Қысқы жолдың тосын оқиғаларына жол берілмейді

Дата: 25 января 2018 в 10:02


Қысқы жолдың тосын оқиғаларына жол берілмейді

Кеше облыс әкімінің тапсырмасымен қысқы жағдайда жолдардағы оқыс оқиғалардың алдын алуға байланысты жоспарлы шаралардың жүзеге асырылуы пысықталды. Самара — Шымкент күре жолында өткен көлік қозғалысын бақылау шарасына облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов қатысты.

Алдын ала ауа райын болжау орындарының хабарлағанындай, терістіктен соққан жел көтеріліп, аязды күшейтіп тұрды. Ашық жел өтінде қысқы қалың киіммен тұрудың өзі оңай болмады. Әйтсе де, ұзын жолдың бойында жолаушы көліктері тоқтаусыз жүріп жатты. Жергілікті полиция мен көлік бақылау инспекциясының қызметкерлері жол бойымен өткен автобустар мен жүк көліктерін тоқтатып тексеру жүргізумен болды.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль басқармасының басшысы Аязбай Османғалиев облыс әкімінің тапсырмасымен ұйымдастырылған мобильді топтың үш бағыт бойынша жұмыс жасап отырғанын мәлімдеді. Бұл мобильді топ осы Самара — Шымкент жолы бойында және Ақтөбе—Орал жолының Құрашасай елді мекені тұсында, Ақтөбе — Мәртөк тасжолы бойындағы Жайсаңда жұмыс жасайды. Бұлармен бірге, Ақтөбе — Атырау, Ақтөбе — Орск бағыттарына бақылау орнату қарастырылуда. Яғни, барлық бағыттағы қозғалыстағы көліктер түгел қамтылу қажет. Көліктердің техникалық жағдайы, өртке қарсы құралдарының болуы, жол қағаздары, автобустар ішіндегі жолаушылардың тізімі, басқа да жағдайлары түгел тексеріледі. Бұл шаралар қысқы жолда оқыс оқиғаларды болдырмауды көздейді.

— Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша әр бағытта осындай мобильді топтар жұмыс жасап жатыр.

Ішкі істер министрлігінің пәрменімен бізде де арнаулы комиссия құрылып, жол бойындағы  көліктерге жаппай тексеру басталды. Мұны тиісті мемлекеттік құзырлы орындар бірлесіп жүргізуде. Жол бойындағы кездескен күн сайынғы жол ережесі заңдылықтарын бұзушылықтар талданып, жергілікті және республикалық орындарға хабарланады. Көп жағдайда арғы жақтан жазғы отынмен шыққан көліктер біздің облыстың аумағына жеткен кезде салқынға төтеп бере алмай қатып қалады. Негізгі проблема осыдан туып тұр. Ырғыз ауданының аумағында болған қайғылы оқиғадан  кейін де жол қиындығына тап болған екі жолаушы автобусы анықталып, біздің жолшылардың, бақылау жасау орындарының арқасында дер кезінде жәрдем көрсетілді. «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Ақтөбе облыстық бөлімшесінің ұсынысы бойынша біздің аумақтағы жолаушыларға көмек көрсететін жылы орындар, кемпингтер мен участоктер, жанар-жағармай құю бекеттері, басқа да мәселелері көрсетілген естелік қағаздар таратылуда, — деді облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов.

Жол қозғалысын қадағалайтын мекемелердің мамандарының мәлімдеуінше, қысқы жағдайда жолда бөгелген әр жолаушыға  жәрдем көрсетіледі. Көліктеріне техникалық жәрдем көрсетіліп, жолаушылар жылы орынға орналастырылады. Өз көлігіне, ол болмаған жағдайда өзге автобустармен сапарын жалғастыруға жағдай жасалады. Егер миграциялық заңды бұзса, ол миграциялық  полицияға хабарланады. Ал шетел адамдарының жағдайы елшіліктерге белгілі болады. Қазір осы жұмыстарды жүргізуге облыстық жол басқармасы, Ақтөбе облысының төтенше жағдайлар қызметі, прокуратура, көлік инспекциясы, миграциялық қызмет, автокөліктермен жүк тасымалдау бірлестігі тартылған. Олар жүк тасымалдаушыларға ешқандай қысым болмайтынын, тек олардың қозғалысының заңдылығы бақыланатынын айтады. Лицензиясының, өрт сөндіру құралдарының, дәрі-дәрмегінің болуы, жүк салмағының нормадан ауытқымауы, бір сөзбен айтқанда, көліктердің қауіпсіз жүруі, адам өміріне қауіп төнбеуі қадағаланады. Шекеге тиетіндей жағдайды көріп отырып та, оңтүстік өңірлерден өзбек ағайындарды тиеген автобустардың, оның ішінде үйде отырғандай жеңіл-желпі киінген әйелдер мен балалардың әлі де ұшырасып отырған айтылды. Осы кеше ғана сондай бір автобус адам Әйтеке би ауданының аумағынан құтқарылған.

Ақтөбе облысы бойынша көлікті бақылау инспекциясының жетекші маманы Нұрсәуле Сұлтанмұрат:

— Біз жолаушыларды тасымалдайтын ережеге сәйкес заң талаптарының орындалуын қадағалаймыз. Оның ішінде көліктің техникалық жағдайы, сақтандыру қағазы, жолаушыларды тіркеу журналы сынды көптеген құжаттары тексеріледі. Қазір жол көлік полицияларымен бірігіп жұмыс жасаудамыз. Өйткені 2014 жылы бұл өкілеттілікті бізден алған болатын. Жоғарының талап-нұсқауы бойынша тексеру жұмысын жалғастырып отырмыз.

Ақтөбе облысының төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті басшысының орынбасары, подполковник Қасым Қайрат:

— Ауа райын бақылау орындарынан облыс аймағында 24 қаңтар күні желдің күші секундына  28 метрге жететін қатты дауыл тұратыны жөнінде суыт хабар алдық. Бұл жағдайды біз жұртшылыққа алдын ала жеткіздік. Біздің хабарымыз бойынша білім басқармысы мектептердегі оқуды шектеу жөнінде тиісті шаралар алды. Жүргіншілерге де сақтандыру шаралары жасалды. Біз жол бойындағы әр жағдайды жіті қадағалап отырмыз. Кеше ғана жол бойында қалған шағын жолаушы көлігінің жолаушылары жылыту орнына жеткізілді, ешкім зардап шеккен жоқ.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

 

 

Поделитесь новостью с друзьями