Анасының жаңа туған баланы өлтіруінің қылмыстық құқықтық ерекшелігі

Дата: 27 февраля 2018 в 15:59 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

 Анасының жаңа туған баланы өлтіруінің қылмыстық құқықтық ерекшелігі

 

Қазақтың өзгелерге ұқсамайтын ерек қасиеттерін суреттейтін бауырмал, балажан деген анықтауыштар сөздік қорымыздан сиреп бара жатқандай. Бұған соңғы кездері құлағымызға жиі ілінетін жантүршігерлік оқиғалар себеп. Ең сорақасы, «жаңа туған баласын қоқыс жәшігіне тастап кетті», «баласын азаптап өлтірді», «анасына пышақ салды», «әкесін айуандықпен өлтірді» деген ақпараттарға етіміздің үйреніп кеткені. Әсіресе, өзінің ішінен шыққан баласын өз қолымен өлтірген аналар туралы хабарлар газет беті мен эфир уақытын босатпайтын болды. Ана өз баласын өлімге қалай қиды? Патологиялық қатыгездік қазақ қоғамына қайдан келді? Тасбауыр әке мен безбүйрек аналардың көбею себебін іздер болсақ, мәселенің бір ұшы елімізде психология ғылымының кенже дамуына келіп тіреледі.

1845 жылы Ресей заңдарында жаңа туған баласының жанын алған безбүйрек аналардың психикалық жағдайын зерттеу, күдіктіге жаза тағайындау кезінде оның психикалық жағдайына байланысты жеңілдіктер жасау қарастырылды. 1980 жылдары Еуропаның көптеген елдерінде психикалық ауытқушылығы салдарынан баласына қол жұмсаған аналардың жазасы жеңілдетіле бастаған.

Еліміздің кейбір психологтары босанған аналар қылмысқа уақытша психикалық ауытқушылықтың әсерінен баруы мүмкін. Өз шаранасын өлтірген әйелдер сол сәтте аффектілік күйде болады, яғни өз әрекеттеріне есеп бере алмайды. «Кез — келген жүкті әйелдің бойында көңіл күй өзгерісінің болуы қалыпты жағдай. Ал кейбір әйелдер бала туғаннан кейін жан күйзелісін бастан кешуі мүмкін. Оның себебі, болашақ анаға босанғанға дейінгі ішкі және сыртқы факторлардың қаншалықты деңгейде ықпал етуіне байланысты. Әрбір жүкті әйел психоэмоционалды күйін үнемі бақылауда ұстап және дер кезінде қажетті маманнан кеңес алып отырса, бұндай жағдайлардың алдын алған болар едік», — дейді. Психологтардың сөзінің жаны бар, біздің қоғамда психологқа жүгінуді ұят санайтын, маманның қабылдауына жіберсе, кеміту, қорлау деп ұғатындар жетерлік. Тәніміз ауырғанда дәрігердің көмегіне қаншалықты жүгінсек, жанымыз ауырғанда да маманның көмегіне соншалықты зәру екенімізді ескере бермейміз[1].

Батыс психологтары анасының біршама жасқа келген баласын өлтіруін әлеуметтік түйткілдермен байланыстырады. Жалпы психологияда ананың баласын жек көруінің төрт себебі көрсетіледі. Біріншісі — әйелдің күйеуін жек көруі. Яғни күйеуіне іші жылымайтын әйел өшін баладан алуы мүмкін. Мәселен, өткен жылы Тараз қаласының 26 жасар тұрғыны бес және бір жарым жастағы екі баласын жастықпен тұншықтырып өлтірген болатын. Бауыр еті балаларын өлімге қиған ана мұндай қатыгездікке «күйеуіммен жанжалдасқан соң бардым» деп түсініктеме берген. Көршілері де ерлі-зайыптының арасында жиі түсініспеушілік болатынын растапты.

Ананың өз баласын жек көруіне екінші себеп — әйелдің ішімдікке жақын болуы. Ащы суға салынған ананың жайы белгілі, ал егер күйеуі де маскүнем болса, жүйкесін ішімдік жұқартқан ата-ананың баланы жазым етуі жиі кездесетін жайт. Психологтардың айтуынша, баланы жек көретіндердің қатарында әлі жастық буы басылмаған, желігі тарқамаған тым жас аналармен қатар өзін қатты жақсы көретін, әлем бір өзіне ғана қызмет етуге тиіс деп ойлайтын өзімшіл әйелдер де бар. Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны Татьяна Лапаногованы көршілері осындай адамдардың қатарына жатқызады. Қаныпезер ана екі баласын бірдей пышақтап тастаған. 5 және 12-жастағы бүлдіршіндер өз үйінде қанға бөкті. Адам сенбейтін қылмысқа барған жас ананың қолынан кенже ұлы оқиға орнында көз жұмған. Ал, жарақат алған соң сыртқа қашып шыққан үлкен ұлы көршілерінің арқасында аман қалды.

Мейірсіз анаға заң неге мейірімді? Бауыр еті баласын өлімге қиятын аналар көбейіп кеткендіктен Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне «Жаңа туған баланы анасының өлтіруі» деп аталатын 100-бап енгізілген болатын. Бұл бап бойынша, «анасының өзінің жаңа туған баласын туып жатқан кезінде, сол сияқты одан кейінгі кезеңде психикасын күйзелтетін ахуал болған жағдайларда немесе есінің дұрыстығын жоққа шығармайтын психикасы бұзылуы жағдайында өлтіруі — төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады».

Адам өлтіру, яғни басқа адамды құқыққа қарсы қасақана, абайсызда қазаға ұшыратуды білдіреді. Адам өлтіруді екі түрге бөлуге болады:

1. Ашық адам өлтіру;

2. Жасырын, құпия адам өлтіру.

Ашық адам өлтіру өздеріне таныс басқа адамдар болған кезде, немесе олар болмаған кезде, бірақ өзінің күнәсін олардан жасыруға әрекет етпей жасау. Бұған кінәлі адамның ізіне түсу нәтижесінде оқиға болған жерде ұстау жағдайлары немесе ізін суытпай немесе қылмыс жасаушының өз еркімен кінәсін мойындап келу жағдайы жатады.

Кейбір әдебиеттерде «бала өлтіру» деген түсінік бар, оны шын мәнісінде түсінетін болсақ, ол кез-келген баланы кез-келегн адамның өлтіруін қамтиды.

Бала өлтіру деп анасының жаңа туған баласын туған кезде бірденен немесе туғаннан кейін өлтіруі білдіреді.

Қарастырылып отырған қылмыстық құқық бұзушылықты онша қауіпті емес қылмыс түріне жатқызу туралы мәселе даулы мәселе. Кейбір авторлар бұл мәселені оң шешу үшін ешқандай негіз жоқ, ал басқалары анасының жаңа туған нәрестесін өлтіруін аяушылық жағдайы кезінде адам өлтірудің дербес құрамына бөліп қарау керек деген пікірлер айтты. Енді мәселе өз шешімін тапты.

Анасының жаңа туған баласын өлтіргені үшін басқа адам өлтіру қылмыстарына қарағанда, осы қылмыстық кодекске жатқанымен онша қатал жаза берілмеген. Бұл кездесоқ жайыт емес, өйткені мұндай істер бойынша әйелдің басқаша жағдай кезінде жасаған қылмысы туралы білмейтін жағдай анықталған.

Адам өлтіру объектісіне адамның өмірі жатады, біздің бүгінгі жариялап отырған мақаламызға сәйкес: жаңа туған баланы анасының өлтіруі қылмысының объектісі — жаңа туған баланың өмірі жатады. Адам өмірінің бастапқы сәтіне паталогиялық (қалыптан күрт ауытқушы қалыпты емес, жанға бататын) босануды емес, физиологиялық (ағзада болып жатқан процестерді) бастауын жатқызу қажет, өлтіру мен жасанды түсік жасауды шектеу қажет, өйткені бұл іштегі баланы құрту болып табылады.

Адам өмірінің аяқталуына биологиялық өлім жатады. Бұл кезде орталық жүйке жүйесінің қызметі тоқтап және бас миының қыртысында белоктық дененің қайта орны толмас құлдырауы болады, бұл кезде ағзаның өмір сүруін қайта қалпына келтіру мүмкін болмай қалады.

Адамды қылмыстық-құқықтық қорғауға жас шамасына, дүниеге келген сәтінен бастап өлгенге дейінгі кез-келген адамның өмірі жатады. Жаңа туған баланың өмірі қылмыстық-құқықтық мағынада физиологиялық босану сәтінен басталады, ана құрсағында дербес өмір сүруі, ана құрсағынан бөлініп шыққан кезде тыныс алуы, алмауының маңызы болмайды.

Объективті жағы — бұл қылмыстық мінез-құлықтың сыртқы көрінісі. Бұл қылмыстық құқық бұзушылықтың объективтік жағының белгілері: қоғамға қауіпті әрекет немесе әрекетсіздік, қоғамға қауіпті зардаптар, әрекет пен қоғамға қауіпті зардаптар арасындағы себепті байланыс, қылмысты жасау орны, уақыты, тәсілі мен жағдайы.

Әрекет — бұл субъектінің белсенді, саналы, ерікті сыртқы мінез-құлқының актісі, денесінің қозғалысы. Қылмыстық құқықта қозғалыс оның күрделігімен ерекшеленеді, ол өзіне бірнеше қимыл-қозғалысты қосып алады, олар дербес қылмыстық жазаланатын әрекетті білдірмейді, ол оның құрамдас тармақтары қызметін атқарады.

Әрекетсіздік — бұл адамның селсоқ мінез-құлқы яғни оның жасауға тиіс, бірақ жасамаған әрекеті.

Заңда бұл қылмыстық құқық бұзушылықтың объективтік жағының орындалуының үш оқиғасы мүмкін болады: баланы өлтіру босану кезінде немесе босанғаннан кейін дереу жасалынады, психиканы жаралаушы жағдай қалыптасқан, жауаптылықты жоққа шығармайтын, психикалық күйзеліс жағдайы орын алуы мүмкін.

Анасының жаңа туған баласын өлтіргендігі туралы істерден мыналар қарастырылады: мұндай қылмыстарға баланы босана салысымен кіндігін кеспестен және емізуге әрекет жасамастан, яғни барлық жағдай жаңа туған сәбидің өмірін сақтап қалуға ешқандай белсенді шаралар қабылдамаған қылмыстар жатады.

Жаңа туған сәбидің зорлықпен өлтіруінің барлығы адам өлтіруге жатпайды. Өйткені, сәби босану кезінде кіндігіне оралып, тұншығып өлуі, анасының жатырында тұншығуы мүмкін, анасымен байланысының мерзімінен бұрын үзілуі нәтижесінде болуы мүмкін. Мысалы, баланың орнының баланың басы шыққанға дейін ажырауы, босану кезіндегі баланың бас сүйегі мен миының зақымдануы, босану кезінде дәрігерлік аспаптар қолдану немесе босануды тездету үшін баланы басынан не мойнынан тартқан кезде зақымдану нәтижесінде болуы да мүмкін[2, 25бет].

Қылмыстық құқық бұзушылықтың субъективті жағы — бұл жасалған қоғамға қауіпті әрекетке, оның салдарына тұлғаның ішкі, психикалық қатынасын сипаттайтын белгілердің жиынтығы. Сонымен қатар белгілері: қылмыстың кінәсін, ниетін, мақсатын құрайды. Қылмыстың мотиві мен мақсаты қылмыстың субъективті жағының белгілері болғанымен, кінәдан айырмашылығы міндетті белгілері емес, ал факультативті белгілері болып табылады.

Тікелей қасақаналықтың екінші интеллектуалды белгісіне заң қоғамға қауіпті зардаптың мүмкіндігі мен болмай қоймайтындығын жатқызады, яғни тұлғаның өзінің әрекетінің немесе әрекетсіздігінің зарзаптары туралы, олардың қылмыстық заңмен қорғалатын байлықтар мен мүдделер үшін зияны туралы ойша білуі жатады. Қоғамға қауіпті зардаптарды алдын-ала білудің формалды тәсілдері талап етілмейді.

Тікелей қасақаналық кезінде алдын-ала көріп білу екі жақты сипаттама береді: қоғамға қауіпті зардаптың болуын алдын-ала білу. Мотив мынадай сұрақтарға жауап береді, қылмыс жай отырып субъект нені басшылыққа алды, мақсаты — ол оған қандай жолмай ұмтылды деген сұрақтарға жауап береді. Мақсат тек тікелей қасақаналықпен жасалған қылмысқа қатысты ғана болады:

Сонымен қатар, бұл мән-жайлардан басқа, олардың өмір сүруі мен тәрбиелену жағдайлары, психикалық дамуының деңгейлері, тұлғаның басқа да ерекшеліктері, сондай-ақ оларған жасы бойынша ересек адамдардың ықпалы ескеріледі.

Қазақстан Республиканыңың Қылмыстық кодексінің 82-бабына сәйкес кәмелетке толмаған адамға жаза тағайындау:

— Кәмелетке толмаған адамға жаза тағайындау кезінде, қылмыстық кодекстің 52-бабында көзделген мән-жайлардан басқа, оның өмірі мен тәрбиесінің жағдайлары, психикалық даму деңгейі, жеке басының өзге де ерекшеліктері, сондай-ақ оған жасы жағынан үлкен адамдардың ықпалы ескеріледі.

— Кәмелетке толмаған жас жеңілдететін мән-жай ретінде басқа да жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлармен жиынтықта ескеріледі.

 

 

 

 

Әдебиетер

 

1. А. Лепесова «Ақ жол» газеті., «Қоқыс жәшігі бесігіне айналған тастанды сәбилердің саны неге артуда?» 19.05.2015ж

. А.Н.Ағыбаев «Қылмыстық құқық» ерекше бөлім, Алматы, Жеті жарғы 2011ж-25бет

2. Комментарий к Уголовному кодексу Республики Казахстан. Особенная часть./А.Н.Агыбаев от 12.10.1999г.

3. Е.О.Алауханов., Т.Ә.Бапанов., Е.Т.Әбілезов., Р.Е.Қайдаров «Қылмыстық құқық» жалпы және ерекше бөлімдер (альбом-кесте), «nurpress» баспасы, Алматы 2011ж.

 

 

Астана қ.Алматы аудандық

сотының бас маманы-с/о хатшысы Сембекова Н.

По сообщению сайта Zakon.kz