Кірпіш тапшылығы болмайды

Дата: 11 января 2018 в 00:32

Кірпіш тапшылығы болмайды

Облыста құрылыс қарқыны жылдан-жылға күшейіп келеді. Өткен жылы  «Нұрлы жер» бағдарламасын тиімді пайдаланудың арқасында өңірде 780 мыңнан астам шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 6200-ден аса отбасы жаңа қоныстойын тойлады. Облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов құрылыс материалдарын өндіретін компаниялардың өкілдерін жинап, кеңес өткізді. Жиында құрылыс материалдарының тапшылығын болдырмау мәселесі көтерілді.

— Өткен жылы өңірде құрылыс қарқыны рекордтық деңгейге жетті. Жұмыстың қызған тұсы, яғни жаздың ортасында кейбір компанияларда кірпіш тапшылығы сезіліп, қиындықтар болды. Көрші Ресеймен еліміздің өзге өңірлерінен кірпіш әкелінді. Биыл осындай қиындықтар болмас үшін облыс әкімі арнайы тапсырма берді. Қазір сол бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз, — деді облыс әкімінің орынбасары. Әрбір компания өкілінен қанша кірпіш қажет екенін сұрады. Негізінен жергілікті өнімді сатып алу керектігін ескертті.

Сондай-ақ Серік Төленбергенов пен кірпіш және «Экотон» газ блоктарын шығаратын жергілікті  жеті кәсіпорын басшысы меморандумға қол қойды.

Меморандумға сәйкес, өндірушілер ең алдымен облыстың ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз етеді, сондай-ақ олар өндіріс қуаттылығын 100% арттыруға міндетті.

Бүгінде өңірдегі кірпіш шығаратын алты зауыт жылына 148 миллион кірпіш өндіреді. Биыл маусым айында «Көктас» АҚ жылына 120 миллион кірпіш шығаратын жаңа зауытты іске қосады. Бұл  кезде ішкі сұраныс толық қамтамасыз етіледі. Тіпті көрші облыстарға да кірпіш сатуымыз мүмкін.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті