Ақтөбеде 50 мың кәсіпкерлік субъектісі бар. олардың құқы қорғалған ба?

Дата: 23 ноября 2017 в 22:02 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

«Кәсіпкерлікті, әсіресе, шағын және ор­та бизнесті дамыту — «Қазақстан — 2050» Стра­те­гиясының ең басты міндеттерінің бірі. Кәсіпкерлердің жұмысына қажетті жағ­дайды ұдайы жақсартып отыру әрқашан да мемлекеттің басты назарында болады. Бұл — Қазақстанның әлемдегі барынша дамыған 30 елдің қатарына қосылуы жо­лын­дағы тағы бір маңызды қадам. Осы шара және кәсіпкерлікті дамытуға мемлекеттен қаражат бөлу экономикамыздың өсуіне, жұмыс орындарының көбеюіне, барша қазақстандықтардың әл-ауқатының артуы­на серпін береді деп сенемін».

Ел Президенті Н.НАЗАРБАЕВ.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлыбек Мұқанов екеуара сұхбат барысында өңірдегі бизнестің ерекшелігі, іскер азаматтарға қандай қолдау көрсетілетіні, жалпы олардың құқы қалай қорғалатыны, т.б. мәселелер жөнінде айтып берді.

 — Нұрлыбек Бекболатұлы, алдымен Ақтөбедегі кәсіпкерлік саласының қазіргі қарқыны туралы айтып берсеңіз.

— Біздің өңір индустриалды-инновациялық болғандықтан, ішкі жалпы өнімнің 40 пайызы негізінен өндіріске тиесілі. Жалпы, 50 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектісі бар. Олардың 39 пайызы сауда-саттықпен айналысса, 36 пайызы қызмет көрсетуге маманданған. Ал он пайызы ауыл шаруашылығымен шұғылданады. Көліктік логистикаға ден қойғандар да кездеседі.

Бізге «жеке ісімді ашсам…» деп келетіндердің қатары қалың. Оларға бизнесін құруға, одан әрі дамытуға барынша қолдау көрсетуге тырысамыз. Сондай-ақ, мұндай жұмыс кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарымен, өзге де ұйымдармен жүзеге асырылады. Айталық, біз бірлескен жұмыс нәтижесінде 300-ден аса кәсіпорынның ашылуына жәрдемімізді тигіздік. Олардың арасында серіктестіктер, шаруа қожалықтары бар.

— Облыстық кәсіпкерлер палатасында, одан бөлек, қандай қызметтер көрсетіледі?

— Қаржылай емес көмектің түрі көп. Мысалы, осы жылдың он айында 3700 кәсіпкерге түрлі деңгейдегі көмек берілді. Атап айтсақ, заң тұрғысынан, маркетингтік, сондай-ақ, бизнес-жоспар құрудың қыр-сыры үйретілді. Бухгалтерлік есеп, статистикалық есеп сияқты құжаттардың толтырылуына жөн сілтеуімізді сұрайтындар аз емес.

— «Бастау бизнес» жобасы жөнінде біздің газетте талай жазылды. Оның игілігін көргендердің саны артты ма?

— Әрине. Тек «Бастау бизнес» жобасы туралы айтар болсақ, ол облыстағы 12 ауданның 6-ында іске асырылды. Бүгінгі таңда біраз жоба қаржыландырылуға ие болды. Бұл негізінен мал шаруашылығымен айналысатындар, сүт өңдейтіндер, жеңіл өнеркәсіптегілер. Сондай-ақ, бізде «Бизнес-мектеп», «Іскерлік байланыстар», «Аға сеньеорлар» сынды жобалар жұмыс істейді. Жыл басталғалы, барлық жобаларды қоса есептегенде, 1600-ге тарта адам оқытылған. Дәріске қатысып, білімін жетілдірген олар сертификат алған соң, қаржылық институттарға жолдама алады. Кейін, жоспарына сәйкес, сала бойынша жұмысын жалғастырады.

— Ал бизнесті қорғау жайы қалай?

— 4 жылдың ішінде бізге мыңға жуық арыз түсті. Оның барлығы бизнесті қорғауға қатысты. Ал биыл ондай хаттардың саны — 290. Оның тең жартысы бүгінде оңды шешімін тапса, қалғанына кәсіби мамандар тарапынан не істеу керектігі жөнінен нақтылы  кеңестер ұсынылды.

Осы орайда бізде кәсіпкерлердің құқын қорғайтын кеңестің жұмыс істейтінін айта кеткім келеді. Оның құрамында облыс әкімінің орынбасарынан бастап, департамент пен басқармалардың өкілдері, прокуратура мен өзге де құзырлы органдардың қызметкерлері бар. Осы кеңесте барша  түйткілдер сын тезіне алынады. Заңгерлердің клубы да бар. Жалпы, бизнесті қорғауға байланысты келіп түсетін арыз-шағымдар жыл өткен сайын шамамен 20-30 пайызға артып отыр.

— Сөз соңында жастардың осы салаға қызығушылығы қандай, соған тоқталсаңыз. 

— Оны «Бизнес-мектеп» жобасына келетіндердің жас айырмашылығынан да байқауға болады. Қазіргі таңда жастар бизнестің дамыған түрлеріне, интернет технологияларына, қызмет көрсету салаларына ерекше ықылас танытады. Сонымен қатар, сән саласына қызығушылық танытатын қыз-келіншектер баршылық. Олар көбіне-көп сұлулық салондарын ашуға мүдделі болады.

 Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті