2018 жыл Мұғалжар ауданында «Жастар жылы» деп жарияланды

Дата: 08 марта 2018 в 10:42 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

2018 жыл Мұғалжар ауданында «Жастар жылы» деп жарияланды

Форум

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен жарияланған «Бақытты бала» акциясын қолдау мақсатында 2018 жыл Мұғалжар ауданында  «Жастар жылы» деп жарияланды. Осыған орай Қандыағаш қаласында «Жастар — рухани жаңғырудың жаршысы» атты облыстық жастар форумы өтті.

Облыс көлемінде алғаш ұйымдастырылып отырған шараға өңірдің 12 ауданы мен Ақтөбе қаласынан жастар ресурстық орталықтарының директорлары, жастар ісі жөніндегі комитет өкілдері, ерікті жастар, сонымен қатар «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Шахан Жолдасбаев қатысты.

Форумның ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Ербол Данағұлов барлық жиналған жастарды форумның ашылуымен құттықтап, сәттілік тіледі.

— Тәуелсіздік алған 26 жыл ішінде елімізде көптеген шаруалар атқарылды. Бүгін облыс жастары бір-бірімен таныссын, елде қандай тыныш-тіршілік барын көріп білсін деген ниетпен жастардың басын қосып жатырмыз. Біз қолымыздан келгенше жастарға барлық жағдайды жасаймыз. Өйткені біздің басты міндетіміз — осы. Әбу Насыр әл-Фараби айтқандай, от та, жалын да, рух та, күш-қуат та, болашақ та — жастарда.  Жастарымыз мәңгі жасасын. Біз қай уақытта да жастармен біргеміз, — деді аудан әкімі.

Бұдан соң Ербол Данағұлов форум алауын тұтатып, кезекті эстафетаны Алға ауданына табыстады.

Форум жұмысына облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова қатысып, аудан басшылығына ризашылығын білдірді.  

Аудандық орталық саябақта, арнайы киіз үй тігіліп, мерекелік концерт ұйымдастырылды. Келуші қонақтарға ыстық шай, көже беріліп, бауырсақ үлестірілді.

Форумның ашылу салтанатынан соң, келген қонақтар аудандық мәдениет үйінде өткен «Рухани жаңғыру — жастарға жарқын жол» атты конференцияға қатысты.

Конференция жұмысына қатысқан Бұлбұл Елеусінова өңірде жастар саясатын жүргізуде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

— Биылғы жылғы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен жарияланған «Бақытты бала» акциясын аудан жастары қолдап, ауқымды шараның Мұғалжар ауданында бастау алғаны — қуанышты жағдай.

Ауданда 2018 жылды «Жастар жылы» деп жариялауының өзі жергілікті атқарушы биліктің жастарға деген жанашырлығын көрсетеді. Осы ретте мен аудан басшылығына ризашылығымды білдіремін. Бүгінгі форумға университет пен колледждердің жастар ісі комитетінің төрағалары арнайы келіп, қатысып отыр. Сонымен қатар, жастардың волонтерлық қозғалысының соңғы кездері қарқынды дамуы қуантады. Осындай форум, оның аясында қайырымдылық шаралары өтеді дегенді естіп, «біз де өз үлесімізді қоссақ» деп көптеген волонтерлық топтар ниет білдіріп, бүгін келіп, қатысып отыр.  Бұл да біздің қоғамдағы қайырымдылық мәдениетінің қалыптасқандығын көрсетеді.

2017 жылы жастардың қатысуымен облыс бойынша 1500-ден астам шара өткізіліп, 139 574 жас қамтылды. Өткен жылы барлық маңызды іс-шаралар жастардың белсенді қатысуымен өтті.

Оның ішінде ірі, елеулі оқиғалар XXVIII Қысқы Универсиада, Астана ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінде ақтөбелік жастар үлкен белсенділік танытты.

Тұтастай алғанда, өңірдегі жастар саясатын жүргізуде өзара бірлескен жұмыс көрсетілген бағытта жүргізіліп жатыр.

Биылғы жылы облыс жастары болып, бірлесе жұмыла жасайтын қызықты шаралар өте көп. Бүгінгі Мұғалжар ауданында бастау алған жастар акциясын басқа аудандар жалғастырып әкетеді деген сенімдеміз. Сондықтан сіздердің қолдауларыңызды, ұсыныс-пікірлеріңізді күтеміз, — деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ ол өз баяндамасында жастар арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылық, суицид мәселесі де басты назарда екендігін атап өтті.

— 2017  жылы жасөспірімдер арасында 38 суицид фактісі мен 66 суицид жасау әрекет тіркелді. Өткен жылдармен салыстырғанда көрсеткіштер біршама төмендеді. Дегенмен, Ақтөбе қаласына, Мәртөк, Темір, Хромтау, Шалқар, Алға аудандарына бұл бағыттағы жұмыстарды жүргізу қажет, — деді ол.

Конференцияға қатысушылардың бірі «Пандус ОК» ЖШС басшысы, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Шахан Жолдасбаев жиналғандармен өзінің жетістікке жету жолымен бөлісті.

— Мен туабітті мүгедек емеспін. Бұл жағдайға осыдан 10 жыл бұрын жол-көлік апаты салдарынан тап болдым. Мен де өзгелер секілді оқу орнын бітіріп, әскер қатарында болдым. Мемлекеттік салада қызмет етуді армандадым. Дегенмен, өмірде барлығы ойлағаныңдай бола бермейді екен. Мені тағдыр мүлде басқа бағытқа бұрып жіберді, — деді Шахан Жолдасбеков.

Бүгінгі таңда облыс аумағындағы бірнеше ғимаратқа пандус орнатқан жас кәсіпкер жиналған жастарға алдарына мақсат қойып, сол мақсатқа жету үшін ешқандай қиыншылықтарға мойымай, тек қана алға басу керектігін айтты.

«Сұлтан» мейрамханасында өткен түскі астан соң мұнайлы өлкеде бас қосқан жастар «Мұғалжарда жасалған» атты ауданның инновациялық кәсіпкерлер шеруіне қатысты.

Кейін «Еріктілер — ел тірегі», «Жастар бастамаларын қолдау» бойынша секциялық отырыс өтті. Қандыағаш қалалық №1 орта мектебінде «Жастар — біздің ізбасар» ұранымен форум делегаттары арасында волейболдан жолдастық турнир өтіп, аталмыш мектептің үлкен мәжіліс залында форумның жабылу салтанаты өтті.

P.S. Бүгінде облыста 14 пен 29 жас аралығында 220 мың жас бар. Оның ішінде Мұғалжар ауданы жастарының үлесі — 13 722 адам. 51 432  жас (23 930 — ЖОО, 27502 — колледж) 6 жоғары оқу орны мен 44 колледжде білім алуда. Жыл сайын 10 мыңнан астам жас маман жоғары және орта арнаулы білім алады.

Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында жоғары оқу орындарында — 4, ірі кәсіпорындарда 9 жастар ісі комитеті мен кеңесі жұмыс жасайды.

Ақерке САТЫБАЛДЫ,

Мұғалжар ауданы.