Бүгін Мағжан Жұмабаевтың дүниеге келгеніне 124 жыл

Дата: 25 июня 2017 в 10:23


Бүгін Мағжан Жұмабаевтың дүниеге келгеніне 124 жыл
Бүгін Кеңес өкіметінің билігі тұсында қазақ әдебиетінің тарихынан жазықсыз сызылып тасталған тұлғалардың бірі — Мағжан Жұмабаевтың туған күні. Талантты ақынның есімі де, маржан жырлары да бұл кезеңде идеологиялық қудалауға ұшырады.

Азат өмірді, халқының тәуелсіз ел болған қалпын көруге ұмтылған, сол жолда білегіндегі күшімен де, жүрегіндегі жырымен де күресіп өткен қайраткер ақынның тағдыры аса күрделі белестерді бастан кешірді. Мағжан Солтүстік Қазақстан облысының Булаев ауданында туған. Әуелі ауыл молдасынан сабақ алады. Бұдан соң әкесі Бекен Мағжанды Қызылжардағы Бегішев медресесіне оқуға береді.

Мұсылмандық орташа дәрежелі білім беретін бұл медресені бес жылдай оқып бітірген соң, 1910-1913 жылдары Уфа қаласында «Ғалия» медресесінде оқиды. Осында жүріп «Садақ» журналын шығарысып, өзінің өлеңдерін жариялайды. Абайдың өлеңдер жинағымен танысады, татар ақын-жазушыларымен достасады.

Араб, парсы, түрік тілдерін оқып үйренуін жалғастырады. Орыс тілінен сабақ алады. Абай үлгісімен Шығыс пен Батыс поэзиясынан бірдей нәр алады.

1913-1917 жылдары Омбыдағы мұғалімдер даярлайтын семинарияда оқып, оны үздік бітіреді. Омбыда оқып жүрген кезінде сондағы жастармен тізе қосып, «Бірлік» әдеби үйірмесін құрысып, оның «Балапан» атты қолжазба әдеби журналын редакциялайды.

1917-1923 жылдары «Бостандық туы», «Ақжол» газеттерінде және «Шолпан» журналында істеп жүріп халық ағарту жұмысына белсене араласады. 1923-1926 жылдары Мәскеуде көркем әдебиет институтында оқиды.

1927-1929 жылдары Бурабайда, одан соң Петропавлда оқытушылық қызметтер атқарады. 1912 жылы Қазан шаһарында «Шолпан» атты өлеңдер жинағы жарық көреді. «Батыр Баян», «Оқжетпестің қиясында», «Қойлыбайдың қобызы», «Өтірік ертегі», «Шын ертегі» поэмаларында адам жанының, психологиялық әлемнің құпия сырларын, иірімдерін, даму диалектикасын асқан шеберлікпен кестелеп өрнектей білген.

Кеңес жылдары екі өлеңдер жинағын жариялаған. Алғашқысы — 1922 жылы Қазанда, екіншісі Ташкентте басылып шыққан. Мектеп оқушыларына, мұғалімдерге арнап «Педагогика», «Бастауыш мектепте ана тілін оқыту жөні» еңбектерін жариялаған.

1929 жылы Жұмабаев «Алқа» атты жасырын ұйым құрғаны үшін деген айыптаулармен Мәскеудегі Бутырка түрмесіне қамалып, 10 жыл айдауға кесілген. 1936 жылы М. Горький мен Е. Пешкованың араласуымен бостандық алып, Қазақстанға оралып, Петропавл қаласындағы мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берген.

1937 жылы наурызда Мағжан Жұмабаев Алматыға келіп, аударма ісімен айналысқан. 1938 жылы қайтадан қамауға алынып, ату жазасына кесілген. М. Жұмабаевтың «Алыстағы бауырыма» өлеңін Мұстафа Шоқай «Яш Түркістан» журналында жариялай отырып, оны түрікшілдік күресі үшін ең пайдалы өлең деп бағалаған.

Жұмабаев — философ ақын. Ақын «Қорқыт» поэмасында философиядағы мәңгілік тақырып — өмір мен өлім мәселесін Қорқыт пен ажалдың аңдысуы түрінде суреттеген.

Жұмабаев Ақан сері, Базар жырау, Әбубәкір Диваев туралы зерттеу үлгілерін жинауға жәрдемдескен. Ол әлемнің және орыстың ақын-жазушылары И. Гете, Г. Гейне, Әбу Фирас, А. Кольцов, М. Лермонтов, А. Фет, И. Дмитриев, И. Мятлов, А. Блок өлеңдерін, М. Горький, В. Иванов, Д. Мамин-Сибиряк, т.б. әңгімелерін қазақ тіліне аударған.

Жұмабаев «Шолпанның күнәсі» әңгімесі арқылы қазақ әдебиетіне психологиялық талдау, сана ағымы әдістерін енгізген. Әдеби шығармаларымен бірге Мағжанның қаламынан туған ғылыми еңбектер, оқу құралдары да кезінде халқының қызметіне жарап, елеулі мәнге ие болды. Жастарды оқу, білімге шақырған қаламгер педагогика саласында бірқатар еңбек жазды.

1923 жылы Ташкентте «Педагогика» атты кітап шығарды. Сонымен бірге 1928 жылы Мәскеуде төменгі сынып шәкірттеріне арналған «Сауатты бол» атты оқулығы жарық көреді. Ақын 1960 жылы ақталған соң, кітаптары Түркияда жарық көре бастаған. Қазақстанда Жұмабаев шығармалары 1989 жылы ғана қайтадан жариялана бастады.

Алматы, Астана және Петропавл қалаларында көшелерге Жұмабаев есімі берілген. Петропавл қаласында және ақынның туған ауылында ескерткіш қойылған. Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы Булаев ауданы М. Жұмабаев ауданы болып аталды.


Казинформ

По сообщению сайта Матрица.kz

Поделитесь новостью с друзьями

Читайте также