Классикалық музыка асқақтаған кеш

Дата: 08 февраля 2018 в 03:12 Категория: Новости культуры

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Ақтөбе қаласындағы Өнер орталығында А.Жұбанов атындағы республикалық қазақ арнаулы музыкалық мектеп-интернатының симфониялық оркестрінің концерті өтті. Жерлесіміз — даңқты композитордың атындағы өнер ұжымының шығармашылық кешіне мыңнан астам көрермен жиналды.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаеваның айтуынша, мұндағы мақсат — Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өнер сүйер қауымға, соның ішінде музыкаға жақын өскелең ұрпаққа әдемі кеш сыйлау, шоқтығы биік классикалық шығармаларды тыңдату.

— Таңертең аталған өнер ұжымы «Жұбановтар әлемі» орталығында оқушыларға шеберлік сағатын, ал кешқұрым Өнер орталығында осындай ауқымды концертін өткізіп отыр. Сол арқылы біз кезінде Ахмет Жұбановтың өзі негізін қалаған музыкалық мектеп-интернатпен байланысымызды нығайтуды көздейміз. Әрі болашағын музыкамен байланыстырғысы келетін ұл-қыздарға кішігірім мереке ұйымдастыруды мақсат тұттық. Балалар ұжымымен ұйымдастырылған қос шара көрермен тарапынан жоғары бағаланды.

Бір айта кетерлігі, қазіргі таңда Ахмет Жұбанов атындағы республикалық қазақ арнаулы музыкалық мектеп-интернатында екі ақтөбелік жас оқиды, — дейді Маржан Қорғанбаева.

Концерт барысында А.Жұбановтың, сондай-ақ, Моцарт, Брух, Хачатурян, Брамс, Пьяццолла, Циммер сынды әлемге әйгілі классиктердің туындылары орындалды. Көрермендердің алдында симфониялық оркестрмен бірге, халықаралық байқаулардың лауреаты, скрипкашы Жандос Мұхамеди мен бірқатар халықаралық байқаулардың жеңімпазы Ғалымжан Нарымбетов, «Астана опера» театрының солистері өнер көрсетті.

Астананың 20 жылдығына орайластырылған кеш соңында симфониялық оркестр ұжымына облыс әкімі атынан Ықылас гүлі табыс етілді.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.