Ақтөбеде Ойыл ауданының күндері өтті

Дата: 02 июля 2017 в 21:52 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Ақтөбеде Ойыл ауданының күндері өтті

Өткен сенбі күні «Табыс» базарында ет арзан бағамен сатылды. Шығанақ Берсиевке арналған ескерткіштің орны ауыстырылды. Қала тұрғындары Орталық саябақта концерт тамашалап, тарыдан жасалған 20 тағамнан дәм татты. Осының бәрі қаладағы Ойыл ауданының күндері аясында ұйымдастырылды.

 

Ойылдықтар бастаған асар

Жұма күні Қурайлы ауылында ойылдықтар су тасқынынан зардап шеккен екі отбасыға көмектесті. Олар екі топ болып, екі үйдің тастарын қалап берді.

— Ойыл ауданының күндері аясында асар акциясын ұйымдастырдық. Су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға қолдау көрсеткіміз келді. Көмегіміз осымен шектелмейді. Жастарымыз алдағы уақытта да мұқтаж адамдарға көмектеседі, — деді Ойыл аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мұратбай Айдарбаев.

Ойылдық жастардың мейірімділігіне таңғалған Рахат Тоғызбаева оларға шексіз алғыс білдіруде. Оның отбасы Махамбетов ауданында 14 жыл тұрып, су тасқыны салдарынан үйсіз қалған еді. Кейін жергілікті билік оған Қурайлы ауылынан үй салуға жер телімін бөліп берді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ойыл аудандық әкімдігінің қолдауымен 10 адамнан тұратын Ержановтар отбасына үш бөлмелі пәтердің кілті табысталған болатын.

Қазіргі таңда Қурайлы ауылында құрылыс жұмыстары қайнап жатыр. Бір мезетте 50-ден астам жеке үй тұрғызылуда. Ал жергілікті билік сол үйлерге коммуникацияны тегін кіргізуге уәде берді.

 Жерлестердің басын қосқан мереке

 «Туған жерім — нұрлы елім» атты Ақтөбе қаласындағы Ойыл ауданының күндері аясында алғашқы күн — Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрда Ойыл халық театрының Н.Птушинаның «Свет» әңгімесінің желісімен қойылған «Жарық дүние» қойылымы және «Ойылым менің — ойдағы елім!» атты мерекелік концертімен аяқталды.

Туған жердің әр табысына сырттай тілекші жерлестер залда нағыз ине шаншар орын қалдырмады. Жас режиссер Ерболат Есенбекұлының қойылымы қазіргі қоғамның дертін ұлттық ұғыммен ұштастырып, көрерменге ой салды. Әрине, әуесқой актерлердің шеберлігі кәнігі мамандардан кем түсуі мүмкін. Бірақ, Ерболаттың ізденісі мен ойылдық жастардың ықыласпен образды шығаруға тырысуы жерлес көрермендерді разы қылды. Жастардың жақсы ісіне сүйсінген жерлестер тұрып қол соқты.

Ал «Ойылым менің — ойдағы елім!» атты мерекелік концертті жергілікті композитор Еркін Жиеналин Несіпбек Айтұлының сөзіне жазылған Тұрсынжан Шапайдың «Дариға-дәурен» әнімен ашты. Ұлттық аспаптар оркестрінің орындаған А.Жұбановтың  «Би» күйі үлкен экраннан көрсетілген Ойылдың түлегі, биші Нұрсұлу Тапалованың биімен тіпті үйлесім тапты. Сондай-ақ, І.Жақановтың әні «Ойыл толқынын» орындаған Ж.Бисенғалиева жерлестердің көбіне алғашқы тыңдаған кездегідей әсер қалдырды. Өйткені бұл әнді осыдан тура жиырма жыл бұрын бірінші болып тыңдармандарға Жаңылсын жеткізген еді. Одан кейін оркестр жергілікті сазгер Б.Махметовтың «Өлке сазы» күйін орындаса, А.Асанғалиев оркестр сүйемелдеуімен Н.Тілендиевтің «Өз елім» әнін шырқады. Сөйтіп, мерекелік концерттің бірінші бөлігі күй тартыспен аяқталды.

Ал Нұрсұлудай бишіні дүниеге әкелген топырақта оның сіңлілерінен құралған «Маржан» би ансамблі де көрерменнің қошеметіне бөленді.

Жазылмаған дәстүр бойынша Ойылдың концерті көрермендердің тік тұрып, қосыла шырқауымен ауданның әнұранына айналған «Ойылым менің — ойдағы елім!» әнімен аяқталды.

Мереке соңында аудан әкімі биыл 80 жасқа толып отырған Ойылдың перзенттері Арыстан Аймағанбетов пен Сәлімгерей Жонысовтың иықтарына шапан жауып, құрмет көрсетті.

Ойылдың өнімдерін талап әкетті

 Шілденің алғашқы күні Ақтөбедегі «Табыс» базарында Ойыл ауданы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Ет өнімдерінің арзан болғаны соншалық — тұрғындар ауданнан келген өнімді лезде талап әкетіп жатты. Ауданның шаруалары қала тұрғындарына арзандатылған бағамен бір жарым тонна сиыр етін, 800 келі жылқы етін ұсынды. Сондай-ақ, бір тонна қой еті де «Табыстың» сөресінде көп тұрған жоқ. Таңғы сағат 7-ден басталған жәрмеңке қызу сауда алаңына айналды.

— Ауданнан 11 бас ірі қара, төрт жылқы, 20-25 бас қой әкелінді. Барлық еттің жалпы салмағы үш тоннадан асады. Бұдан басқа, сүт өнімдері де сөреге қойылды. 300 келіге тарта тары-талқан, құрт-ірімшік, 200 литрден астам қымыз, қаймақ, сары май өнімдері халыққа ұсынылды. Сиыр етінің бір келісі 1150 теңге, жылқыныкі — 1500 теңге, қойдың еті 1000 теңгеден сатылып жатыр, — деді Ойыл аудандық ауылшаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Дулат Нәубетов.

Ара балын өндіруші кәсіпкер де 100 келі таза өнімін арзан бағамен сатты. Ойылдың шұбаты мен қымызы және құртмайы — бәрі де тұтынушыларын тез тапты. Әрине, жәрмеңкеде тары болмаса, Ойылдың атына сын болар еді. Сол күні жәрмеңкеге әдейі тары іздеп келгендер қалағанын таңдап жүріп алды. Жәрмеңке басталысымен-ақ, 270 келі тары мен талқанды да талап әкетті.

— Жаңақоныс елді мекенінде тұрамын. «Табыс» базарына әр сенбі сайын келіп тұрамын. Себебі мұнда басқа базарлардан гөрі ет арзан бағамен сатылады. Мысалы, сиыр етінің алты келісі 6900 теңгеге шықты. Бәрі ұнап жатыр. Осындай жәрмеңкелер көп болса екен, — деді зейнеткер Ағилаш Ғалымова.

Берсиевтің ескерткіші өз көшесіне орнатылды

 «Ақ тарының атасы» атанған Шығанақ Берсиев — қарапайым диқан бола тұра, Ауыл шаруашылығы ғылым академиясын таңғалдырған тұлға. «Дала академигі» атанған тары өсіруші қазақстандық танк колоннасын жасақтауға 20 мың сом ақша, 362 пұт астық берген, тарының әр гектарынан 201 центнер өнім алып, дүниежүзілік рекорд орнатқан. Мұндай жоғары нәтижеге Берсиев тары тұқымын қыс бойы әзірлеп-баптау, мұқият іріктеу, көктемгі егісті дер кезінде жүргізу, егінді баптап-күту, орақты ысырапсыз өткізу арқылы жетті. Қазіргі таңда техника қанша дамыса да, Берсиевтің нәтижесіне әлі ешкім жете алмай отыр. Себебі ақ тарыны өсіру қол еңбегін қажет етеді. Берсиевтің ерен еңбегі тірі кезінде-ақ мойындалды. 1940 жылы ол Ленин орденімен марапатталды. 1944 жылы 63 жасында дүниеден озды. Екі жылдан кейін Ақтөбе қаласындағы А.Пушкин атындағы саябақта Берсиевтің ескерткіші орнатылды.

— Сол кездегі ескерткіш оның өлер алдындағы суреті негізінде жасалғандықтан, ауру адамның бейнесі екені көрініп тұрды. Осыны ескеріп, 2008 жылы ескерткіш реставрациядан өтті, — дейді Шығанақ Берсиевтің ұрпағы Мұхамбетқали Ешмұханов.

Алайда, Берсиевтің ескерткіші ағаштардың арасында көрінбей қалған соң оны өз көшесіне орын ауыстыру туралы ұсыныс-пікірлер көп түсіпті. Ақтөбе қалалық әкімдігі оны мақұлдаған. Сенбі күні ескерткіш Берсиев пен Некрасов көшерінің қиылысына көшіріліп орнатылды.

Оның жиені Мұхамбетқали Ешмұханов «Ақтөбе» газетінің тілшісіне нағашы атасына қатысты естелігін айтып берді.

«Сіздің үш балаңыз соғысқа аттанды. Төртіншісін қалдырайық», — депті командир. Алайда Шығанақ атам бұл ұсыныстан бас тартады. «Оның қалған балалардан қай жері артық? Төртіншісін де ала беріңіз. Егер бір адамды алып қалу керек болса, онда көрші кемпірдің жалғыз баласын алып қалыңдаршы», — депті ол…

Еске сала кетейік, Берсиевтің 16 баласы болған. Алайда кәмелет жасқа тек алтауы ғана жетеді: бес ұл және бір қыз. Соғысқа аттанған төрт ұлдың тек біреуі ғана еліне аман-есен оралған.

Салтанатты шарада театрландырылған қойылым өтті. Аудандық театрдың актерлері Шығанақ бағындырған белесті әсерлі сомдады. Аштық жайлаған уақыттағы Берсиевтің қажырлы еңбегін, адалдығын, төзімділігі мен сабырлылығын көрсете алған өнерпаздар көрермендердің зор ықыласына бөленді.

Көше бойында концертті тамашалаудан бөлек, тұрғындар тары-талқан жасауға қатысты аудандық музейдің жәдігерлерімен де таныса алды. Көпшілікке ХХ ғасырдың басында пайдаланылған егін құралдары, қол диірмені, қол орақ көрсетілді.

Тарыдан 20 түрлі тағам жасалды

 Сондай-ақ, тұрғындарға тарыдан жасалған 20 түрлі дәмді тағам ұсынылды. Айта кетейік, бұл тәтті тағамдарды аудандағы келіндер клубы әзірлеген. Үстел бетінде қазақтың шоколады — жент, сарымай мен қаймақ араласқан жанышпа, езілген құртқа жібітілген тары, сүтботқа, майталқан сияқты тағамның түр-түрі еліктіріп тұрды.

— Ауданда 20 зейнеткер әжейден құрылған клуб бар. Бұл клуб аудандағы барлық мәдени шараға қатысады. Ал былтыр оның жанынан келіндер клубы құрылды. Әжелеріміз жас келіндерге түрлі тағам жасауды, сондай-ақ, отбасындағы тыныштықты қалай сақтау керектігін үйретеді. Бұдан басқа, ауданда тұрмыс құрмаған қыздармен, колледж студенттерімен, жоғары класс оқушыларымен кездесіп, отбасылық өмір туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Мұндай келіндер клубы облыс бойынша тек Ойылда ғана бар, — деді Тәуелсіздіктің 20 жылдығы атындағы Мәдениет және демалыс орталығының директоры Айсұлу Мәмбетова.

Отбасылық немесе тұрмыстық қылмыстар Ойыл ауданында мүлдем кездеспейтін көрінеді. Сірә, бұл ұлттық салт-дәстүрге негізделген түсіндірме жұмыстарының нәтижесі болуы керек.

Ойылдың жеті кереметі

Сенбі күні кешкісін сағат 7-де Орталық мәдени саябақта Ойыл ауданы күндері аясында мерекелік концерт ұйымдастырылды.

— Бұл шараның ерекшілігі — Ойылдың жеті кереметі атты жеті тарихи орын туралы мәлімет, брендтік тағамдар, яғни тары-талқан, құртмай тұрғындарға ұсынылды. Сондай-ақ, ауданнан шыққан жеті тарихи тұлғаның портреті ілінді. Жеті киіз үй тігілді. Қаланың кез келген тұрғыны киіз үйлердің ішіне кіріп, тағамнан дәм татты. Себебі қазақта жеті — киелі сан, — деді Ойыл ауданы әкімі Бұлбұл Күзембаева.

Ойыл ауданының перзенті Бұлбұлай Бегімбетова жүннен көрпе тігумен айналысады. Соның қолөнер бұйымдары Астанадағы ЭКСПО көрмесінде қойылды.

— Шетелдіктер тарапынан сұраныс өте жоғары болды. Олар көбіне көрпе мен телефонға арналған қаптар сатып алды. Табиғи таза жүннен жасалғандығына таңғалыс білдірді, — дейді ол.

Мәдени шараны тамашалаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Оның айтуынша, ел дамуына зор еңбегі сіңген Шығанақ Берсиев сияқты тұлғаларды дәріптеудің арқасында жастар тәрбие мен үлгі алады.

— Өткен тарихымызды ұмытсақ, болашақтың болуы екіталай. Шығанақ Берсиев секілді жерлестермен мақтануымыз керек, — деді өңір басшысы.

Қамбар МҰҚАШЕВ.

 

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями