Наурызды мерекелеуге дайындықтың барысы талқыланды

Дата: 13 марта 2018 в 11:42

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Наурыз мейрамына ақтөбеліктер үшін 10 тонна бауырсақ, 13 мың литр наурыз көже дайындалады.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте Наурыз мейрамын мерекелеуге байланысты дайындықтың барысы талқыланды.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаеваның мәліметіне қарағанда, облыс бойынша 5 мыңнан астам түрлі шара өткізу көзделіп отыр. Олардың ішінде палау фестивалі, наурыз көже, бауырсақтар, домбыра-пати, қолөнер шеберлерінің көрмесі мен жәрмеңкелері, байқаулар, спорттың ұлттық түрлері бойынша жарыстар, басқа да толып жатқан шаралар бар. Наурызды тойлау кең көлемде 14 наурыздан 14 сәуірге дейін—ай бойы жалғасатын болады.

Облыс орталығында 22 наурыз күні негізгі шара ҚР Президенті атындағы саябақ ауданында Әбілқайыр хан орталық даңғылында өтеді. Мұнда «Наурызым — құт-береке!» мерекелік думан, театрландырылған көріністер мен Орынбор облысы шығармашылық ұжымының қатысуымен гала-концерт ұйымдастырылады. Осы жерде ұзындығы 850 метр 150 палаткі орналастырылады.

Қала бойынша ұлттық нақышпен жасақталған 60-тан астам киіз үй тігіледі және қала қонақтары мен тұрғындары үшін мерекелік дастарқан жайылады.

— Облыс тұрғындары үшін нағыз мереке ұйымдастырылуы керек. Демалыс күндері ақтөбеліктер қалада қыдырып, түрлі конкурстарға, концерттерге қатысып, мерекелік ахуалды сезінуге тиіс. Барлық шаралар, бірінші кезекте, әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға: балаларға, көпбалалы аналар мен ардагерлерге бағытталуы керек. Халықтық серуен тек Ақтөбе қаласында ғана емес, облыстың әрбір ауданында, елді мекендерінде ұйымдастырылуы тиіс, — деп тапсырды өңір басшысы.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.