Facebook | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Қала

Дата: 14 ноября 2013 в 13:52

Жол қозғалыстары әлі де жетілдіріледі 

 Қаланың ескі бөлігіндегі көшелердегі, 11-шағын аудан мен қаланың ескі бөлігін тікелей қосатын жаңа жол өткеліндегі көлік қозғалыстары қалалық әкімдіктің жіті бақылауында тұр. Мамандар мониторинг жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, бұл жұмысқа Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ұжымы да жұмылдырылған. Ұсыныс, пікірлер талқыланады. Қажеттілік болса, кейбір бағыттарға қосымша жолақтар сызылып, жол белгілері қойылады. Айта кету керек, қаланың ескі бөлігінде көлік кептелісі болмауы үшін Некрасов көшесі енді төрт жолақты болады.

Бұл туралы қазанның 12-сі күні қала әкімі Ерхан Омаровтың төрағалығымен өткен кезекті жұмыс мәжілісінде айтылды. Жиынға аппарат қызметкерлері, қалалық мемлекеттік мекемелердің басшылары, ауылдық округтер әкімдері, аумақтық округтер комитеттері  төрағаларының орынбасарлары қатысты.

 

Мәжілісте екі мәселе қаралды. Алдымен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Әлібек Қосназаровтың баяндамасы тыңдалды. Ол биылғы жылы жоспарланған жұмыстардың орындалуы туралы әңгімеледі.   

Жаңа көпірдің іске қосылуымен қаланың ескі бөлігінде Ломоносов көшесі Смағұлов көшесінен Некрасов көшесіне дейін, Асау-Барақ көшесі Әкімжанов көшесінен Смағұлов көшесіне дейін, Әйтеке би көшесі Некрасов көшесінен Асау-Барақ көшесіне дейін, Жанқожа батыр және Некрасов көшелері толығымен екі бағытты қозғалысқа айналды. Қазір көліктер Некрасов көшесі бойымен шағын аудандарға қарай екі жолақпен, ал шағын ауданнан ескі қалаға қарай бір жолақпен жүріп жатыр. Сондай-ақ, Некрасов көшесі бойымен ескі қалаға қарай қозғалған көліктердің көше бойына тоқтауына, алдындағы көлікті басып озуына тиым салынған.

Шернияздың Асау-Барақтан Некрасов көшесіне дейінгі аралығында Асау-Барақ көшесі жағынан Некрасов көшесіне қарай қосымша жолақ қосылды. Шернияз және Некрасов көшелерінің қиылыстарында бағдаршамға қосымша белгілер орнатылады. Барлығы 120 жаңа жол белгісі қойылды.

Бұрын ескі қаладағы Жанқожа батыр көшесімен көліктер тек бір бағытта қозғалатын. Көше кеңігеннен бері жол қозғалысы екі бағытты болып өзгерді. Дегенмен, Жанқожа батырдың Некрасов көшесімен қиылысатын тұсында автокөліктердің жүрісі тежелетін болып жүр. Әсіресе, Жанқожа батырдан Некрасовқа қарай бұрылайын деп тұрған көліктер кептелісте тұрып қалады. Таяу күндері бұл мәселе шешілетін болды.

— Некрасов көшесі енді төрт жолақты болады. Бұл — қаланың ескі бөлігінде көлік кептелісінің болмауына ықпал етеді. Қазір Некрасов көшесінің жолына күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Бұрын көлік жүретін жолдың ені 9 метр болса, қазір енінің ұзындығы — 13 метр. Жақын күндері асфальт төсеу жұмыстары толық аяқталады. Жолға жиектастар қаланып, суағар салынды, — деді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Әлібек Қосназаров.

Көлік жүргізушілерін әбден шаршатқан, титықтатқан Мәншүк Мәметова мен 312 — атқыштар дивизиясы даңғылы қиылысындағы көлік кептелісі мәселесі толықтай шешілді.

Жаңа жол өткелін салудағы басты мақсат — жол қозғалысының қауіпсіздігін  реттеу және екі ауданның арасындағы көлік ағымын азайту.

—  Жаңа көпірдегі көлік қозғалысына қатысты түрлі ұсыныстар, пікірлер айтылып жатыр. Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ұжымы күн сайын көлік қозғалысына шолу жасайды. Сол жұмыстардың нәтижесіне қарап, күнде түзетулер енгізіледі. Қай жердегі бағдаршамға қосымша белгі қойған дұрыс, қай жерде бұрылуға шектеу қою керек, қай бағытта қозғалуға рұқсат белгісі сызылу қажет? Мұның бәрі талқыланады. Көпір ашылғалы 10 күннен астам уақыт өтті. Көпірді іске қоспай, көлік қозғалысын анықтау мүмкін емес еді. Сондықтан, мұның бәрі өз кезегімен реттеледі. Қоғамдық көліктердің қозғалысына да болашақта өзгеріс енгізіледі. Бұл, ең алдыме,н ескі қала арқылы жүретін бағыттық автобустарға қатысты, — деді Ерхан Омаров. 

Әңгіме барысында қала басшысы Ерхан Болатжанұлы тұрғындарды жолдағы жағдайларға түсіністікпен қарауға шақырды. Қаладағы көлік қозғалысына әлі де өзгерістер енгізілетінін, бұл ретте тұрғындардың да ұсыныстары назардан тыс қалмайтынын жеткізді.

Жиында қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің  2014 жылға жоспарланған жұмыстары туралы да әңгіме өрбіді. Қаланың Сельмаш ауданындағы көпір жөнделеді немесе орнына жаңа көпір салынады. Қазір бұл мәселе талқыланып жатыр. Егер көпір іске қосылса, Мәскеу ауданындағы басты Арынов атындағы көше 4 жолақты болып өзгертіледі. Ескі қаладағы қосалқы көшелерді жөндеу келер жылдың жұмыс жоспарына енгізіліпті. 2014 жылға жоспарланған көше және аула жолдарын жөндеу туралы Ерхан Омаров былай деді:

— Келесі жылы қаланың ескі бөлігіндегі 303 аула аумақтарының жолы жөнделеді. Шанхай, 12-шағын аудандарды, қаланың орталығын қаржыландыруға қарай сатылап жөндейміз. Жобалық-сметалық құжаттар дайын тұр. Күн жылынғаннан-ақ  жұмысты бастаймыз.

Қазір 60 жобаның жобалық-сметалық құжатын әзірлеп қойдық. Соған сәйкес, Кеңес Одағының Батыры атындағы көшелерге асфальт төселеді. Қаражаттың бөлінуіне қарай, Құрмыш пен Мәскеудегі кейбір қосалқы көшелерді де жөндеу жоспарда бар. Себебі, қосалқы көшелердің жағдайы дұрыс болса, көліктер сол көшелермен жүреді. Негізгі көшелерге түсетін салмақты жеңілдетеді.

Шара барысында облыстық ішкі істер департаментінің әкімшілік полиция басқармасының басшысы Қанат Әлиев қала көшелерінде жол жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы хабарлама жасады.

Жиынды қала әкімі Ерхан Омаров қорытындылап, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысына аталған бөлімнің  ағымдағы жылға жоспарланған жұмыстарын тиянақты аяқтауды жүктеді.

Облыстық ішкі істер департаментінің әкімшілік полиция басқармасына көшелердегі көлік қозғалыстарын жіті бақылауды, жол-көлік оқиғаларының алдын алуды тапсырды. Ерхан Болатжанұлы Теміржол вокзалы маңындағы қоғамдық көліктердің қозғалысына қатаң бақылау жасау керектігін баса айтты. Ерхан Омаров бір-біріне жол бермей, жолаушыларды көліктеріне көбірек мінгізгісі келетін қоғамдық көліктердің жүргізушілерінің әрекетін сынға алды. Қоғамдық көліктердің аялдамада тұруының өзіндік ережелері бар. Егер сол талаптарды орындамаса, қоғамдық көліктердің жүргізушілеріне де шара қолдану керектігін айтты.  

Жаңа көпірмен бірге қалада тағы бір маңызды нысан — солтүстік айналма жол пайдаланылуға берілген болатын. Ол —  «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» транзиттік көлік дәлізіндегі 624 шақырымдық жолдың соңғы 40 шақырымы —  біздің қаланың үстімен өтеді. Қала әкімі Ерхан Омаров бұл жолдың оңтайлы екенін көлік жүргізушілеріне әлі де насихаттау керектігін ескертті. Айналма жолдың артықшылығы — Хромтау бағытынан келе жатқан жүк көлігі қалаға кірмей-ақ, Мәртөк тасжолына түсе алады.  

 

 

Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ.  

 

16 қарашада Ақтөбеде күзгі сенбілік өтеді

 

Құрметті қала тұрғындары!

 

Ақтөбе қаласының әкімдігі сенбі күні, 16 қарашада өтетін көркейту және санитарлық тазалау жөніндегі дәстүрлі күзгі сенбілікке қатысуға шақырады.

Күзгі сенбіліктер — пайдалы қажеттілік. Осындай маусымдық жинау көшелерде, алаңдарда және тұрғын ықшам аудандардағы аулаларды тазартуға мүмкіндік береді. Міне, ақтөбеліктер де жыл сайын қыс қарсаңында және қар түспестен бұрын қаланы жиылған қоқыстан тазартып, жинайды.

Айдың басынан бастап барлық коммуналдық мекемелер және көптеген қалалықтар бұл жұмысқа кірісіп кетті, олар өздерінің мекемелеріне және кәсіпорындарына іргелес жатқан, сондай-ақ қала аумағындағы бекітілген  аумақты тәртіпке келтіруде.

Бұл жұмыс ағымдағы апта барысында да жалғасын табады. Меншік түріне қарамастан барлық ұйымдар мен кәсіпорындарға, оқу орындарына алда өздеріне іргелес жатқан және жолға дейінгі бекітілген аумақты, айналма тасжолдар, орман алқабы, саябақтар мен гүлбақтарды, арықтарды, тротуар, көгалдарды қоқыстан тазарту, сыпыру және қалалық қоқыс полигонына шығару жұмыстары күтіп тұр.

Сондай-ақ, кәсіпкерлер де іргелес жатқан аумақты, өз бизнес нысандарының сәулеттік көрінісін және сәндік жарықтандыруын тәртіпке келтірулері тиіс.

ПИК, кондоминиум объектілерін басқарушылар пәтер иелерімен бірге аула аумақтарын, ойын және спорт алаңдарын санитарлық тәртіпке келтірулері қажет.

Ақтөбе қаласының селолық округтерінің елді мекендері мен облыс орталығындағы жеке тұрғын үй массивіндегі құрылыстардың, аулаішілік аумақтардың санитарлық жағдайына ерекше бақылау орнатылады. Барлық жиналған қоқысты қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына шығарулары тиіс.

Ақтөбеліктер осы күндері болып тұрған қолайлы ауа райын пайдаланып, қыс қарсаңында «Таза бейсенбілерде» және алдағы 16 қарашадағы сенбілікте қаланы күзгі жинауға белсене қатысады деп ойлаймыз.

Туған қаламыздың тазалығына өз үлесімізді қосайық!

 

Мектептегі мерейтой

 

Жақында Ақтөбедегі №19 орта мектеп 40 жылдық мерейтойын атап өтті.

Аталмыш шараға осы білім ошағында ұзақ жыл еңбек еткен ардагер ұстаздар, облыстық, қалалық білім бөлімінің өкілдері және мектеп түлектері қатысты.

Кешті бастаған мектеп директоры Роза Аманбаева:

— 40 жыл ішінде мынадай жетістіктерді атап өтуге болады: біздің мектепті 2522 шәкірт бітірді, оның ішінде 35 оқушы мектепті үздік аяқтаған, солардың ішінен 3 ғылым докторы, 30 ғылым кандидаты шығыпты. Сондай-ақ, 500-ге жуығы түрлі бизнес саласында, 150-ге тарта түлек медицинада, 20-сы бұқаралық ақпарат құралдарында, 300-дей түлек педагогикалық салада еңбек етіп жүр. Басқа да түрлі мамандықтың қыры мен сырын меңгерген қаншама шәкірттеріміз бар және осы кешке қатысып отыр… Біз ардагер ұстаздарымыз бен түлектеріміздің еңбегі мен жетістіктерін мақтан тұтамыз! — деді. 

Кеш халқымыздың игі дәстүрлерінің бірі — шашу рәсімімен басталып, екі тілде жүргізілді.  Мектептің тарихы мен күнделікті тыныс-тіршілігінен сыр шерткен көрме мен слайдтар жұртшылыққа ұсынылып, шара ән-би, құттықтау сөздерге ұласты.

Шараға қатысқан Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева, облыстық білім басқармасының басшысы Жанат Самұратова, осы басқарманың бөлім басшысы Алтынгүл Әуезхан және мектеп түлектері жылы лебіздерін білдірді.

Болашақ жастарға білім мен тәрбие беруде ұстаздар қауымының қажырлы еңбегін бағалай отырып, осы мектепті 18 жыл басқарған мектеп басшысы Роза Аманбаева мен мектебімізде абыройлы еңбек етіп жүрген ұстаздар З.Әшірбекова, А.Карпыкова, И.Федянина, Г.Мусина, Б.Ашықбева, А.Нұркеева, А.Тұрсымбаева және т.б. ұстаздар марапатталды.

Мектеп ата-аналарының бірі —  Т.Ахтанов атындағы драма театрының әртісі Майгүл Мұзбаева өлең оқып, өнерлі оқушылар «Шашу», «Аққу» билерін билеп, әннен мерекелік шашу шашты. Мектеп ұжымы атынан ардагер ұстаздарға дастарқан жайылып, сыйлықтар табыс етілді.

А.НҰҒЫМАНОВА,

мұғалім.

 

Арнаулы күтім үшін арнайы әдістеме керек

 

«Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігі «Сал ауруына шалдыққан адамдарға күтім жасау және ерте оңалту» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды.

Ақтөбе қаласындағы «Дару» медициналық оңалту орталығының мәжіліс залында ұйымдастырылған басқосуға медицина мекемелерінің, мемлекеттік құрылымдардың және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

 

Дұрыс күтім нәтиже береді

30 шақты адамның, оның ішінде арбаға таңылған мүмкіндігі шектеулі жандардың басын қосқан дөңгелек үстелде көтерілген тақырып бойынша өткір мәселелер қозғалды. Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығының басшысы Құралай Байменова әртүрлі апаттар салдарынан мүгедек болған жандардың ауруханадан мүгедектер арбасына жеткенге дейінгі ұзақ төсек тартып жататын уақытында жасалатын күтімнің дұрыс болуына қазір әлем медицинасы ерекше ден қойып отырғанын айтты. Арнайы әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы жасалған күтім мүгедек жанның тез оңалып кетуіне себепші болады. Сал ауруына шалдыққан адамдарды күтудің әлемдік әдістері мен арнайы үлгілерін әлі күнге дейін біздің медицина өз деңгейінде қолданбай келеді. Мамандардың айтуынша, дене мүшелері сал болып қалғандықтан, төсектен өз бетінше тұра алмайтын адамдарды күтіп-баптау өте күрделі процесс. Бұны тек мамандар ғана емес, сал ауруына шалдыққан жандардың жақын-жуықтары да жақсы біледі. Осы жолғы дөңгелек үстел әлемдік деңгейде көтерілген мүгедек адамдардың проблемаларына қала тұрғындарының, қалалық биліктің, медицина мекемелерінің назарын аудару үшін ұйымдастырылды.

— Біз учаскелік дәрігерлерді, оңалтумен айналысатын дәрігерлерді және мүгедек жандардың жақын-жуықтарын ақпараттандыру мақсатында «Сал ауруына шалдыққан адамдарға күтім жасауға қатысты санитарлық білімді көтеру» жобасы бойынша жұмыс жасай бастадық. Осы дөңгелек үстелде қорытынды пікірлер тыңдалып жатыр. Ал осыған дейін 3 мәрте кездесу, бір рет семинар, 2 мәрте тәжірибелік сабақтар ұйымдастырдық. Бұл жобаға әлеуметтік жұмысшылар, еріктілер, түрлі апатты оқиғалар кезінде жарақат алуына байланысты сал ауруына шалдыққан адамдардың туған-туыстары қатысты. Олардың бәрі де арнаулы ем мен күтімді қажет ететін мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесуді ойлайды, әрине.

Негізінен өте жоғары деңгейде жасалған операцияның өзі дұрыс күтім болмаса, адамның өмірін сақтап қала алмайды. Жақсы емнің нәтижелі болуы сауатты жасалған күтімге ғана байланысты. Қазір біз медицинасы ғаламдық деңгейде дамыған елдердің бірінде өмір сүріп жатырмыз. Біздің азаматтарымыз мүгедектігіне байланысты адамға қалай күтім жасау керектігін жақсы білулері тиіс. Ал сол білім біздің адамдарға жетпейтіні туралы мәселе қозғалып жатқан жоқ. Егер адам апатқа ұшырап, сал болып қалса, оған жасалатын күтімнің ерекшеліктері ескеріліп, оңалту шаралары бірден қолға алынса, ол адам төсектен тұрып кетуі де ғажап емес, — дейді Қ.Байменова.

 

Төсектен арбаға жету — мұң

Сал ауруына шалдыққан адамдарға ерекше күтім жасау туралы әлем елдеріне бірдей бастама Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 1993 жылдың 20 желтоқсанында өткен 28-сессиясында қабылданған қарарында және 2006 жылғы 13 желтоқсанда қабылданған Мүгедектердің құқы туралы конвенциясында көтерілді. Бұл туралы Қазақстан Республикасының «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңында да көрсетілген.

Дөңгелек үстел басына жиналған мүмкіндігі шектеулі жандардың көпшілігі өз бастарынан өткерген өмірлерінің ең қиын сәттерін мысал ретінде алға тартты. Олар: «Сал ауруына шалдыққан жандар аяғынан тік тұрып жүрген адамдар сияқты алдарына мақсат қояды, үлкен армандарға қол жеткізгісі келеді. Бірақ алдымен төсектен арбаға жету керек қой», — дегенді бірауыздан айтты. Ең қарапайымы, төсек тартып жатқан адамды жуындыратын сабыннан бастап, гигиеналық құралдардың, таңғыш дәкелердің, медициналық препараттардың бәрі де аурудың диагнозына байланысты арнаулы түрде берілуі керек екен. Әртүрлі санаттағы мүгедектігі бар адамдарды күту мен оңалту жүйесіне біздің аймақта қаншалықты мән берілетіні туралы ешкім дөп басып айтпады. Ешқандай медициналық мекеме сал ауруына шалдыққан адамдарға арналған күтім мен оңалтудың тәжірибесімен бөлісе алмайды. «Қазір бізде сал ауруына шалдыққан адамды күтудің ерекшеліктерін білетін мамандар жоқ деуге болады. Ондай санитарларды даярлау, арнайы курстардан өтуге мүмкіндік жасау — кезек күттірмейтін мәселе. Себебі бізде адамдар жиі жол апатынан жарақат алып, төсекке таңылып жатыр. Бірден жасалған дұрыс күтім тағдыры арбаға байланған жандардың санын азайтар еді», — дейді Құралай Базарбайқызы.

Біріншіден, бізде төсек тартып жатқан ауру адамға арнайы күтім жасау жолдары үйретілмейді. Екіншіден, бұл туралы ақпарат жазылған арнайы материалдар жоқтың қасы. Үшінші проблема — оңалту жүйесіне учаскелік  дәрігерлер

қатыстырылмағандықтан, олар ауруға жасалатын күтімнен бейхабар. Сонымен қатар, үнемі төсек тартып жатқан адамдардың ойылып, тесіліп қалған жамбасын емдеу бойынша пластикалық хирургия саласында арнайы мамандар да жоқ.

— Біздің қаламызда жоғары деңгейде мамандандырылған медициналық оңалту орталықтары бар. Бірақ адам оған жетуі үшін алдымен арбаға жетуі керек, өзінің мүмкіндігін шектеп тастаған ауруына бейімделуі керек. Жата-жата терінің, сүйектің тесіліп, ойылып қалуынан, трофикалық жара пайда болуынан, зәр шығару жүйесінің, асқазан-ішек жолдарының бұзылысынан сақтандыратын тәсілдерді күтім жасайтын адам білуі тиіс.

Бір адамның қазасы немесе жарымжан болып қалуы — қасірет, ал жүздеген адамның опат болуы — статистика. Мен осы дөңгелек үстелге дайындалу мақсатында еліміз бойынша сал ауруы салдарынан төсек тартып жатқан адамдардың санын білмек болып, құзырлы органдарға хабар салдым. Бірақ статистикалық деректер еш жерде жоқ болып шықты, — дейді Қ.Байменова.

Қазір Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығында 1197 адам тіркеуде тұр. Олардың ішінде 470 арбаға таңылған адам бар. «Мәселен, 700 мың тұрғыны бар Тольятти қаласында 600 адам мүгедектер арбасын қолданады екен», — деп мысал келтірген Құралай Базарбайқызы 497 мың тұрғыны бар Ақтөбе қаласы үшін қанша адамның төсек тартып жатқаны немесе арбада отырғаны туралы статистикалық мәліметтерді есептеп шығарып, арнайы медициналық күтімді қажет етушілерге арнайы көмек түрлерін ұйымдастыруға болатынын алға тартты.

 

21 мыңның тағдыры

Көп жылдардан бері тағдырдың жазуымен мүгедектер арбасын мініп жүрген Ақтөбе қаласының тұрғыны Виктория Кваша үшін дөңгелек үстел басында қозғалған тақырып өте таныс. Себебі өзі мүгедектіктің зардабын кешкен Виктория төсек тартып жатқан адамға арнаулы көмектің қаншалықты қажет екенін жақсы біледі. Ол сал ауруына шалдыққан алғашқы жылдары төсекте ұзақ жатудың салдарынан ойылып, жараға айналған арқа, жамбас терісін қалыпқа келтіруге талпынған ақтөбелік дәрігерлердің емдеу шараларының сәтсіздігін бастан кешірген.

— Ұзақ уақыт бір орында жатып қалған кезімде күтім жасау шараларының, арнайы күтімге қажетті препараттардың дұрыс қолданылмауынан жамбасты, арқаны жапқан тері тесіліп, ойылды. Мен үшін қарапайым жуынудың өзі қасірет еді. 3 жыл бойы Ақтөбеде 4 клиникада емделдім. Теріні ешбір дәрігер қалыпқа келтіре алмады, жара ойылғанның үстіне ойыла берді. Ақырында Қостанайға барып емделдім. Жалпы хирург, нейрохирург және пластикалық хирург — 3 дәрігер бірігіп жасаған операция сәтті шықты. Қостанайлық дәрігерлер ойлап тапқан арнайы әдіс арқылы емделгенімде 1 аптада денемнің терісі қалпына келді деуге болады.

Ал бізде ондай әдіс әлі күнге қолданылмайды. Қаншама адам мүгедектер арбасына да жете алмай төсегінде жамбасы ойылып жатыр, — деді В.Кваша.

Осы басқосуға шақырылған бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті басшысының орынбасары Нона Валиулова мүмкіндігі шектеулі жандар өз проблемаларын бөлісетін ассоциациялар құрулары керек дегенді алға тартты. Оның айтуынша, қазір облыс бойынша 21 мың мүгедек тіркеулі. Оның ішінде 700-ден астам адам мүгедектер арбасын пайдаланады, 2470-тен астам мүмкіндігі шектеулі бала бар. 21 мың адамның ішінде 8-10 пайызы арнаулы медициналық күтімді қажет етеді.

— Инсульттан кейін, әртүрлі апатты жағдайлардан кейін жарақат алған адам көп жағдайда нейрохирургия бөліміне түседі. Менің ойымша, осы бөлімнің дәрігерлері сал ауруына шалдыққан адамды үйіне шығарарда қалай күтім жасаған дұрыс болатыны туралы арнайы әдіс-тәсілдер жазылған кітапшалар шығарып, оларды ауру адамның күтімімен үйінде айналысатын туған-туыстарына беруі керек. Бұл әдістеме көршілес Ресейдің клиникаларында жолға қойылған. Біздің департаментке Ресейдің ауруханаларынан шыққан адамдар тіркелуге келген кезде өздерімен бірге ала келген дұрыс күтім жасау ережелері жазылған кітапшаларды көрдім.

Қазір біз ел Үкіметінің 2005 жылғы №754 қаулысы негізінде мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмек көрсету мәселелерімен айналысамыз. Мүгедек жандар жеке бас гигиенасына арналған заттарды дәріханалардан өздері алғысы келеді. Қазір бәріне бірдей талап бойынша беріп жатырмыз. Бірақ біз жоғары жаққа болашақта мүгедек жандардың өздеріне қажетті заттарды таңдау бойынша алуы үшін дәріханаларға көрсететін арнайы сертификат немесе басқа да құжат шығару туралы ұсыныс бердік, — дейді Н.Валиулова.

Ол департамент тарапынан мүгедек жандарға өздерінің құқын қорғайтын, проблемаларын ашық айтып, шешуге жол көрсететін құрылымдар, ассоциациялар, ұйымдар құру туралы ұсыныс жасалғанымен, мүмкіндігі шектеулі жандар белсенділік танытпай отырғанын айтты. Бұл тұрғыда тек Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығының ғана белсенділігін атап өтуге болады. Арбаға таңылған ақтөбелік мүгедек жандар арасынан жыл сайын кезекпен-кезек 10-15 адам Украинаға, Саки қаласындағы мүгедектерді емдеу клиникасына барып, 40-45 күн ем-дом алып қайтады. Еліміздің еш қаласында мүгедек жандар тұрақты түрде жыл сайын шетелге емделуге шыға алмайды. Бұл — орталық басшысы Құралай Байменованың көп жылдардан бергі тынымсыз еңбегінің, белсенді бастамаларының арқасында қол жеткен жетістік. Енді орталық өздеріндей жандарға көмек көрсету үшін «Сал ауруына шалдыққан адамдарға күтім жасауға қатысты санитарлық білімді көтеру» жобасын әлі де індетіп, төсек тартып жатқан аурулардың күтімімен айналысатын санитарларды даярлау, туған-туыстары үшін арнайы ережелер жазылған кітапшалар шығарту бойынша жұмыстарды насихаттауға кіріспек.

Айгүл БАЙМЕНОВА.  

 

Білім саласын қаржыландыру

11 миллиард 335 283 теңге 

 

Ақтөбе қаласында 69 мектеп, 43 балабақша, 18 жеке балабақша, 2 мектеп-бақша, 21 шағын орталық, 13 мектептен тыс қосымша білім беру мекемесі бар.

Биыл білім саласын қаржыландыруға көп қаржы бөлінді. Республикалық, облыстық және қалалық бюджеттерден бөлінген қаржы —  11 миллиард 335 283 теңге. Былтырғы жылмен салыстырғанда қаржыландыру көлемі 6,6 пайызға артты. Нәтижесінде, облыс орталығындағы 4 мектеп, 1 мектептен тыс мекеме жаңаша түрге енді. Сонымен қатар, 1 мектеп пен 8 балабақшаға күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Барлық мектептерге ағымдағы жөндеу жасалған. Кейбір мектептердің физика, химия кабинеттері жабдықталып, компьютер, интерактивті тақталар алыныпты. Соңғы 10 жылда болмаған жаңалық — балабақшаларға шаруашылық заттарын алу үшін де бюджеттен қаржы бөлінген. Сонымен бірге, бюджеттен бөлінген қаржыға балабақшаларға ойыншықтар, төсек-орындар сатып алынады. Жалпы, бұл мақсатқа бөлінген қаржы — 20 миллион теңге.

Біз қалалық білім бөлімінің басшысы Ләззат Оразбаевамен облыс орталығындағы білім беру мекемелерінің жағдайы, Елбасы тапсырмасымен қолға алынған «Балапан» бағдарламасының жүзеге асырылуы туралы сөйлескен едік.

 

Қаржыландыру. Күрделі жөндеу

 

— Биыл білім жүйесін қаржыландыруға 11 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді.  Мұндай қаржы бұрын-соңды бөлінген жоқ. Мысалы, мектептерге спорт инвентарын алу үшін қаражат соңғы рет  2005 жылы бөлінді. Ал балабақшаларға шаруашылық заттарын алу үшін қаржы бұдан 10 жыл бұрын берілген болатын. Компьютерлер де көптен бері жаңартылмаған еді. Мектептерге 31 миллион теңгеге жуық ақшаға интерактивті тақталар, компьютерлер алынды.  Кейбір мектептердің  физика,  химия кабинеттері жабдықталды. Бұл мақсатта республикалық және облыстық бюджеттерден 90 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді, — дейді Ләззат Оразбаева. 

Барлық мектептерге жалпы құны 20 миллион теңгеге ағымдағы жөндеу жасалыпты. Бюджеттен бөлінген қомақты қаржының арқасында бірнеше білім беру мекемесіне күрделі жөндеу жүргізілген. Бұл туралы Ләззат Аманжолқызы былай дейді:

—   «Жол картасы —  2020» бағдарламасының аясында көп жылдан бері жөнделмеген №33, №34 мектептерге күрделі жөндеу жасалды. Сонымен қатар, осы бағдарламаның арқасында №12 балабақша мен Пригород орта мектебіне күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр.

Қалалық бюджеттен мектептерге күрделі жөндеу жүргізуге 191 миллион теңге бөлінді. Бұл қаржыға  №51 мектеп-гимназия, Ақжар бастауыш мектептеріне күрделі жөндеу жасалды. Оқушылар сарайы да жаңаша түрге енді. 

№44, №34, №19, №7, №24, №11, №3 балабақшаларға күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр.

Бюджеттен бөлінген қаржыдан балабақшаларға ойыншықтар мен төсек-орындар да алынады.    

— Балабақшаларға шаруашылық заттар, төсек-орындар, ойыншықтар алу үшін 20 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп отыр. Жасыратыны жоқ,  240 балаға арналған балабақшада 350 бала тәрбиеленіп жатыр. Қаржы балабақшадағы балапандардың санына байланысты емес, ғимараттың сыйымдылығына байланысты бөлінеді. Мұның өзі үлкен көмек. 

№1, №9, №16, №38, №39, №40, №43 балабақшалар жиһазбен қамтылды, — дейді қалалық білім бөлімінің басшысы. 

 

Үш ауысымды мектеп мәселесі шешіледі

 

Қазір қаладағы 69 мектепте 52 186 оқушы білім алып жатыр. 2101 оқушы орны жетіспейді. Балалар санының көптігіне байланысты биылғы оқу жылында Ақтөбе қаласындағы  7 мектепте оқушылар үш ауысымда оқуға мәжбүр болып отыр. Олар: №51 мектеп-гимназия, №15, № 18, №45, №50, №53 және Құршасай орта мектептері. 

— Мемлекет басшысының тапсырмасына байланысты біздің қалада да үш ауысымды мектептер саны азайып келеді. Құршасайда 150 орындық мектеп салынып жатыр. Мұндағы мақсат — сол ауылдағы үш ауысымдағы мектептің жағдайын қалыпқа  келтіру. Жаңа білім шаңырағын желтоқсанның 1-і күні пайдалануға беру жоспарланып отыр. Мектептің бұрынғы ғимараты жөнделген соң балабақша ашылады.

Үш ауысымды мектептер мәселесін шешу үшін 2015 жылға дейін республикалық бюджет есебінен 4 мектептің құрылысы салынады. Қазір 12 — шағын ауданда 600 орындық мектеп салынып жатыр. Заречный-4 ауылында салынып жатқан 1000 орындық мектеп 2014 жылы пайдалануға беріледі. Ақжар-2 және Кірпішті ауылдарында әрқайсысы 320 орындық мектеп ашылады.

 «Нұр-Ақтөбе» шағын ауданында 1200 орындық мектеп салынып жатыр, — дейді Ләззат Оразбаева.

 

 

Балабақша. Шағын орталық. Қайтарылған ғимарттар

 

Қазір Ақтөбедегі 16 534 балдырған балабақшалар мен шағын орталықтарда тәрбиеленіп жатыр. Жалпы қалада 43 балабақша, 21 мектептердің жанындағы шағын орталық, 2  мектеп-бақша бар. Жекеменшік балабақшалардың үлесі — 18.

Келесі жылы республикалық бюджеттен «Нұр-Ақтөбе», Заречный-4, «Батыс-2» елді мекендерінде әрқайсысында  320 орындық жаңа балабақшалар еңсе тіктейді. Сонымен қатар, қазір «Батыс-2» шағын ауданында 320 орындық жеке балабақша салынып жатыр.

— Қазір қаладағы 3 жасқа дейінгі балалардың мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамту үлесі — 45,1 пайыз. 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту 71 пайызға жетті, — дейді қалалық білім бөлімінің басшысы.

Елбасы тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Балапан» бағдарламасының аясында 2010 жылдан бері 920 орындық 3 балабақша еңсе тіктеді. Сонымен бірге, бұрын балабақша ғимараты болған 800 орындық 3 нысан қайтарылып, қайта жабдықталып, пайдалануға берілді. Жыл аяғына дейін тағы бір ғимарат балалардың базарлы мекеніне айналады. Онда 240 бала тәрбиеленетін болады. Сондай-ақ,  3 жылдан бері 15 шағын орталық ашылып, 555 балапан барып жүр.

«Балапан» бағдарламасының арқасында бұрын балабақша ғимараты болған нысандар әртүрлі мекемелерден қайтарылып жатыр. 

— Мысалы, биыл 11-шағын аудандағы облыстық  физика-математика мектеп-интернатының ғимараты қайтарылды. Қазір бұл  ғимаратты жөндеу үшін жобалық-сметалық құжат әзірленіп жатыр. Балабақшаны 2014 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Жалпы, 2010 жылдан бері бірнеше нысан қайтарылды. Мысалы, Шанхай шағын ауданында №40 негізгі мектептің ғимараты болған нысан қайтарылып, балабақша ашылды. Сол шағын аудандағы мұғалімдердің біліктілігін арттыру институтының ғимараты болып келген нысан да қайтарылды. 5-шағын ауданда орналасқан жылжымайтын мүлік орталығының ғимараты да қайтарылып, балалардың игілігіне пайдалануға берілді. Әзірге қайтарылмаған екі нысан бар. Бұл жұмыстар 2015 жылдың жоспарында тұр, — дейді Ләззат Оразбаева. 

Шағын орталық — балабақшаның баламалы түрі. Қазір 21 шағын орталыққа 884 балдырған барып жүр. Қыркүйек айында №8, №10, №54  мектептерде толық күнді (10,5 сағат) шағын орталықтар ашылды. Сонымен қатар, жыл басында №1 және №39 мектептерде шағын орталықтар пайдалануға берілді.

 

Жекеменшік серіктестіктің үлесі

 

«Балапан» бағдарламасы аясында атқарылатын жұмыстардың бір парасы — жекеменшік балабақшалардың санын арттыру. Соған байланысты мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі енгізілді. Ақтөбе қаласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті орнату ісі жемісті. Бұл туралы Ләззат Аманжолқызы былай дейді:

— Қалада балабақшалар ашу мақсатында кәсіпкерлерді тарту жұмысына айрықша көңіл бөлініп жатыр. Мемелекеттік-жекеменшік әріптестікті орнатудың арқасында жеке балабақшалардың саны артты. Қазір 18 жекеменшік балабақша бар.  Соңғы бір айдың өзінде балабақшаларда 600-ден астам орын ашылды. 

Республика бойынша біздің облыстың бұл бағыттағы жұмыстары қарқынды екенін мақтанышпен айтуға болады.

Мемлекет тарапынан жеке кәсіпкерлерге көптеген жеңілдік беріліп отыр. Нақтырақ айтқанда, жеке балабақшаларға мемлекеттік тапсырыс берілді. Жалпы, жеке балабақшаларда  мемлекеттік тапсырыс бойынша тәрбиеленіп жатқан  балалардың саны — 3600. Биыл сол жекеменшік балабақшалардағы балалар үшін бюджеттен 850 миллион теңге бөлінді.

 

Балабақшамен қамту неге төмен?

 

Ақтөбе қаласында 7 жасқа дейінгі 62 683 бала бар. Олардың 16 534-і ғана мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбиеленіп жатыр. Балапандардың балабақшалармен қамтылуы неге төмен екендігін Ләззат Аманжолқызы былай түсіндіреді:

— Рас, жеке балабақшалар пайдалануға берілгенмен, әртүрлі мекемелерден нысандар қайтарылып, қайта жабдықталып, балабақшалар ашылғанмен,

Ақтөбе қаласының облыстағы аудандармен салыстырғанда балапандарды балабақшалармен қамтуы мәз емес. Бұл, біріншіден, миграцияға байланысты.   Аудандардан, басқа облыстардан Ақтөбеге көшіп келушілер өте көп.

Мамыр айында мектептерден индекативтік  жоспар алдық. Яғни, әрбір мектеп өзінің шағын ауданына қарасты балалардың санын алады. Осы жоспардың негізінде 1 қыркүйекте қанша сынып ашылуы мүмкін екені жоспарланады. Қыркүйекте 1-сынып жоспардан 22 сыныпқа артық ашылды. Тек қана 1-20 тамызда жалпы мектеп оқушыларының саны 1974 балаға көбейді. 

Кезекте тұрушылардың санының көп болуының екінші себебі, демографиялық өсімге  байланысты. Бала туу көрсеткіші артып келеді. Әсіресе, 2008, 2009, 2010 жылдары туған балалар көп. Қазіргі кезде балабақшаларға барып жатқан балалар да негізінен осы жылдары туған балапандар. Сұранысты өтеудің толық шешілмеуінің басты себептері — осы.

Балабақшамен қамтылу көрсеткіші аздау болғанымен, біз жоспарды артығымен орындап жатырмыз. Мамыр айында 3500 бала балабақшаға алынады деп жоспарладық. Тамыз айының аяғында, қыркүйекте жаңа балабақшалар ашылды. Кейбір балалар жекеменшік балабақшаларға ауысты. Мектепке баратын балалар бар. Сөйтіп, тағы да 1500-ден астам орын қосылды. Нәтижесінде, балабақша кезегінде тұрған 5 мыңнан астам балапан балабақшаның игілігін көріп жатыр. Дегенмен, былтырмен салыстырғанда балаларды балабақшалармен қамту биыл 1,5 пайызға азайып кетті. Себебі, былтыр 7 жасқа дейінгі балалардың саны 58 775 болса, биыл бұл жасқа дейінгі балалардың саны 62 683 болып отыр.

 

 

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

Жасыл экономика

 

«Жасыл экономика» — өмір салтын экологиялық тазалыққа бастайтын үрдіс. Ол, өз кезегінде, адам денсаулығы мен тұрмыс сапасының жақсаруының кепілі. Қысқасы, табиғаттың сұлулығы мен байлығын жан-тәнімізбен қорғаудың еліміздің ертеңіне, әрқайсымыздың өмірімізге берері мол».

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

 

Елдің басты талабы

 

Қазақстанның бүгінгі басым міндеттерінің бірі болып отырған  «жасыл экономикаға» көшу — Елбасының нақты тапсырмасы мен талабының нәтижесі. Әсіресе, бұл ЕХРО-2017 көрмесі Астанада өтетін тұста ерекше маңызды.

 Қазір Елбасының «жасыл экономикаға» көшуге байланысты стратегияны әзірлеу жөніндегі Үкіметке берген тапсырмасына сай барлық жерде жұмыстар жүргізілуде. Әрине, бірінші кезекте, ірі өнеркәсіптік компанияларға талап күшеймек, қоғамның назары да соларға ауатыны белгілі. Осы орайда тек қаламыздағы ғана емес, облысымыз бойынша бірден-бір ірі кәсіпорын Ақтөбе ферроқорытпа зауыты не істеп отыр? «Жасыл экономикаға» көшу талабына байланысты бетбұрыс бар ма? Кешегі кеңестік кезеңде бұл кәсіпорыннан қала халқы елеулі зардап шеккенін ұмытуға болмайды. Зауыт шығарған қалдықтардан ауа, жер ғана емес, іргедегі Елек өзені де бүлініп келді. Ал еліміз тәуелсіздік алған жылдарда жағдайдың өзгергенін,  зауыт жұмысына талаптың күшейтілгенін де білеміз. Бүгінде қоғам «жасыл экономикаға» жатқызып жүрген, Финляндия сынды елдердің тәжірибесіне әлдеқашан енген табиғат қорғау технологиялары  әлеуетті инвестордың арқасында мұнда да келді. Алайда сол қаншалықты пайдалы? Жаңа қадамдар мен технологиялар  толық қанағаттандыра ма? «Қазхром» ТҰК» акционерлік қоғамы экология департаментінің бастығы Светлана Мащенконың әңгімесіне құлақ түрелік.

— Аймақтағы ірі кәсіпорын саналатын ферроқорытпа зауыты қоршаған ортаға әсер етпей тұра алмайды. Сол қоршаған ортаға ықпалды мейлінше азайтуға байланысты зауытта қоршаған ортаны қорғау басқармасы табысты жұмыстар жүргізіп келеді. Басқарма бүкіл кәсіпорынның табиғат қорғау қызметін үйлестіруге күш салумен бірге, сыртқы мүдделі құрылымдармен де ықпалдасып әрекет етеді.

Бүгінде біз қоршаған ортаны қорғау жөніндегі кәсіпорынның саясатының  табиғат қорғау заңдылықтары талаптарымен толық үйлесімді  болуын қадағалаймыз. Атмосфералық ауаны ластау көздеріне қазіргі өндірістік бақылау жүйесі мен өндірістік мониторинг ұйымдастыру қолданыстағы нормативтік талаптарға сәйкес жүргізіледі. Мұның мысалы — Қазақстан Республикасы Үкіметі белгілеген зауыт пайдаланатын лимиттің қатаң сақталып отырғаны. Яғни, шығарылатын қалдықтардың көлемі болжағаннан көп төмен болып келеді. Ал бұл — ауаны, айналадағы жер мен суды таза сақтау деген сөз. Ақтөбе ферроқорытпа зауыты белгіленген лимитті 2008 жылы 85,62 пайыз, 2009 жылы 78,19 пайыз, 2010 жылы 83,54 пайыз, 2011 жылы 57,95 пайыз пайдаланды. Осыған қарап зауыт бойынша қалдықтарды шығарудың қаншалықты азайып отырғанын аңғару қиын емес.

— Светлана Николаевна, «Қазхромның» ферроқорытпа өндірісінде судың айналма циклі пайдаланылады деп жиі айтылады. Бұл не?

— Қоршаған ортаның жағдайына тұрақты мониторинг өткізіп отыру, өндірістік қалдықтарды ұдайы қадағалап, су, жер ресурстарына өндірістік экологиялық бақылау жасау — бірінші кезектегі міндет. Зауыт Елек өзенінен 2 шақырым қашық жерде тұр. Мұның өзі зауыт қажетіне пайдаланған өндірістік судың  жер асты суын, зауыт өнеркәсіп алаңы аумағын бүлдіруіне мүмкіндік бермейді. Мұнымен бірге, зауыт суды жерге ағызбайды не жинақтап сақтамайды, барлық ағын суды тамшысына дейін тазарту үшін «Ақбұлақ» акционерлік қоғамына береді.

— Демек, қалдықсыз өндіріс дегеніміз осы ма?

— Өндірістік қалдықтарды реттеу — «Қазхромның» табиғат қорғау қызметінің бірден-бір шешуші  бағдарламасы. Жиналған қалдықтарды жою — компанияның бүкіл филиалдарының, оның ішінде Ақтөбе ферроқорытпа зауытының да бірінші кезектегі міндеті. Зауыттағы металлургиялық өндірістік қалдықтардың негізгі бөлігі — феррохромның  қалған құрамалары бар күл, шлак. Мұндай шлактар тау болып 50 жыл бойы үйіліп келгені белгілі, сөйтіп, екінші шикізат қорының көзіне айналып ұзақ жылдар сақталған. Қалдықтарды екінші рет өндіріске жаратып, арылту компанияның табиғат қорғау саясатының маңызды бөлігіне айналды. Сөйтіп, 1996 жылы зауытта шлактарды 100 пайыз өңдейтін арнайы цех ашылды. Мұнда жылына 270 мың тонна өнім өңделеді. Мұнан қалған қалдықтар дайын өнім —қиыршық тасқа айналдырылады. Алғашқы жылдары-ақ мұның экологиялық тиімділігі анық сезілді. Жаңа технологияларды ендірудің нәтижесінде күлдің  өзін қатты күйге көшіріп, құрылыс материалы болып табылатын қиыршық шығару қолға алынды. Бұдан келетін экологиялық тиімділік сондай — жылына 30 мың тонна шлакты азайтуға жағдай жасады.

Аса маңызды бағыттың бірі — газ тазалағыш құрылғылар арқылы шаң-тозаңның көлемін азайту болды. 2011 жылы Ақтөбенің ферроқорытпа зауыты шаңды жаңа құрылғылармен ұстау шараларын енгізді.  2013 жылдың басына 350 тонна шаң-тозаң залалсыздандырылып, қоршаған ортаны ластау тиісінше кеміді.

— Қала тұрғындары Тұрғынүй қалашығы ауданында  жағымсыз иістің тарайтынын жиі айтады. Бұл неден?

— Мынаған назар аударайық: азот тотығының, көміртегінің, металдық тозаңның  физикалық қасиетіне байланысты өзіндік иісі болмайды. Ал оның ауыр шаңының өрісі 500-1000 метрден аспайды. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мекемесі қаланың бұл ауданындағы иіске қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді. Ақтөбе ферроқорытпа зауыты тарапынан ауытқушылықты қадағалаушы орган анықтаған жоқ.

Ең бастысы, компанияның басқа филиалдарындағы сияқты, Ақтөбе ферроқорытпа зауытында да барлық ластану көздеріне 99 пайызға дейін тазартатын қазіргі заманғы газ тазартқыш құрылғылар орнатылған. «Қазхром» —аталған озық технологияны екі мыңыншы жылдары енгізген республикадағы бірінші компания.

— Жаңа технологиялар қымбатқа түседі деп жатады. Осы шараларды ұйымдастыруға көп қаржы жұмсалды ма?

— Өзіне алған міндеттемені орындау үшін зауыт жыл сайын табиғат қорғау қызметіне қаржы бөледі. Мәселен, іс жүзіндегі шығын 2012 жылы бір жарым миллиард теңге құрады. Барлығы, соңғы үш жылда табиғат қорғау шараларына салынған инвестиция зауыт бойынша 3,5 миллиард теңге болды.

Департамент бастығының әңгімесінен байқағанымыз, «жасыл экономикаға» бет бұру, осы жолды ұстану алда да жалғаса береді. Компанияның қоршаған ортаны қорғау талаптары халықаралық стандарт талаптарына сай келеді және шетелдік сертификат алған.

Өндірістегі бұл жаңа қадамдар — «жасыл экономика» және заманауи технологиялар қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтып, ауа, жер және судың тазаруына себеп болады. «Жасыл экономикаға» көшу — әр өндірістік кәсіпорынға, компанияға қойып отырған елдің басты талабы.

 

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Әсемнің әлемі

 

Арамызда мүгедек жандарды мүсіркеп, олардың қоғамдағы белсенділігіне күмәнмен қарайтын топтардың қате түсінігін бұзып-жарып жүрген қайсар жандар көп. Солардың бірі — Ақтөбе қаласының тұрғыны Әсем Самұратова. Біз онымен «Шексіз шығармашылық» атты облыстық байқауда кездесіп, таныстық. Әлқисса…

Келесі жылы отызға толатын бойжеткеннің он саусағынан бал тамып тұр. Туғаннан нәзік әрі аурушаң боп, аурухана жағалап өсу Әсемнің жігерін сындыра алмады, керісінше, қамшылай түсті. Сөйтіп, қайсар қыз қазір түрлі көрме, байқауларда қолөнер арқылы шығармашылықта шек болмайтынын көрсетіп жүр.

Уақыт өте келе медицина да дамып, дәрігерлер Әсемге «Кифосколиоз» диагнозын қояды. Түсінікті тілмен айтсақ, бұл туғаннан немесе жүре келе омыртқасының қисық бітуі. Ал тал мүсінді, сұлу сымбатқа ие болғысы келмейтін қыз жоқ шығар?! Бұл орайда ІІІ топ мүгедегі Әсемнің жағдайы айтпаса да түсінікті.

— Бала кезімде балабақшаға барған емеспін. Ол кездері көбіне ауруханада болдым. Ал  мектеп жасына келгенде дәрігерлер өз құрдастарыммен оқуға рұқсат бермеді, себебі менің бойым бірінші сыныпқа баратын балаға сай келмеді. 1993 жылы бірінші сыныпқа баруға рұқсат берді. Сөйтіп, Хромтау қаласының  №3  қазақ орта мектебінде жұртпен бірдей оқып жүрдім. Мектепке ата-анам апарып, алып келетін. Мектепті бітіріп, ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, 50 балл жинап, жоғары оқу орнына түсуге бел будым. 2005 жылы Ақтөбе қаласындағы Қ.Жұбанов атындағы мемлекеттік университеттің химия факультетіне қазақ тіліндегі топқа құжат тапсырдым, бірақ ол топта орын болмай, орыс тобына ауысуға тура келді, кейіннен сол топта төрт жыл оқып, 2009 жылы диплом алдым. Қуанышым ұзаққа созылмады, себебі денсаулықтың кесірінен жұмыс табу қиынға соқты. Қызмет іздеген түйіндемелерімді  жан-жаққа тапсырдым, бірақ нәтиже шықпады. Екі жыл бойы резюменің жауабын күте отырып, ата-анам үйге интернет қондырып берді, — дейді Әсемнің өзі.

Содан интернетті игеріп, достар аясын кеңейтті. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған сайттарға тіркеліп, тек қана Қазақстаннан емес, көрші елдерден де мұңдас, тағдырлас достар тапты.

Еңбекқор қыз бала кезден ине-жіп ұстап, қолөнерге бейім боп өсіпті. Керексіз заттан әдемі дүние жасап шығарады екен. Көңіл түкпірінде «дизайнер болсам» деген арманы оған тыным таптыртпайтын. Сөйтіп, ізденіп отырып, «Европейская школа корреспондентского обучения» (ЕШКО) қашықтан оқыту орталығының сайтына кіріп, «Киім дизайнері» мамандығы бойынша хат арқылы бір жыл дәріс алып, түстерді шебер пайдаланатын дизайнер сертификатына ие болды.

— «ЕШКО» жіберген оқулықтармен ғана шектелген жоқпын, қосымша іздендім. Қажет болса, интернет арқылы жазып алып, үйрене бастадым. Әрине, алғашқы жасаған қолөнер бұйымдарымды туғандарым көрді, олар өз бағаларын берді, неше түрлі ой қосты. Ол кезде Хромтау қаласында тұратынбыз. Ол жерде қолөнерді бағалайтын адамдар көп болмай шықты. Сондықтан  көрмеге де қатысу оңайға соқпады. 2011 жылы «Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігіне  бардым, содан бері қоғам мүшелерімен тығыз араласып тұрамын. Осындай қоғамның өзіміздің Ақтөбеде болғанына қатты қуанамын. Себебі, қоғам мүмкіндігі шектеулі жандардың жоғын жоқтап, пайдалы да қызықты байқаулар, түрлі шаралар өткізіп тұрады. Ол жерде үлкендер білгендерін айтып, үйретіп жатады, — дейді Әсем.

Қоғамға келгелі бері Әсем спорттық жарыстарға да белсене қатысады. Әсіресе, ядро лақтырып, пневматикалық қарудан атқанда мергендігімен көзге түсіп жүр. Дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ ойындарынан да жүлделі орындар алыпты.

Ал көрмеге биыл сәуір айында алғаш рет қатысты. Маусым айында «Бәріміз бірдейміз — кемсітуді білмейміз» облыстық байқауында «Үздік жасампаз» номинациясында ІІІ орынға ие болды.

Қазан айында «Шексіз шығармашылық» атты облыстық конкурста «сәндік — қолданбалы өнер» номинациясы бойынша I орынды жеңіп алды. Көрмеге қойылған Әсемнің қолынан шыққан дүниелер бірінен-бірі өтеді. Мысалы, қуыршақ орналасқан тұғырды қобдиша етіпті, оған қоса матадан қуыршаққа киім тігіп, кәдімгі лентаны да сәтті пайдаланған. Қуыршақ-қобдишаларды 2500 теңгеге сатып алуыңызға болады. Сондай-ақ, шашты бууға және түйіп қоюға арналған қысқыштардың сан алуан түрін жасапты. Бәрін үйіп қояғанда гүлдер әлеміне енгендей боласың. Шашқа тағатын бұйымдардың ең арзаны — 500 теңге. Әдемілігіне қарай, үлкендігіне қарай ақшасы да жоғарылай береді. Әсем жасаған жастықтардың да ерекше үлгісі бар. Бұған кәдімгі мата, моншақ, т3г3н машинасы, ине-жіп, лента қажет екен. 

— Қоғамдағы жасөспірімдер менің жұмыстарыма қызығады. Ылғи үйренгілері келіп, сұрастырып жүргендері. Ынталары зор. Болашақта, бұйырса, үлкен арманымды іске асырсам деймін. Ол арманым —  осы қолөнерді дамытып, жеке кәсіп ашу. Ең әуелі, қоғамдағы еңбекқор қыздарды қолөнерге үйретіп, жұмысқа қабылдаймын, себебі  қазіргі таңда мүгедектерге жұмыс табу қиын, өз басымнан өткен жағдай болғандықтан жақсы түсінемін. Мен өмірде өз жолымды тапқан сияқтымын, бірақ одан әрі қарай іздене беремін. Бүгінгі таңда айналысатын кәсіп көп. Егер де ерінбей, ізденіп, көп оқыса, әр адам өзі ұнатқан шаруада шебер бола алады, — дейді Әсем.

Әсем өзінің кішкентай болса да жетістікке қол жеткізген болса, оның бәрін ата-анасының және бауырының асқан төзімділікпен бағып-қағып, рухани қолдау көрсетіп отырғанының арқасы деп біледі. Жас кезінде анасы кітапханада еңбек етіпті, сол жұмысты Әсемді бағып-қағу үшін тастап кеткен. Әкесі — Дөң кен байыту комбинатының шопыры. Ағасы Ақтөбе ферроқорытпа зауытында жұмыс істейді.

P.S. Әсемдей жігерлі қыздар қай қоғамда да өзгелерге үлгі боп жүретіні анық.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

По сообщению сайта Ақтөбе газеті