Облыс әкімі — тікелей эфирде

Дата: 10 декабря 2017 в 23:12 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Облыс әкімі — тікелей эфирде

Өткен жұма күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «АQTO’BE» телеарнасы эфирінде облыс тұрғындарымен тікелей байланысқа шықты. «Әкім сағаты» бағдарламасы аясында жұртшылықтың өз сауалдарын қоюына, ұсыныс-пікірлерін айтуына толық мүмкіндік жасалды. Телеарнаның тікелей эфирі барысында барлығы мың жарымға жуық сұрақ келіп түсті. Оның 1200-і Ватсап желісі арқылы, өзге әлеуметтік желілерден қосымша 50 сұрақ түсіп, ал Call-орталыққа 200 адам телефон арқылы сауал жолдаған.

Тікелей байланыстағы әңгіме бірден қызу өрбіді. Облыс басшысының тікелей эфирде жұртшылықпен кездесетіні туралы хабарлама алдын-ала жария болғандықтан, көптеген тұрғындар өз сауалдарын берілген телефондар, басқа да байланыс желілері арқылы жолдап жатты. Мұның барлығы да қағазға түсіріліп, облыс басшысының назарына ұсынылды.

— Бір де бір сауал немесе арыз-шағым ескерусіз қалмайды. Облыс әкімінің баспасөз қызметі оларды жүйелеп, содан кейін тиісті жауап беру үшін сәйкесінше мемлекеттік органдарға жолдайды. Кім-кімге де ресми түрде жауап беріледі, ал көтерілген проблемалық мәселелер бақылауға алынады,— деп атап көрсетті Бердібек Сапарбаев.

Облыс басшысы ең алдымен әлеуметтік-экономикалық дамудың өткен он бір айдағы қорытындысы жөнінде қысқаша баяндап берді.

— Елбасының барлық тапсырмалары, оның ішінде өнім өндіру қарқынын төмендетуге жол бермеу, сондай-ақ жұмыссыздықтың ұлғаюына тосқауыл қою мәселелері орындалуда. Тұтастай алғанда, облыстағы қоғамдық-саяси ахуал тұрақты. Негізгі экономикалық көрсеткіштер деңгейі республикалық көрсеткіштерден төмен емес. Бюджеттің кіріс бөлігін артығымен орындауға ұмтылып жатырмыз.

Біз 2018 жылға облыстық бюджетті бекіттік, өсім жеті-сегіз пайызды құрап отыр. Бұл бізге келер жылды жақсы қарқынмен бастап кетуге мүмкіндік береді. Еңбекақы бойынша қарыздар негізінен алғанда жоқ деп айтуға болады. Өз міндеттемелерін орындамай отырған сервистік компаниялармен үш жақты комиссияның мүшелері жұмыс істеуде,— деді Бердібек Машбекұлы.

Мәртөк ауданының тұрғыны Қыдырбай Шудабаев өздері тұратын ауылдағы әлеуметтік саладағы өзгерістерге алғысын айта келіп, енді 5 мыңнан астам тұрғыны бар селоға Мәдениет үйі қажеттігін алға тартты.

— Мен сіз тұратын Сарыжар ауылында бірнеше рет болдым. Сіздер алғашқы кездесуімізде мектеп, балабақша, дәрігерлік пунк ғимараттары қажеттігін айтқан болатынсыздар. Бұл мәселелердің бәрі оңтайлы шешілді, яғни биылғы жылы толығымен орындалады. Ауылға клуб салу жоспарға енгізілді. Құрылысы келесі жылы басталады.

Сарыжар селосы Батыс Еуропа — Батыс Қытай халықаралық дәлізі бойында орналасқан. Сондықтан да ауыл тұрғындары осы мүмкіндікті пайдаланып, жол бойы сервистерін ашу, шағын бизнесті дамыту жұмыстарымен шұғылдануы тиіс,— деген әкім бұл ретте мемлекеттік бағдарламалардың қолдауын пайдалану қажеттігін атап көрсетті.

Бадамша селосының тұрғыны Гүлжанат Берікқызы алдағы мереке қарсаңында бағаны тұрақтандыру бойынша қандай шаралар қолға алынып жатқанын сұрады.

— Сіз тұратын Қарғалы ауданында барлығын да өндіруге болады. Бұл аудан тіпті облыс орталығын да азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуі тиіс. Аудан аумағында құнарлы топырақ та, су да, басқа да табиғи жағдайлар жеткілікті. Мемлекет тарапынан қолдау жасалуда. Өкінішке қарай, әзірге біз күткендегідей өндіріс болмай отыр, содан келіп баға өседі,— деген облыс басшысы жергілікті жерде фермелер өздері өндірген өнімдерін сақтайтын қоймалардың жеткіліксіздігін атап көрсетті. Сондай-ақ «Облыс орталығында қор жинақтау үшін қоймалар жеткілікті. Бүгінгі күні картоп, жуа, қырыққабат, қант, күріштің 5 мың тоннадай қоры бар. Еліміздің оңтүстік аймақтарымен жасалған келісім-шарттарымыз бар. Мереке қарсаңында біз облыс орталығындағы сауда орталықтарының басшыларын жинап, әлеуметтік маңызы бар 24 азық-түлік атауы бойынша үстеме бағаны 5 пайыздан асырмауға келістік. Оның орнынан алкоголь, темекі бұйымдарына үстемені көтеруге болады. Осындай шаруалар аудандарда да атқарылуы тиіс, Жаңа жылға дейін бағаның өсуі орын алмайды», — деп сөзін тұжырымдады.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді ұлғайту, экспортқа шығару жайы да сөз болды. Ауыл шаруашылығы тұтыну кооперацияларын дамыту күн тәртібінде тұрғаны айтылды.

Ал Ақтөбе қаласының тұрғыны Сәбит Тайымов суармалы жерлерді пайдалану мүмкіндіктеріне қатысты сауал қойды. Оған соңғы екі жылда ғана суармалы алқаптар екі еседей ұлғайтылғаны, алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасатыны, сөйтіп тұрғындарды көкөніспен қамту мәселелері оңды шешілетіні айтылды.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері де ортақ әңгіме өзегіне айналды. Мәселен, Заречный-2 шағын ауданының тұрғындарын өздері тұратын аумақта жол бойында жанар-жағармай стансаларының жиі орналасуы мазасыздандырады екен. Ақтөбе қаласының тұрғыны Мұрат Қадыров көшелердегі жол жөндеу жұмысына қатысты сауал қойды. Аудандардың аралығындағы жолдар проблемасы да қозғалды.

— Бүгінгі күні облыс орталығында жылына шамамен 30-40 километрге дейін жол жөнделеді. Аудандар жайына келетін болсақ, келесі жылы Шалқар мен Ырғыз арасы жолын жөндеу қолға алынады. Ақтөбеден бастап Алға, Мұғалжар, Темір және Байғанин аудандарының үстімен өтетін Атырау бағытындағы жолдың жөнделуі көптеген проблемаларды шешеді деп ойлаймыз. Ал жанар-жағармай стансаларының талапқа сай орналасуы қадағалауда болады. Ең бастысы — олардың қауіпсіздігін қаматамасыз етуіміз керек,— деді облыс басшысы.

Қала іргесіндегі Ақжар ауылының тұрғындары жолдың жарақсыздығы мен көшеде жарықтың болмауына шағымданды. Заречный-1 шағын ауданының тұрғындары сапалы ауыз суына зәру. «Автомобилист», «Арнаулы автобаза», «Рентген» саяжай аумақтарының тұрғындары №6, 7, 8, 53 автобус маршруттарының жұмысына шағым білдірді. Сондай-ақ, №27, 19, және №23 маршруттағы автобустар қозғалысын реттеу жайы да айтылды.

— Автобустар жұмысы біздің бақылауымызда. «Автопарк» ЖШС өзіне қабылдаған міндеттемелерін орындамай отыр. Бұл кәсіпорында жаңадан автобустар алынған жоқ, қозғалыс кестесі сақталмайды. Қоғамдық көлік қозғалысына мониторинг жасау үшін GPS-навигаторлар орнатылған жоқ,— деп мәселенің мәнісін түсіндірген облыс әкімі былай деп тұжырым жасады.— Егер кәсіпорын біздің қойып отырған талаптарымызды орындамаса, қатаң шаралар қолданатын боламыз. Коммуналдық меншіктегі екінші автокәсіпорынға былтыр 50 жаңа автобус сатып алып берілді. Бұл жұмыстар биыл да жалғасады. Жалпы алғанда, тығырықтан шығу жолы қарастырылуда.

Әкім сағаты кезінде қойылған сауалдар мейлінше әр қилы, әрі қызғылықты болды. Мәселен, тұрғындардың бірі «Бердібек аға, Бейжіңге неге бардыңыз?» деп, өз қызығушылығын білдірді.

— Президентіміз облыс әкімдеріне инвестициялар тартуды тапсырды. Осы тапсырманы орындау аясында мен «CNPS» және «Sinopec» компаниялары басшыларымен кездестім. Сол жақта біздің облыстың өкілдігі ашылуына қатыстым. Сонда жоғары білім алып жатқан ақтөбелік студенттермен кездесіп, әңгімелестім.

2010 жылы Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин «Бір белдеу — бір жол» бастамасын көтергені белгілі. Бұл «Жібек жолы экономикалық белдеуінің» барлық жобаларын біріктіру мақсатын көздейді. Бұл біздің аймаққа да қатысты,— деп атап көрсетті Бердібек Машбекұлы.

Телефон шалушы облыста шетелдік жұмысшы күші көбейіп кетпей ме деген алаңдаушылығын да білдірді. Бұл сауалға қатысты қазіргі уақытта облыс аумағында шетелдік 1300 жұмысшы бар екендігі, аталған мәселе тұрғысынан тыңғылықты мониторинг жүргізілетіндігі, бәрі де бақылауда болатындығы айтылды.

Бір қызығы, әкімнің тікелей эфирде отырғанына күмән білдірген көрермен де болмай қалған жоқ. Бұған қатысты Бердібек Сапарбаев былай деп жауап берді:

— Мен осында қызмет істеген  екі жылда біршама танып-білдіңіздер ғой деп ойлаймын. Бәрін де өз көзіммен көріп, өз құлағыммен естігенді дұрыс көремін. Тұрғындармен тікелей жүздесу — билік өкілдері үшін проблеманы анықтаудың ең тиімді жолы. Егер кабинетте отыра беретін болсаң ештеңе де шешімін таппайды. Мен сондықтан да аудандарда жиі болып, халықпен көбірек кездесуді мақсат тұтамын.

Облыс басшысы өзінің әлеуметтік желілерді тұрақты қарап отыратынын, адамдардың мұң-мұқтажын да солар арқылы көбірек білетінін атап өтті.

Жастарды мемлекеттік қызметке тарту жайы да сөз болды. Бұған қатысты облыс басшысы. «Мемлекеттік қызметтегі кадр мәселесі — маңызды. Бізге жас, білікті, жігерлі мамандар керек. Олардың көпшілігі мемлекеттік қызметке келгісі келгенімен, дайындықтары нашар болып, тестілеуден өте алмай қалып жатады. Осы жағын ескеріңіздер», — деді.

Байғанин ауданындағы Ноғайты, Ебейті елді мекендері аумағындағы мұнай қалдықтарының зардабын жою, көшелерді қоқыстардан тазарту, ауылдарға газ жеткізу мәселелеріне қатысты облыс әкімі нақты жауап қайтарды.

Ырғыз ауданында мектептің газға қосылмағаны, сондай-ақ бір көше тұрғындарының ауыз су проблемасын шеше алмай отырғаны хабарланды. Бұл мәселелер тексеріліп, тексеру қорытындысы бойынша нақты шаралар алынатыны мәлімделді.

Хромтау қаласының тұрғыны Сәкен Қосшыұлы автокөліктерді газбен қамтамасыз етудегі кідірістер туралы ойын ортаға салды. Оған қазіргі уақытта облыста газбен қамтамасыз етуге қатысты елеулі қиындықтар жоқтығы айтылды. Газбен қамтамасыз ететін компаниялар газ бағасын өсіруді көздеп, айдың басы мен аяғында осындай ахуал орнатуға негіз қалайды. Алайда жергілікті билік бұл жағдайды бақылауға алды, кідіріске жол берілмейді. Бүгінгі күні облыста 39000 көлік газбен жүреді. Бұрын бөлінетін лимит 3500 тонна құраса, қазір ол екі есеге ұлғайды.

— Ал облыс тұрғындарын газбен қамту қазір 88 пайызды құрап отыр, келесі жылы 90 пайызға жеткізілмекші. Мүмкіндіктер бар, газ жүргізетін тиісті орындармен келісім жасалды. Алайды мынаны ескеру қажет: біз газ жүргізгенде ол ауылдың келешегін, қашықтығын, тұрғындар санын ескеруіміз қажет,— деп түсінік берді облыс басшысы.

Кейбір ата-аналарды балаларының Жаңа жылдық атаулы шыршаға қатысу жайы қызықтырады екен.

— Бізде Президенттің, сондай-ақ облыс әкімінің шыршасы ұйымдастырылады. Оған қатысу үшін басты өлшем — балалардың сабақты жақсы оқуы, спортта, шығармашылықта белгілі бір табыстарға жетуі, яғни оған қатысу үшін еңбек етуі керек,— деп түсіндірді облыс әкімі.

Бердібек Сапарбаев «Әкім сағатын» қорытындылай келе, ақтөбеліктердің белсене қатысқаны үшін белсенді азаматтық ұстанымдарына қатысты алғыс сезімін білдірді.

— Мұндай кездесулер алда да өткізіліп тұратын болады. Тікелей эфирге, бәлкім, жылына екі рет шығатын болармыз. Студияға менің орынбасарларым, Ақтөбе қаласы мен аудандардың да әкімдері келетін болады. Сіздер көтеріп отырған мәселелерді шешу — біздің міндетіміз. Мұндай тікелей байланыс бізге қажет. Одан ұтарымыз көп,— деп тұжырымдады облыс әкімі.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями