Жаңа Еңбек Кодексіндегі еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзу негіздері қандай?

Дата: 19 апреля 2016 в 15:26 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Қазақстан Республикасының 15 мамыр 2007 жылғы Еңбек Кодексінің күші 23 қараша 2015 жылғы № 414-V санды Қазақстан Республикасының Заңымен күшін жойылып, жаңа Еңбек Кодексі қабылданып, 01 қаңтар 2016 жылдан бастап күшіне енген.

Жас мемлекетіміз ішкі және сыртқы экономикасы мен әлеуметтік жағдайын жақсартуға бет алып, замана көшіне ілесіп келе жатқан заманда елімізде жұмыс берушілер мен жұмыскерлер саны артатыны белгілі. Бұл негізде жаңа Еңбек Кодексіндегі жұмыс берушінің бастамасымен еңбек шартын бұзу негіздері ұлғайып отыр.

Атап айтап болсақ, Қазақстан Республикасы Еңбек Кодексінің 52 бабының 1 бөлігіне сәйкес жұмыскермен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша 25 тармақпен қамтылған негіздерде бұзылады.

Атап айтап болсақ, келесідей жағдайлардың бірінде:

  1. жұмыс беруші — заңды тұлға таратылған не жұмыс беруші — жеке тұлғаның қызметі тоқтатылған;
  2. жұмыскерлер саны немесе штаты қысқартылған;
  3. жұмыс берушінің экономикалық жай-күйінің нашарлауына әкеп соққан өндіріс, орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер көлемі төмендеген;
  4. аттестаттау нәтижелерімен расталған біліктілігінің жеткіліксіздігі салдарынан жұмыскер атқаратын лауазымына немесе орындайтын жұмысына сәйкес келмеген;
  5. өндірістік қызметті жүзеге асыратын ұйымның еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты жұмыскері еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау немесе өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша білімін тексеруден қайтадан өтпеген;
  6. жұмысты жалғастыруына кедергі келтіретін және оны жалғастыру мүмкіндігін болғызбайтын денсаулық жағдайының салдарынан жұмыскер атқаратын лауазымына немесе орындайтын жұмысына сәйкес келмеген;
  7. сынақ мерзімі кезеңінде жұмыс нәтижесі теріс болған;
  8. жұмыскер бір жұмыс күні (жұмыс ауысымы) ішінде дәлелді себепсіз үш және одан да көп сағат бойы жұмыста болмаған;
  9. жұмыскер жұмыста алкогольдік, есірткілік, психотроптық, уытқұмарлық масаңдық (соларға ұқсас) жағдайында болған, оның ішінде жұмыс күні ішінде алкогольдік, есірткілік, уытқұмарлық масаңдық (соларға ұқсас) жағдайын туғызатын заттарды пайдаланған;
  10. тиісті актімен расталған, алкогольдік, есірткілік, уытқұмарлық масаңдық жағдайын туғызатын заттарды пайдалану фактісін анықтау үшін медициналық куәландырудан өтуден бас тартқан;
  11. өндірістік жарақаттар мен аварияларды қоса алғанда, ауыр зардаптарға әкеп соққан немесе әкеп соғуы мүмкін, еңбекті қорғау немесе өрт қауіпсіздігі не көліктегі қозғалыс қауіпсіздігі қағидаларын жұмыскер бұзған;
  12. заңды күшіне енген сот үкімімен немесе қаулысымен анықталған, жұмыскер жұмыс орнында бөтен мүлікті ұрлаған (оның ішінде ұсақ ұрлық), оны қасақана жойған немесе бүлдірген;
  13. ақшалай немесе тауарлық құндылықтарға қызмет көрсететін жұмыскер кінәлі әрекеттер жасаған немесе әрекетсіздігі, егер бұл әрекеттер немесе әрекетсіздік жұмыс берушінің тарапынан оған деген сенімнің жоғалуына негіз болған;
  14. тәрбиелеу функцияларын атқаратын жұмыскер осы жұмысын жалғастырумен сыйыспайтын, моральға қайшы қылықтар жасаған;
  15. жұмыскер еңбек міндеттерін орындауға байланысты өзіне мәлім болған мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жария еткен;
  16. тәртіптік жазасы бар жұмыскер еңбек міндеттерін дәлелді себепсіз қайталап орындамаған немесе қайталап тиісінше орындамаған;
  17. егер төлнұсқа құжаттар немесе мәліметтер еңбек шартын жасасудан немесе басқа жұмысқа ауысудан бас тартуға негіз болатын болса, еңбек шартын жасасу не басқа жұмысқа ауыстыру кезінде жұмыскер жұмыс берушіге көрінеу жалған құжаттар немесе мәліметтер ұсынған;
  18. жұмыс берушіге материалдық нұқсан келтіруге әкеп соққан, жұмыс берушінің атқарушы органы басшысының, оның орынбасарының не жұмыс беруші бөлімшесі (жұмыс берушінің актісінде айқындалған жұмыс берушінің филиалдары, өкілдіктері және өзге де бөлімшелері) басшысының еңбек міндеттерін бұзған;
  19. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда жұмыскердің мемлекеттік құпияларға берілген рұқсаты тоқтатылған;
  20. жұмыскер жүктілігіне және босануға байланысты демалыста болған, сондай-ақ егер ауру денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган бекітетін еңбекке қабілетсіздіктің неғұрлым ұзақ мерзімі белгіленген аурулар тізбесіне енгізілген жағдайларды қоспағанда, жұмыскер еңбекке уақытша қабілетсіздігі салдарынан қатарынан екі айдан астам уақыт жұмысқа шықпаған жағдайларда бұзылуы мүмкін.  Өндірістік жарақаттануына немесе кәсіптік ауруға шалдығуына байланысты еңбекке қабілеттілігінен айырылған жұмыскердің жұмыс орны (лауазымы) еңбекке қабілеттілігі қалпына келгенге немесе мүгедектік белгіленгенге дейін сақталады;
  21. Қазақстан Республикасының заңдарында тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, жұмыскер заңды күшіне енген сот актісіне сәйкес одан әрі жұмыс істеу мүмкіндігін жоятын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған;
  22. соттың ереуілді заңсыз деп тану туралы не ереуілді тоқтата тұру туралы шешімі жұмыскердің назарына жеткізілгеннен кейін ол ереуілге қатысуды жалғастырған;
  23. заңды тұлға мүлкінің меншік иесінің не меншік иесі уәкілеттік берген тұлғаның (органның) немесе заңды тұлғаның уәкілетті органының шешімімен атқарушы орган басшысының, заңды тұлғаның алқалы атқарушы органы мүшелерінің, сондай-ақ «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ішкі аудит қызметі жұмыскерлерінің және корпоративтік хатшының өкілеттіктері тоқтатылған;
  24. тараптардың өзара келісімі бойынша еңбек шартының мерзімін жыл сайын ұзарту құқығы бар жұмыскер «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген зейнеткерлік жасқа толған;
  25. жұмыскер жұмыс берушіге белгісіз себептер бойынша бір айдан астам жұмыста болмаған жағдайларда бұзылуы мүмкін.

Осы баптың 2 бөлігіне сәйкес қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шарты осы жұмыс ол үшін негізгі болып табылатын жұмыскермен еңбек шартын жасасқан жағдайда жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзылуы мүмкін.

Аталған негіздер құқықтық мемлекетіміздегі еңбек заңнамаларының қатаң сақталуына, жұмыс беруші мен жұмыскерлердің еңбекке жауапты қарауына жағдай туғызады. Қазірде Елбасымыздың бастамасымен жас ұрпаққа техникалық білім беру мен оларды жұмысқа орналастыру жоспарлануда, осы негізде жұмыскерлердің жұмысқа деген жауаптылығына деген бәсекелестікте көрініс табатыны айқын. Жұмысқа жауаптылық қоғамның айырылмас бір бөлшегі, бір жұмыскердің мойнында адам өмірі тұрса, енді бірі — адам өмірінің қауіпсіздігіне, енді бірі — қоршаған ортаның тазалығына, енді бірі — адамның тағдырына, енді бірі –болашақ ұрпақтың білім алуына жауап береді деген сияқты сан қилы мамандық иелерінің өз жұмысына ұқыптылығынан туындайды. Бәсекеге қабілеттілік таныту жас мемлекетіміздің байырғы мақсаты десек, еңбек заңнамалары талаптарының нақты орындалуына назар аударайық ағайын.

Сырым аудандық
сотының судьясы
Э.С.Атчибаева

По сообщению сайта Новости пресс-служб