Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

Ақтөбеде алғаш рет Ә.Молдағұлованың құрметіне халықаралық турнир ұйымдастырылды

Дата: 09 мая 2017 в 00:12 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Ақтөбеде алғаш рет Ә.Молдағұлованың құрметіне халықаралық турнир ұйымдастырылды

Ақтөбеде алғаш рет Жеңіс мерекесі қарсаңында Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованы еске алуға арналған ерлер арасында дзюдодан халықаралық турнир ұйымдастырылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, грек-рим күресінен Мәскеу олимпиадасының чемпионы, КСРО еңбек сіңірген спорт шебері Жақсылық Үшкемпіров, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев және Әлияның сіңілісі Әліп Үсенова қатысты.

Жарыс теннистен облыстық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде өтті. Шараның салтанатты ашылуында алдымен батыр қыз туралы бейнекөрініс көрсетілді. Соғыс жылдарындағы Әлияның ерлігі мен өмір жолынан мағлұмат берілді. Бұдан кейін батыр қыздың сіңлісі Әліп Үсеноваға сөз беріліп, ол шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған облыс басшысына ризашылығын білдірді.

Ал шараның басты қонақтары Бақытжан Ертаев пен Жақсылық Үшкемпіров  шараның жастарды патриоттық тұрғыда тәрбиелеуге ықпалы зор екенін айтып, жас спортшыларға сәттілік тіледі. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жиналған жұртшылықты Жеңіс мерекесімен құттықтады.

— Бүгінгідей бейбіт өмір бабаларымыздың қанымен келгенін кейінгі ұрпақ ұмытпауы тиіс.  Қанқұйлы соғыс жылдарында өліммен күн сайын бетпе-бет келген қаршадай қазақ қызы небары 19 жасында ерлікпен қаза тапты. Өзінің Отаны үшін, елі үшін өмірін қиды. Бүгінгі халықаралық турнирдің мақсаты да — осы,  Әлиядай батыр қыздың ерлігін ұлықтау, жас ұрпаққа үлгі ету, өз елі үшін аянбай тер төгіп, еңбек етуге үндеу. Бүгінгі шараға қазақтың атын әлемге танытқан Жақсылық Үшкемпіров пен Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев келіп отыр. Бұл азаматтар түрлі іс-шараларға қарамастан алтын уақыттарын бөліп, сіздермен жүздесіп, турнирді тамашалауға келді. Осының өзі жарыстың беделі мен мәртебесін асқақтата түседі. Бұл азаматтардың еңбек жолы сіздерге үлгі болады, — деген өңір басшысы қатысушыларға сәттілік тіледі.

Турнирге Ресей, Грузия, Өзбекстан елдері мен еліміздің барлық аймағынан 200-ге тарта палуан қатысты. Олар   жеті салмақ дәрежесі бойынша күш сынасты.

Дзюдо федерациясының даму жөніндегі директоры Асхат Житкеев  алдағы уақытта турнирді тұрақты түрде өткізу жоспарда бар екенін айтты.

— Жеңіс мерекесі қарсаңында Ақтөбеде үлкен сайыс ұйымдастырылып отыр. Бұл жастарды патриоттық тұрғыда тәрбиелеуге, дзюдо спортының дамуына үлкен ықпалын тигізеді. Жалпы соңғы жылдары бұл спорт түріне қызығушылардың саны артты. Олимпиада ойындарынан кейін жастарымыздың  қатары тіпті көбейді. Қазіргі күні Елдос Сметов секілді спортшыларымыздың соңынан еріп келе жатқан жастар көп. Сондықтан бұл шараны  жыл сайын өткізу жоспарда бар. Және бұл жолы тек қана ерлер арасында ұйымдастырылса, келер жылы әйелдер арасында да өткізгіміз келеді, — деді Асхат Житкеев.

Дзюдодан Қазақстанның бас бапкері Ермек Иманбаев келер жылы финалға шыққан палуанға спорт шебері атағы берілетінін, ал бұл жолғы жарыстың өте тартысты өтіп жатқанын айтты.

Жарыс екі күнге созылады. Соңында жеңімпаздар әр салмақ дәрежесі бойынша диплом және медальдармен марапатталады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті