Өнегелі өмірдің қадыры

Дата: 18 января 2018 в 00:22 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Өнегелі өмірдің қадыры

Өткен ғасырдың елуінші жылдарының орта тұсында, Ұлы Отан соғысының аяқталғанына небәрі он жыл шамасындағы екі аралықта, тұрмыс-тіршіліктің әлі де қиын кезеңінде жоғары, арнаулы оқу орындарында білім алған ұлттық маман кадрлардың жас толқыны елдің әртүрлі салаларындағы қызметтерге келе бастады. Олар әлгі соғыс басталғанда мүшел жасқа енді толған адамдар еді, қатал уақыт қайсысын да ерте есейтіп, елдің тұралап қалған тіршілігін тіктеу міндеттерін мойындарына алған жаңа, жігерлі ұрпақ болып шыққан. Сол елуінші жылдардың орта тұсы дегеніміз осыған дейінгі ауыл жағдайындағы үйлері сирек, адамы аз, шашыраған ұсақ колхоздардың іріленуді бастап, одан әрі совхоздық құрылымға ұласқан шаруаның жаңа түрі болатын.

Осы жаңа жағдайда бұрынғы бригадирлік билік кезегін әлгідегі жоғарыға оқу орындарынан келген, жиырмадан асқан, бірақ отызға жете қоймаған, шаруаны бұрынғыдай қарадүрсін айқаймен емес, ғылыми негізі бар әдіс-тәсілдермен жүргізудің қыр-сырын оқып келгендерге берген-ді. Жақсысы, жақсы емесі енді тарихқа кеткен советтік социализмнің өрістеуі нақ осы кезден басталғаны, әрине, аға буынның есінде, ал кейінгі ұрпақтың біле бермеуі әбден мүмкін. Сол өркендеу мен дамудың басында тұрғандарға бүгіндері тоқсан жас шамасы болды.

Иә, сол уақыт шіркіннің адамнан, қауымнан қажырлылықты, ақыл мен естегі қайратты талап еткен кезең еді. Әйгілі Қайта өрлеу дәуірі алыптарды қажет етіп, талабына қарай алыптарды шығарғаны секілді елуінші, алпысыншы жылдардың советтік өрлеуі де елдік шаруа мен тұрмыстың талай қайратты ерлерін шығарды. Біз айтқалы отырған марқұм Байсалбай Жолмырзаев сондай ірі тұлғалардың сирек қатарынан болды. Ол жоғарғы органдардың тапсырмасымен, өзінің де жүрек қалауымен, Ойыл ауданына арасына аздаған үзіліс салып екі келді. Алғашқысы – тыңды игерудің алғашқы жылдарында аудандық МТС (машина-трактор станциясы) мекемесіне агроном, директор қызметіне келуі – небәрі 25 жастағы жігітке қатал сын болып, өмірдің ащы сабағынан кермек дәріс берді.

Бұлай деуім, тың жерлерді игеруге келгендердің бәріне бірдей топырақ шашуға болмайды, алайда олардың арасында балалық шақтары елдің батысындағы соғыс бүлікшілігіндегі азап, қасыреттердің не түріне тап болып ызамен, кекпен өскендердің, айналасына көз аларта қараушылардың қатары да аз болған жоқ-ты. Олар «жай жатқан, мал баққан» қазақ даласын көркейтуге келген жоқ, еркін жағдайда ойымызға не келсе соны істейміз деп, елді ел екен деп менсінбей келді. Олар дұрыс сөзге, жөнге тоқтауды білмейтін тосын күш болып шықты. Сонда сол тың игерушілердің ресми штабы МТС, оның директоры Байсалбай Жолмырзаев, әлгіде айтылғандай, 25 жастағы жігіт, сөзге тоқтамағандарды кабинетіне оңаша шақырып алып… тоқтатуына тура келген, қазақтың елі мен жерінің бір бөлшегі Ойыл өңірін өзгенің басынуына жол бермеді.

Осы тұста елдің шаруасы мен тұрмысына ие болған жаңа буын өндірісті ұйымдастырудағы жігерлілігімен бірге, алдымен патшалық езгіде ғасырлар бойы, кейін тоталитарлықтағы ұзақ жылдарда ұлттың жасып қалған жігерін тіктеуде елеулі түрде батылдықтарға барғанын ескере бермейтін секілдіміз. Жуырда, облыстық «Ақтөбе» газетінің 19 желтоқсан күнгі санында, өзі де белгілі ақынның сөзімен айтқанда, «мықтылығы шеге жасауға болатын» дейтіндей қайратты қатардың белгілі өкілі, елге мәлім ұстаз Ниетжан Берікұлы сол «тоқсанмен» байланысты құрдасы болған, облыстық партия комитетінде 22 жыл үзбей хатшылық қызметті абыроймен атқарып, елдестерінің құрметіне бөленген азамат Кеңес Нокин туралы жазған естелігінде оның Алға ауданында атқару комитетінің төрағалығында жүріп, осында бұған дейін өршіп келген шовинистік шекелеп қарауды қалай су сепкендей етіп басқанын сыпайы түрде жақсы әңгімелеген екен. Жоғарыда аталған Байсалбай Жолмырзаев, Кеңес Нокин, Сағидолла Құбашев, Ниетжан Берікұлы… бір өмірде, бір уақытта жасампаздық істерімен жарқын ғұмыр кешкен тұлғалар. Олардан қалған азаматтық істер кезекті буынға тәлім-тәрбие ретінде сәулеленіп тұрғандай…

Әңгіменің негізгі арқауы Байсалбай аға екендіктен осы төңіректі қозғау керек болады, оның Ойыл өңірін басқаруда ерекше жарқырап көрінген тұсы — 1959 жылы облыстық партия комитетінің нұсқауымен екінші қайтара келуі еді. Ойылдың облыстың өзге аудандарынан негізгі ерекшелігі – темір жолдан тысқары тұрғаны өз алдына, дұрыс көтерме жол да жоқ, қатынасқа қиын, тұрғындары аз өңір екендігінде. Осылар секілді және өзге де қолайсыздықтары жеткілікті өңір оған алдыңғы МТС-те қызмет еткен кезеңінен таныс болғанымен, бәрі де жауапкершіліктің күрделі жүгі толық айқындалғанда көрінеді, шаруа мен тұрмыстың барлық салаларын бірдей өркендетудің қажеттігі туды.

Қазір енді сол мазасыз күндердегі барлық істерді тарқата баяндаудан қажеті жоқ шығар. Алматы қаласынан жоғарғы билік орындарына қажеттігіне көздерін жеткізе жүріп төсеніш жол салуға кезекті техника алынды, сөйтіп ауданға тиесілі техника, тауар, басқа да әртүрлі материалдар жинақталатын база орналасқан – 132 шақырым қашықтағы Шұбарқұдық кентін жалғайтын жол салынды. Ол уақытта мемлекеттік тиын-тебеннің қатал есепте болғаны белгілі, бір азғантай істі бастау үшін рұқсатты Мәскеуге дейін жетіп сұрауың керек. Осындай жағдайда аудан орталығында сүт, май айыратын шағын кәсіп ашу, шырындық сусын, шұжық цехтарының пайда болуы, сөйтіп жоқтан бар жасалуы ауданның қарқынмен дамуына елеулі түрде әсер етті. Аудан орталығында да, күні кешегі колхоздық жүйеден кеңестік шаруаға айналған барлық совхоздарда да, фермаларда да әлеуметтік, әкімшілік, мәдени бағыттағы ғимараттар көптеп бой көтерді. Көп ұзамай басқа түліктер өз алдына, тек қой малының өзі төлімен үш жүз мыңға жетіп, егінге қолайлылығы шамалы өңірден миллион пұт астық алған да кез болған.

Еңбек Ері атағын алғандар, басқа да марапатталғандардың көбірек көрінген тұстары да осы кез еді. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Байсалбай Жолмырзаев осы жылдары үш мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталып, бірнеше дүркін елдің жоғары органдарында өкілдікте болды. Осы жылдары ауданда оның қай саласын да ойдағыдай жүргізетін кадрлардың көрнекі қатары өсіп шықты. Өңірдегі колхоз, совхоз өндірісінің белгілі шебері Отар Қылипанов басқарған «Жетікөл» совхозына Ленин ордені берілгені де — Байсалбай ағаның жетекшілік еткен тұсы.

Бұлар біреу кеңдікпен, біреу тарылып қабылдайтын озудың жарқын мысалдары болатын. Оның үстіне Байсалбай Жолмырзаев қайда да, қашан да өзі тікелей араласып жүретін нақты істің, шешімді сөздің адамы ретінде ойға алғанын орындамай қоймайтын, кедергілерге төзбейтін қаталдығы да бар жан болатын. Шаруаны білу, игеру жөніндегі оның қабілеттері мен қандай деңгейдегі де мінездегі тегеурінділігі билік маңайындағыларға қолайлы болған жоқ-ты. Осы жағдай ақыл мен есте биік, қайратты адамның Ойылдағы басшылық қызметін өзгертіп, қырық төрт жасында орын ауыстыруға әкелді.

Бұл 1972 жыл болатын, содан бері 45 жыл өтті, осы кезеңде ауданға, қателеспесем, кезегімен он бір басшы келді. Ауданның тұрмысы соңғы жылдары ғана даму мен өркендеудің сенімді жолын тапқан секілді, ауыл-аймақтың ажары кіріп, аудан орталығы сәнімен көз тартатын жағдайға келген, көп көшелері тегістеліп, асфальтталған. Ойылдықтар үшін қадырлы Көкжар мекенінің Байсалбай Жолмырзаев атындағы орталық көшесінде түн болмайтын секілді – Байсалбай ағаның зайыбы, Ойыл ауданының Құрметті азаматы, осында кезінде көп жыл мұғалімдік қызметте болған, ойылдықтардың әр кез сағынысып көрісетін перзентіне айналған Қосайқызы Қарагөз апа бұл күнде азамат болған перзенттерімен өз қаражаттарына орнатқан электр жарығы кеш түсе жарқырайды.

Рухани жаңғыру аясындағы «Қазақстанның 100 жаңа есімдері» жобасына қатысушылармен кездесуде Қайта өрлеу дәуірінің алыптары Николай Коперник пен Леонардо да Винчи мысалында табыстыларға, жаңашылдарға, қабілеттілерге ортаның көзқарасы көп жағдайда ойдағыдай бола бермейтіндігі еске алынғаны белгілі. Осы пікір жетпіс жасында өмірден өткен ес пен істегі қайратты тұлға Байсалбай Жолмырзаевтың өткенін де еске салғандай. Билік аяулы азамат, жайсаң жан Кеңес аға Нокинді де өзінен сәл биіктерге елдің намысы мен мүддесі жөніндегі тура сөзін тайсалмай айтқаны үшін алпыс жасқа жетер-жетпесте өзінен қашықтатқанын «дұрыс» көрді. Алайда, биікті зорлықпен белгілі бір уақытқа дейін аласартуға болар, бірақ жоқ ету мүмкін емес. Қазір тірі болғанда тоқсанын тойлайтын екеуінің де есімінде Ақтөбе қаласында көшелер бар. Ойыл ауданы да қадырлы перзентін мәңгілік есте сақтау үшін маңызды, мазмұнды, көрнекі шараларды қолға алып жатқанға ұқсайды. Бұл — елдік сананың өскендігінің белгісі, рухани жаңғыру осылайша ізгілік пен игіліктің қадырын терең сезінумен сабақтастықта өрбиді. Өнегелі өмір жалғасқан ұрпақтың санасында сәулеленуімен жарқын.

Идош АСҚАР.

 

По сообщению сайта Ақтөбе газеті