Асқар ЖҰМАҒАЛИЕВ: Кез келген қызметті цифрландыру — заман талабы

Дата: 15 марта 2018 в 11:12 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Кеше Ақтөбеге жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев келіп, бірқатар әлеуметтік мекемелер мен кәсіпорындарды аралады. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев цифрландыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.

Үкімет басшысының орынбасары алдымен әуежай арқылы алыс-жақын елдерге сапарға шыққысы келетіндердің қарызының бар-жоқтығын лезде анықтап беретін арнаулы қондырғымен танысты. Аппараттың жұмысын оң бағалаған Асқар Жұмағалиев артынша шаһардағы Ж.Тәшенов атындағы №68 орта мектепке барды. Өткен жылдың соңында пайдалануға берілген білім ордасында жаңа технологияға басымдық берілген. Әсіресе, мұғалімдердің өздері толтыратын «Күнделік» бағдарламасын ерекше айтып өтуге болады. Балаларының мектептегі сабақ үлгерімін, қатысымын ата-аналар үйінде отырып-ақ, ғаламтор арқылы қадағалай алады. Мұнымен бірге, 300 балаға шақталған оқу ошағы заманауи қондырғылармен, компьютерлік кабинеттермен жарақтандырылған. Электрондық журналдың жай-жапсарымен мұқият танысып шыққан Асқар Жұмағалиев білім беру саласында цифрландыруды енгізудің артықшылықтары мол екенін, бұның екі тарапқа — ата-аналар мен педагогтарға тиімді екенін атап өтті. 

№3 қалалық емхана да автоматтандырылған жүйе бойынша жұмыс істейді. Мұндағы дәрігерлердің сөзінше, «Қамқор» медициналық ақпараттық жүйенің көпшілікке пайдасы зор. Айталық, ұялы телефон арқылы ақ халаттылардың қабылдауына жазылып, сол арқылы күні мен уақытын белгілеу мүмкіндігі қарастырылған. Үш айдың ішінде 140 адам мобильдік қосымшаны жүктеп алып, пайдаланып жүр екен. Бұны естіген Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев:

— Мемлекет басшысының өзі цифрландыруға ерекше маңыз беріп отыр. Бұл — заман талабы. Сондықтан білмеген адамдарға бұны түсіндіріп, үйрету керек. Әлгіндей қосымшаларды қолжетімді ете түсу үшін түрлі ақпараттық парақшаларды, жалпы мәліметті таратқан дұрыс. Арнайы мамандарды жұмылдырсақ та артықтық етпейді. Қысқасы, бұл халықтың игілігіне мейлінше пайдаланылуы тиіс. Және ол барлық емханаларда кеңінен қолданылса, кезекке тұру мәселесі, қаралушылардың ұзақ уақытты жоғалтуы өзінен-өзі жойылады, — деді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, қазіргі таңда облыстағы медициналық мекемелердің 72 пайызы цифрландыруға көшкен.
Одан соң «Қазпошта» акционерлік қоғамының филиалына барып, ондағы бірыңғай төлем құжаты жобасының таныстырылымына қатысты. Хаттарды қабылдап-тапсыру қызметімен, бөлімшенің жалпы жұмысымен танысқан Премьер-Министрдің орынбасары бірқатар электрондық жүйелердің жаңашылдығы келушілердің уақытын тиімді пайдалануға оң әсер ететінін тілге тиек етті. Сол сияқты жаңадан ашылған Шығармашылық академиясына соғып, балалардың робототехника, кеме жасау, планетарий, машина құрастыру, т.б. үйірмелерге қатысуы жаһандану көшіне ілесуге таптырмас тәсіл екенін білдірді.

Сонымен қатар, сан түрлі қызметті біріктіріп, тұрғындарды қағазбастылықтан құтқаратын «Халықтық кеңсе» орталығын аралаған Асқар Жұмағалиев мұнда ұзын саны 20 мекеменің мамандары еңбек ететінін, ал көрсетілетін қызмет түрі 600-ге жететінін білді. Өз кезегінде орталықта Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов «Ақылды қала» мен «Азаматтарға арналған үкімет» жобалары, жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын мекемелерге қарасты автобустардың жүру бағыты мен уақытын бақылайтын орталықтың жұмысы, геопортал жөнінде жан-жақты баяндап, цифрландыру жұмысы бойынша атқарылып жатқан іс-шараларға тоқталды.

Енді ғана пайдалануға берілген Жедел жәрдем станциясына да барған  Үкімет басшысының орынбасары бастаған топ ондағы Call-орталықтың жай-күйіне қанық болды. Денсаулығы сыр бергендердің телефон қоңырауын қабылдайтын орталық барлық қажетті құрылғылармен жабдықталған, мұнда қай дәрігердің қайда жүргенін, науқастарға қандай қызмет көрсетіліп жатқанын үлкен экран арқылы бақылау жайы қарастырылған. Бұдан бөлек, шұғыл жағдайда адамдарға медициналық жәрдем беруге қауқарлы арнаулы көліктің ішіндегі қондырғылар таныстырылды.

Асқар Жұмағалиев атқарушы билік өкілдерімен Мәртөк ауданындағы «Айс» ЖШС-на да барды. Кәсіпорын директоры Қуаныш Есжановтың айтуынша, серіктестікте 1700 сиыр бар. Сүт өнімдерінің 40-тан астам түрін шығаратын компанияда 250 адам жұмыс істейді. Сапар барысында сиырлар бағылатын кешенді аралаған Үкімет басшысының орынбасарына мұнда да көп жұмыс автоматтандырылғаны, соның нәтижесінде бұрын жүздеген адам жұмыс істеген жерде бүгінде 20-25 қызметкердің тер төгетіні айтылды. Кездесуде, мұнымен бірге, өңірдегі жаңа тиімді суару жүйелері, мал ұрлығын алдын алу мақсатында «сырға» орнату жайы, т.б. қатысты жасалып жатқан шаралар туралы түсінік берілді.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Ақтөбе-Мәртөк-Ақтөбе.