Facebook | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Бас тартудан бас тарту қазақылығымыздан қашу емес пе?

Дата: 11 января 2013 в 08:02 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Жұма, 11 қаңтар, 2013

Бас тартудан бас тарту қазақылығымыздан қашу емес пе?

«Естімеген елде көп». Жуыр­да  «Бас тарту жоралғысы  па­тент­­телді»  деген жаңалықты ес­тіп, таңғалдық. Медицина ғы­лым­дарының докторы Сағит Иман­ғазинов қонақтың алдына мал­дың басын тартудың орнына, қой­дың басына ұқсас фарфордан жасалған ыдысты «тартуды» ұсыныпты.

Ғалым ұсынысы бойынша, әлгі  ыдысқа құйқа, ет және тіл салынады. Ал бастың қос құлағы, екі көзі, таңдайы табаққа айналдыра қойылуы тиіс. Құрметті қонақ, міне, осы «фарфор ыдыс – бастың» қақпағын ашып, дәм татады да ары қарай жөн-жобасымен үлестіре бастайды. Бұл жаңалығы туралы патент иесі: «Бұл мәдениетті түрде тағам ұсыну. Гигиена жағынан. Тураған кісі оны дайын күйінде әкеледі. Оны қасықпен таратуы да мүмкін. Менің мақсатым – қазақтың бас тарту жоралғысын бөгде біреулер иеленіп кетпесін деген ниет» депті. Жөн-ақ.
Бірақ, осы одағайлау жаңалықты «SERKE. ORG» сайты арқылы жеткізген әріптесіміз Сәкен Түсіпбек: «Сыйлы қонақтарға, жасы үлкен, қария адамдарға бас ұстату – халқымызда ежелден келе жатқан дәстүр. Уақыт бір орнында тұрмайды. Уақыт озған сайын өзіміз мақтан көріп жүрген осы жоралғының озық жағымен қатар, тозық жағының да бар екені анық көріне бастады. Мұның  табиғи заңдылық екені даусыз.
Өткенмен салыстырғанда қазір елдің әл-ауқаты жақсарып, сана-сезімі өсті. Өркениетті дамыған шетелдермен қарым-қатынасы күн өткен сайын артуда, халықтың денсаулығын күтуге деген ықыласы оянып, өсу үстінде. Осы факторлардың әсерінен болар, кейінгі кезде ұсынылған қойдың басына үрке қарап,  селқостық танытып, енжар қалып көрсетумен бірге бастан үзілді-кесілді бас тартатындар ұшыраса бастағаны бұлтартпас шындық болып тұр. Мұның себебін тарқатып айтар болсақ, дастарқанға әкелінген қол ағаштай бастың көзін шұқып, құлағын кесіп, миын шағып мүжіп отыру қазіргі заман адамына қолайсыз әрі ыңғайсыз, тұрпайы-эстетикалық ұғымдарға қайшы. Сонымен қатар, ақжемделген мал басының ырсиып, үңірейіп алдыңызда жатуы жас балалардың үрейін алып, жүйкесіне салмақ түсіреді. Осыны ескеріп, бас асылғанда балаларына басты көрсетпеуге тырысып бағатын отбасылар да бар. Тіпті, «қойдың басы тартылғанда, неге екенін қайдам, Кенесары хан есіме түсіп, қай-қайдағы, жай-жайдағылар ойға оралып, денем түршігіп мазам кетіп отырады» дегенді де естідік.  Бастан бас тартудың белең ала бастағанының тағы бір себебі – бастың етінен күйік иісі аңқып, қыл-қыбыры аралас жүретіндігі. Мұның денсаулыққа зиян екенін жасыра алмаймыз. Жоралғыны санитарлық талаптарға сай дайындау екінің бірінің қолынан келе бермейтіні де бастан бас тартудың басты себептерінің бірі болып тұр» деп, жаңалықты «жандыра» түсіпті.
Сөз бостандығын, ой еркіндігін және пікірлер алуандығын қолдайтын қоғамымызда ешкімнің аузына қақпақ бола алмайсың. Бірақ, кәрі тарихқа үңіліп отырып, оның соқтықпалы, соқпақты жолдарынан әлі де тәлім-тәрбие алып отырудың артықшылығы жоқтығына көзің жете түседі. Аты-жөнін айтып, әруағын мазаламай-ақ қоялық, Қазақстандағы «Кіші төңкерістің» авторы, «түземдіктерге шанышқы мен пышақ ұстауды үйреттім» деп жар салатын хатшының ұранына ілесіп, етті қолмен жеуді тағылыққа балаған, үйітілген бастың күйік иісінен ғана емес, текемет сынды киіздің «қыл-қыбырынан» да үріккен, лауазымды қандастарымыз да  болған. Ал бүгінде, басқасын былай қойғанда, киіздің жасалу технологиясын зерттеген шетелдік оқымыстылар оның сыз өткізбейтін ерекшелігімен бірге бойына ешқандай бактерия қондырмайтын қасиетін анықтап, қайран қалып отыр. Бірақ, өкінішке қарай, төңкерісшілердің керзі етік, қайыс күрте киген белсенділері осының бәрін халқымыздың санасына «ескіліктің қалдығы, салт-дәстүрдің тозығы» деп насихаттады. Қазақ халқын өзінің төл салт-дәстүрлерінен, оның ішінде ұлттық тағамдары мен музыкалық аспаптарынан, тұрмыстық тұтыну заттарынан аластатты. Ұлттық атрибуттарынан жирендіруге күш салды.
Қой үйіткен қазақтары аз қалада тұрамыз және кірпияз зиялы қауым өкілдері мен шіренген кәсіпкерлер бас қосатын дастарқандарда жиі боламыз, өз басымыз «ұсынылған қойдың басына үрке қарап,  селқостық танытып, енжар қалып көрсетумен бірге бастан үзілді-кесілді бас тартқандарын» осы уақытқа дейін әлі көргеніміз жоқ. Қайта, керісінше, басты бірінші болып ұстағысы келіп, емініп отырады. Ата-баба салтымен сусындап өскен ауылдың нағыз қазақтарымен бірге, қалада өсіп, еуропаша тәрбиеленген «жаңа қазақтар» мен олардың  «супер-жаңа» ұрпақтары да алдына жұп-жұмсақ боп піскен басты тартсаң, көздері жайнап,  кәдімгідей мәз боп қалады.
Ақиқатты айтқанның айыбы жоқ. Осы арада еліміздің екі жағындағы тату-тәтті көршілеріміз – қытай мен орыстардың ұл-қыздарын, яғни сол елдегі шенеуніктерді, кәсіпкерлерді немесе зиялы қауымды мысалға алайықшы. Ықылым заманнан бері ұлттық салт-дәстүрлеріне адал сол ағайындардың кірпияз шенеуніктері, кіді зиялылары, әлемдік мәдениеттен хабары мол «жаңа қытайы» мен «жаңа орыстары», барға қанағат, жоққа салауат деп,  доңыздарын бас-сирағымен қоса үйітіп, бақа-шаяндарын пісіріп, құрт-құмырсқалары мен жыландарын қуырып жеп жатыр ғой. Солардың ешқайсысы «Қазіргі заман адамына қолайсыз әрі ыңғайсыз, тұрпайы – эстетикалық ұғымдарға қайшы» деп, ата-бабасының асынан жеріп, қақалып, шашалып жатқан жоқ. Айтса, салт-дәстүрін сыйлайтын мыңдаған, миллиондаған халқының келеке-мазағына ұшырайтынын біледі. Ал біздің оқымыстыларымыз болса, ата-бабалары есте жоқ ескі замандардан бері ұстанып келе жатқан салт-дәстүрінен ат тонын ала қашып, одан «қыл-қыбыр» іздей бастайды.
Тарихты қарасаңыз, «бас жегеннің салдарынан бәленше деген жерде түгенше деген қазақ ауылы немесе әскері қынадай қырылыпты» деген дерек пен дәйек жоқ. Қырылса – соғыстан, ашаршылықтан қырылған, ал «гигиеналық тазалықты сақтамаудың салдарынан қырылыпты» деген тарихи деректі кездестірмедік. Ордалы жанды опат қылған жаман аурулар, керісінше, Еуропа мен өзге елдерде өте көп болған. Ал қазақ опат болса, сатқындар берген у мен опасыздар атқан жебеден көз жұмған.  Ал қойдың басын, жылқы мен түйенің шекесін қарадан шыққан билермен бірге ақсүйектен шықан хан да қолына ұстап, қорықпай дәм ауыз тиген. Солардың ешқайсысы аузыма ұшық, ішегіме жара шығады деп, жиренбеген. Атақты Әл-Фараби мен бүгінде «Алтын адам» аталып кеткен сауытты жасаған шеберлер мен оны тұтынған хандар мен ханзадалар, шын мәнінде біздің ежелгі ата-баларымыз болса, онда халқына бас асып жеудің зиянын ұрпақтарымыз ешқандай «модернизацияға», «реформаға» ұрынып, әуре болмасын деп, сол кезде-ақ айтып, жазып кетпес пе еді?
Қазақ халқына гигиеналық тазалықты сақтауды үйретудің қажеті жоқ. Қайта қазақтан үйрену керек. Өйткені, олардың өмірі мен салт-дәстүрінің өзі тұтастай гигиена ғылымынан тұрады. Сол сияқты, бас асудың да гигиеналық өз талабы бар. Ол үшін бас әбден үйітіліп, қырғышпен қырылып, жылы сумен мұқият жуылуы қажет. Бастың тұмсығын ағашқа ұрып, мұрын қуысын мұқият тазалау, үйіткен кезде қалып кеткен жүндерді қайта тазарту да міндет. Одан кейін, басты қазанға салмас бұрын жағын айырады, үстіңгі тістерін қағып, ауыз қуысын тіс сынықтарынан, қаннан мұқият жуып, тазалайды. Басты жуып, тазалап жатқан кезде көзге пышақ сұғып, ішіндегі қышқыл, жылбысқы суын ағызып жібереді. Осының бәрі, сайып келгенде, біздің ата-бабаларымыздың гигиеналық тазалыққа келгенде өте ұқыпты болғанын көрсетеді. Басты ешқайсысы допша домалатып, сол қалпы аса салмаған.
Тағы бір ескеретін мәселе – қойдың басы (жылқының, түйенің шекесі) алдына келген адам бата беруі керек. Ал олар… «фарфор-ыдыс басқа» бата бере алмайды. Басты қолымен ұстап, маңдайынын, желкесінен, езуінен кесіп дәм татып алғаннан кейін, құлағын кесіп (оңтүстік жақта бастың маңдайын айшықтап тіліп, бір ғана құлақпен әкеледі) балаға берсін. Тілін кесіп тағы біреуге жолдасын. Таңдайын ұсынсын. Әрқайсысын берген сайын тілек тілесін. Таңдай – әнші бол, тіл – шешен бол, ми – ақылды бол, көз – мерген бол, құлақ-жаңалыққа жақын жүр, айта берсе көп. Тапқырлығына байланысты.
Егер Сағит Иманғазинов жоғарыда айтылған жаңалығын от басы, ошақ қасында өзі қолданып жатса, онда дау жоқ. Бірақ мұны жаңалық ретінде елге тарату сәл ерсілеу сияқты. Бұл тұрғыда Сәкен Түсіпбектің: «Сағит ағамызға қойдың басының макетін жасағаннан гөрі, «Бас сый», яғни «Үлкен сый» деген мағына, ұғым бере аларлықтай кәдімгі қарапайым ыдыс ойлап тапқаныңыз анағұрлым ұтымды болар ма еді деген ұсыныс айтқым келеді» дегені дұрыс сияқты.
Өз басым дәрігерлерді өте қатты құрметтеймін. Жаның қиналып ауырғанда ең алдымен көмек қолын созатын ақ желеңді абзал жандар. Ендеше, алдағы уақытта Сағи Иманғазиновтан медицина саласы бойынша адам жанына араша болатын инновациялық нағыз жаңалық күтейік.
Солай емес пе, ағайын?
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».

Тараз.

 Принтерден шығару

Тақырыпты Форумда талқылаңыз

По сообщению сайта Егемен Қазақстан газеті

Читайте также