Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Даламыз шөлейтке, шөлейтіміз шөлге айналып барады

Дата: 23 января 2013 в 14:34

Даламыз шөлейтке, шөлейтіміз шөлге айналып барады

Бүгінгі таңда экологиялық жағдайымыз нашарлап, шөліміздің құмы желмен ұшып жайылымдық жерімізді басып, егістік жеріміздің құнарлы /гумус/ топырағы желмен ұшып, шаң-тозаңға айналып, жер тақырланып, егін егуге жарамсызданып барды.  Ғалымдардың есебі бойынша жыл сайын бір гектар егістік жерімізден он тоннаға жуық құнарлы топырақ желге ұшып кетіп екен.

Дүниежүзі ресурстар институтының деректеріне жүгінсек, Қазақстан территориясының 99 % құрғақшылыққа бейім болып саналса, жеріміздің 66 % қазір түрлі деңгейдегі  шөлейттенуге ұрынып отырған көрінеді.

Барлық 188 млн гектар жайылымдық жеріміздің 26%, яғни 48 млн. гектардан астамы құрғақшылық салдарынан жылдан жылға азып-тозып бара жатқан көрінеді. Соңғы он жыл ішінде 30 млн. гектардан астам құнарлы егістік жеріміздің 10 млн. гектарға жуығы құнарсызданып, егістік айналымнан  шығып қалыпты /оның 15%-ы суармалы жер/.

Ауылшаруашылық жеріміздің құнарлылығын кемітпей, қалыпты жағдайда сақтау үшін, егістік жер көлемімізге жыл сайын 2,6 млн тонна тыңайтқыш сіңіру қажет болса, бүгінгі күні сіңіріп отырған тыңайтқышымыздың көлемі 213,3 мың тоннаны ғана құрайды..

Егістік жеріміздің топырағы желге ұшып, құнарлы қабаты эрозияға ұшырайды, тез кеуіп кетеді, өзіндік құны қымбаттайды деп, маңызды технологиялардың бірі — жер ауыспалылығын сақтамай отырмыз. Жерді қара парда ұстау көлемін мүлдем кемітіп, жерді аудармай жырту технологиясына көштік. Осының нәтижесінде, егістікті шөп басып, егіннің өсі-өнуіне кедергі келтіріп, пісу мрзімін ұзартып, сапасын төмендетіп отыр. Аудармай жыртылған жерді ерте шөп басатын болғандықтан, егістікке амалсыз қымбат гирбицид шашуға мәжбүрленіп, астықтың өзіндік құнын бәрібір қымбаттатамыз.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарымен салыстырғанда, астықтың негізгі сапасын көрсететін қамырлылығы (клейковинасы) бүгінгі күні төрт есеге дейін кеміп кеткен. Сол жылдары өндірілген астықтың үштен бірі 1-2 сұрыппен қабылданса, бүгінгі күні бұл көрсеткіш 7 % ғана  құрайды. Қазіргі кезде техникалық дақылдарға құйылған қаржы да құмға сіңген сумен тең болып, қайтарымы қайтпай отыр. Бұрындары ас та төк болып жататын қант қызылшасын да дұрыс өндіре алмай, қант құрағын, яғни қажетті шикізаттың 97% сырт елдерден тасудамыз. Шаруашылықтардың басым бөлігі көп шығын шықпайтын, көп жұмыс күшін қажет етпейтін бидай егуге көшуде. Тоқсаныншы жылдары егілген бидай көлемі, жалпы егіс көлемінің 53% құраса, бүгінгі күні 95% жетіпті.

Ауылшаруашылық өнімдерін өндіруге жеріміздің топырағы қатты, құнары аз. Ауа райының қолайсыздығы одан өткен, жазымыз ыстық жауыны аз, қысымыз суық, қары аз. Жауған қар желмен ұшып, жер тақырланып, көктемде жер ерте кеуіп кетіп, себілген тұқымның көбі өнбейді. Көп жағдайда, жер суғарылып қайтара жыртылып, қайтара себіліп жататыны жасырын емес. Жаздың аңызақ желі топырақты тез кептіріп, өсімдік тамыры қысылып, жиі-жиі суғаруды, қопсытуды қажет етіп, өндірілер өнім түсімін кемітіп, өзіндік құнын қымбаттатып, рентабелділігін төмендетеді. Қалталылар мен банктер ауыл шаруашылығы саласына инвестиция, несие салуға құлықты емес. Өйткені, бұл саланың рентабелділігі төмен, қайтарымы аз деген көзқарас қалыптасқан. Ол бір жағынан рас та, бидайдан өзге сыртқы бәсекелестікке қабілетті өніміміздің болмай отырғаны да жасырын емес.

Бүгінгі күні еліміздің жалпы ауыл шаруашылығы өнімдер экспортының 90% бидай және ұн өнімдері құрайды. Өндіріліп жүрген астығымыздың өзін, жеріміздің молдығы арқасында қолда бар құнарлы жерге астық сеуіп, экстинсивтік әдіспен / жер көлемін ұлғайту арқылы/ өндіріп отырғанымыз да ащылау болса да ақиқат.

Ауыл шаруашылығын дамытуға ауыл халқының  қаржысы, несие алуға қояр кепілі, жылжымайтын мүлкі,  тұрақты капиталы жоқ! Қаржысы барлар, су басып, сазға айналған жерлерін тастап, жылда тың жерге бидай егуге машықтанып алған, техникалық дақыл егуге, субсидиялық қаржы беріп те, күштеп те көндіре алмайсың!

Ауыл халқы егіншіліктен түңіліп, көз алдындағы малға ден қойып отыр, онда да сапасынан көрі, санына көп көңіл бөлініп, мал тұқымы нашарлап тұқымсызданып барады. Екі-үш литрден артық сүт берер сиыр, бір центенерден артық ет берер өгіз қалмады. Меринос қойларымыз араласып, қылшық жүнді, ешкі тұқымдас болып барады. Заманында 60-70 отар қой өргізген ауылдан 2-3 отардай қой  жайылымға шықса кереметтей көреміз.

Жаз жайлау, қыс қыстауды ұмытқалы қашан, бар мал ауыл төңірегінде, ауыл маңы шаңданып, жер тақырланып барады. Енді біраз жылда ауыл маңында егін егер жер қалмау қаупі бар. Ауылды жерде мал маманы тұрмақ, агрономиялық білімі бар адам қалмады. Егіс ауыспалылығы, өнім өндіру технологиялары сақталмайды, селекциялық жұмыстар жүргізілмейді.

Бүгінгі таңдағы бар деп отырған малдарымыздың 80% ауыл тұрғындарының қолындағы жекеменшік мал.

Асыл тұқымға жатады деген мал жоқтың қасы, бар малдың 4%-ын ғана құрайды. Соңғы жылдары Елбасының айтуымен, мемлекетіміз ауылшаруышылығы саласына айтарлықтай көңіл бөле бастады.

Шаруашылықтарға лизинг арқылы техника, жеңілдетілген несие, арзандатылған жанармай, тыңайтқыш беріліп жатыр. Субсидиялық қаржы көлемі ұлғайтылып өнім өндірушілердің қызығушылығын туғызу бағытында бірқатар ауқымды істер атқаралуда. Ауылшаруашылық өнімдерін өндірудің рентабельділігін жоғарылату мақсатында түрлі технологиялар енгізіліп, шаруашылықтарды ірілендіру көзделініп отыр. Елбасының бастмасымен дипломмен ауылға бағдарламасы жүзеге асырылуда. Осындай игі бастамалардың бәрін ұтымдылықпен алға жылжытып, алып кете алмай отырмыз.

Егін түсімі ауа райына тәуелді болып тұр деп шарасыздық танытамыз.

Тек шетел технологияларына көңіл бөліп, өзіміздің ежелден пайдаланып жүрген технологияларымызбен, агротехникалық шараларымызды мүлдем естен шығарып алдық! Экологиялық жағдайды жақсартамыз деп ауыл, қала маңдарына жүздеген, мыңдаған гектар жерге ағаш отырғызып жатырмыз. Әрине, бұл іс экологиямыз үшін аса маңызды екені рас. Алайда, осы ағаштарымызды жиілете отырғызып, ол жерлерді тұтасқан ну тоғайға айналдырмай, отырғызылар ағаш көшеттерін мал жайылымдылық, егістік жерлерімізге қар тоқтатып, желден қорғар қалқан есебінде белдеулеп отырғызсақ, бұл бағдарламаның маңыздылығы арта түсер еді. Ұзақ жылдар бойы егістік жерлерге белдеулеп ағаш қалқанын өсіру агротехникалық шара есебінде пайдаланылып келсе де, бүгінде маңыздылығы  ескерілмей, ұтымдылығы естен шығып кетті. Ағаш өсіру технологиясы дұрыс сақталмай, күтімі болмай, жан-жағына жайылып, бұтаға айналып, кейде, тіпті егіс көлемін кемітіп те жатады. Кейінгі кезде пайдасы мүлдем ескерілмей, ұмытылып бара жатқан, бұл шараның нақты маңыздылығын ескере алар болсақ: егіс аралығына отырғызылған ағаш егістікке қар тоқтатып, топырақтың ылғалды мол сіңіруіне, көктемде аңызақ желден қорғап, ылғалды ұзақ сақтауына көмектеседі. Себілген тұқымның біркелкі өніп, арамшөп баспай тез көтеріліп кетуіне жағдай жасайды. Ағаш қалқаны өнген өркенді көктемгі суық желден қорғап, көп жағдайда, суықтан үсіп кетуінен, жазда ыстық желден қурап қалуынан сақтайды. Ағаш қалқаны, аралығына өсірілген көкөніс аралығы жылы ылғалды микроклимат ұстап, өнімнің ертерек құнды кезінде пісуіне ықпал етеді. Алынар табыс мөлшерін молайтып, піскен өнімді күздің алғашқы үсігінен сақтайды. Өнімнің толық жиналып, толық пайдаланылуына мүмкіндік береді. Алынар өнім мөлшерін кемітпей, түсер табыс мөлшерін молайтады.

Ағаш қалқаны, жазда топырақты аңызақ желден қорғап, ылғалды ұзақ сақтауына көмектесіп, өнімнің кемі 1-2 қабат суғарылу, қопсытылу қажеттілігін кемітеді. Жұмсалар еңбек, пайдаланылар энергиялық күш-қуатты үнемдейді. Егіс аралығына отырғызылған ағаш егін пісер кезде соғар жел күшін бәсеңдетіп, егіннің жаппай жығылып қалуынан, жауын жауса шіруінен, піскен кезде соққан желге шайқалып, дәнінің жерге төгіліп қалуынан сақтайды. Егін түсімін кемітпей өнімді толық жинап алуға мүмкіндік береді. Өнім өндіру сенімділігін арттырады. Құрғақшылық жылдары астық бойы көтерілмей, комбайн жаткасына ілінбей қалып жатқанда, ағаш қалқаны аралығында өскен астық бойы биік болып, ауа райынан келер қауіптіліктерді едәуір кемітеді.

Солтүстік облыстарымыздың астықты алқабына ағаш қалқанының тигізер маңызы тіптен зор. Ашық жердегі қардың қалыңдығы 8-10 см. болып, кейде тіпті мүлдем желмен ұшып жер тақырланып, себілген астықтың 50%-ы кейде түгелдей үсіп кетіп жатқанда, ағаш қалқаны аралығындағы жердің қарының қалыңдығы 50-60 см.болып, астықты үсіп кетуден сақтайды. Себілген тұқымның түгелдей өніп шығуына, дәнінің уақытылы толып пісуіне ықпал етеді. Егіннің жауар жауын, соғар желге тәуелділігін едәуір кемітеді.

Ағаш қалқаны әсіресе жерді қарапарда ұстау технологиясының маңыздылығын арттыра түседі. Ашық жерге түскен қар желмен ұшып, жер беті мұз болып қатып жатқанда, ағаш қалқаны аралығына түскен қар топырақ бетін қатырмай, көктемде топырақ, қар суын толық сіңіріп, ылғалды ұзақ сақтайды, осылайша егін егу науқанын едәуір ұзартуға көмектеседі. Білікті мамандардың айтуынша, ауа райымызға байланысты егін егу науқаны нақты 10-15-ақ күнге созылады екен. Осы күн аралығында себіліп үлгерілмеген астық түсімі жыл аяғында 50% төмендеп кететін көрінеді. Ал ағаш қалқаны топырақтың ылғал сақтау мерзімін 2 есеге ұзартады екен. Осы дәлелдемелерге сенсек, ағаш қалқаны аралығында өсірілген егін түсімі, ең кемі 25-30%-ға, ал ауа райы колайсыз болған жылдары 50-60%-ға дейін артық болары анық. Оған ешқандай басқа дәлелдемелердің қажеті жоқ!

Қорыта келгенде, егіс аралығына ағаш қалқанын өсіру, егін түсімін арттырып, сапасын жақсартар, әрі өнім өндіру сенімділігін туғызар аса маңызды агротехникалық шара екені даусыз.

Ағаш қалқанынсыз, егістікке шашылып жүрген тыңайтқышымызбен, микробиологиялық препараттарымызды пайдалануға шығарылар қыруар қаржымыздың тең жарымы топырақпен бірге желге ұшып құр бекерге рәсуә болмақ! Тіпті, жерді аудармай жыртсақ, жер ылғылдығын кемітпейді, топырақ желмен үшып эрозияға ұшырамайды деп жүрген технологиялардың әсері (ағаш қалқанынсыз) біздің ауа райымызбен климатымыз үшін тым жеткіліксіз. Үзіліссіз соғар желіміздің жылдамдығы 9-10 м/сек-қа жеткенде, аудара жыртқан жеріміздің топырағы бұрқырап ұша бастаса, 15-20 м/сек-тан асқанда аудармай жыртқан жеріміздің топырағы да желге ұшып жатқанын көрмей жүрміз бе?

Ауа температурасы ысып, ауасы тым құрғап кетсе өсімдіктің өсуі мүлдем тоқтап қалатыны белгілі. Ал ғалымдардың дәлелдемелері бойынша, ағаш қалқаны, егіс арналығының тым ысып, ауасының өте құрғап кетуіне едәуір тосқауыл. Ағаш қалқаны арналығының температурасы ашық жерге қарағанда 5 ° төмен, ылғалдылығы 10-15 % -ға жоғары болады екен. Яғни, өсімдіктің өсіп өнуін едәуір жақсартады.

Ғалымдардың айтуынша, тамшылата суғару технологиялары да ауа райы желді, температурасы өте ыссы, топырақ тым құрғақ болған жағдайда, өсімдік тамыры орналасқан, топырақтың төменгі қабатын жеткілікті мөлшерде сумен қамтамасыз ете алмайды. Яғни, суыра соғар желі жоқ, ықтасын, желсіз әрі  ылғалды жерде (ағаш қалқаны аралығында, пленка астында немесе өсімдік бойы көтерілгеннен кейін) ғана, тамшылата суғару технологиясы нәтижесінің арта түсеріне еш күмән болмаса керек.

Ұлттық ПРООН жобасының жайылымдық жер қоры басқармасының қызметкері Е.Болтаевтың айтуыа қарағанда, ауа райының өзгеруінен Қазақстан жерінің шөлейт аймағы шөлге, даласы шөлейтке айналуы аса үлкен қарқынмен жүріп жатыр.

Осындай апатты жағдаймен күресіп жайылымдық жерімізді сақтап қалу мақсатында елімізде он жылдық 2015 жылға дейінгі жоба қабылданып,

белгілі көлемде, ауқымды істер атқарылуда. Осы жоба бойынша Алматы облысының Жамбыл ауданында тақырланып кеткен жерлерге түрлі шөп тұқымдарын себу арқылы жайылымдық жерлерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Әрине, жобадағы мал жайылымдық жерлерімізді қалпына келтіруде аса маңызды болары анық. Ал осы жерлерімізді алдымен ағаш қалқанымен белдеулеп шықсақ, бұл жобаның маңыздылығы арта түсері хак!

Бүгінде жерімізді көк желектендіріп жатырмыз деген қарқынымыз теңізге шелектеп су құйғанмен тең, жыл сайынғы отырғызып жүрген ағашымызбен, мал жайылымдық жеріміз тұрмақ, егістік жеріміздің өзін жүздеген жыл ішінде белдеулеп шығуымыз екі талай. Мал жайылымдық жерімізді құм басып шөлге айналып, егістік жеріміздің тақырланып егін егуге жарамсызданып бара жатқанын көріп біле отыра, егінімізді тамшылатып суғарып отыра берсек... Көп ұзамай көк желекке оранып, оазиске айналған қалаларымыз (Араб елдеріндегідей) құм басқан шөл даланың ортасында қалары анық.

Еліміздің болашағын ойласақ, жыл сайынғы ағаш көшеттерін отырғызуға  шығарып  жүрген қыруар қаржымызды, ағаш көшеттерінің санын көбейтуге пайдаланып, ағаш отырғызуға бүкіл халқымыздың патриоттық сезімін оятып, бүкіл халықты ағаш отырғызуға жұмылдыруымыз қажет.

Т. Бекбатыров, зейнеткер

Алматы облысы

Abai.kz

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы