Facebook | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

«Бұл ғасырдың әдемі өлеңі! . .»

Дата: 15 мая 2014 в 09:22 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

«Бұл ғасырдың әдемі өлеңі! . .»

 АСТАНА. 15 мамыр. BAQ.KZ – Бүгін Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Дәурен Берікқажыұлы орда бұзар отыз жасқа келді. Замандас ақын 1974 жылы 15 мамырда Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Қарабұта ауылында дүниеге келген. Өлеңдері 1994 жылдан бері республикалық газет-журналдарда үзбей жарияланып келеді. «Оттегім менің, от демім менің – жырларым», «Отырар кітапханасы» сериясымен шыққан «Ante meridiem», «Алдаспанның арызы» және «Гүл мен қылыш жырлары» сияқты бірнеше жинақтардың авторы. С.Томанов атындағы республикалық мүшәйраның бас жүлдегері. 2008 жылғы Эдинбург (Шотландия) Халықаралық Кітап фестивалінің арнайы қонағы. Бірқатар өлеңдері Николай Переясловтың аудармасымен «Литературная Россия» газеті мен ТМД жас ақындарының «Содружество дебютов» жинағында жарық көрген.

 Мәжнүн қылған бұл жалғанда бір бес күн,
Сені бір рет көрсем деумен күн кештім!
Сені бір рет көрсем деумен мұң кешкен
Мен сияқты бола қоймас жынды ешкім!

Одан өзге тілек жоқтай...
Құдірет!
Сені бір рет көрсем дедім, бір рет!
Сонау күннен сызылмай һәм сүртілмей,
Көз алдымда қалып қойған сүгірет.

Құдайақы,
нарқы бөлек нұр едің,
Сені ойласам болды құстай түледім,
Сен кімді жолықтырғаныңды білмессің,
Бірақ, кімді сүйгенімді мен білемін.

Содан болар қадір білмес,
білмес құн,
Жұрт ішінде сен бар деп тек күн кештім.
Одан артық азап бар деп білмеспін,
Одан артық ғажап бар деп білмеспін!

Басқа арман, тілек жоқтай...
Құдірет!
Сені бір рет көрсем дедім, бір рет!
Көрген түстей ардақты һәм аяулы,
Көз алдымда қалып қойған сүгірет.
*
Қайта-қайта қарасам да тоя алмай
Түсімде де сені көрем ой, Алла-ай!
Осыншалық тәтті болар ма едің сен
Шыға келсең тұтас жұтып қоярдай...

Жаным қояр жер таппадым көргеннен...
Өлген сезім қайта оянды, өлген дем!
Ең лайықты сен тұрғанда жүректі
Қалай көпке жұлмалата бергем мен?!

Жанарыңмен өмір сыйлап жап-жарық
Жан-дүниемді кеттің бірақ ақтарып!
Сені көрген сәттен бастап мен жүрмін
Жарылуға һәм жылауға шақ қалып.

Мұндай өртті бұрын-соңды кім көрген...
Азабыма азап қосты түн келген.
Жаным күйіп кетер ме екен жеткенше
Мәжнүн құсап сені сүйіп үлгерген?

Тағдырыма осы болса тиесі
Жынды адамдай Дәурен кешкен күй осы.
Мені бекер өртедің-ау беймезгіл
Ең әдемі көздің көркем иесі!
*
Сен – ақсың ғой...
ақ болғасын жылайсың!
Ақ болғасын,
пәк болғасын ұнайсың.
Құдайақы,
сен сияқты ешкімді
Жылатпағам,
ұнатпағам бұлай шын.

Әр сөзіме
болғаныммен қырағы
Жоқ дей қалсаң
жылатқым кеп тұрады.
Қысқа күнде
қырық мәрте құлпырып
Есімді алған
ерке еліктің лағы!

Дүн-дүние...
дір етер сәт дүр ғалам
Жоқ дей көрме!
Жоқ дей қалсаң жынданам.
Қараөткелде
қалсын десең бір шайыр
Махаббатты
махаббатпен жырлаған.

Сен – ақсың ғой...
ақ болғасын жылайсың!
Ақ болғасын,
пәк болғасын ұнайсың.
Құдайақы,
сен сияқты ешкімді
Жылатпағам,
ұнатпағам бұлай шын.
*
Сен түсіме кірген күн
Түс емес-ау, нұр көрдім!
Көкірегім мөлдіреп
Мәжнүн болып үлгердім.

Сен түсіме кірген күн
Түс емес-ау, гүл көрдім!
Ортасында жүр екем
Кілең ғажап үндердің.

Сен түсіме кірген күн
Түс емес-ау, мұң көрдім!
Көшіп апты көзіңе
Күрсінісі түндердің.

Сен түсіме кірген күн
Қайта-қайта күрмелдім...
Өмір көріп өксіген
Тор көзінен шілтердің!
*
Жалтақтамай, жасырмай,
егер Сізге
Бір сыр ашсам,
шынымен сенесіз бе?
Алматыны арулап,
ақшам түссе
Көз алдыма тұрасыз
келесіз де!

Кейде қатал болатын,
кейде ізгі –
Жұмбағы көп
Перизат дей ме Сізді?!
Өксігі мол, әйтеуір,
өмірімнен
Өшіре алмай
дал болдым бейнеңізді.

Торыққанда
Сіз болып тылсым әнім
(қанша күнге жетеді
бұл шыдамым?)...
Көзбен айтқым келгенмен
бірдеңені,
Кездескен сәт
тағы да тұншығамын.

Сіз болсаңыз
көрсетіп ізет, қылық,
Шашыңызды немесе
түзеп...күліп,
Мен сияқты жігітке
ақыр соңы
Жолыңызды қоясыз
күзеттіріп.

Дәл осылай
таңға ұрып таңды тағы,
Бір қиялды
бір бейне қаңғытады.
Бал ашқанмен
баянды болармысыз,
Мұңым болған
бақыттың барқыт әні?

 


CИМУЛЯЦИЯ


Тұра бер шырайыңды бермегендей,
Тұра бер көрсең дағы көрмегендей.
Мен байғұс көздер үшін көлденең кей
Болайын өп-өтірік терлегендей.

Сыр бермей, сыртың бермей, сылдыр көлдей
Күліп қой таныстарың күлдіргендей.
Сиқырланған мен болсам сасқанымнан
Болайын басқаға ізет білдіргендей.

Нұрланып та үлгерген, сұрланып та
Көрсетейік өтірік түр халыққа.
Тұрғандай болсын бәрі өз орнында,
Тұрғандай болсын өмір бір қалыпта.

Таңы бөлек ататын, татар дәмі
Жолаушыдай болайық сапардағы.
Бір-біріне тәкаппар түр көрсеткен
Біз дейсің бе жалғыз-ақ шаһардағы?!

Аялауға тұрмайтын, аяуға да
Аяр тірлік қозғалтқан баяу ғана
Қазір бізді екіге айырады
Тағдыр дейтін тасжүрек аялдама.

Содан кейін жүрекке зарық тұнып,
Ішімізден егіліп, жанып, тынып,
Жібереміз өзіміз өзімізді
Көшелердің ішіне лақтырып.

Күй кешеміз содан соң терлегендей,
Күй кешеміз содан соң көрмегендей.
Содан кейін қаптаған «өліктермен»
Өмір сүріп жүреміз өлмегендей.
*
Жөңкілген мынау жұрттың арасынан
Жанарыңды таба алмай аласұрам.
Қайта-қайта көшеде қадалатын
Сенікіндей айтпайды қарашық ән!
Сенікіндей —
кездессе түнек бұзып,
Кете алмайды жүректі дір еткізіп!
Сол күйінше тұрады өмір өксіп,
Сол күйінше қалады тілек бұзық...

Сенікіндей —
қараса гүлге айналып,
дем ауырлап, қалмайды тіл байланып!
Сол баяғы музыка мағынасыз,
Сол баяғы шуақсыз шымқай жарық...

Солай бәрі:
сұр тірлік, сырттан аспан,
Қиқар тағдыр күледі қырт таласқан.
Жаутаң-жаутаң қараймын көзіңді іздеп
Жалғыз иттей иен бір жұртта адасқан!
*
Көздеріңнің бір ойланып, бір күлген
Өзекті өртер дерт боларын кім білген?!
Бір-ақ рет билеймін деп өзіңмен
Біраз уақыт есеңгіреп жүрдім мен.

Біраз уақыт өз-өзіме келе алмай,
Біраз уақыт ақылыма ере алмай,
Жынды болдым көз алдымнан біраз күн
Сенен басқа жан адамды көре алмай.

Арбап және әдеттенген жиі алдап
Саусағыма сарқылмаған сиямды ап
Біразырақ ақын да боп үлгердім
Біраз уақыт оны-мұны қиялдап.

Сүйемін деп, айтпасаң да сенем деп,
Тосын хабар алатындай сенен бек
Ханзададай асыл затын жоғалтқан
Біраз уақыт жүрдім әйтеу елеңдеп.

Біраз уақыт арқыратып, бірер күн...
Біраз уақыт өзің болып күлер түн?!
Біраз дейтін бірақ осы бір сөзде
Тұтас тағдыр тұрғандығын білер кім?
*
Сізді көрдім тағы да...
Сізді көрдім.
Жүз жылармын мен енді,
жүз күлермін!
Мен сияқты Сізді іздеп
ғаламтордан,
Мен сияқты Сізді ойлап,
үздігер кім?

Жан жуытпас едіңіз
жасыңызда,
Кім болды екен мына жан...
қасыңызда?
Қыз-қыз қайнап...
әйтеуір қарай бердім
Қол тимеген
қап-қара шашыңызға.

Мұң тұнғандай мына жерде
көзіңізге...
(Тым құлпырып кетіпсіз
өзіңіз де!)
Не боп кетті, расында,
тағдырыңыз
Сізді маған қоспаған,
мені сізге?

Дедіңіз бе
бастайды сезім бүлік,
Тағып апсыз тағы да
көзілдірік.
Мына жерде...
жып-жылы жымиясыз
Жаныңыздың шаттығын
сезіндіріп.

Көкірегіңді жазатын
шерге толған –
Ой, Алла-ай,
мына жерде мен де болғам.
...мониторға тесіліп
қатып қаппын
Періштені көргендей
жерге қонған!

Сізді көрдім тағы да,
Сізді көрдім.
Күзгі желдей мен де енді
үздігермін.
Қарашада
қайғымды қалыңдатып,
Кім жіберген үстіне
Сізді жердің?
*
Саған неге қарай бергім келеді...
Сенен неге арай көргім келеді?
Бұл ғасырдың әлі күнге жазылып
Үлгермеген ең әдемі өлеңі!

Қарай берер не тылсым бар өзіңде,
Арай көрер не тылсым бар көзіңде?
Жан-дүниемді селк еткізер соншалық
Ештеңеге селт етпейтін кезімде!

Әнтек күліп, әнтек қана жымиып,
Небір ойға батырдың-ау тұңғиық.
Тәңірімдей табиғаты тым жұмбақ,
Әмірімдей дәрежесі тым биік!
Қаса сұлу сен боларсың мен көрген,
Қаса сұлу сен боларсың ел көрген -
Сау ақындар көрген мезет жынданып,
Жынды ақындар көрген мезет сенделген!

Саған ғана қарай бергім келеді...
Сенен ғана арай көргім келеді!
Бұл ғасырдың әлі күнге жазылып
Үлгермеген ең әдемі өлеңі!

По сообщению сайта Baq.kz