Сәті түскен сабақтастық

Дата: 28 сентября 2017 в 16:52

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Сәті түскен сабақтастық

Тынымбай ТӨЛЕПБАЙҰЛЫ,

жазушы:

— Адам баласы өмірде қандай бір жетістіктерге қол жеткізсе де, соның бәрін туған мекенге, өскен жерге арнағысы келеді. Өйткені туған жерің алысқа ұзап кете алмайтын алтын қазығың.

Бір кездері Жарқамыс орта мектебінен түлеп ұшып едім. Содан кейін Тараз қаласындағы жоғарғы оқу орнын тәмамдап, инженер-технолог мамандығын игердім. Ұзақ жылдар өндірісте еңбек еттім. Солай бола тұра әдебиетке құштарлығымды бір сәтке суытқан емеспін. Өйткені бұл бала кездегі арман еді. Зауытта жұмыста жүрген кездерімде де мүмкіндік болғанынша қолыма қалам ұстап, көркем сөз кестелеуге ұмтылдым.

Осындай ізденістер нәтижесінде «Қанағат», «Шырғалаң», «Өмір сыры» атты прозалық шығармаларды дүниеге әкеліппін. Менің кейіпкерлерім — өзім өскен орта, туған жер, оның адамдары, кейін еңбек еткен жерім, өндіріс жұмысшылары.

Жетпіс бес жасқа толуыма байланысты туып-өскен өңірге барып, өзіме ыстық көрінетін атамекенді тағы бір мәрте аралаудың сәті түсті. Өткеннің бәрі ойға оралып, көңілім толқыды. Сол баяғы жерлер. Өзгермеген. Өзгергені — алдыңғы толқынның орнын кейінгі буын басқаны. Біз қадірлейтін, қолып алып сәлемдесетін абыз қарттар мәңгілік сапар шеккені. Олардан біз балаң кезде естіген жақсы сөздер, тағылымды ойлар қалды, соның бәрі бүгінге дейін санамда жаңғырады.

Ауылдағы кездесулерде халық алдында сөйлеген сөзімде «Туған жер әр уақытта ыстық. Ыстықтығы сонша, соның қуаты адамға нәр береді, жігер береді» дегенмін. Сол сөзім сөз.

Бұл жолғы басқосудың орны ерекше. Бұл кездесу бізге бір жағынан жауапкершілік те артады. Бәріміздің алдымызда «мен еліме не беремін?» деген сындарлы сауал тұрады.

Қаламгер — халықтың рухани қолдаушысы, дем берушісі. Осы тұрғыдан келгенде алдағы уақытта да елдікті биікке көтеретін, жас ұрпаққа тағылымдық, тәлімдік мәні зор туындылар жазу қажеттігі айқын білінеді. Ал ол қалай орындалады, бұл — уақыттың еншісі.

Мен өзім үшін ыстық Ақтөбе қаласының қазіргі уақытта күн сайын дерлік өзгеріп, өсіп келе жатқанын көріп марқаямын. Зәулім ғимараттар, қанатын кеңге жайған алып құрылыстар берекелі болашақтың бастауы іспетті. Осының барлығының игілігін жас ұрпақ көруі тиіс. Және бүгінгі буын біздің атқарған істерімізді лайықты жалғастырып, алға апарады деп сенемін.

Ақтөбе жеріндегі бұл кездесуді сәті түскен сабақтастық деп бағалаймын. Өйткені бұл жиында алды сексеннің үстіне шыққан абыз ақсақалдарымыздан бастап, енді ғана ел тізгінін ұстаған жігерлі жастарымызға дейін бас қоспақшы. Ал мақсат біреу, ол — туған жерді түлету.