Популярные темы

Гендерлік саясат: ұғымы мен жүзеге асырылу ерекшеліктері

Дата: 15 марта 2018 в 12:39 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Гендерлік саясат: ұғымы мен жүзеге асырылу ерекшеліктері

Гендерлік саясат: ұғымы мен жүзеге асырылу ерекшеліктері

 

№2 Ақтөбе қалалық сотының судьясы, заң ғылымдарының магистрі Гильманова Динара Мугаппаровна

 

Гендер (ағылш. gender) — қоғамдағы адамның жүріс-тұрысын анықтайтын әлеуметтік жыныс. Гендерлік саясат әйелдерге тең қол жетімділікті және өмірдің барлық салаларына қатысуды қамтамасыз етуі қажет. Қазақстан Республикасындағы гендерлік саясаттың негізгі принциптері ерлер мен әйелдер үшін Қазақстан Республикасы Конституциясымен кепілдендірілген тең құқықты және бостандықты орнатады. Гендерлік теңдік саясатының алға жылжуы үшін әйелдерге саяси, экономикалық және қоғамдық өмірге араласу қажет. Демократиялық, зайырлы және құқықтық мемлекетті бекітуде қазақстан әйелдерінің рөлі ерекше. Қазақстанда демографиялық өсімді қамтамасыз етуде әйелдердің үлесіне баға жетпейді, себебі, балалардың туылуы, олардың тәрбиесі нәзік әйелдердің мойнында. Сонымен қатар олар өмірлік маңызды салаларда еңбек етеді, мемлекеттік басқару жүйесінің көп бөлігі солардың еншісінде. Әйел отбасы құндылықтарының мүддесін қорғайды. Күнделікті және байқалмайтын отбасы туралы қамқорлық, өз жанұясы үшін жан жайлылығын жасау, жайлы жағдай және амандық — бұлардың барлығы әрбір әйел үшін абзал міндет.

Біздің елімізде гендерлік саясаттың міндеттеріне мыналар жатады: билік құрылымына әйелдер мен ерлердің тең қатысуы, экономикалық тәуіелсіздік үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету, отбасындағы тең құқықтар мен міндеттер үшін талаптар құру, жыныс белгілері бойынша күштеу бостандығы, біздің қоғамымыздың дамуында әйелдердің рөлін бұдан әрі дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын шешімдер.

Қазіргі таңда гендерлік саясатқа біздің мемлекетімізде аса көңіл аударылуда. Осыған орай отбасылық саясат саласында қандай жетістіктер болды және көкейкесті мәселелер барма, соған тоқталып өтейік.

 Гендерлік стратегияны іске асырылған жылдары отбасылық-неке қатынастарында тұрған ерлер мен әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерінің кеңеюінде оң динамикаға қол жеткізілді.

 Отбасы міндеттерін еңбек қызметімен ұштастыру мүмкіндіктерін жасау мақсатында еңбек заңнамасында ата-аналардың икемді жұмыс түрлері мен бала күтімі бойынша демалыс алуға құқықтары туралы нормалар бекітілген. Сонымен қатар, әйелдердің, жүкті әйелдердің және баласы (балалары) бар әйелдердің еңбегін реттеу ерекшеліктерін бекітетін нормалар да пайда болды.

 Осыған орай, балалы отбасыларды қолдау бойынша шаралар кешенінде мемлекет әлеуметтік жәрдемақылар мен көрсетілетін қызметтер арқылы қолдау көрсетеді. Әлеуметтік төлемдер ұсыну жүйесінде бала тууына және бір жасқа толғанға дейін бала күтіміне, мүгедек баланы тәрбиелеушілерге жәрдемақылар, 18 жасқа дейінгі балаларға арналған мемлекеттік жәрдемақы, көпбалалы аналар мен отбасылар үшін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы қамтылған.

 2008 жылы жүктілігіне және босануына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына байланысты табысынан айырылған жағдайға сондай-ақ бала 1 жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінен әлеуметтік төлемдер төлеу енгізілген.

 Балалардың отбасында тәрбиеленуіне жәрдем көрсету, бала асырап алушылар мен тәрбиелеушілерді материалдық ынталандыру мақсатында жетім балаларды асырап алушы азаматтарға біржолғы төлемдер, жетім баланы немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы асырау үшін қорғаншыларға немесе қамқоршыларға арналған жәрдемақы, патронаттық тәрбиелеушілерге төлемдер беріледі.

 Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасында белгілі бір прогреске қол жеткізілді. «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» 2009 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді.

 Отбасы күні белгіленіп, жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық сайысы өткізіледі, отбасылық қарым-қатынастарды, моральдық-этикалық және рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайту жөніндегі 2015-2020 жылдарға арналған жалпыұлттық жоспар бекітілді.

 Шет мемлекеттердің дамуына жүргізілген талдау әлемде отбасылық және гендерлік саясат саласында бірыңғай әмбебап модельдің жоқ екенін көрсетті. Әрбір ел қалыптасқан мемлекеттік басқару, ұлттық ерекшеліктер мен мәдениет жүйесін ескере отырып, өзінің отбасылық және гендерлік саясатын қалыптастырады.

 Мысалы дамыған елдерде отбасын қорғау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінетін отбасылық саясаттың үш моделі бөліп көрсетіледі, олар: либералды, консервативтік және әлеуметтік-демократиялық.

 Әлеуметтік саясаттың либералды моделі Ұлыбританияға, Ирландияға, Швейцарияға, Жаңа Зеландияға, Канадаға, Аустралияға және АҚШ-қа тән. Бұл елдерде отбасыларды әлеуметтік қамсыздандыруда мемлекетке қосалқы рөл бөлінген, көмек мұқтаж отбасыларға ғана көрсетіледі. Азаматтарды әлеуметтік қолдау дамыған сақтандыру жүйелері есебінен жүзеге асырылады және мемлекеттің араласуы өте төмен. Материалдық көмек атаулы бағытқа ие және мұқтаждығын тексеру негізінде ғана ұсынылады.

Ұлыбританияда жалғызбасты ата-аналарға материалдық көмек бала 16 жасқа толғанға дейін көрсетіледі, олар: балаларға арналған жәрдемақы, денсаулық сақтаудың тегін қызметтері, тұрғын үй алуға басым құқық. Аустралияда жалғызбасты ата-аналар, оның ішінде әкелер де мемлекеттік көмек алады, бұл ретте жәрдемақының мөлшері олардың жалақысына байланысты болады. Ерекше санаттағы зейнетақыларды кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар жесірлер және 50 жасқа толған адамдар алады.

 Ұлыбританияда әрбір балаға туғаннан кейін толықтай төленетін 26 апта, одан кейін 6 аптаға 90% төлеммен және 20 аптаға — белгіленген мөлшерлемемен демалыс беріледі. Канадада жүктілігіне және босануына байланысты демалыс 35 аптаны құрайды, ол ата-аналар арасында бөлінеді. Канадада демалысқа ақы төлеуді әлеуметтік сақтандыру жүйесі жүзеге асырады.

 АҚШ-та балаларға қатысты зорлық-зомбылық заңмен реттеледі, оған сәйкес зорлық-зомбылық жасаған ерлі-зайыптылардың біреуінің үйге келуіне әрі күйеуімен/әйелімен және балаларымен кез келген байланысқа екі аптаға дейін тыйым салынады. АҚШ-тың көптеген штаттарында, мысалы өткен ғасырдың 60-жылдарының соңында балаларға қорлық көрсету күдігі туындаған әрбір жағдай туралы билікке хабарлауға азаматтарды міндеттейтін заңнама қабылданған. Кез келген адам өз бастамасымен отбасындағы балаға зорлық-зомбылық жасау фактісі орын алған немесе күдік туындаған жағдай туралы балаларды қорғаумен айналысатын әлеуметтік қызметке немесе полицияға хабарлай алады. Мұндай хабарламалар қайырымды іс қана емес, бұл қарапайым қажеттілік болып саналады. Дәрігерлерге, педагогтерге, жаттықтырушыларға, тәрбиешілерге келетін болсақ, бұл олардың тікелей міндеті. Хабарламаларды оқиға болғаннан кейін 24 сағат ішінде телефонмен хабарлауға, поштамен жіберуге, тиісті мекемелерге тікелей барып ресімдеуге болады.

 Отбасылық саясаттың консервативтік моделі шеңберінде үш тәсіл іске асырылады. «Белсенді» қолдау Бельгия мен Францияға тән (бір мезгілде бала күтімі бойынша, ұзақ мерзімді ақылы демалыстар және әр түрлі жастағы балаларға арналған қомақты ақшалай жәрдемақылар сияқты дамыған секторлар үйлесім тапқан). «Лимиттелген қолдау» тәсілі Германия мен Аустрияда кең таралған (жәрдемақылардың аз теңдестірілген схемасы және балалар күтімі бойынша мектепке дейінгі мекемелер желісі). «Отбасылық» тәсіл Италияға, Испанияға және Португалияға тән (отбасын әлеуметтік қолдау көрсеткіштері аз, жәрдемақы көлемі шамалы, бала күтімі бойынша демалыс салыстырмалы түрде ұзақ, бірақ ақы аз төленеді).

 Францияда декреттік демалыс 16 аптаға (толық жалақымен) созылады, оның 6-уын бала туғанға дейін алады, ал әкелердің небәрі қатарынан 11 күн демалыс алуға мүмкіндігі бар. 3-баладан бастап декреттік демалыс әйелдерге 26 аптаға, ал ерлерге 18 аптаға созылады.

 Бельгияның заңнамасында бірінші айда жалақының 82%-ын жұмыс беруші төлейтін 15 апталық декреттік демалыс көзделген. Демалыстың қалған бөлігі бұрынғы жалақының 75%-ы деңгейінде өзара сақтандыру жүйесі бойынша төленеді. Бала күтімі бойынша демалыс бала туғаннан кейінгі келесі ай ішінде таңдауға тиіс 10 жұмыс күнін құрайды. Бала күтіміне арналған шығыстарға бала 12 жасқа толғанға дейін салық салынбайды. 2,5 жастан бастап 6 жасқа дейінгі балалар үшін мектепке бару (жұмыс уақытында) тегін.

 Германияда ата-аналар бала туғаннан кейін бір жасқа дейінгі кезеңде алдыңғы жалақысының үштен екі бөлігін сақтайды, бұл ретте егер әкелер де бала күтімі бойынша демалыс алатын болса, онда қосымша 2 ай төленеді.

 Консервативтік модельді елдер полициямен, прокуратурамен, сотпен және дағдарыс орталықтарымен тығыз байланыс орнату арқылы әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың профилактикасын белсенді түрде жүргізеді.

 Отбасылық саясаттың әлеуметтік-демократиялық моделі немесе скандинавиялық моделі мемлекет тарапынан табысқа әмбебап кепілдік берілген және бала күтімі бойынша қызмет көрсету жүйесі жоғары дамыған Дания, Норвегия, Швеция, Исландия және Финляндия сияқты елдерге тән. Мемлекет шығындарының негізгі бөлігі әлеуметтік мақсаттағы қажеттілігін қанағаттандыруға бағытталған.

 Ұлттық және жергілікті деңгейлердегі мемлекеттік басқару құрылымдарында әйелдер, отбасы, балалар, гендерлік теңдік мәселелері жөніндегі арнаулы уәкілетті органдар құрылған.

 Шетелдерде ата-аналарға мемлекеттік қолдау балалар кәмелеттік жасқа толғанға дейін көрсетіледі. Мәселен, Швецияда ата-аналар мемлекеттік жәрдемақыны бала кәмелеттік жасқа толғанға дейін алады.

 Ата-аналар бала күтімі жөніндегі ақылы ата-ана демалысының 18 айын бөлуге құқылы, олардың жалақысын үкімет пен жұмыс беруші тең үлесте өтейді. Ата-аналарды көтермелеу үшін 18 айдың кем дегенде 3 айын екінші ата-ана, әдетте әкесі пайдалануға тиіс.

Көріп отырғанымыздай, гендерлік саясат әр елде әрқилы жүзеге асады. Гендерлік саясатты қолдау біздің еліміздеде бірінші орында. Гендерлік саясаттың жүзеге асыруын ілгерілету мақсатында біздің ойымызша әйел адамдарға заңмен қандайда бір жеңілдіктер қарастырылу керек. Мысалы, аяғы ауыр әйел адамдар мен 3 жасқа дейінгі балалары бар әйел адамдарға төрт күндік жұмыс күнін белгілеген дұрыс деп есептейміз. Сонымен қатар ай сайынғы алатын жалақының мөлшері де бес күндік жұмыс жасайтын қызметкерлердің жалақысымен тең дәрежеде болуы керек. Сәйкесінше осы мәселені еңбек заңнамасының нормасымен бекіту қажет. Осындай жағдайларда әйел адамдарға көмек көрсетілетін болса, еліміздің гендерлік саясаты да ілгерілей түседі деген ойдамыз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Қазақстан Республикасының Конституциясы.

2. Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 29 маусымдағы № 248 Заңымен ратификацияланған Әйелдерді кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенция.

3. Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 30 желтоқсандағы № 18-ІІ Заңымен ратификацияланған Әйелдердің саяси құқықтары туралы конвенция.

4. «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі.

5. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі.

6. «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы.

 

Тэги новости: Соңғы жаңалықтар қазақша
Поделитесь новостью с друзьями