Балалар үйі есепшотына аударылды

Дата: 13 марта 2018 в 10:22 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Жем қалалық Мәдениет үйінің өнерпаздары «Жүрек жылуы» атты қайырымдылық кешін өткізді.

Шарада Мәдениет үйі жанынан құрылған «Әуесқой» әзіл-сықақ театры артистері қоғамдағы өзекті мәселелерді арқау еткен интермедияларды көпшілік назарына ұсынды.

Бүгінде халықтық мәртебеге ие болған бұл театр ұжымы облыстық деңгейде де өнер көрсетіп, көпшіліктің ықыласына бөленіп жүр. Қайырымдылық кеште театр артистері «Мектеп», «Дәрігер» сынды қойылымдарымен көпшілікті күлкіге кенелтті. Кеш барысында «Жетімнің монологы» орындалып, халық әндері шырқалды. Көпшілік балғын бишілердің өнеріне тәнті болды.

Аталған іс-шараның өз деңгейінде өтуіне Жем қаласындағы бірқатар мекеме ұжымдары да атсалысты. Шарадан түскен қаржы Алға қаласындағы облыстық балалар үйінің есепшотына аударылды. Театр өнерпаздары жылдағы дәстүр бойынша балалар үйінде де өнер көрсетіп жүр. Бұл шара биыл да өз жалғасын тапты.

Бұған дейін Жем қаласы өнерпаздарының орындауындағы «12 месяцев» атты орыс ертегісінен түскен қаражат та балалар үйі тәрбиеленушілерінің игілігі үшін арнайы есепшотқа аударылған болатын.

Қайырымдылық шара кезінде Жем қаласы әкімі аппараты атынан М.Садықов, қаладағы №3 аула клубының директоры Н.Тастаевалар сөз сөйлеп, өнерпаздарға өз алғысын білдірді.

Ж.САМЕН,

«Әуесқой» әзіл-сықақ театрының жетекшісі.

Жем қаласы,

Мұғалжар ауданы.