Популярные темы

Қыркүйектегі келелі істер

Дата: 04 октября 2017 в 01:22


Қыркүйектегі келелі істер

Күз келді. Бұл мезгілдің алғашқы айы — қыркүйек нағыз  қарбалас шақ. Ай басталысымен оқушылар мектепке, студенттер колледж, университетке барады. Оларды сабаққа әзірлеу — үлкен жұмыс. Сондай-ақ, бұл айда әсіресе, қырда  маусымдық жұмыстар көбейеді: жиын-терін басталады. Яғни жаз бойғы еңбектің жемісін жейтін, игілігін көретін кез.

Қыркүйек айында облыста аз шаруа тындырылған жоқ. Ауқымды істер қолға алынды. Осылардың бастыларына тоқталғанды жөн көрдік. Сонымен…  

 ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІ ТОЙЛАНДЫ

Биыл Құрбан айт мерекесі 1 қыркүйекке сәйкес келді. Үш күн бойы күллі мұсылман жұрты асыл құндылықтарды — бейбітшілік пен бірлікті, ізгілік пен мейірімділікті ілгері ұстанатын қасиетті Құрбан айт мейрамын тойлады.

Мерекенің бірінші күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ақтөбедегі «Нұр Ғасыр», «Нұрдәулет» мешіттері мен қалалық орталық мешітте болып, мерекелік іс-шараларға қатысып, жамағатпен кездесті. Қалалық орталық мешітте облыс әкімі аз қамтылған және көпбалалы отбасылар балаларына, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға мектеп құралдарын табыстады.

ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Биыл 1 қыркүйек — Білім күні Құрбан айт мерекесімен тұспа-тұс келді. Сол себепті жаңа оқу жылы 2 қыркүйек күні басталды.

Облыстағы 407 мектепте 132 мыңнан астам оқушыға арналып алғашқы қоңырау рәсімі салтанатты түрде өтті. Жаңа оқу жылынан бастап 1,2,5,7-сыныптың оқушылары 12 жылдық білім беру жүйесі бойынша оқып жатыр.

Оқу жылының басты ерекшеліктері: біріншіден, 1,2,5,7-сыныптың оқушылары бес күндік оқу аптасына көшірілді. Екіншіден, сабақ ұзақтығы 40 минут болды. Үшіншіден, 12 жылдық білім беру жүйесіне көшкен сыныптарда бағалау жүйесі мен сынып журналы өзгерді. Төртіншіден, каникулға шығатын күндер де өзгертілді. Бесінші жаңалық — 74 мектептегі 8-сынып оқушылары үшін үш тілді оқыту әдісін енгізу мақсатында эксперимент өткізілуде.

Үш ауысымдағы, апатты жағдайдағы және саманнан салынған мектептердің мәселесін шешу мақсатында 25 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның 9-ы жаңа оқу жылында ел игілігі үшін пайдалануға берілсе, алтауы жыл аяғына дейін беріледі. 2 қыркүйекте Ойыл ауданында екі мектеп, Ырғыз, Шалқар, Мұғалжар аудандарында жаңа мектептер ашылды. Қалған білім шаңырақтары облыс орталығында іске қосылды.

ЖИНАЛҒАН АСТЫҚ КӨЛЕМІ — 505,8 МЫҢ ТОННА

Қыркүйек — күзгі жиын-теріннің айы. Біздің облыста 505,8 мың тонна астық жиналды. Қазір өңірде дәнді дақыл егісін жинау толық аяқталды. Облыс бойынша дәнді дақыл егісінің  орташа  түсімі гектарына 13 центнерден айналған. Мал азығындық және майлы дақылдарды таяу күндері аяқтау жоспарланып отыр.

8 айдың қорытындысы бойынша 102,8 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді. Осы кезеңде ауыл шаруашылығының  негізгі капиталына 3 780,1 теңгенің инвестициясы тартылған.

Соңғы үш жылда егістік алқаптарының көлемі айтарлықтай көбейді. Нәтижесінде, айналымға енген егістік алқабы — 154,6 мың гектар.

АҚТӨБЕЛІКТЕРДЕН ҮЛГІ АЛУҒА КЕЛДІ  

Тамызда  Елбасының қатысуымен өткен кеңейтілген отырыста мемлекеттік даму бағдарламаларын іске асыру, рухани жаңғыру мәселелері талқыланғаны белгілі. Шара барысында Мемлекет басшысы өзге облыстардың басшыларына бірқатар әлеуметтік және экономикалық жобаларды іске асыруда Ақтөбенің тәжірибесін қолдануды ұсынған болатын. Осы бағыттағы жұмыстармен танысу үшін Ақтөбеге  жұмыс сапарымен Павлодар облысынан делегация келді.

Олар «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынып жатқан үйлерді және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы жұмыстарды көрді. Пилоттық жобаны жүзеге асыруда біздің облыс еліміз бойынша бірінші орынды иеленеді.

Павлодарлық делегация Ақтөбеде жасалып жатқан жұмыстарға жоғары баға берді.

БИЛІК ПЕН ҚОҒАМ БІРІКСЕ, ІС НӘТИЖЕЛІ БОЛАДЫ

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалық етуімен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың алтыншы шақырылымдағы ҚР Парламентінің 3-інші сессиясында берген тапсырмаларын орындау мәселесіне байланысты облыс активі өтті.

Облыс әкімі Мемлекет басшысы дәрі-дәрмек бағасын төмендету туралы және дәрі-дәрмек саласында туындаған мәселелерді ретке келтіруді нықтап тапсырғанын айтып, бағаны қатаң бақылауға алуды және бизнесті дамыту, экономикаға инвестиция тарту, азық-түлік бағасын көтермеу керектігін тапсырды.

Ол ең негізгі атқарылуы тиіс жұмыстардың  бірі — жұмыссыздардың санын көбейтпеу керектігін баса айтты.

Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді іске асыру мақсатында облыстық комиссия құрылып, 3 рет отырыс өткізді. Алты бағыттағы жұмыс тобы белсенді жұмыс жасап жатыр. Қазір облыс бойынша 150 мыңға жуық адамды қамтыған 400-ден астам ақпараттық-түсіндіру іс-шарасы өткізілген.

ОРСКІГЕ САПАР

Облыстық екі газет — «Ақтөбе»  және «Актюбинский вестник» басылымдарын біріктіретін «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС ұйымдастырған «Ақтөбе — құтты мекен» медиаэкспедициясының арқасында басылым тілшілері көршілес өңірлерге іссапарды жалғастырды. Осы мақсатта шілде айында аталған газеттердің тілшілері Қызылорда облысында болып, әріптестерімен, жерлестерімен кездесіп келген еді.

Қыркүйекте игі бастама жалғасын тапты. Бұл жолы тілшілер Ресейдің Орынбор облысының Орск қаласына барды. Аталған шаһарды қазақтар Жаманқала деп атаған. Сапар барысында олардың тыныс-тірлігімен танысып, қандас бауырларымызбен кездесіп қайтты. Сондай-ақ, оларға Ақтөбенің жетістіктері туралы әңгімеледі.

КӨНЕ КӨКЖАРДЫҢ ЖАҢҒЫРУЫ

8-9 қыркүйек  күндері Ойыл ауданының орталығында Ұлы Жібек жолындағы  жаңғырған Көкжар жәрмеңкесінің 150 жылдығы кең көлемде тойланды.

Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында  жас ұрпаққа  тарихи тамырынан ажырамайтындай ұлттық тәрбие беру ұлттық кодымызды ұстанудың бірден-бір жолы екенін атап өткені белгілі. Ұлы Жібек жолындағы Көкжар жәрмеңкесінің 150 жылдығының  кең көлемде атап өтілуінің маңыздылығы да осында. Азияның ірі сауда  орталығына айналған  көне  Көкжарда кезінде жылына екі рет, 15 мамырдан 15 шілдеге дейін және 15 қыркүйектен 15 қазанға дейін жәрмеңке өткізілген.

Шарада «Қазақстан сауда тарихында Көкжар жәрмеңкесінің алатын орны, саяси-жағырапиялық және стратегиялық маңызы» атты өңірлік ғылыми-тәжірибелік конференция, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда,  Батыс Қазақстан және облыстың барлық аудандарынан келген дәстүрлі ән орындаушыларының арасында «Жан серігім — домбыра» атты өңірлік жыршы-жыраулардың байқауы өтті.

ӘЛЕМ КӨЗ ТІККЕН «ЭКСПО-2017» РУХЫМЫЗДЫ АСҚАҚТАТТЫ

10 қыркүйек күні Астанада «ЭКСПО-2017» көрмесінің  жабылу рәсімі өтті. Шараға әлемнің 115 мемлекеті мен 22 халықаралық ұйым өкілдері қатысты. Дүниежүзілік шараның жабылу салтанаты таңғажайып көріністерге толы болды.

— Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесі жоғары деңгейде әрі табысты өткенін зор мақтанышпен айтқым келеді. «ЭКСПО-2017» көрмесін 4 миллионға жуық адам аралап көрді. Оның ішінде 180 мемлекеттен келген жарты миллион адам көрмені тамашалады. Дүниежүзі көз тіккен ЭКСПО беделімізді биіктетті, рухымызды асқақтатты, — деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.

«Астана ЭКСПО-2017» ҰҚК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов мәлімдегендей, үш айда 40 мемлекет басшысы, 9 премьер-министр, 72 сыртқы істер министрі көрмеге арнайы ресми сапармен келген.

Айта кету керек, «ЭКСПО-2017» көрмесі туралы үзбей материалдар жариялаған облыстық «Ақтөбе» газетінің редакциясы «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының арнаулы сертификатына ие болды.

МЕМОРАНДУМ БЕРГЕН МҮМКІНДІК

 «Шамшырақ-Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Раукен Отыншин мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің  ректоры Бауыржан Ердембеков өзара әріптестік меморандумына қол қойды.

Құжатқа сәйкес, «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС болашақ журналистердің редакцияда тәжірибеден өтіп әрі тәжірибелік сабақтарды  осы жерде жүргізуі үшін арнайы алаң ұйымдастырады. Сонымен қатар, олардың мақалаларын басылым беттеріне шығарып, бірлескен шараларды өткізеді. Ал өз тарапынан университет кадрлар даярлайды.

ОБЛЫС МЕРЕЙТОЙЫНА АРНАЛҒАН ТАРТУ

 «Ақтөбе — құтты мекен» энциклопедиялық анықтамалығы — облыстың 85 жылдығына арналған тарту. Облыс әкімі Бердібек Сапарбавтың бастамасымен шығарылған мерейтойлық анықтамалықтағы материалдар он бөлімге топтастырылған. «Тарихи тұлғалар» деп аталатын алғашқы бөлім «Дала дүбірі»  және «Діни қайраткерлер» тарауларынан тұрады. Ал «Сөз әлемі» атты бөлім «Дәуір дидары», «Қазақстан Жазушылар одағының  мүшелері», «Өлке дауысы» атты үш тарауға бөлінген. «Өшпес ерлік» бөлімінде Кеңес Одағының Батырлары, «Даңқ» орденінің толық иегерлері, ғарышкерлер туралы жарияланған. Сондай-ақ, анықтамалықта «Еңбек  ерлері», «Айбынды асулар», «Ғылым көкжиегі», «Мәдениет мерейі», «Спорт саңлақтары», «Жомарт жандар», «Топжарғандар» атты бөлімдер бар.

«ТУҒАН ЖЕР» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ФОРУМЫ:  21 ЕЛ. 300-ГЕ ЖУЫҚ ЖЕРЛЕС

28-29 қыркүйекте Ақтөбеде «Туған жер» республикалық жерлестер форумы өтті. Кең ауқымды шараға ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова қатысты.

Сондай-ақ, форумға қатысу үшін өңірге әлемнің 21 елінен 300-ден аса делегат келді. Форум аясында көптеген шаралар ұйымдастырылды.

Форумның ашылу салтанатында сөз алған ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова «Туған жер» арнайы жобасына ерекше тоқталды.

— Ақтөбе облысы — рухани жаңғыру жобасын жүзеге асырудың лайықты үлгісі. Бұл жақсы істің Ақтөбе қаласында өтуі кездейсоқ емес. Бұл киелі мекен — көптеген ұлы тұлғалардың туған жері, — деп атап өтті Мемлекеттік хатшы.

Іссапар барысында Гүлшара Әбдіқалықова Жекпе-жек сарайында дзюдодан ҚР Президентінің жүлдесіне арналған халықаралық турнирдің, Сазды ауылдық округіндегі жаңа мектептің ашылу салтанатына  және Қобыланды батыр атындағы орталық стадионда өткен мерекелік бағдарламаға қатысты. Мерекелік салтанатта ҚР Мемлекеттік хатшысы ақтөбеліктерге арналған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын оқып берді.

Әлемнің 21 елінен 300-ге жуық жерлесімізді жинаған шараның ресми ашылуында жалпы сомасы 80 миллиард теңгені құрайтын бірқатар меморандумға қол қойылды. Ұлыбритания, Германия, Ресейде және өзге елдерде тұратын, шетелдік бизнес құрылымдарының Ақтөбе өңірінен шыққан  басшылары мен облыс әкімдігі арасындағы келісімдер негізінде өңірде бірқатар ерекше өндірістер тұрғызылатын болды. Нақтырақ айтқанда, «Ақтөбе-ТермоКокс» ЖШС-мен 700 МВт электр станциясын салу және қоңыр көмір кенін игеру жөніндегі ірі жобаны жүзеге асыру туралы келісімге қол жеткізілді. Жоба жүзеге асқанда 400-ден астам жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ, 26 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту арқылы жел генераторларын, қалақ жасайтын, металл мұнараларды жинақтайтын зауыт құрылысын бастау арқылы 500 жұмыс орнын ашу жоспарда бар.

 АҚТӨБЕДЕГІ АУДАН КҮНДЕРІ

Ақтөбеде облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен өткен жылы алғаш рет ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне «Туған жерім — нұрлы елім!» атты аудан күндерінің акциясы ұйымдастырылған болатын. Сол игі шара биыл да жалғасты. Қыркүйекте Мұғалжар мен Шалқар аудандарының күндері өтті.

Акция барысында мәдени-әлеуметтік шаралар, түрлі көрмелер, байқаулар ұйымдастырылды. Су тасқынында зардап шеккендерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға, көпбалалы отбасыларға арналған қайырымдылық акциялары да — осы аудан күндері аясында өткізілген игі шаралардың бірі. Сондай-ақ, аудандардан шыққан танымал өнерпаздар қала тұрғындары мен қонақтарына ән-жырмен шашу шашты. Аудандардың кәсіпкерлері қала тұрғындарына сапалы әрі арзан ауыл шаруашылығы өнімдерін әкелді. Көше мерекелері тойланды.

«Туған жерім — нұрлы елім!» акциясының облыс жұртшылығы үшін тәрбиелік мәні зор.

 «АҚБИДАЙ — 2017» АУЫЛ СПОРТЫ ОЙЫНДАРЫ ӨТТІ

 Ақтөбеде республикалық «Ақбидай — 2017» VI ауыл спорты ойындары өтті. Әр төрт жыл сайын ұйымдастырылатын сайысқа еліміздің барлық облысынан екі мыңға жуық спортшы қатысты. Олар спорттың 14 түрінен бақ сынады. Олардың арасында тоғызқұмалақ, күрес, жамбы ату, асық ату, аударыспақ, көкпар ойындары бар. Әсіресе, қала сыртындағы ипподромда ұлттық спорт түрлері тартысты өтті. Көкпар ойынына 300-ден аса спортшы қатысты.

КҮЗГІ ТАЗАЛЫҚТЫҢ ЕКІ АЙЛЫҒЫ

9 қыркүйек-9 қараша аралығында Ақтөбе қаласын, ауылдық елді мекендерде көркейту, санитарлық тазалау және көгалдандыру жөнінде екі айлық жарияланды.

Тазалық маусымы қала территориясы мен ауылдық округтер аумағында 9 қыркүйек пен 9 қараша аралығында өтеді. Шараның алғашқы күні сенбілікке 7 мыңға жуық қала тұрғыны қатысты. 60-тан астам арнайы техника жұмылдырылды. Қатты қалдықтар полигонына 100 тоннаға жуық күл-қоқыс шығарылды.

Әзірлеген Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

Поделитесь новостью с друзьями