САЙРАМНАН ҚЫМБАТ ҚАЗЫНА ТАБЫЛДЫ

Дата: 04 сентября 2017 в 17:03 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


САЙРАМНАН ҚЫМБАТ ҚАЗЫНА ТАБЫЛДЫ
«Оңтүстік Қазақстанда археологтар 2 мың жылдық тарихы бар жәдігерлерді анықтады», — деп хабарлайды КТК арнасы. — Қаңлы мәдениетіне тиесілі көне тиын, жебе мен керамика Сайрам-Өгем ұлттық табиғи паркінің аумағынан табылып отыр. Археологтар бұл жәдігерлер көне Қаңлы мемлекетінің экономикалық байланыстарынан көп мәлімет береді деп есептейді.

Сан ғасыр жердің астында жатып тат басқан бұл бұйымдарды археологтар қымбат қазынаға балайды. Пышақ, қашау, біз, тіпті қоладан құйылған қоңырау Үшбастөбе қалашығынан табылған. Археологтар бұл жәдігерлерге қарап 2 мың жыл бұрынғы Қаңлы мәдениетін кітаптан оқығандай білуге болады дейді.

Александр Подушкин, археолог:
— Жебенің ұшы көне баспананың еденінен табылды. Ұшы мыжылып кеткеніне қарап, жебе адамға емес, тасқа немесе басқа қатты нәрсеге тигенін білуге болады. Ал, қираған керамикалық ыдыстар бұл жерге жау шапқанының дәлелі…

Аяқ астында шашылып жатқан ескі керамиканы археологтар зертханаға апармақ. Ол жерде қирандыны қалпына келтіріп, бүтін ыдыс құрастырады. Сынған құмыралардың арасынан археологтар көне монета да тапқан. 18 ғасыр бұрын айналымда болған деп болжанған мыс тиын бірінші рет табылып отыр.

Үшбастөбеде 6-шы жыл жұмыс істеп жүрген археологтардың айтуынша, Өгем өзенінің бойында осы қамал секілді 10 шақты археологиялық ескерткіш бар. Жұмыс жеткілікті болғанымен, мемлекеттен қолдау жоқ дейді. Сондықтан, қаржы болмаса да құлшынысы жетерлік археологтар жұмысты ары қарай жалғастырмақшы.

По сообщению сайта Матрица.kz

Поделитесь новостью с друзьями