Суағарсыз суға кетеміз

Дата: 11 апреля 2017 в 18:52

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Ақтөбе қаласындағы Мәскеу шағын ауданының тұрғындары қыста қар суынан, жазда жаңбырдың салдарынан зардап шегеді. Қайбір жылдары су қоймасы ернегінен тасып, су астында қалып қойған кездері де болған. Содан үрейленген халық көмекті биліктен күтіп отырады. Қыста әкімшілік тарапынан қарын екі рет күресе де, балшығынан құтыла алған жоқ. Кінәнің барлығын осыған жауапты адамдарды жазғырып, тіпті әкімге де реніштерін айтып жатады.

Меніңше, кінәні басшылықтан емес, өзімізден іздеген дұрыс сияқты. Ертеректе әр көшенің бойында суағарлар болды. Сол суағарлардың барлығы бұл күнде көміліп, жермен-жексен болып қалды. Көміп тастаған да өздеріміз. Оған түрлі себептер бар. Үйінен шыққан күл-қоқысты сыртқа шығарып тастауға ерінгендер үйінің қасындағы арықты пайдаланады. Өз елінің мәдениетіне салғырт қарайтындарды жауапқа тартпаса, бұл әдет қайталана беруі әбден мүмкін. Осыған  қала басшысы көңіл бөліп, көшелерге суағар жасап берсе, сәлде болса түйткілдерден құтылар едік. Қазіргі таңда көшелермен жүруден қалдық. Мектеп пен үйдің арасына әрең жететін оқушылардың киімдері балшық-балшық болады. Қыста қарына омбалап, жазда жаңбырдан кейінгі балшықтан шаршадық. Кейбір көшелеріміздің ойылып қалғаны соншалық, адам түгілі, машинаның өзі жүре алмайды. Ойылған көшелерді асфальттап бермесе де, қиыршақ тастармен жабуға болады ғой. Мен көтеріп отырған осы мәселе жеке басымның қамы емес. Сондықтан атүсті  қарамай, көңіл бөлгендеріңізді  қалаймын.

 Талғат  ТІЛЕУЛЕСОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Ақтөбе қаласы.