегіз үй тапсырылды.

Жалпы облыста өткен жылы 792,3 мың шаршы метр тұрғын үй (6602 пәтер) пайдалануға берілді, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 28,5%-ға көп. Өсім «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын қарқынды жүзеге асыру нәтижесінде қамтамасыз етілді.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «АQTO’BE» телеарнасы эфирінде облыс тұрғындарымен тікелей байланысқа шықты. «Әкім сағаты» бағдарламасы аясында жұртшылықтың өз сауалдарын қоюына, ұсыныс-пікірлерін айтуына толық мүмкіндік жасалды. Телеарнаның тікелей эфирі барысында барлығы мың жарымға жуық сұрақ келіп түсті.

 Қаңтардағы қоныстойы

Жаңа жылдың алғашқы түнінде облыста 57 нәресте дүниеге келді. Олардың 34-і — ер, 23-і қыз бала. 40 сәби аудан орталықтарындағы перзентханада туса, 17 бала Ақтөбе қаласындағы әйелдер босанатын бөлімшелерде дүние есігін ашқан.

Жыл басында облыс әкімдігі, жұмыс берушілер және кәсіподақ басшылығы арасындағы үш жақты келісімдерге сәйкес меморандумдарға қол қойылды. Атап айтсақ, Хромтау ауданындағы «Восход-Oriel» ЖШС, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, Арқалық рельс — арқалық зауыты, т.б.

Алғалық 60 отбасы жаңа пәтерге кірді. Ауданда жұмыс сапарымен болған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қуаныш иелерін құттықтап, сондай-ақ шайбалы хоккейден аудандық турнир жеңімпаздарына жүлделер тапсырды.

 Ақпан: Бірегей жобалар, игілікті істер

Ақтөбеге жұмыс сапарымен ҚР Премьер-Министрінің орынбасары — Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев келді. Премьер-Министрдің орынбасары

Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын жүзеге асыру аясында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесіп, Алға ауданына барып, «Парижская коммуна XXI», «Ақтөбе ет кластері», «АкТеп» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің жұмысымен танысты.

Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан бойынша тұңғыш «Аналарға тағзым» жобасын жүзеге асыру туралы мәселе облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында талқыланды. Жиында облыстық «Туған жер» ұйымдастыру комитетінің төрайымы Сәния Қалдығұлованың басшылығымен «Аналарға тағзым» орталығының тұжырымдамасы жасалды. Бүгінгі күні Батыс-2 ауданында аталған кешеннің құрылысы жүріп жатыр. Орталықта психологиялық жеңілдету және кеңес беру, қолданбалы өнер, жалпы дамыту, музыкалық тәрбие беру, стилистика және дизайн, отбасылық дамыту жаттығулары кабинеттері, т.б. жұмыс жасайтын болады. Орталықтың құрылысы биылғы жылдың 1 маусымына дейін аяқталмақ.

Ақтөбеде Балалар жылы ресми түрде бастау алды. Шығармашылық академиясында өткен «Жүрек жылуы» қайырымдылық концертінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ресми түрде балалар жылының басталуына пәрмен берді. Осыған байланысты облыста балалардың толыққанды дамуына жағдай жасайтын «Бақытты бала» жобасы іске қосылды. Жобаны іске асыру үшін қаржыландырудың әртүрлі көздерінен 4 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінбек.

Ақтөбе қаласындағы Өнер орталығында жұртшылық алдында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың «2017 жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және 2018 жылға арналған міндеттері туралы» есеп беру кездесуі өтті. Аталған жиынға ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Асхат Қайнарбеков, «Бәйтерек» ұлттық холдингінің басқарма төрағасы Айдар Арифханов, «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев қатысты.

Астанада Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің мәжілісінде Ақтөбе агломерациясын дамытудың схемасын Үкімет мүшелеріне ҚР Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек пен Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев таныстырды. Айта кету керек, Ақтөбе агломерациясына Ақтөбе қаласы және облыстың алты ауданының (Алға, Қарғалы, Қобда, Мәртөк, Мұғалжар және Хромтау) елді мекендері енді.

Наурыз: Бес бастама және цифрландыру

Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев бірқатар әлеуметтік мекемелер мен кәсіпорындарды аралады. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев цифрландыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Ақтөбедегі рельс-арқалық зауытының жұмысымен танысып, сол жерде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру тақырыбында жиын өткізді.

«Qazaqstan» ұлттық телеарнасында «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуіне байланысты республикалық телекөпір өтті. Телекөпір барысында біздің  облыс тікелей байланысқа шықты. Оған Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов, облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев қатысты.

Ақтөбе қаласындағы Жекпе-жек сарайында каратэ-додан әлем чемпионы Әшім Қалидің жүлдесіне арналған «AKTOBE OPEN — 2018» дәстүрлі халықаралық турнирі өтті. Жаһандық жарысқа 400-ден астам спортшы қатысты.

***

Сонымен биылғы жылы да Ақтөбе халқы Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамын ерекше қарсы алып, жоғары деңгейде атап өтті.

Бірлік пен татулықтың, ізгіліктің мерекесі алдағы көп жақсы істердің бастаушысы болсын!

 Данагүл ҚАЗИХАН.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями