Facebook | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Мейрам Қайсанов: «Бізд алаңға «Қазақ болсаң шық» деген бір ауыз сөз алып барды»

Дата: 20 декабря 2011 в 11:04 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Мейрам Қайсанов: «Бізд алаңға «Қазақ болсаң шық» деген бір ауыз сөз алып барды»

— Мейрам аға, жалпы Желтоқсан көтерілісі қалай басталды? Біздер көтеріліс стихиялы түрде болды деген пікірге келіскіміз келмейді?

— Мен 16-сы күні анамның сіңілісінің үйіне барып, кеш бата жатақханаға келгем. Келсем жатақхана іші абыр-сабыр. «Пленум Қонаевты түсіріп, орнына Колбин деген біреуді қойыпты! Соған байланысты ертең наразылық білдіріп алаңға шығайық. «Қазақпын» десеңдер бізбен бірге болыңдар!» деді жоғарғы курстың жігіттері. «Е, несі бар, шықсақ шығамыз!» деп жатақхананың жоғарғы қабаттарына көтерілсем, суретші студенттер лозунгтар жазып жатыр екен.

Сонымен 17-сі күні таңғы алтылар шамасында алаңға шеру тартып бардық. Жолай адамдар қосылып жатты. Біз алаңға барған кезде 2 топ тұрды. Көп емес, шағын-шағын. Оның бірі — мал шаруашылығы институтының, бірі —  ауыл шаруашылығы институтының студенттері еді. Олардың алаңға бірінші боп баратын да жөндері бар, себебі, жатақханалары сол бетке жақын орналасқан. Оның үстіне онда оқитындардың көпшілігі ауылдың балалары ғой. Олар елім дегенде жүректері ерекше соғатын рухы биік жігіттер еді. Кейбіреулер маған: «сіздердің қастарыңызда үстіне қара пальто, қара шляпа киген, қара волга мінген үлкен кісі жүріпті ғой» — деген сауал қояды. Бірақ, менің Бақытбек Құрманғожаев деген досым («Желтоқсан» қозғалысының төрағасы), «бұл — тергеушілерді адастыру үшін әдейі ойлап тапқаным еді» — деді ғой кейін. Бірақ ол бәрібір ұйымдастырушы ретінде отырып келді. 16-сы күні Бақытбектің жанында бірге болып, басқа жатақханаларға барып: «ертең алаңға шығамыз, жиналыңдар» деп үгіт жүргізген Құрманғазы, Үсіпхандар да ұйымдастырушы ретінде сотталды ғой. Мысалы, олар белгілі бір кісінің нұсқауымен барған жоқ қой жатақханаларға. Өздерінің қалауларымен барды. Бізде сол кезде КПСС тарихы деген сабақ болды, лозунг дайындаған суретші жігіттер сол сабақтың кітаптарынан өзіміз көсем деп жүрген Лениннің сөздерін жазды. Оларға: «Әр ұлтқа — өз көсемі» деп жазыңдар деп ешкім ақыл-кеңес берген жоқ еді.

— Аға, Желтоқсан көтерілісіне байланысты түсірілген «Аллажар» филімінде профессор Ерғалиев деген бар еді ғой. Басында жастардың жағына шығып сөйлегенімен, кейін таяқ жеп қашып келген студенттерін үйіне кіргізбей қоятын... Сондай ұстаздар болды ма?

— Жалпы алғанда, ондайлар болды ғой. Бірақ менің ұстаздарым, профессор Рабиға Қаныбаева, Асылбек Ыхсандар маған үлкен көмек көрсетті. Осы кісілердің арқасында оқуымды аман-есен бітіріп шықтым. Мені әр күн тергеуге шақырған сайын Рабиға апайым: «Миратай, сен айтқаныңнан танба. Біз сенің жағыңдамыз. Сені оқудан шығармаймыз» — деп дем беретін.

— Аға, осындай бейбіт шерудің аяғы қалайша қантөгіске айналып кетті?

— Біздер әуел баста алаңға бейбіт мақсатта шықтық. Қолымызда ешқандай қару жоқ, өз пікірімізді айтамыз дедік. Бірақ, бәрі басқаша болды... «Қонаев қайда кеттi, өз еркiмен кеттi ме? Шақырыңдар. Өз аузынан естиiк бәрін!» Жастардың осы талабы уақыт өткен сайын буырқанған ызамен шығып жатты. Бірақ қарсы жақтан еш жауап жоқ. Күн кешкіріп қалды. Сосын біздер «Ақ үйге жақындайық, Димекеңді күшпен  ұстап отырса, шығарып алайық!» — дестік. Біз ең алдыңғы қатарда тұрмыз, артымызда халық лық толы, бәріміз қол ұстасып алдық, «бізде қару жоқ, қарусыз адамға олар тиіспеуі керек! Тек провакацияға берілмеңдер!» — деп жәйлап жылжып келе жатқанбыз. Алдымызда тұрған қалың әскерге «ВПЕРЕД!» деген бұйрық берілуі мұң екен, дубинкаларымен бізге қарсы жүгірді. Қарусыз адамға шабуыл жасамайды дегеніміз далада қалды. Қашамыз деп жастар бір-бірін таптады. Мен қарсылық білдірмек болып ұмтылып едім, басқа тиген бірнеше соққыдан құладым. Есімді жисам 3-4 солдат сүйреп алып бара жатыр, біреулері қос бүйірден теуіп келеді. Сол кезде ғой көз алдыма видеокамераның жарығы түсетіні. (1-нші суретке қараңыз)

— Жазушы Дидар Амантай Желтоқсан жайлы «Ақиқатты жоқтау» атты шығармасында жастардың аузынан «Мұхтар, Сәтімжан, Олжас шық жазушылар үйінен! Қан тамшылап алдарыңа келіп тұрмыз» деп айтқызатыны бар еді. Жалпы, қазақ зиялылары Желтоқсанның сол қаһарлы күндерінде қандай ұстанымда болды?

— Зиялы қауымның бәрі бірдей біздермен болды деп айта алмаймын. Бізбен бірге мүлде болмады деп те айтуға болмайды. Болмауының да өз себебі бар.

Зиялы қауым дегенде... Сол уақытта теледидардан сөйлеген 1-2 кісіні білем. «Мұны істеп жүрген қазақтың бұзақы жастары ғой, әйтпесе, ұлттардың достығы ұйып отырған одаққа мұндай нәрселерді жасауға бола ма?! Бұл мүлде ақылға сыймайтын нәрсе!» — деді. Ал қазір басқаша сөйлеп жүр... Бірақ, мен оларды кінәлай алмаймын. Идеология әбден санаға сіңіп кеткен ғой.

Мәселен, менің әкем коммунист болды. Үкіметке адал қызмет етті. Бірақ, 90 жылдар жеткенде, өздерінің ғұмырлары текке кеткендей күйге ұшырап, жүректеріне қатты салмақ түсті. Соны көтере алмай қалды деп ойлаймын. Ауыр тигені сонша, бір жылдай үні шықпай, ешкіммен сөйлеспей, өмірі істеп көрмеген жұмысы — бақшада топырақ қопсытып, өсімдік өсірумен айналысып кетті. Өмірі үйдің жұмысына бас ауыртып көрмеген адам еді ол кісі. Тек үкіметтің жұмысы, колхоздың шаруасы деумен жүретін. Бірақ, «сендердікі дұрыс болмаған кезінде», деп  сол адамды қайтіп кінәлайсың,. Өйткені, ол адамның қолында тұрған ештеңе жоқ.

Тарихты жасайтын тұлғалар. Тұлғалар қалай бұрады, солай болады, қалай жүреді, халық солай кетеді. Кейіннен  зиялы қауым өкілдерінің Желтоқсан көтерілісіне қатысты сұхбаттарын оқыдым. «Сол кезде жастарды біз көтеріп едік, алаңға біз бастап барып едік» деген сияқты сөздері де естіліп қалып жатады. Мысалы, мен сол кісілердің аттарын да білмеймін, мүмкін алаңның басқа жақ шетінде жүрген шығар, мен оларды көрмей қалған шығармын. Бел ортасында жүрдім деген кісілер бар, бірақ мен бел ортасында емес, алаңның шетіндегі тротуардың жиегінде бізге қызықтап қарап тұрғандарды көргем. Ара арасында күліп қойып, «ақымақтар-ай» деп мысқылдап тұрған адамдар да болған. Сол уақытта Колбин келіп жазушылар одағында жиын өткізгенде, кейбір жазушы ағаларымыздың «Сіздің келгеніңіз қандай жақсы болды! Сіз келмегенде, міне, біз құрып бара жатыр едік» деп тілек айтқандары да болыпты.

— Аттарын атай алмайсыз ба?

— Жоқ, кейін өздерің біліп аларсыңдар.

— Отто Бисмарктың «Төңкерісті данышпандар даярлайды, фанатиктер жүзеге асырады, қызығын азғындар көреді» деген ащы кекесінді тұжырымы бар еді. Төңкерісті жүзеге асырушы ретінде осы сөздің қаншалықты ақиқаты бар деп ойлайсыз?

— Бисмарктің айтқаны дұрыс деп ойлаймын. «Төңкерісті данышпандар даярлайды» — дей ме? Данышпан деген өте үлкен мағына береді ғой, ең болмағанда тұлға деп алайық. Мен тұлға деп тек аты шығып, ел алдында жүрген адамдарды ғана айта алмаймын. Халық тұлғаны қолдан жасайды. Тұлғалар біздің ортамызда жүр. Қолдан жасаймыз дегеннен шығады, біз бір танымайтын депутатты сайлаймыз, ол парламентке барып тұлға боп отыра қалады. Бітіріп отырған ісі болмаса да...

Көтерілісті тұлға деуге тұрарлықтай аты белгісіз болса да көзі ашық, көкірегі ояу жігіттер бастады. Біреу бізге сырттан көсем әкеп берген жоқ. Шынымен, фанаттар іске асырды.

Халық кімнің сөзі өтімді болса, соған жығылады. Заманында Лениннің сөзі өтімді болды ма, Лениннің жағына өтті. Гитлердің саясаты дұрыс емес болса да, артынан миллиондаған адам ерді. «Қызығын азғындар көреді» дегенге аса келісе алмаймын. Өйткені, тәуелсіздіктің қызығын баршамыз көріп отырмыз, кейінгі ұрпақ көрмек.

— Ашаршылықтан, репрессиядан, соғыстан әбден қажып, жасып қалған халықтың жастарын алаңға тек Қонаевтің жұмыстан алынғаны алып шыға алмаса керек. Оған ұзақ идеялық дайындық керек. Жалпы қазақ жастарын осындай биік рухпен империяға қарсы тұратындай жігерлі етіп тәрбиелеген қандай күш? Жалпы сол кездегі сіздердің ортайған рухтарыңыз бен қандарыңызды толтыруға себепші болған зиялы қауымның шығармалары ма? Жастар кімдердің шығармаларын тым жақсы көріп оқушы еді?

— Жігерлі етіп тәрбиелеген қандай күш дейсіңдер ме? Сендер әскерде болып па едіңдер?

— Жоқ

— Мен Чехословакияда болдым. Қазақ балалар өте аз болды қатарымызда. Бірақ, қай-қайсысы да ешкімге бекер жұғыспайтын, біреу себепсіз тиіссе, қарап қалмайтын намысшыл болды. Өзге ұлт өкілдері көп болды. Орыстар, өзбектер, беларустар, тау халықтары...т.б. Олардың арасында әлжуаз, қорқақтары көбірек еді. Бір-бірін кез келген уақытта сата салуға дайын тұратындары, өтірік айтатындары көп болды. Бірақ, қазақтан ондайды байқамадым.

Қазақтың білімсіз дегенінің өзі өзгелердің білімді дегендерінен оқ бойы озық тұратын. Қарапайым ғана мысал айтайын. Әскерде саяси сабақ өтеді. Сонда әр ұлттың өкілдерін шығарып алып өзінің туған жерлері қайда орналасқанын карта арқылы көрсетіп берулерін сұрайды. Мәселен, білімсіз деген қазаққа Алматыны көрсет десе, ол Алматыны ғана емес, тіпті Талдықорғанды қойып, Қапал ауданын дәл табады. Өйткені, қазақтың жеріне деген, Отанға деген сағынышы қай кезде де басылмайды, ерекше болады. Сосын орысты картаның алдына шығарып Ресейдің өзін көрсет десе, ол Американы көрсетеді, өзбекке Ташкентті тауып бер десе, Африка жаққа кетіп қалады. Ұстаз басынан таяқпен қойып қалып «қазақ өз жерін көрсетіп тұр, сен неге көрсете алмайсың?» деп ұрысса, «аха» деп қойып, Солтүстік мұзды мұхит жақтан іздеп кетеді Ташкентін.

Біз өте зейіндіміз. Бірақ, қой сынды момынбыз. Десек те, жеме-жемге келгенде бір тудың астынан табыламыз. Өйткені, бізде бабаның қанымен, ананың сүтімен сіңген қасиет бар. Ол қасиет — Отанға деген ерекше махаббат. Бізді алаңға алып шыққан да сол туған жерге деген сүйіспеншілік болса керек.

Көзқарастың қалыптасуына, пісіп-жетілуіне білім керек. Біліммен ұшталған көзқарас нық болады. Дегенмен, замандастарымның бәрі кітапқұмар болды деп айта алмаймын. Бірақ, алдыңғы буын ағалардың шығармаларының әсері болды. Бала кезден көркем әдебиетке құштар болдық. Он бір, он екі жасымда «Көшпенділерді» оқыдым. Әлі есімде, 2 апта бойы күндіз оқығанымды, түнде түсімде көріп жүрдім. Рүстем дастаны, Алпамыс, Қобланды, осылардың бәрі намысты етіп өсірді бізді. Мағауиннің «Аласапыраны», Софы Сматаевтың «Елім-айы», Қабдеш Жұмаділовтің «Соңғы көші». Осы шығармалардың жастарға үлкен әсері болды.

— Макиавеллидің «ұзақ уақыт құлдықта болған халық еліне деген құштарлықтан, отансүйгіштік пен имандылықтан айырылып, жалтақ, тіл алғыш, жағымпаз болады.  Мұндай  халық кездейсоқ жағдайда тәуелсіздікке қол жеткізсе, ол еркіндікті де пайдалана алмайды» деген сөзі бар еді. Осы сөз біздің қоғамға тура келетіндей.

— Ия, тура келіп тұр. Мен сізге бір мысал айтайын, Біз жаңадан тәуелсіздік алғанда, бір үлен басшыға менің бір танысым шопыр болған. Бір күні әлгі бастық ағамыз үйіне қорап-қорап банан алып, 1-2 қорабын шопырына беріп, бала-шағаңа апар, дәм ауыз тисін деген көрінеді. Ол үйіне әкеп тастап кеткен. Кешке жақын келсе, жеңгеміз қазанға бананды салып, ет асқандай қайнатып жатса керек. Тәуелсіздікті  біз бананды қалай жеуді білмеген сол жеңгеміз сияқты қабылдадық. Тіпті күні бүгінге дейін таңсық дүние сияқты. Осының бәрі кеңестік идеологияның әсері ғой. Содан әлі арыла алмай жүрміз. Мысалы, ол кезде кез келген нәрсе дифицит болатын еді. Студент кезімізде Москваға барғанда, апельсинді түк көрмегендей әкелетінбіз. 36-шы шай деген бар еді, шешем тапсырып еді ғой деп, оған да кезекке тұрып, қырылып жатушы ек. Соның бәріне қол жеткізу үшін орыс тілін білу керек болды. Орысша білмесең, нан тауып жей алмайтынсың. Оның үстіне қазақша сөйлессең орыстардың ЧТО-О-О деп жекіруі үйреншікті нәрсе еді. Етіміз оған дағдыланып кеткен, әйтеуір, бәрі солай  болу керектей, орысша білмесең білмегеніңе ұялуың керек сияқты сезілетін. Мен интернатта жатып оқыдым. Орыстар бізді  «инкубатор» деп мазақтайтын. Себебі біркелкі  киінетінбіз.  Қалада жиырма мектеп бар, 19-ы орысша. Кейде қыдырып шыққанда, орыстарға тап боп қаламыз, жабылып сабап кетеді. Сосын қазақ балалары боп жиналып шығып, «инкубатордың» көкесін көрсететінбіз.

Әлі есімде,  2 сыныпта оқып жүрген кезім, дүкенге өшіргіш алуға бардым. Сатушы — орыс әйел. Дәу, шашы сап-сары, бұйра‑бұйра, көзін көкпеңбек қылып бояған, ерні қып‑қызыл. Бара салып:

— Дайте,  мне, учиргиш ‑  дедім (орысшасы солай екеніне өзімше сенімдімін).

— ЧТО!!! — деп айғайлағанда шошып кеттім, сосын дүкеннен шығып, өзімді қылмыс жасап қойғандай сезініп, есіктен шыға тұра қаштым. Амалсыз қайтып бара жатсам, қалада тұратын Бекетай деген кластасым алдымнан шықты. Қайдан келесің? Өшіргіш алғым келетінін айтып едім, ол кірді де,  «дайте мне резину» — деді де, әлгіні ала салды. Мен сонда өзімді ақымақ, топас, білімсіз  сезіндім.

— Тәуелсіздіктің жиырма жылдығы қарсаңында, біздің халықтың, жалпы мемлекеттің қазіргі жағдайы көңіл толарлықтай ма?

— Біз — тәубешіл халықпыз ғой, барға шүкіршілік етеміз. Бірақ, «біз тәуелсізбіз, біз егемендіміз» — деген сөздерді қайта-қайта айқайлап ұрандатудың қажеті жоқ деп ойлаймын. 20 жыл аз уақыт емес. Тәуелсіздік біздің санамызға сіңетін, еттен өтіп, сүйекке жететін кез баяғыда болған. Ал, біз әлі күнге жалтақпыз. Тәуелсіздігімізден гөрі тәуелділігімізге көбірек сенгіміз келіп тұрады. Биліктің өзі әлдебір тылсым күшке тәуелді секілді. Халықтың ертеңгі күніне деген нық сенімі жоқ. Оларға шындықты айтатын ақпарат құралдары да кемде-кем. Телеарналар кілең қазақты масқаралайтын, қазақтың кемпір‑шалдарын келеке етіп, еркегін әйел ғып киіндіруден басқаға фантазиясы жетпейтін,  қазақты ақымақ, жабайы қылып көрсететін жын ойнақтарға толып кетті. «КВН» (бірен-саран шынайы дарындылары болмаса), «Мәссаған», «Ауылбай ФМ». Телеарнаға жаңа бастық келсе, ескі басшылықтың кезіндегі жақсы бағдарламаларды жауып тастау әдетке айналған. Мысалы, кезіндегі Бекболат Тілеуханның «Қазақстан-1» де жүргізген дін туралы бағдарламасы, Бекжан Тұрыс ойнайтын «Ұят болмасын», Қасымның «Шынның жүзі», Санжардың «Алтын сақасы», «Күлтөбе», Бейбіт Құсанбек жүргізген «Тіл», Бақыт Беделханұлы жүргізген саятшылық туралы бағдарламалар қандай керемет еді! Ал, олардың орнын қазір не басты? Қандай бағдарламалар көбейіп жатыр қазір?! Кілең ыржаң-тыржаң, өздері айтқан әзілсымақтарына өздері ыржалақтап мәз болады. Әуелде «7 канал» қазақша басталып еді, кейін оның да орысшасы көбейіп, басқалардың қатарына қосылды. Мықтадым дегенде қол жеткізгісі келетіндері шет елдің, орыстың бағдарламаларын қайталауға тырысып бағуда. Бірақ, онысы да мардымсыз еліктеуден аспайды.

Осы Астанада бір қарындас бар (атын ұмытып тұрғаным) желтоқсанға қатысқан, Құрманғазы деген жігіт екеуі (ол да желтоқсаншы), былтыр 16 желтоқсанда не болып жатыр екен деп алаңға барған ғой. Сөйтсе, Тәуелсіздік алаңында гулеген желден басқа ештеңе жоқ дейді. Ал, жаңа жыл десе, бізде қалай дайындық жасайды, екі ай бұрын қаланы безендіре бастайды, жаңа жылдық шыршаны Президент өзі жағып береді, бокал соғыстырып тұрып сөз сөйлейді. Ал 16 желтоқсан — мемлекетіміздің тәуелсіздік күні ғой. Сол күні алаңда ешкім жоқ. Тек ұйтқып жел соғып тұр дейді. Көз алдыңызға елестетіп көріңізші! Құдай-ау, мереке емес пе?! Оны тойлап жатқан бір адам болмаса, онда ол күнді неге Тәуелсіздік күні деп атадық?!

— Сұхбатыңызға рахмет!

— Сау болыңдар, жігіттер!

Сұхбаттасқандар — Ербол Алшынбай

Жасұланбек Майлыбай

«Абай-ақпарат»

 

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы