Facebook | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Қайнар ОЛЖАЙ, белгілі публицист: Жұмбақ жанға деген махаббат журналистикаға әкелді

Дата: 15 февраля 2018 в 03:02 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Шерхан Мұртазадан — батылдықты, Әбіш Кекілбаевтан — тереңдікті, Сейдахмет Бердіқұловтан — ұлтшылдықты, Нұрмахан Оразбектен — қайтпас қайсарлықты, Қалтай Мұхамеджановтан қиындықты әзілмен жеңе білуді үйреніп, осылардың әрқайсысынан алған бір-бір өнегемен Қайнар Олжай болып қалыптасқан әріптесіміз «Ақтөбе» газетінің редакциясында болып, біздің сауалдарымызға жауап берген еді.  

— Қайнар аға, журналистика саласын неліктен таңдадыңыз?

— Шындығында бұл салаға мен қызық келдім. Орта мектепті бітіргеннен кейін еңбекке араласып, жоғары оқу орнына  түсу үшін екі жыл ауылда қой бағуға тура келді. Сөйтіп, 1974-1976 жылдар аралығында сол кездегі Семей облысының Ақсуат ауданында комсомол-жастар бригадасында қой бақтым. Қазір Семей облысы да, Ақсуат ауданы да жоқ. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін белгілі бір әкімшілік өзгерістер жасалып, бүгінде Ақсуат Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданы аталады. Менде бір әдет болды. Ол жақсы ма, жаман әдет пе, білмеймін. Газет-журналдарға шыққан қыздарға адресі бойынша хат жазатынмын. Ол кезде түрлі түсті журналдар болды. «Қазақстан әйелдері» және «Мәдениет және тұрмыс» журналдары өте үлкен форматпен шығатын. Осындай журналдарға кейде әдемі қыздардың суреті басылатын. Шындығында, бұл — өте үлкен эстетикалық тәрбие. Қазір де әдемі адамдар біздің қоғамды тәрбиелеуге керек. Алба-жұлба, жыртық киім киіп жүрген қыздарды көргенде, мен сол баяғы түрлі түсті журналдарға шығатын әдемі қыздарды сағынамын. Сол журналдағы аты-жөнімен шығатын әдемі қыздарға қиялданып хат жазамын. Оның бірен-саранынан  болмаса, көбісінен жауап келмейтін.

Газет-журналдарды өте көп оқыдым. Қой бағып жүргенде өріске алып кетіп оқитынмын. Сол кездегі оқыған мақалаларым әлі күнге көз алдымда, ал кейінгі оқыған кітаптардың атын ұмытып қаласың. Демек, отыз жасқа дейін бәрін оқып үлгеру керек.

Бірде суретке емес, мақалаға хат жаздым. Бұл 1975 жылдың жазы болуы керек. «Лениншіл жас» газетінің екінші бетіне  «Бір шоқ гүл» деген тақырыппен шағын новелла шықты. Газет өлшемімен екі жүз жол болатын бұл мақала маған қатты ұнады. Оның қысқаша мазмұны мынадай: бір қыз ауырып ауруханаға түседі. Бір-екі күн  өткеннен соң, аурухана бөлмесі терезесінің алдында бір шоқ гүл тұрады. Оны кім, қалай қойып кеткені белгісіз. Мақалада ауру адамның басындағы жағдай сипатталады да, содан кейін әлгі қыз бір шоқ гүлге қарайды. Керемет әсерленеді, гүлді кім қойып кетті екен деп ойлайды. Сол бір шоқ гүлге қарап қыз ауруынан жазылып кетеді. Ал терезе алдына гүлді кім қойып кеткені жұмбақ болып қалады. Ол кезде мақаланың соңына автордың адресі жазылатын. «Гурьев облысы, Теңіз ауданы, Сүйіндік совхозы». Қазірге дейін Сүйіндік деген ауыл бар, бірақ ол Атырау облысының Құрманғазы ауданына қарайды.

Жан-жағымда бір отар қой, бір ит, бір ат, басқа ешнәрсе жоқ. Және ағаштың басында құр бар,  тауда кекілік жүреді. Анда-санда қасқыр келеді, одан басқа бір рет сілеусін көрдім. Басқа оқиға жоқ. Новелла ұнағаннан кейін он-ақ адамның ішінде отырып, күн сайын қызға хат жазатынмын. Әр жазғанда оқушылар дәптерінің 4-6 парағын толтырып тастаймын. Не жазатынымды құдай білсін?! Хаттарым қызға ұнаса керек, бір хатында ол мені Алматыға журфакқа оқуға шақырды. Содан мен журналист боламын дегенім жоқ, ана қызға қатты махаббатым артып, екеуіміз Алматыда жолығатын болып келістік. Екі жыл қой баққаннан кейін, жоқ жерден бүлік шығарып, Алматыға кетіп қалдым. Қызды көрдім, бірақ ол басқа әңгіме. Айдаладағы батыстың қызы мені журналист болуға Алматыға шақырып, содан мен журфакқа оқуға түсіп кеттім. Сөйтіп, журналистикаға махаббат арқылы, өзім бұрын-соңды көрмеген қызды көрейін деп келдім.  Бірақ ол қызбен өмірлік жолым қосылған жоқ. Қазір жақсы доспыз, әлі күнге дейін араласамыз,

— Сонда ол қыз кім болды?

— Ол қыз белгілі әдебиетші болды, қазір Алматыда тұрады. Отбасы, екі баласы бар. Енді аты-жөнін мен айтпай-ақ қояйын. Өзі айтып жатса, қарсылығым жоқ (күліп).

— Алдыңғы толқын журналистерден кімдерден үлгі алдыңыз?

— Бұл өте жақсы сұрақ. Өйткені журналистика өзінен-өзі пайда болмайды. Адам біреуден көріп, үлгі алып барып журналист болады. Неғұрлым үлгіні көп алсаң, соғұрлым жақсы боласың. Аспаннан түсіп, ешкім журналист болмайды. Мен мұны жас журналистермен кездескен кезде жиі айтамын. Үлгі ала білу керек. Бірақ үлгі алу үшін үлгі алатын адамдарды таңдау керек. Мен өзімнің Қайнар Олжай деген жазу стилімді қалыптастырғанда, көп іздендім, бәрін оқыдым. Алдымдағы журналистердің бәрін оқыдым. Біздің алдымызда Жанболат Ауыпбаев, Орысбай Әбділдаев сынды үлкен журналистер болды. Осындай ағаларымыздың жазғанын «Лениншіл жастан» оқып жүрдім. Сөйтіп, өз соқпағымды қалыптастыру кезінде мен орыс газеті «Комсомолкада» үнемі ғарыш тақырыбында жазатын Ярослав Головановты, табиғат тақырыбына қалам тартатын атақты Василий Песков сынды журналистердің жазғандарын оқып жүрдім де, осылардан қайталанбас бір стиль табайын дедім. Сөйтіп, бірте-бірте өзімнің стилімді қалыптастырдым. Ал тікелей үлгі алған, өнеге көрсеткен ағаларымның ішінде ең алдымен Нұрмахан Оразбекті айтар едім. Ол —  беріде Қарағанды облыстық орталық газетін басқарғанда, аты шулы төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеттің бүлігіне қатысты «иә, бұл — мемлекеттік төңкеріс» деп қорықпай мақала берген кісі. Және мақаланың астына «бұл — менің жеке пікірім, бұл мақала үшін редакция қызметкерлерін жазаламауды сұраймын» дегенді жазып, өте ерлікке барған азамат. Бірде-бір азамат ол ерлікті істей алмаған. Нұрмахан Оразбек журфакта оқып жүрген кезімде менің дипломдық жұмысымның жетекшісі болды. Оның алдында бізге семинар сабақтар өткізіп жүрді. Мені шәкірті етіп алды. Осы кісінің тапсырмасымен мен бірнеше мақала жаздым, халықаралық тақырыпта шолулар жасадым. Африка құрлығында Чад деген мемлекет бар. Үшінші курста оқыған тұста  Чад мемлекетінде үлкен азаматтық соғыс болып жатты. Нұрмахан аға маған сол турасында зерттеу мақала жазуымды айтты. Әрине, ол уақытта Африкаға Чадқа барып-келу мүмкін емес, бірақ орталық газеттерді, энциклопедияларды көп қарап, нәтижесінде «Чадта не болып жатыр?» деген мақала жазғанмын. Студент кезімде жазған ол мақалам халықаралық шолу болып, республикалық газетте  жарияланды. Нұрмахан Оразбектің жетекшілігімен мен осындай бірнеше  мақала жаздым. Ол мақалаларым сол кездегі республикалық «Социалистік Қазақстан» және «Лениншіл жас»  газеттерінде шықты. Сөйтіп, менің журналистикадағы ең алғашқы жолымды ашып, мақала жазуға баулыған — Нұрмахан Оразбек. Одан кейін «Лениншіл жас» газетіне қызметке келдім. Алдымен 3 ай корректор, содан кейін 9 ай макет сыздым. Марқұм, газеттің сол кездегі редакторы Сейдахмет Бердіқұловтың осы талабы дұрыс. Журналистер қызметті корректорлықтан бастауы керек, сонда ешқашан қате жібермей жазасың. Секретариатта мақаланы қысқа да нұсқа жазуды үйренесің. Содан тура бір жылдан кейін Сейдахмет аға мені бөлімге тілші етіп алды. Оның алдында мен «Шырақ соңындағы сұрақ» тақырыбында мақала жазып, редакторыма бергенмін. Мақаламның мазмұны сексен жылда Жерге бір рет жақын өтетін Галлей кометасы турасында болды. Әрине, бұл тақырыпты зерттеп жазуды маған ешкім тапсырған жоқ. Ол кезде қазіргідей интернет жоқ, энциклопедияларды көп қарап, бұрынғы басылымдарды ақтардым. Сейдахмет аға бұл ісіме таңданыс білдіріп, содан кейін бөлімге қызметке ауыстырды. Осыдан бастап менің журналистік жолым жазуға ұласты. Демек, менің екінші ұстазым — Сейдахмет Бердіқұлов. Бұл кісіден мен мақала жазуды ғана емес, тақырып қоюды үйрендім. Тақырыпты керемет қоятын. Тахауи Ахтанов туралы жазылған мақалаға «Айға шағылған найза» деп тақырып қойды. Бұл — Қасым Аманжоловтың өлеңіндегі «Қолымда найза, шағылып айға» деген екі жолынан жасаған тақырып. Мұзафар Әлімбаевтың бір мерейтойына  жазылған мақалаға «Тәуекел танкісіне мініп едің» деп тақырып қойды. Бұл —  Мұзағаңның  «Тәуекел танкісіне мініп едім» өлеңінен қойған тақырып. Кейін Сейдахмет ағаның алдында шәкірттік парызымды орындап, барымды салып, «Бозаңнан іздейді көз Бердіқұловты» атты көлемді мақала жаздым.

Одан кейін үлкен өнегені Шерхан Мұртазадан алдым. Ол кісі «Қазақ әдебиеті» газетінен ауысып «Социалистік Қазақстан» газетіне бас редактор болып келді. Шерағаңның бастауымен «Егеменді Қазақстан», сәлден кейін «ді»-ні қысқартып, «Егемен Қазақстан» газеті болды. Осы газетте ол кісі бірнеше жыл редактор болғанда, мен шеберлік мектебінен өттім. Шерағаңның тапсырысымен шеттегі қазақтарды іздеп Омбыға, Қарабұғазға бардым, түркі халықтарын іздеп ноғайларды, хакастарды, татарларды, Кавказдан шешендерді жаздым.  Қазақстанның ішінде көптеген оқиғаларды тақырып еттім. Байқоңыр ғарыш айлағына бардым. Тәжікстанның Гиссар ауданында көшкін болып, соны жазуға бардым. Гиссар қамалын көрдім.  Арменияда жер сілкінгенде, Шерағаңның тапсырмасымен сол жерден бірнеше репортаж жасадым. Сөйтіп, мен Шерағаңның қолды-аяққа тұрмайтын тілшісі,  қолындағы «алмас қылышы» болдым. Сөйтіп, тәуелсіздікке жеттік, азаттықтың таңы атты. 1991 жылдың 1 желтоқсанында Президент сайлауы болды. Ал сол жылдың 10 желтоқсанында Тұңғыш Президентті ұлықтау рәсімі өтті. Сондағы мақала — менің мақалам. Кейін елімізге  сырттағы қазақтардың алғашқы легі келе бастады. Шерағаң сырттағы қазақтар келген сайын маған жазғызып отырды.  Сонымен, мен үш алыптан өнеге алдым. Олар — Нұрмахан Оразбек, Сейдахмет Бердіқұлов және Шерхан Мұртаза. Беріде мен Қалтай аға Мұхамеджановқа орынбасар болдым. Ол кезде қалыптасқан журналист едім. Қазақтың осындай біртуар журналистерінен, теңдессіз редакторларынан өнеге алып, тәлім-тәрбие көрген менде арман жоқ. Әбіш Кекілбаев басқарған тұста мен «Егемен Қазақстанда» қызмет атқардым.

Шерхан ағадан — батылдықты, Әбіш ағадан — тереңдікті, Сейдахмет ағадан — тіпті кеңес заманында ұлтшылдықты, Қалтай ағадан — қиындықты әзілмен жеңе білуді, ал Нұрмахан ағамнан қайтпас қайсарлықты үйрендім. Әрқайсысынан алған бір-бір өнегемен Қайнар Олжай болып қалыптастым.

— Телеарнаға ауысуыңыздың себебі неде?

— Мен телевизияға ауысайын деп армандағаным жоқ.  «Қазақстан» телерадио  корпорациясы құрылғанда, Шерхан ағамыз оның президенті болып, мені телевизияның жаңалықтар бөлімін басқаруға шақырды. Ал ол кезде мен «Егемен Қазақстан» газетінде ақпарат бөлімін басқаратын едім. Мен бұл ұсыныстан бас тарттым. Бұл 1993 жыл болатын. Арада 4 жыл өткенде, «Хабар» агенттігі құрылды. Сол «Хабар» агенттігінде Мақат Садық деген журналист бар. Бірде Мақат хабарласып, «Хабар» агенттігінде «7 күн» саяси-сараптама бағдарламасы ашылғалы жатқанын, осы хабарға талдаушы ретінде келуіме ұсыныс білдірді. «Хабар» агенттігінің сол кездегі президенті Дариға Назарбаевамен жолығып, кездескеннен кейін, ол кісінің ұсынысы маған ұнады. Сөйтіп, «Хабар» агенттігіне шолушы, саяси сараптамашы қыметіне баруға келісімімді бердім. Шерхан Мұртаза сынды үлкен ағамызға көнбей, қалып қойған басым, Мақат Садық деген ініміздің айтқанына көніп, телевизиядан бір-ақ шықтым. Бірақ бұл да кездейсоқтық болды. Мен өкінбеймін, себебі телевизия да бір әлем екен. Кейінгі 20 жылда мен телевизияда жүрмін, бірақ баспасөзден қол үзгенім жоқ. Кемінде айына бір мақалам шығады. Демек, мен баспасөзден кеткенім жоқ. Қазақ баспасөзінің белсенді авторының біреуі болып қалдым.

— Фейсбук әлеуметтік желісінде «Қайнар Олжайдың сабақтары» атты  парақшаңыздың бар екенін білеміз. Онда журналистердің мақаласынан ғалымдардың жазбаларына дейін ондағы сөз саптау мен сөйлем құрылымындағы қателіктерді сынап жатасыз.

— Әлеуметтік желіде «Қайнар Олжайдың сабақтары» деген парақшам бар. Басқалары осындай парақша ашу арқылы пайда тауып жатыр. Менің ешқандай табыс табайын деген ниетім жоқ. Әлеуметтік желідегі парақшам тегін, кез келген адам мүше бола алады. Оның басталған себебі былай болды. Телевизияда жаңалықтар бөлімінің  журналистеріне кеткен кемшіліктер мен қателер жайында ескерту айтып, 5-10 минут сабақ беріп кететінмін. Кейін басшылықтар ауысты, менің де қызметім ауысты. Бұрын басқарма төрағасының шығармашылық жөніндегі орынбасары болып, соған жауап беретінмін. Кейін жаңалықтар қызметі маған қарамайтын болды. Алайда жаңалықтар бөліміндегі 13-14 журналистің төрт-бесеуі: «Аға, сіздің сабақтарыңызды сағындық. Сіз ескерту айтқанда талай нәрсені үйренуші едік. Қазір неге айтпай кеттіңіз», — дейтін болды. Мен мән-жайды түсіндіргенімде олар: «онда біз парақша ашайық, сіз журналистикадағы қателер туралы бізге виртуалды түрде сабақ жүргізсеңіз», — деген өтініштерін білдірді.

Сонымен жаңалықтар бөліміндегі Айгерім Ағылтаева деген қызымыз парақшаны ашып берді. Басында тобымызға 14 журналист қосылды. Әлеуметтік желіде «топ» дегенге адамдарды сыртынан қосып қояды, ал біз бірде-бір адамды тобымызға қосқан жоқпын, бәрі өз еріктерімен қосылды. Бүгінде біздің тобымызда 1800-ден аса адам бар. Сабақ екі түрден тұрады. Біріншісі — теориялық сабақ. Жалпы Қазақстанда  журналистиканың теориясы жазыла қойған жоқ. Себебі журналистика деген ғылыми атақ берілмейтінін білесіз. Таза журналистиканы зерттеген адам болғанмен, бәрібір журналистика деген ғылым болмаған бізде. Сол болар, басқа себептер болар, әйтеуір бізде теориялық пәндер қазақ тілінде өте аз. Әлеуметтік желідегі өткізетін теориялық сабағымда нақты өзімнің ойларымды айтып келе жатырмын. Екіншісі — практикалық сабақ. Практикалық сабағымда тұрақты тіркестерді, сандарды қолданудағы олқылықтар, сөйлем құру мен сөздерді ретімен жазу, айтылар ойдың көмескіленуі, артық сөздерге қатысты қателерді айтамын. Мен әлеуметтік желіде сынамаймын, дұрысын көрсетіп жатамын. Өйткені мынау қатігез заманда адамның көңіліне қарау —  менің ең үлкен ұстанымым.

— Журналистердің ақпарат тарату мен мақала жазуына көңіліңіз тола ма?

— Бізге талдамалы мақала керек. Журналистика екіге бөлінеді. Біріншісі — ақпараттық журналистика, екіншісі — талдамалы журналистика. Ақпараттық журналистика таудан аққан су сияқты өте шығады, ал талдамалы журналистика көл сияқты, тұнып тұрады. Екеуі екі әлем. Екеуі де керек. Ағып жатқан өзен де керек, үлкен айдынды көл де керек. Айдынды көлде серуендейсің, балық аулайсың, әйтесің-бүйтесің, ал ағынды суда бетіңді шаясың, болды. Демек, бізге екеуі де керек. Ақпараттық журналистика тұнық, таза болуы керек. Ақпаратта өтірік болмауы керек, ақпарат жедел, қысқа да нұсқа болуы тиіс. Бізде жеделдік жағы бар шығар, бірақ дәлдік жетіспейді. Ал талдамалы журналистика мүлдем жоққа тән. Пресс-релиз деген пәле болды. Қазақ журналистикасының түбіне екі нәрсе жетті. Біріншісі — орысшадан тікелей аударма. Біз орысшадан тікелей аударамыз деп сөздік байлығымызды құрттық. Тіліміз орашолақ, кетпенмен шапқандай, түйеден түскендей бір дүңк-дүңк ететін сөздер пайда болды. Орысша мағынасы сол қалпында  жетсін деп, орыстың әр сөзіне, әрбір тіркесіне  балама іздедік те, тілімізді құрттық, мәйегінен айырып тастадық. Бұрын қазақтың тілі жорға болса, қазір жорға да емес, аяң да емес, желіс емес, әйтеуір бірдеңе. Екіншісі — пресс-релиз. Пресс-релиз ойлау жүйемізге әсер етті. Журналистер өздері  ойлаудан қалды.  Бізде көріп келетін ғана журналистика пайда болды да, ойланып жазатын журналист қазір жоғалды. Пресс-релиз соған «кінәлі». Қазір журналистердің сөз қозғалыстарына да, ой толғаныстарына да көңіл толмайды.

— Сіздің курстастарыңыз туралы көп жақсы пікір айтылады, осыған байланысты бірер сөз айтсаңыз.

— Бір курста 50 студент болдық. Біз Қазақстанның кішкентай географиялық картасы сияқты едік. Тобымызда солтүстіктен де, оңтүстіктен де, батыстан да, шығыстан да студенттер болды. Ал енді Қазақстанға қарасаң, солтүстік жағында қазақтар аздау, оңтүстік жағында көптеу ғой. Бізде Шығыс Қазақстан мен Оңтүстік Қазақстаннан, ол кезде Шымкент пен Жамбыл облыстарынан көптеу, ал Солтүстік Қазақстан, Торғай облыстарынан бір-екі бала оқыды. Демек,  «Қазақстанның картасы» аудиторияда отырды. Осылардың барлығы өте мықты журналист болды. Елу бала бір отбасының баласындай едік. Алғашқы қыз-жігіттер үйленгенде тойларын бірге өткіздік, барлығын бірге көтердік. Сонымен қазіргі күнге дейін жұбымыз жазылмай, келе жатырмыз. Қазіргі кезде біздің курстың Парламентте бір өкілі отыр. Курстасымыз, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Кәрібай Мұсырман халыққа салиқалы ой айтады, үлкен заңдарға өзінің ұсынысын білдіреді.  Біз оны мақтан етеміз. Біздің курсымыздан көптеген бас редакторлар шықты. Оның ішінде Жұмабек Кенжалин деген азаматымыз болды. Өткен жылы 63 жасында өмірден өтті. «Қазақ әдебиеті», «Халық кеңесі» газеттерінде бас редактор болды,  кейін бірнеше газет пен журналды біріктірген «Қазақ газеттері» серіктестігінің басшысы болды. Иса Тасқұлов, Өтеген Нәукиев, Қайыммұнар Табеев, Еркін Жаппасұлы, Мейрамбек Төлепбергенов, Шархан Қазығұлов, Дәуітәлі Омашұлы, Дүрәлі Дүйсебаев деген азаматтардың есімі елімізге жақсы таныс. Біз тамыры терең, географиясы кең үлкен курс болдық. Қазақстанның әр аймағында қызмет еттік. Әр аймақта жүріп, бір-бірімізбен байланысты жоғалтқанымыз жоқ.

Әрине, «тумақ бар да, өлмек бар» дегендей, көптеген журналистеріміз о дүниелік болып кетті. Әмір Оралбай талантты курстасымыз болды. Өте білімді болды, елге танылды. Ерте мойындалды. Бірақ, өкінішке қарай, өмірден ерте өтіп кетті.

— «Ақтөбе» газеті туралы пікіріңіз қандай?

— Мен «Ақтөбе» газетін ұдайы оқып келе жатырмын. Қазір интернет деген жақсы болды. Гезеттің сайты бар, кейін мен газетті нөмір-нөмірімен алып қарадым. «Ақтөбе» газетінің құрылымында оңды өзгерістер байқалады, басқа өңірлермен салыстырғанда шығармашылық әлеуеті жоғары. Әрине, қазақтың жерінің барлығы жақсы, оның ішінде Ақтөбе тарихи жағынан өте үлкен оқиғаларға толы өңір.

Ақтөбе соңғы жылдары — қарқынды дамып келе жатқан облыстардың бірі. Елімізде агломерацияға енген бұл аймақта жаңа еңселі ғимараттардың бой көтергенін көріп риза болдым. Ақтөбені айтқанда Қобыланды батырдың, Есет батырдың өзі неге тұрады?! Одан кейін кешегі Әлияның ерлігі, Ұлы Отан соғысы кезінде 101-ші атқыштар бригадасы осы Ақтөбеде жасақталған. Сол бригаданың өзінен бірнеше журналист шыққан. Нағыз еңбектің көрігін қыздырған  Шығанақ Берсиев атамыз, Байғанин ауданына аты берілген, қазақтың айтыс, жыр өнеріндегі Нұрпейіс Байғанин неге тұрады?! Берідегі ақындардың ең мықтылары Ақтөбеден шыққан. Осындай дәстүрі бар өңірдегі «Ақтөбе» газеті жаман болмауы керек. Қазіргі кезде газет кемеліне келіп отыр деп айтар едім. Екінші, үшінші беттері облыста болып жатқан барлық оқиғаны қамтыған хабарларға толы. Барлық өңірде қызу тіршілік болып жатыр, барлық өңір жаңарып, жетіліп жатыр. Қазір барлық өңірде әкімдер есеп беріп, не тындырғанын айтып жатыр. Осындай қауырт қызу кезде газет соған лайықты үлес қосып отыр. Одан кейін үлкен сүбелі ой айтқан  Амангелді аға Айталының бірнеше мақаласын осы газеттен оқыдым. Қазір қазақта бәрі сөйлейді, бірақ ойшыл аз. Амангелді ағамыз сондай ойшылдардың біреуі. Газет Амангелді ағамыздың үлкен мүмкіндігін, зор потенциалын лайықты пайдаланып отыр деп есептеймін.

Газеттің ұжымы өте жас. Осы жас ұжым алдағы уақытта шынығып, үлкен ұжымға айналып, жұдырықтай жұмылуы керек.

Тағы бір айтайын дегенім, журналистер аймақта жүріп республикалық проблемаларды көтеретін болса, онда «Ақтөбе» газетін бүкіл Қазақстан оқитын болады. Мәселен, «Нью-Йорк Таймс» бір-ақ қаланың газеті, бірақ оны бүкіл Америка оқиды. «Вашингтон пост» дейміз, ол қалалық газет, бірақ бүкіл АҚШ-қа тарайды. Демек, «Ақтөбе» газеті аймақтық, содан кейін бүкіл республикалық мойындауға ие болатынына сенемін.

— Рақмет!   

Сұхбаттасқан

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

 

По сообщению сайта Ақтөбе газеті