Родниковка мен Сарыжарға барды

Дата: 29 ноября 2017 в 00:52


Родниковка мен Сарыжарға барды

Облыс әкімі Б.Сапарбаевтың тапсырмасымен оның орынбасары Ербол Нұрғалиев Родниковка, Сарыжар ауылдарында іссапармен болып, жаңадан салынып жатқан әлеуметтік нысандарды аралап, құрылыс сапасымен танысты. Ол Родниковка ауылындағы құны 780 миллион теңгені құрайтын 320 орындық білім ошағының мардымсыз жұмысына сын айтты. Құрылыс басындағы инженерге: «Әзірге ауа райы сіздерді қолдап тұр. Жұмыс күші жетіспейді. Мынадай жайбарақат қарқынмен тиісті уақытта нысанды тапсыру оңайға соқпайды. Ең бастысы, абаттандыруға күш жұмылдыру керек. Ғимаратқа әлі күнге дейін жылу жіберілмеген, ішкі әрлеу жұмыстарында да адамның тапшылығы көрініп тұр. Енді қалған аз уақытта барынша күш салып, сапалы нәтижемен тапсырудың қамын жасаңыздар», — деді. Сонымен бірге, мектеп директорына құрылыс сапасы мен материалдардың талапқа сай болуын қадағалау қажеттігін айтты. Алайда, құрылыс басындағы маман салдар мен себептерді алға тартып, түсіністікпен қарауға шақырды. Мұнан соң облыс әкімінің орынбасары аталмыш ауылда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынып жатқан дәрігерлік амбулаторияны және ауылдық кітапхананы көріп шықты. Кітапханашыға рухани азық беретін кітаптардың қадірін түсінетін аға буын өкілдерінің қатысуымен, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы іс-шараларды жиі ұйымдастырып, ауыл тұрғындарының қызығушылығын оятуға кеңес берілді.

Жұмысы әлдеқайда ширақ Сарыжар ауылындағы 320 орындық мектепті аралаған Е.Нұрғалиев нысанды 1 желтоқсан — Тұңғыш Президент күніне орай ашып, үш ауысымда білім алып жатқан балалар кең де жаңа ғимаратқа көшірілуі тиіс деген тапсырма берді. Мектеп басшысы Әділбек Тәжібайдың айтуынша, негізгі жұмыстар аяқталған. Ішкі жеңіл-желпі шаруалар тындырылып, спорттық жабдықтар мен мектеп жиһаздары күтілуде.

Іссапар барысында Ербол Жолдасбекұлы әлеуметтік сұрақтар бойынша тұрғындарды қабылдау өткізді. Қабылдауда қос ауылдың тұрғындары жеке бастарына қатысты және елді мекенге ортақ әлеуметтік проблемаларымен бөлісіп, көмек сұрады.

Облыс әкімі орынбасарының қабылдауына келген Родниковка елді мекенінің тұрғындарының бірі Нейля Андреевна қызы Еленаның жайын баян етті. Қарт ананың айтуынша, қызы өзінің екі баласына қосып, 5 жасар баланы қамқорлығына алған. Қайын енесімен бір үйде, тар жерде тұрып жатыр. Ал балаларға дұрыс тәрбие беру үшін жағдай жасау қажет, яғни оларға баспана керек. Е.Нұрғалиев бұл мәселені ерекше бақылауға ала отырып, ауыл әкімінен баспана кезегін анықтап, мейлінше ықпал ететінін айтты. Ал мұғалім Жанна Ідірісованы, 3 жасар мүмкіндігі шектеулі қызы қысы-жазы мезгілсіз сырқаттанып, облыс орталығына жүгіруге тура келетіндіктен, Ақтөбе қаласынан баспана мәселесі мазаласа, ІІ топ мүгедегі Айгерім Шошманова тегін берілетін дәрі-дәрмектің уақытылы жеткізілмейтінін алға тартты. Жыл сайын МСЭК-тен өту үшін ауруханада ем алу талап етіледі, ал облыстық аурухана жатқызбайтын көрінеді. Бұл мәселелер де облыс әкімі орынбасарының бақылауына алынып, жауапсыз қалмайтыны айтылды.

Сарыжарда да ауыл әкімдігінде қабылдауға келген тұрғындар тарапынан жұмыссыздық, біржолғы мүгедектерге төленетін жәрдемақының көлемі, жаңа мектепке апаратын жолды асфальттау сынды бірқатар проблемалар көтеріліп, кейбірі сол мезетте шешімін тапты. Бұл жерде де Ербол Нұрғалиев ауданның бөлім басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями