Facebook | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Ұлт деген ұлы ынтымақтастық

Дата: 27 февраля 2014 в 16:32 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Амангелді Айталы — профессор                                                      

философия  ғылымдарының докторы.

 (Жалғасы)

 Н.Ә.Назарбаев:  «Биыл, ресми деректер бойынша, қазақтар елімізде 65 %-дан   асты» —  деп жариялады. БҰҰ өлшемі бойынша,  бұл — мемлекетіміз ұлттық сипат алды дегенді білдіреді. Бірақ қазақ ұлт болып ұйысты  дегенді білдірмейді. Президент ең бастысы,  қазақ ұлтының тұтастығын, бірлігін алға тартты.

Тарихи атамекені  бар, сол жерде тұрып жатқан халықты әлі ұлт деуге болмайды. Миллиондаған қазақ бармыз, біразымыз шетте жүр. Жер жағынан тоғызыншы  орындамыз, бірақ тіліміздің, мәдениетіміздің, дініміздің, дәстүріміздің толық иесі емеспіз. Қазақтың статистикалық саны мен сапасы алшақ.

Еврейлер тарыдай шашылып, тілі, дінінен айырылғанымен, Израильде шоғырланып ел болып отыр және қандай ұлт! Еврейлер ұлттық мүддені қорғауда артық кетер, бірақ ешкімнен кем түспейді!

Бүгінде басқа тілге ауысқан, басқа дінге өткен, әртүрлі партияға, руға, жүзге бөлінген, бірақ тегі бір, қаны бір қазақтың басын, қазақ тілі, қазақ мәдениеті, мұсылман діні негізінде біріктіру қажеттігі туып отыр. Қазақтың бірлігі — біздің мақсатымыз, сонымен бірге,  сол мақсатқа жетудің жолы.

Қазақтың бір-бірін қолдауы  ұлтшылдық емес, тамыр-таныстық қазаққа пайда беретін болса қолдау керек, одан  ұтылмаймыз. Біздің ұлтшылдығымыз — патриотизм, қазақтың мәртебесін өсіру. Өзін сыйламаған, басқаны да құрметтей алмайды. Өз қанына жақындарды тарту,  тегі бір адами  орта жасау бізге тиімді.

Ұлттық мамандар даярлау —  қасиетті іс. «Кадры решают все», — деп тегін айтылмаған. Кадрлар — біздің ертеңіміз. Әрбір жоғары оқу орны — ұлттық кадрлар даярлайтын ұстахана. Басқалардың қолынан келген іс қазақтың да қолынан келеді. Басқалардың білгенін біз де біле аламыз. Біз өзіміздің бағамызды  білуіміз керек.

Мәселе —  кадрлар сабақтастығында. Қай заманда да аға ұрпақ тарихи сахнадан кеткенде, олардың орнына дайындығы мықты, тәрбие жағынан шыныққан  когорта   келеді. Сондықтан бүгін басқару саласындағы азаматтарды іріктеу, даярлау, зерек жігіттерді қолдау қажет. Жастар әлі жетілген жоқ деп жоғары биліктен шеттету дұрыс болмайды, жетілмеген тұстарын өмірдің өзі пісіп-жетілдіреді.

Заман қатыгез, жалпақшешейлікті көтермейді. Ал елімізде орыс тіліндегі ақпарат құралының саны қазақ тіліндегісінен  3-4 есе артық. Мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс жасайтын 94 газет-журналдың 70-і — орыстілді. Олар шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалында, шет елдегі арандатушы топтардың айдауымен де жұмыс жасауда. Осылайша  өзімізге қарсы күштерді өзіміз асырап, қолтығына су бүркіп отырмыз.

Әр ұлт өз бақытын өз қолымен жасайды. Сондықтан қазақтың ертеңін қазақ қана ойлауы керек. Басқаға біз керекпіз бе? Барлық ақшалы, жоғары еңбекақы төленетін жұмыстар қазақтарға тиесілі болуы керек.  Бірақ табыс адал еңбекпен, термен келетін болсын. Тер — ең қымбат жанармай.

Қазақтың психологиясы мен  өмірге көзқарасын да өзгеру қажет. «Артық байлық не керек, ден сау болса болғаны…» — деп әндету, нарық заманына үйлеспейді. Байлық, қаржы  —  денсаулықтың көзі, ақшалы адам сүйген асын ішеді, қалаған жерінде демалады, таңдаған жеріне барып емделеді. Сондай-ақ, денсаулықтың өзі де — байлық, дені сау адам ғана табыс табады, несиесін төлейді. «Бай болып, ауру болғанша, деніміз сау, кедей болғанымыз жақсы» — дегенді де қолдауға болмайды. Дәулетті  және деніміз  сау ұлт болуымыз керек!

Жеңіс әр уақытта бірден қолға тие бермейді, күте білу, төзімділік таныту қажет. Біз бірден үлкен олжаға, жеңіске жете алмаймыз, мысықтабандап, ақырын басып,  алға ұмтылайық, әрбір ілгері қадам — ол да жеңіс. Қазаққа дөрекілік, анайы турашылдық жараспайды, керісінше, бізге икемділік, сабырлылық тиімді. Ұсақ-түйекке  бола шамдану дұрыс болмайды.

Біздің сөзіміз бен ісімізде өзімізге деген сенім, қайсарлық , табандылық көрініп тұрғаны абзал. «30 дамыған елдердің қатарына қосылу», ЕҚЫҰ саммиті, «ЭКСПО-2017», «Интеллектуалдық ұлт»  сияқты жобалар бізге қажет. Ол қазаққа назар аудартудың да жолы. Бұл — біздің көп ұлттардан артықшылығымызды көрсетеді.

Қазақ мәселесін жиі көтеріп, әсіресе, басқа ұлт өкілдеріне қазақтың отарлауға, қуғын-сүргінге ұшырағандығын, азапты көп шеккендігін, кемсітушілікке ұшырағандығын, бүгін соның орнын толтыруға тырысатынын айта бергеніміз дұрыс. Диаспоралардың тағдыры тарихи отандарында шешіліп жатқандығын баса айтайық. Қазақтардың көбі әлі де ауылдық жерде даладағы әжетханаға барып, көмір, тезек  жағып күн көріп отырғанын да басқалар білсін.

Сонымен бірге, еліміздегі диаспоралардың іс-әрекетінен, ниетінен, қазақ хабардар болып отыруға тиісті. Бұқаралық ақпарат құралдары — баспасөз, радио, теледидар, кино — қазақтың қолында болып, ұлтқа қызмет етуге тиісті. Әр мәселенің  төңірегінде қазаққа пайдалы қоғамдық пікір туғызу керек. Еврейлер айтады: «Из любого пустяка можно сделать  проблему, а из любой проблемы — пустяк». 

Әрбір істе қазақтар көшбасшы болуға тиісті, қолдан келгенше бірінші болуға тырысу керек.

Тарихымызды білу — парыз. Тарихын білмеген   халық тастанды бала сияқты: талай халықтар тарихынан, дәстүрінен мақұрым болып, тілінен айырылды. Сонымен бірге, еліміздегі диаспораларды қазақ тарихын білуге, бірте-бірте өз тілімізге, өз ортамызға сіңіруге әрекет еткен жөн. Олар түбінде не еліне оралады, не сіңісіп кетеді. Басқа ұлт өкілдерін билікке тарту дұрыс, бірақ олар көнбіс, басқарылуға икемді болуға тиісті. Оларды қазақтың сойылын соғатын мамандар ету, шовинистер мен нигилистерге қарсы қою —  міндетіміз. Бұл — әлемдік тәжірибе. Оны біздің оралмандар жақсы біледі. Қытай қазақтары Қытайдың саясатын қолдайды.

Тұрмыс жақсарған сайын қазақтар арасында тоғышарлық психология , ұлттық селқостық, немкеттілік белең алды, сонымен бірге кейбір орыс ағайындардың арасында кеңес заманынан қанға сіңген ұлттық амбиция , менмендік те күш ала бастады. Оларға қазақ мәселесі  уақытша науқандық мәселе болып көрінеді. Бүгінде  біз кеңестік үрдіске оралғандаймыз. Ұлтаралық қатынастардың қазақстандық моделін, үлгісін таптық деп, мәселені үзілді-кесілді шешілгендей сайраймыз. Осы жағдайда екінші үрдіс — қорғаныш үрдісі де күшейді, патриоттық, ұлттық топтар арасында нигилизмге, шовинизмге, тоғышарлыққа қарсылық туды, ұлттық энергия шоғырланып, күш жинады. Ұлт өмірінде физиканың энергияның сақталу заңы осылай көрініс алатын сияқты. Елбасы Жолдауындағы мемлекеттік тілге басымдық беру, қазақ ұлттық мемлекеті туралы пікірлер бойымыздағы ұлттық энергияға қуат береді. Сондай-ақ, Оңтүстік  Қазақстан облысы азаматтарының Тәуелсіздіктен артық киелі, қасиетті мереке жоқ деуі, христиан жаңа жылының зорлап таңылғанын түсіндіруі де ұлттық энергияның сақталу заңының көрінісі.

Бүгінде ұлт мәселелерін жаһандану ықпалынсыз түсіну қиын. 

Жаһандану («глобализация», «глобализм») ұғымдары XX ғасырдың 80-жылдары АҚШ-та қолданыла бастады. Алғашқы еңбектер «Шекарасыз әлем», «Біртұтас әлем», «Біртұтас экономика» деген тақырыптармен жарық көрді. Өзара байланыстар тек экономиканың ғана емес, мәдениеттер мен идеологиялар жасаушы, өндіруші Голливуд сияқты трансұлттық корпо­рациялардың, білім мекемелерінің ықпалының ұлғаюына ұласты. Олар тек тауар, капитал, технология, ақпарат қана  емес, идеялардың да, тіпті ірі тұлғалардың да «айналымға түсуіне»  дем берді. Жа­һандану әлемнің тұтастығын, өзара байланысын, өзара тәуелділігін, өзара икем­ділігін қоғамдық санаға сіңірді. Шындығында, бұл —  бүкіл әлемді бір қалыпқа салу емес, бірлесу, топтастыру, әр түрлі, әр текті ұлттық, діни, саяси мүдделердің, өркениеттердің ықпалдасуы. Жаһанданудың сапалық мәні осында. Бірақ жаһандану қоғамның барлық саласына ықпал жасайтын күрделі, екіжақты құбылыс. Көлік, коммуникациялық және ақпараттық технологиялар негізінде кеңістік барынша тығыздалынып, уақыт жеделдетілді. Аяқ жетпейтін алыс жақындап, күдікпен қарайтын жатқа бой үйренді. Мерзім өлшемі де өзгерді, бұрын күндер, айлар, жылдарды талап ететін іс-әрекет енді қас-қағымда жүзеге асатын болды. Мемлекетаралық байланыстар тереңдеді. Мысалы АҚШ-тың қаржы жүйесі «тұмаурата» бастап еді, қазақстандық қаржы жүйесі «түшкіріп» сала берді.

Бірлесуден, ықпалдасудан басқа адам баласына жол да жоқ. Мемлекеттер ғана бас қосып жатқан жоқ, Таяу Шығыс, Еуропа, Латын Америкасы мен Жапониядағы лаңкестік және экстремистік топтар бірлесіп, бір-біріне ақпараттық, қаржылық, қару, техникалық көмек көрсетуге кірісті. Адамзат әлемдік деңгейде ұйымдасқан экстре­мизммен бетпе-бет келіп тұр.Осы қауіпке қарамастан, жаһандану мемлекеттер арасындағы қайшылықтарды одан әрі шиеленістірді. Оны «алтын миллиард» елдерімен кедей елдердің арасындағы теңсіздік «айтып» тұр. Егер 70-жылдары ол айырмашылық — 1:13, 80-жылдары —1:61 болса, ал 90-жылдары — 1:74-ке жетті. Егер XX ғасырдың 70-80-жылдары әлем халқының 80 пайызын қамтитын дамушы елдердің үлесіне жаһан байлығының 22 пайызы тисе, 90-жылдары олар әлем халқының 85 пайызын құрады, оларға байлықтың 15 пайызы ғана тиді. XXІ ғасыр басында бұл әділетсіздік одан әрі күш алуда. Әлемдегі 6 млрд. 500 млн. адамның жартысынан көбісінің жылдық табысы 1 мың доллар болса, дамыған елдерде жан басына шаққанда ол 40 мыңнан асты. 1,5 млрд. адамның күнкөрісі күніне 1 доллардан төмен.

Бүгінгі күннің басты философиясы – ол тұтыну немесе қарын философиясы. Дүние жүзі халқының 4,7 пайызын құрайтын бай мемлекеттердің тұрғындары әлем ресурстарының 25 пайызын пайдаланады. АҚШ өзіне қажет мұнайдың 70 пайызын шетелдерден тасиды, оны 100 пайызға жеткізу жоспарлануда. Сондықтан мұнайлы өңірлер АҚШ-тың ықпалында.

Қылмыс әлемдік сипат алды. Мафия, ұйымдасқан қылмыс өз ауқымына түгел қоғамды тартып, мемлекеттік және экономикалық құрылымдармен араласып жатыр. Қылмыстық ортада 2000 млрд. доллар айналымда жүр, бүгінде  оларға сот, полиция, лауазымды саясаткерлер, мемлекеттік қызметкерлер де жұмыс жасайды. Есірткі саудасынан күніне 1 млрд. доллар пайда түсіп тұр.

Бүгінгі адам өз құқын білгенмен, жауапкершілігін біле бермейді, шексіз либерализм де халықты адастырды. Киноиндустрия, бейнефильмдер, дөрекі, өрескел мінез-құлықтарды насихаттайтын әдебиеттердің 4/3-і америкалық және ол негізінен шетелдерге арналған. Бүгінде мектеп жасындағылар айына 212 сағат теледидар алдына отырып, 18 мың адам өлтіру оқиғасын көреді. Адамзаттың ланкестікті түп-тамырымен жоюдың амалын таба алмауының басты себебі, оның өзінің әлсіздігінде. Әр нәрсені желеу етіп, тіпті демократия орнату мақсатымен зорлық-зомбылыққа бару, әділетсіздік пен экстремизмді одан әрі қоздырады. Адам баласы құ­рыса өз ақымақтығынан құриды демеске амал жоқ.

Жаһанданудың қайшылықтары Батыс Еуропа, Орталық Азия, Солтүстік Африка және Латын Америкасы елдерінде оған қарсы антиглобалистік қозғалыс туғызды. Мысалы, Ирак саясаттанушылары үшін жаһандану қазіргі Батыс монополияларының басқа елдерді өзықпалына көндіретін саясат. Жалпы, Шығыс елдерінде онымемлекеттердің тәуелсіздігіне төнген қауіпдеп есептейтіндер басым, оның бетін тек Шығыстың бай мәдениетін, адамгершілік тәрбиесін қарсы қою арқылы қайтаруға болады. Бірақ Еуропа мен АҚШ-та білім алған мамандар ұлттық мәдениеттерін қабылдамай, өз елінің дәстүрлеріне салқындық білдіруде. Ол түсінікті де. Бүгін 2 миллионнан астам студент шетелдерде білім алуда. Соның 565 мыңы АҚШ-та, 270 мыңы Ұлыбританияда, 227 мыңы Германияда, 125 мыңы Францияда, 140 мыңы Қытайда оқиды. Бұл мемлекеттер жастарға білім беріп қана қоймай, олардың бойына батыстық, америкалық санамен көзқарасты да сіңіреді. «Болашақ» бағдарламасымен шетелдерде білім алып жатқан қазақ жастарының ұлттық, елдік ұстанымы бізді де алаңдататыны анық.

Жаһандану үдерісінің әр ұлттың мәдениеті, дәстүрі мен мемлекеттілігіне үйлесуі бүгінде  үлкен пікірталастар туғызып отыр. Қоғамтанушылардың бір тобы жаһандану ұлттық мемлекеттердің мәнін жойып, олардың орнын ұлттан жоғары халықаралық ұйымдар басады деп үзілді-кесілді тұжырым жасайды. Олардың ойынша, жаһандану ұлттардың арасында бәсекелестік туғызып, олардың бірін-бірі ығысты­руына, кемсітушілікке әкеледі. Осыдан келіп ұлттық мәдениеттер құнсыздана бастайды да, олардың орнын гибридті, жасанды, «үшінші» бір мәдениеттер баса­тынына назар аударады. Сондықтан «ұлттық мемлекеттердің заманы өтті, олар саяси сахнадан жойылуға таяп келеді. Себебі орта деңгейдегі мемлекеттердің эко­номикалық күш-қуаты кейбір трансұлттық корпорациялардың мүмкіндігінен дәрменсіз. Сөйтіп, жаһандану тасқыны көптеген мемлекеттердің тәуелсіздігін сағымға айналдырады» — деген пікірге ден қояды.

Жаһандану идеологы Э.Гидденс ұлттық сана-сезім, ұлттық «Мен» игілікке емес, дау-жанжалға апарады деп есептейді. Оның пікірінше, ұлттық идея, ұлттық ниет — жанжал, қастандықпен бір жүреді. Ұлттық болмыс — бүлікпен бірдей. Ол — өзара байланысқа, алыс-беріске, тұрақтылыққа қарсы, тежегіш күш. Осыдан келіп автор, космополиттік ұлт жасау ойын алға тартады. Оны кім жасайды? — деген сауалға,  тілін, мәдениетін, тарихын білмейтін билік басындағы космополиттік элита жасайды дегенболжаммен жауап береді. Бірте-бірте мемлекет ұлттық сипатынан айрылып, космо­политтік мемлекетке ұласады. Автордың пікірінше, ұлттық қауымдастық жасанды бірлестік, тіл, мәдениет, дәстүр —  ортақ құндылықтар, сондықтан бір ұлттың екінші ұлтқа сіңісуі қиын емес, түптің түбінде басым тілмен, мәдениетпен келісуге тура ке­леді.  Бүгінгі қазақ ұлтының жағдайын ойласақ, бұл болжаммен келіспеуге де болмас. Ал автор үлгі ретінде жаңа космополиттік ұлт қалыптасып келе жатқан, тарихи дәстүр сияқты құндылықтарды ұмыта бастаған Еуроодақтың тәжірибесін алға тартады. Ал Еуро­паның дәл ортасындағы Германия азаматтықты тек неміс тілін меңгерген, неміс мә­дениетін бойына сіңіргендерге ғана беретінін авторлар еске алмайды.

Жаһандану дегеніміз, З.Бжезинский айтқандай, бұл —  америкалану, себебі АҚШ қай жағынан да ең қуатты мемлекет, әлемді басқаруға, реттеуге кепіл бола алады. Оның ойын жалғастырушылар АҚШ президентін енді тек АҚШ азаматтары ғана емес, әлем азаматтары да сайласын деген ұсыныстар айтылуда. Космополиттік идеяны қолдаушылар тарихи сахнадан кететін елдерге АҚШ, Жапония, Германия, Англия, Франция сияқты мемлекеттерді қоспайды. Демек, мәселе шағын мемлекеттер тағдыры туралы болып отыр.

 Ғалымдардың басым тобы:  «Ұлт пен ұлттық мемлекеттер тарих сахнасынан ығысады» —  деген пікірдің айтылуының өзі қате деп есептейді. Жаһандану Азия мен Африка елдерінде ұлттық мәселелердің маңызы одан әрі өткір екендігін көрсетіп отыр. XX ғасырдың екінші жартысында ондаған ұлттық мемлекеттер пайда болып, олар өз тәуелсіздігін қорғауға бел шешіп кірісіп отыр. Тіпті Еуропаның өзінде  Хорватия, Словения, Македония сияқты он бестен астам мемлекет пайда болды. Мемле­кеттік идея көптеген ұлттардың аңсаған арманы мен мұратына айналды. Демократия берік орнаған Еуропада шотландық, валлон, фламан, баск, каталондықтар мемлекеттілік үшін күресуде. Косово тәуелсіздігін жариялап жі­берді. Ұлттың өмірде терең негізі барлығына, біртекті қандастарды біріктіретініне бү­гінгі күні дәлел көп. «Варшавадағы еврейдің тісі ауырса, Америкадағы еврей ыңыранады» дегендей, бір қазақтың намысына тию, қорлау барлық қазақты алаңдатады. Сондықтан жеке адамдар арасындағы дау-дамай, олар — әртүрлі ұлт өкілдері бол­ғандықтан, қоғамдық сана да ұлтаралық сипат алады. Бұл — сырттай бұзақылық болып көрінгенімен, мазмұны жағынан ішкі этнопсихологиялық құбылыстардың көрінісі.

 

(Жалғасы бар).

 

По сообщению сайта Ақтөбе газеті