Facebook | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Жұрт білмейтін Жақаев

Дата: 26 октября 2011 в 09:42 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Сәрсенбі, 26 Қазан, 2011

Жұрт білмейтін Жақаев

КЕЙІПКЕР

Бала кезде құлақта қалған бір әңгіме бар. Бүгінде сексеннің сегізіне шыққан әжем үнемі айтып отыратын. Ол заманның адамдары еңбекке ерте араласқан ғой. Күннің батысы, таң­ның атысымен санаспаған. Өйткені айналаны соғыс өрті шарпып бара жатыр еді. Ер азаматтың бәрі қару асынып кеткен. Ауылда қалғаны кәрі-құртаң мен жас бала. Бас көтерері әйелдер ғана. Тоқсанға тақаған әжем­нің сөзі рас. Бірақ жылдан қателік кететінін шамалаймыз. Себебі әңгіме: «Ыбекең рекорд жасайтын жылы», деп басталады. Даңғайыр диқан әлемдік рекордты 1947 жылы жасады. Сол жылдың қорытындысымен 1948 жылы кеудесінде Еңбек Ері деген ерен атақтың жұлдызы жарқырады. Бұл уақытта біздің шал соғыстан оралып, майданға түсер алдында алған жарын туған ауылына әкеткен. Әсілі әжем айтқан оқиға соғыс жылдарының бел ортасы болса керек деп топшылаймыз. Ал біздің құлақта қалған әңгіме одан әрі былай өріледі.

«Ауылдағы бас көтерер, кетпен ұстауға жарамды жұмысшының бәрін жерді шеңгелден тазартуға салды. Жер жаратылғалы бері кетпен тимеген алқапқа күріш еккелі жатыр екен. Мен Ыбекеңнің звеносына түстім. Ол кісі басын орамалмен шарт түйіп алып, кетпенін олай да, былай да сілтейді. Ай­наласында тау-тау боп үйіліп шеңгел жатады. Ит мұрыны батпас шеңгелді шабуға біз де кірісіп кеттік. Бірақ соны шаба алмай әбден әуреге түстік. Кетпенді құлаштап соғамын. Жеңгелерім «осы қыздың күші көп» дейтін. Әсілі, күшіме сеніп, жұмысты еңсеріп тастаймын деп ойласам керек. Дегенмен шеңгел құламайды. Қайта шапқан шеңгелім өзіме серпіліп кеп, екі бетім дал-дал қан болды. Соның әдісін ала алмай әбден әбігерге түстім. Жұмысқа кіріскенімізге айналасы сүт пісірім ғана уақыт болды ғой деймін. Соның өзінде бітірген түгім жоқ. Қайта екі қолым мен бет-аузым қанға боялды. Сөйтіп, салым суға кетіп тұрғанда Ыбекең келді. «Рабиға-ау, шеңгелді бұлай шап­пайды ғой», деп жылы жымиды. Одан соң шеңгел шабудың әдісін көрсетті. Сөйтсек, оп-оңай екен ғой. Өзі шеңгелдің жуан саусақ­тай ғана аппақ бір-ақ тамыры болады екен. Соны шауып түссең, қауқиған шеңгелің жалп ете қалады. Ары қарай жұмыс қыза түсті. Сол жылы біз мол өнім жина­дық», – дейді әжем Рабиға Жүсіпова.

Ыбырай Жақаев! Бұл аттың ата­ғына бала кезден қанып өстік. Өзі біз туған жылы дүниеден озса да, көзін көрген адамдардың әңгімесін көп естідік. Сондай әңгімеге сусын­дап отырып, көз алдымызға кетпені күнмен шағылысқан ақсақалдың арпалысқа толы еңбек жолын елестететін едік. Даңқты диқан туралы жазуды көптен бері ойлағанымыз да содан болса керек. Дей тұрғанмен, Ыбекең туралы өте көп жазылды. Қазақтың классик жазушысы Сәбит Мұқановтан бастап, арқалы ақын Әбділда Тәжібаев, Асқар Тоқмағам­бетов талай толғады. Сол заманда Мәскеуден шығатын орталық газеттің барлығы Жақаев турасында мақала басты. Бір ғана жазушы Қуандық Түменбайдың өзі диқан туралы бірнеше әңгіме жазды. Жақында ғана журналист-жазушы Зәкім Жайлыбай­дың «Жамағат жадындағы Жақаев» атты кітабы жарық көрді. Қысқасы, Жақаевтың аты сонау 40-жылдардан бастап, күні бүгінге дейін қаламда тербеліп келеді. Кеңес дәуірінде мынадай ұран болған. «Екі мәрте Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың өндір­ген күріші жер шарын мекендеген барша халықты бір ай асырауға жетеді». Асылында бұл сөз қоспасыз айтылған болуы керек. Сол себепті Ыбекең туралы қалай мадақ айтса да жарасатын-тұғын. Сондай-ақ мұның бәрі еңбекке бас иген қаламгерлердің диқанға деген ерекше ықыласынан туған шығармалар еді. Сондықтан біз жазатын тақырып жоқтай көрінген. Десек те, бүгін Ыбырай Жақаевтың өміріндегі өзгеше өрнектерді, сәулелі суреттерді қаузап көрмекпіз.

ҚАЖЫМҰҚАНДАЙ ҚАРА КҮШ ИЕСІ

«Заманына қарай амалы», дейді біздің жұрт. Сырдың бойына күріш дақылы енді себіліп жатқанда қазір­гідей техника деген болған жоқ. Жерді кетпенмен аударды, тегістеді. Дәнді қолмен септі. Көнекөз қариялар күріш­ті лай сумен араластыруға үлкен томар­дың пай­даланылғанын айтып отыра­тын. Тома­рыңыздың көлемі үй орнындай болады екен. Бұл процесті ауыл халқы «лай омаш» деп атайды. Әлгі томарға екі өгіз жегілетін көрінеді. Екеуі жегілген то­мар­ды сүйретіп алып, атызды айналып жүреді. Бір күні дейді, жаңағы екі өгіздің бірі сүрініп құлапты. Томарды тартуға шамасы жетпей, діңкесі құрып, атыздың ішінде жатып алыпты. Құдай­дың құтты күні зілдей томарды азаннан қара кешке дейін тарта бергесін, өгіздің де әлі кеткен ғой. Өгіз құлаған екен деп қарап отыратын Ыбекең бе?! Діңкесі құрыған өгізді тертеден босатыпты алдымен. Сосын әл-дәрмені құрып жат­қан жануарды сүйреп атыздың жағасына шығарыпты. Сүйегі ауыр, салмағы зілдей өгізді батпақтың ішінде сүйреу үшін қандай күштің керегі айтпаса да түсінікті шығар. Содан кейін… тертеге өзі барып жегілген. Екінші өгіздің жұ­мысын өзі атқарған. Солайша тоқтап қалғалы тұрған жұмыс­ты жалғастырып, жүйенің бұ­зыл­мауы үшін жанын салған. Осы көріністі ауданның бірінші хатшысы Қаракөзов өз көзімен көрген дейді. Таңғалғанынан, бір орнында қаққан қазықтай тұрып қалыпты.

Тағы бір сәт. Мұны диқанның өмір бойғы бригадирі болған Қойшыбай Оразымбетов айтыпты. Алғашқы жыл­дары күріш егу үшін жиде, жыңғыл, шеңгелді жерлерді қопарып, тазартып, тегістеген. Техника тұрмақ, жұмыс күшінің өзі жетіспейді. Ал белгіленген жоспарды орындау керек. Тапсырма қатаң. Өл, тіріл орында. Қойшыбай Оразымбетовтың бригада­сына мөлшер­леніп берген жер бар. Бригадир таң бозымен жер басына келсе, жұмыс­шылар жиналып қалыпты. Ортасында Ыбекең бар. Содан Қойше­кең межелі жерді айтады. Жұмыс­шылар наразы­лық білдіріп, жұмыстың өте ауыр екендерін айтысып, дауры­ғысып қалады. Сонда Жақаев жұртты тыныштан­дырып былай депті: «Дауры­ғысатын несі бар? Сырығыңды лақтыра бер, Қойшеке». Бригадир үш метрлік сырықты лақтырып, аршитын жердің көлемін белгілейді. Содан алты адам бір бөлек, Ыбекең бір бөлек жұмысқа кіріседі. Бір қызығы, алты диқанға белгіленген жер мен Жақаевқа бұйырған жұмыс мөлшері бірдей болады. «Бұ қалай болар екен?» деп Қойшекең кетеді. Сөйтіп қас қарая атқарылған жұ­мысты қабылдап алмақ болып қайта оралады. О, Құдайдың құдыреті деңіз. Бригадир келгенде диқан демін алып отыр екен. Маңдайынан сүмектеп аққан терді кетпендей алақанымен сырып тастап, жай ғана жымиыпты. Өзіне тән баяу даусымен: «Жеріңді қабылдап ал», депті сонан соң. Сыбағалы жер дайын. Ал әлгі алты жұмысшы ол сәтте әлі еңбектеніп жатыр екен. «Ыбекең біткен кезде, олардың әлі бір сырық сілтем жері бар-тұғын», дейді екен диқанға риза болған Қойшыбай Оразымбетов.

АЛДЫМЕН ОТ ҚОНҒАН, ОНАН СОҢ БАҚ ҚОНҒАН

Бұл әңгімені бізге Қойшыбай Ора­зымбетовтың ұлы Сұлтанбек аға айтты. Ол кісі Ыбекеңнің жары Бибіажар шешеміздің аузынан естіпті. Тә­ңірден келетін тылсым сырдың түбіне жету пенденің маңдайына бұйырмаған бақ­тың бірі ғой. Дей тұрғанмен Жара­тушы жоға­рыдан бізге әлдебір хабар беретіні шындық. Аталған оқиға Ыбекең «герой» атағын алардан сәл ғана бұрын болған көрінеді.

Жаһандық рекорд жаңарған жерді кейіннен жұрт «Ыбырай түбегі» деп атап кетті. Диқан ғұмыр бойына сол жерде дән септі. Егіс екті. Бар күшін сарқа жұмсады. Бір күні азаннан бас­талған жұмыстың бетін қайырып қосқа қайтып келе жатады. Өздері төрт адам. Жалғыз аяқ сүрлеуде бірінен соң бірі ілбіп басып келеді екен. Бірінші диқан­ның інісі әрі көмекшісі Боранбай, екінші Бибіажар анамыз, одан соң бригадир Қойшыбай Ора­зымбетов. Жұрт­тың соңын алып Ыбекең келе жатыпты. Күн шыққан­нан қара жұмыс істеген адамдар қайбір әңгімелессін. Барлығы да өз ойларына шомып, өзді-өзі болып, қос­қа жетіп жығылуды ғана арман етеді. Әлден уақытта алдарынан жылты­раған от көрінгендей болады. Жақын­даған сайын жарқырай түседі дейді. Сөйтсе, алақан­дай болған от-шар жер­дің бетінде қал­қып тұрған көрі­неді. Алдымен Боранбай жетіп бара­ды. Барады да алақанына салады. От сусып түсіп кетеді. Сосын Бибіажар анамыз ұстайды. Оның да қолында тұрақтамай­ды. Қой­шекең қолына салса, сәл тұрыпты да, домалап кетіпті. Бұл тылсымға қызық­қан Ыбекең отты алып, алақанына қояды. От-шарыңыз диқан­ның алақа­нын­да біраз уақыт тұрған. Содан кейін барып домалап кеткен. Айдалада от көру, оны қолмен ұстау деген қызық қой. Төртеуі әлгі отты қайта ұстап көреді. Алдыңғы көрініс тағы қайтала­нады. Төртеуі таңғалып, таңдай қағы­сып қосқа жетеді. Ол сәтте мұны ешкім былай болады деп жорымапты. Бірақ қазір қарап отырсақ, от – қонатын бақ­тың белгісіндей екен. Қолында от-шар ұзақ тұрған Ыбекеңнің атағы да алысқа кетті.

Диқан әлемдік рекорд жасайтын жылы жамағайынның бәрі жер басында болған. Ол қатарда колхоз бастығы Сыздық Боқаевтың да жүргені белгілі. Өзі Ыбекеңнің немере інісі. Сыздекең Боқайдан тараса, Ыбекең Жақайдың балалары. Сол Сыздық Боқаев судың сағасында дәу қара шұбар жыланның жатқанын көріпті. Жұрт жыланнан қорқып тас лақтырса да жатқан орны­нан жылжымайды екен. Жыланнан қорқып жүрген жастарды көрген Ыбекең сонда басу айтыпты. «Балалар-ау, ол жыланға тимеңдер. Аруақ қой ол. Мына дәнді алқаптың иесі де, киесі де осы жылан», дейтін көрінеді. Сол жылы диқанның мол өнім алғанын ауылдағы көзкөргендер осы күнге дейін айтып отырады.

Сыздық Боқаевтың ұлы Балтабек ағамыз да жас күнінде Ыбекеңе көмекші болған. Сол кісі айтады: «Жыл сайын қысқы шөпті өзім да­йындай­тынмын. Қамысты орып, арты­нан келіп баулаймын. Ең алғашқы жылы бау­ламақ болып бірінші бауды көтеріп қалып едім, астынан қара шұбар жылан шықты. Бірақ қорық­падым. Тиіспедім де. Осы көрініс жыл сайын қайталанды. Бірінші баудың астында үнемі жылан жататын. Әкеме айтқанымда: «Ол бізді желеп-жебеп жүрген аруақ қой» деген еді», деп. Соған қарағанда бұл әлеуетке тән жылан болып тұрғаны ғой…

ҰРЛАНҒАН «АЛТЫН ЖҰЛДЫЗ»

Ыбырай Жақаевтың екінші мәрте Еңбек Ері атағын алғаннан кейін екен. Бір құрдасының баласы Тәшкенде оқып­ты. Білім қуған жас жігіт өзі ұрынды ма, әлде біреу ұрындырды ма, келеңсіз жағдайға тап болады. Ақыры айналып оқудан шығып қалу қаупі туындайды. Құрдасы қайда барады? Бүткіл одақ танитын Ыбыраймен тай-құлындай тебісіп бірге өскен. Досы. Әзілі жарасқан, естелігі бір құрдасы. Салып ұрып Ыбекеңе келеді. Мәсе­ленің мән-жайын жік-жаппар болып түсіндіреді. Қысқасы, өзі барып, бала­ны оқуда қалдыру керектігін айтады. Құр­дасының сөзін жерге тастайтын қазақ бар ма? Келіседі. Екеуі отарбаға отырып, Тәшкен кетеді. По­йыздан түскесін таксиге отырмай, трам­вайға мініпті. Оқиға осы сәтте болған. Ығы-жығы адам. Бірі мініп, бірі түсіп жатыр. Сапырылыстың арасында не болып, не қойғанын ұғу қиын. Ауылдан келген екі ақсақалдың бірінің көкірегін­де жарқы­раған Алтын жұлдыз сұғанақ қол ұрылардың көзіне оттай басылады. Сөй­тіп, жұлдыздың біреуін ұрлап кетеді. Жоғары жағы кеудеде қалып, тө­менгі тұсы ұрының қолына түседі. Екі шал аяңдап университетке жетіпті. Құрдасы қараса, Ыбекеңнің бір жұлдызы жоқ дейді. Ал масқара! Енді не істемек керек? Баланы оқуда қал­дырамыз деп жүріп, жұлдыздың бірінен айрыламыз деп ойлап па? Ыбекең Өзбекстанның сол кездегі басшысы Шараф Рашидовке баруды ұйғарады. Жол­дағы милициядан сұрап, Орталық комитеттің үйін тез таба­ды. Табуын табады-ау, бірақ ішіне енулері мұң. Ауыздағы милиция ішке жібермейді. Ыбекең өзінің кім екенін айтып, Рашидовке тез жолығуы керек екенін нығыр­лайды. Әлгі ішкі телефонмен байла­нысып, көмекшісіне айтқан болуы керек. Сәлден соң Рашидовтың өзі түсіпті төменге. Еңбек Ерін құша­ғына қапсыра құшақтап, бетінен сүйіп, бәйек болады. «Келе жатырмын деп неге айтпайсыз?» дейді арасында. Даңға­радай кабинетке кіргесін, Ыбекеңнің құрдасы жағдайды баян етіп, бір Алтын жұлдыздан айрылып қалғанын жеткізеді хатшыға. Рашидов көмекшісін шақы­рып алып, «таң­ертеңге дейін дәл мынадай алтын жұлдыз дайындап әкел» деген тапсырма беріпті. Сонымен азанда қос шалдың Тәшкен барған негізгі жұмысы бітеді. Артынан жар­қырап Алтын жұлдыз да келеді. Екеуі қайтпақ ниеттерін білдіреді. «Немен қай­тасыздар?» деп сұрапты хатшы. «Пойыз­бен», дейді екі шал. Сонда Рашидов:

– Жоқ, Ыбеке, – деп кесіп айтады. Олай болмақ емес. Сіз қазақ-өзбектің ғана емес, бүкіл әлем диқандарының көшбасшы адамысыз. Ал біз үшін тәбәрік адамсыз. Сізді мына көлік үйіңіздің алдына дейін апарып салады, – дейді де өзінің астындағы «Чай­касын» береді. Алдында кортеж. Аста­рында «Чайка». Жол бойындағы милиция біткеннің бәрі маңдайына қолын қойып, «честь» береді. Солайша, екі шал елге жетеді.

…Осы әңгімені естіген Балтабек Сыздықов оқиғаның солай болға­нымен, ұрланған Алтын жұлдыз емес, Ленин ордені екенін айтты бізге. Ыбекең үш мәрте Ленин орденін алған. Қолды болған соның бірі көрінеді. Кім білген? Бірақ Рашидов­тың «сіз тәбәрік адамсыз» деп шарқ ұрғаны шындық.

Жалпы, Ыбекеңнің атағын пайда­лан­ғысы келген пысықайлар болмай қалмаған. Анда-мұнда алдына салып, кеудесін ашып, «жұлдыздарыңызды көрсетіп жүрсеңізші» дегендерге, Жақаев «қой, ұят болады» дейді екен. Бұл да дала академигінің тағы бір қарапайым қыры болса керек.

ҚЫДЫР ДАРЫҒАН ҚАЗАҚ

«Қырықтың бірі – Қыдыр, мың­ның бірі – Уәли», дейді қазақ. Ауыл ақсақалдары бата бергенде де: «Қы­дыр дарып, бақ қонсын», деп жатады. Оған қоса: «Жортқанда жолың бол­сын, Қыдыр ата жолдасың бол­сын», дегенді де қосып қояды. Қы­дыр­ды көрген адамдар бар. Солардың бірі – Ыбырай Жақаев.

Ыбекең ағынан жарылып көп сөйлемейтін адам болған ғой. Бірақ осы әңгімені талай жыл Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінің бас редакторы болған журналист-жазушы Зәкім Жайлыбайға айтыпты.

– Өзім жидеден, шеңгелден арыл­тып, атыздап еккен күріштікті суға бастырып болып, жаптың басында дамылдап отырғанмын. Денем дел-сал. Бірақ көңілім тоқ. Біткен іске береке тілеп, жайғасқан сәтім еді. Күн кеш болып қалса да, үйге асықпадым. Атыз ұлтанындағы сарқырап аққан суға қарап отыра тұрғым келді. Сәлден кейін батар күннің шапағына тұла бойы тұтас малынған ұзын бойлы, ақ сақалды, ақ делбегейлі кісі­нің маған беттеп келе жатқанын аңғардым. Тұп-тура күріш атызының үстімен кебісі суға тиер-тимес болып жүріп келеді. Алғашында таң-таң болып, өз көзіме өзім сенбей, не ойларымды да білмей отыра бердім. Жақындағанында орнымнан тұрдым. Ол кісі тура қарсы алдыма келді де: «Шырағым, ырысың осы жерден болады. Бақытың өрлей берсін. Әумин!», – деді ап-анық дауысымен. Сөйтті де ғайып болды. Мен болсам, өң мен түстің арасында қалғандай­мын. Есімді жисам: «Әумин» деп күбірлеп тұр екем.

Қыдыр дарып, бақ қонды деген осы шығар. Жақаев есімі жаһанға тарады.

Бізді желеп-жебеп жүретін әлдебір тылсым күштің бары рас. Құй мойын­даңыз, құй мойындамаңыз, солай. Ыбырайдың да желеушілері болған. Оны мына төмендегі оқиға растайды.

Мұны «Қарғалы» совхозының директоры болған Әбісалан Халықов айтыпты. Ол кезде «Қызылтудың» комсомол комитетіне жетекшілік етеді екен. Бір күні колхоз төрағасы Бижанов шақырып алып, шұғыл тапсырма береді. «Ыбекең Шиеліге аупартком бюросына кетті. Шығатын уақыты болып қалды. Мына атты мін де, ауданға тарт». Тапсырманың бас-аяғы осындай. Халықов жеделдетіп жетеді ауданға. Жеткенін қайтсін, Ыбекең «сенің жұмысың болса қала бер, мен ауылға өзім-ақ жетемін ғой» деп оны қалдырып кетеді. Түн мезгілі. Айна­ланы қа­раңғы жапқан. Ал аудан мен ауылдың арасы біршама жер. Жол да тақтайдай емес. Айнала жыңғыл, шең­гел, жидеге толы. Сол топ шең­гелдің арасынан қырғауыл пыр ете қалып, ат үріксе, Ыбекең майып болуы мүмкін. Оның артында үлкен ұяты бар. Жас жігіт диқанның қолқасына көне қоймайды. Ыбекең сонда да өз дегенін жасайды. Содан ол «Қарағай көпірге» дейін бірге келеді де, одан әрі білдіртпей артынан еріп отырады. Қаракөлеңкеде Ыбеке­ңе үш-төрт атты адам қосыл­ғандай әсер береді. Иә, анық. Диқанға үш-төрт атты ілесіпті. Күтіп тұрған ешкім жоғын өз көзімен көрген. Міне, ғажап. Содан ауылға дейін еріп келеді. Ал ауылға Жақаев жалғыз өзі кіреді. Таңғалмай көріңіз. «Осы оқиғаны өз көзіммен көрмесем, сенбес едім» деп отырады екен Әбісалан Халықов.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН: Айта берсе, аңыз сияқты. Десек те, ақиқаты да осы. Қоспасы жоқ. Ал Ыбекеңнің өмі­ріндегі осындай өнегелі жағ­дай­лар мен тылсым сәттерді ай­тып тауысу мүмкін емес. Біз бүгін солар­дың бір парасын ғана баян еттік.

* * *

ӨСИЕТ ПЕН ҚАСИЕТ

Ыбырай Жақаевтың қасиетті адам болғаны айқын. Олай болмаса, Жақаев есімі осы уақытқа дейін жұрт жадынан өшер еді. Қасиетті адам көзі тірісінде артындағы мұрагерлеріне өсиет те айтқан. Соны санамызда тағы бір мәте жаңғыртып қоялық.

– Бәрінің анасы Жер. Жерді таңдай біл. Оны баптай біл. «Егінші мәрт, жер жомарт» деген сол.

– Адам сияқты егін де таза суды тілейді. Ескірген судан егін де ауырады. Оған үнемі таза су бер.

– Жас күріштің сабағы ешкінің түбітіндей нәзік келеді. Оны тек тамырымен суарып аласың. Жер дымқыл болса тамыры тереңге кетеді, күріш өмірлі болады.

– Күріштің жауы арамшөп. Қаулаған арамшөптен күрішті арашалай білсең, күріш сені байлыққа белшеңнен батырады.

– Егінді өсіре білу – алғашқы асу ғана. Ысырапсыз жинап алу – мәре. Бұл сыннан да мүдірмей өт. Сонда ғана ерлегенің.

– Күріш өсіруге әдіс керек. Оған ізденсең ғана жетесің. Ізденуден жалықпа.

– «Көп түкірсе – көл» деген сөз бар. Көпшіл бол. Қиындық кездессе жұмыла көтер.

– Егер сен жалғыз болсаң асқар тауға шыққаныңнан не пайда? Шәкірті жоқ ұстаз – бұтақсыз бәйтерек. Шәкіртің көп болсын.

– Жалынды бол. Жалыныңнан басқа адамдар жылу тапсын.

– Өзіңе-өзің сенімді бол. Диқанның сенімінен айрылғаны өнімінен айрылғаны.

* * *

НАҚЫЛ МЕН ДАҚЫЛ

Диқан тек дақыл ғана сеппеген. Сонымен қатар ұрпағына ақыл қосарлық нақыл да айтқан. Соның бір бөлшегі былай боп жалғасады.

– Еңбектің құяр арнасы – жер.

– Адамның еңбектен қалмағаны, қарттыққа бармағаны.

– Тіршілік тартысы, тұрмыс талқысы – қиын нәрсе.

– Нансыз өмір – сәнсіз өмір.

– Топырақ аялағанды сүйеді,

Жапырақ сипағанды сүйеді.

– Диқанның он күн бастық болғанынан бір күн егін еккені артық.

– Сәтсіздікке ұшырасаң, жасыма, ашын,

Басыңа бақ дарыса, тасыма, қайта ашыл.

– Қытығы бар беттен ғана от шығады.

– Ұят – адамға біткен асыл қасиет.

– Атыз – күріштің отау үйі.

– Бүркіт алыстан көреді, бірақ адамнан аз көреді.

– Арманның ада болғаны, өмірдің таусылғаны.

Ержан БАЙТІЛЕС.

Қызылорда облысы.

По сообщению сайта Егемен Қазақстан газеті