Елбасы мақаласы — рухани жаңғыру тетігі

Дата: 13 апреля 2017 в 22:02 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Елбасы мақаласы — рухани жаңғыру тетігі

«Нұр Отан» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының күмбезді залында ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын талқылауға арналған отырыс өтті.

Жиынға облыс әкімінің міндетін атқарушы Жаңабай Бексары, облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың басшылары мен қызметкерлері, белсенді жастар қатысты.

Жиынды облыс әкімінің міндетін атқарушы Жаңабай Бексары жүргізіп отырды.

— Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын маңызды саяси-идеологиялық құжат деп айтуға болады. Себебі бұл мақалада ұлттық құндылықтарымыз, мемлекеттің ұлттық құрылымы, қазақ елінің тарихи мұралары туралы  айтылады. Біздің бүгінгі ең басты мақсатымыз — елімізді дамыған 30 елдің қатарына енгізу. Сондықтан Елбасы мақаласында заманға сәйкес жаңғыру, оның ішінде рухани жаңғыру мәселесі жан-жақты талданып, таяу жылдарға ауқымды міндеттер қойылып отыр, — деді Ж.Бексары.

Отырыста Елбасының мақаласы туралы зиялы қауым өкілдері өздерінің ой-пікірлерін білдірді. Алғашқы болып Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Адырна» әдеби журналының бас редакторы Мейірхан Ақдәулетұлы Елбасы мақаласының маңыздылығына тоқталып, онда айтылған мәселелердің елге, халыққа берері көп екенін жеткізді.

Отырыста Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Рахым Бекназаров Елбасы мақаласында айтылған білім беру, тарих, өлкетану салаларына қатысты өз пікірін білдіріп, бүгінгі күні университетте жасалып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.

Өз сөзінде Рақым Бекназаров жас ұрпақты қазіргі заман мүддесіне қалыптастыру жолдары университеттегі білім мен тәрбиенің әлеуметтік және дүниетанымдық мәселелерді зерттеу орталығы, гуманитарлық зерттеу институты, университет-мектеп,  ғылыми-педагогикалық зерттеу орталықтары арқылы жан-жақты қаралып, осы бағытта жүйелі

жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Жиында философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы Елбасының мақаласында айтылған қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесі бұған дейін де бірнеше рет көтерілгенін, сондай-ақ бұл бастама еліміз үшін үдемелі ілгерілеушіліктің қадамы екенін жеткізді. Алайда профессор бұл тұрғыда әлі де елімізде даярлық шараларын жүргізу керектігін, бүгінгі қоғамда тіл мәселесі ауқымды мәселелердің бірі екенін атап өтті.

Жиында сондай-ақ М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің  кафедра жетекшісі, профессор Алтай Тайжанов, Ақтөбе көлік және жаңа технологиялар колледжінің директоры Жеңісгүл Мұхамбетпайызова, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің оқытушысы Жайық Сұлтан, Ш.Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейінің қызметкері Медет Құлмұхановтар сөз сөйлеп, ойларын ортаға салды. Еліміздің қайта түлеуіне бағытталған көлемді мақалада айтылған бастамаларды алдағы уақытта жұмыла жүзеге асыруға шақырды.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Поделитесь новостью с друзьями