Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

«Мехенди» салдырған дұрыс па?

Дата: 24 января 2018 в 23:42

Әйелдердің сәндік үшін денеге  қынамен сурет салдыруы ежелден келе жатқан әдіс. Тіпті тылсым қара күштерден қорғайтын тұмар ретінде де кеңінен қолданылады. Соңғы кезде ақтөбелік қыз-келіншектер де сұлулықтың бұл түрімен әуестене бастады.  Сонымен қынамен сурет салдырған дұрыс па? Мұсылман қыздарға рұқсат етілген бе? Бұл туралы мамандардан сұрап, білдік.

Мехенди қашан пайда болған?

Қыз-келіншектер арасында әсемдік үшін мехенди аталып кеткен, яғни қынамен денеге сурет салу өнерінің тарихы тереңде. Бұл өнер біздің дәуірден бес мың жыл бұрын ежелгі Египетте пайда болыпты. Египеттік әйелдер қолы мен аяғына қына жағып сәнденеді екен. Кейін  XII ғасырда  Үндістанға тарайды. Үндістандық әйелдер мехенди бақыт пен қуаныш әкеледі деп сенеді. Әсіресе, қалыңдықтар ұзатылу тойының алдында қолы мен аяғына қынамен сурет салдыруды дәстүрге айналдырған. Бұл некенің беріктігін сақтауға септігін тигізеді және қынамен салынған сурет  әйелдерді тылсым қара күштерден қорғайды деп сенеді.  Ислам діні де әйелдердің қолын қынамен бояуына тыйым салмаған.  Бұл туралы Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Қолыңды (қынамен) боя. Сендердің араларыңда кейбіреулер қолын боямай, еркектің қолы секілді жүре береді екен» (islam.kz)деген хадисі әйелдерге қынаны қолдануға кеңес береді. Араб мемлекеттерінде мұсылман әйелдер қолын қынамен бояуды әдетке айналдырған. Әлі күнге дейін бұл дәстүр берік сақталып келеді.

 

Сұлулық индустриясы дамыған  сайын қынамен бояушылар да тек қана дәстүрлі суреттерді емес, түрлі бейнелерді  сала бастады. Қазір гүлдер, тіпті жәндіктердің де бейнесін салатындар кездеседі.

Қынаның пайдасы қандай?

Ақтөбелік қыз-келіншектердің арасында мехенди өнерімен айналысатындар бар. Ақтөбелік Аяна Қабылованың бұл іспен шұғылданғанына төрт жылдан асыпты. Бес уақыт намазын үзбейтін келіншектің сүйікті ісі  — мехенди. Қынамен сурет салудың қыр-сырын алғаш интернет арқылы  ресейлік қыз-келіншектерден үйреніпті. Ал қазір өзі шеберлік кластарын өткізеді. Аянаның айтуынша, қынамен сурет салудың үш, яғни үндістандық, арабиялық және солтүстікафрикалық түрі бар. Негізінен өзі алғашқы екі түрдің дәстүрлі суреттерін қолданады.

—  Үндістанда мехенди өнері, яғни денеге қынамен сурет салдыру белгілі бір сенімге негізделген. Әрбір сурет белгілі бір ойды білдіреді. Ал мұсылман елдерінде тек қана сәндік үшін салынады. Себебі намаз оқитын қыз-келіншектер тырнағын боямайды. Сондықтан қынамен қолына сурет салып, тіпті қасы мен шашын бояйды. Жалпы табиғи қынаның пайдасы көп. Ілгеріде қынаны антисептикалық зат ретінде пайдаланған. Мәселен, ауырған аяққа қына жағып қояды екен.

Мен мехендиге тек қана табиғи қынаны қолданамын. Табиғи қынаның түсі қоңыр болады. Ал жасанды қынаның түрі көп. Көк, қызыл қоңыр, қара түстілері бар. Табиғи қына аллергия тудырмайды, емдік қасиетке бай. Тіпті жүкті әйелдерге де пайдалануға болады. Ал синтетикалық қынаны кез келген әйел қолдана алмайды. Мәселен, қара қынаның құрамында парафенилендиамин болады. Ол теріні күйдіріп, аллергия тудыруы, тіпті дерматитке ұшыратуы мүмкін. Тыныс алу жолдарына зиянын тигізеді. Сондықтан қыз-келіншектердің синтетикалық қынамен сурет салдырмағаны жөн. Көп жағдайда қыздар татудың орнына сурет ұзақ сақталуы үшін осы қына түрін пайдаланады, — дейді Аяна.

ҚЫЗДАРҒА 10 КЕҢЕС

Түссіз лакты сақинаңыздың ішіне жағып қойсаңыз, саусағыңызда ізі қалмайтын болады.

Кеуектас — киім тазалауға таптырмас құрал.

Сөмкелеріңізді перденің ілгектеріне іліп қойсаңыз, терісі майысып қалмайды.

Шашыңызды әрдайым бос етіп буып жүріңіз. Өйткені шашыңызды қатты буып жүретін болсаңыз, олар тез сынатын болады.

Косметикалық заттарыңызды арнайы магнитті тақтада сақтасаңыз, бәрі көз алдыңызда болады және уақытыңызды да үнемдейсіз.

Кілттерді шатастырмас үшін түрлі лактармен бояп қойған жөн.

Шашқа қыстыратын түйреуіштер мен қас теретін қысқыштарыңызды магнитті лентада сақтаған ыңғайлы.

Жіңішке алқаны байланып қалмас үшін түтікшеден өткізіп қоюға болады.

Ұзын шаш резеңкеге оралып қалса, мұзбен босатуға болады.

Туфлидегі иісті кетіру үшін ас содасын қолданған дұрыс. Ол аяқты бактериялардан және жағымсыз иістен құтқарады.

Аянаға әзірбайжан қыздары көп келеді. Олар тұрмысқа шығар алдындағы қыз күнімен қоштасу кешіне аяқ-қолдарына қынамен сурет салдырып барады. Ал қазақ пен орыс қыздары той алдында «ақ қына» аталатын синтетикалық қынаны пайдаланады. Аяна салатын суреттің құны мың теңгеден басталып, суреттің күрделілігіне қарай өсе түседі. Мәселен, екі қолға салынған сурет үш жарым мың теңге тұрады. Табиғи қынамен салынған сурет жеті, он күнге дейін кетпейді. Қына ұзақ сақталуы үшін уақытша монша мен саунаға бармаған жөн. Ыдыс -аяқты арнайы қолғап киіп жуса, қына ұзақ тұрады. Аяна мехендиді салдыру үшін арнайы шеберге барған жөн екенін ескертеді. Себебі, білмейтін маман сапасыз бояуларды қолдануы мүмкін. Ал Аянаның өзі қынаны Үндістаннан арнайы интернет арқылы алдырады. Оның қабылдауына мекеме қызметкерлері мен тіпті дәрігерлерге дейін келеді екен.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

 

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями