Еліміздің электр нысандарын жаңалау жұмыстарына 3 тлн теңге қажет
Еліміздің электр нысандарын жаңалау жұмыстарына 3 триллион теңге қажет.
Бұл туралы Қазақстан энергетиктері қауымдастығының төрағасы Шәймерден Оразалинов мәлімдеді.
Оның 1,5 триллионы – жоғары қуатпен жұмыс істеу үшін қолда бар электр стансыларға жаңалау жұмыстарын жүргізуге, 963 миллиарды – аймақтық электр желілері компанияларын оңалтуға, ал қалған 200 миллиарды – KEGOC-қа қарасты ұлттық электр желілерін дамытуға бағытталады.
Шәймерден Оразалиновтың айтуынша, бұл көлемді қаржы 2010-2014 жылдардағы энергетика саласын дамыту туралы бағдарламасында қарастырылған шаралар негізінде есептелген.
«Бүгіндері стансының 13 тобына арналып тарифтер белгіленді. Бұл кәсіпорындардың өз инвестициялық бағдарламасын жүзеге асыруға мүмкіндік береді деп күтіліп отыр. 2011 жылы модернизация жұмысы үшін 300 миллиард теңгеден астам қаржы салынатын бұл стансылар бүгіннің өзінде инвестициялық жағынан тартымды көрінуде», – дейді ол.
2011 жылы модернизация жұмысы үшін 300 миллиард теңгеден астам қаржы салынатын бұл стансылар бүгіннің өзінде инвестициялық жағынан тартымды көрінуде
Егер аталған бағдарламаның өзіне келер болсақ, ол алдағы шілде айында қабылданып қалуы керек деп күтіліп отыр.
Жалпы, саланы жаңғырту үшін қолға алынбақшы көлемді қыруар істер жайына тоқталған «KEGOC» АҚ президенті Алмасадам Сатқалиев, «Ел экономикасының дамуы – 2020» стратегиялық – бағдарламасы шеңберінде 2014 жылға дейінгі энергетикалық саланы дамытудың мемлекеттік бағдарламасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің басшылығымен арнайы жұмысшы топпен әзірленгенін айтады.
Аталған бағдарлама шеңберінде көлемді желі құрылысы жүргізілмекші, соның нәтижесінде жоғары қуатты стансылар да іске қосылады
«Аталған бағдарлама шеңберінде көлемді желі құрылысы жүргізілмекші, соның нәтижесінде жоғары қуатты стансылар да іске қосылады», – дейді А.Сатқалиев.
Оның айтуынша, осы бағдарлама шеңберінде электр стансыларының көлемді құрылысы жоспарланып отыр.
Олар – Балқаш ЖЭС, Екібастұз СРЭС-2-нің үшінші блогын тұрғызу, Екібастұз СРЭС-1-дің екі блогын қалыпқа келтіру және Ақтауда атом стансысын салу.
«Бағдарлама 2014 жылға дейін қарастырылған. Яғни ол еліміздің басты стратегиясы – Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында қосымша жүзеге асырылады. Бұл арада энергия қуатын арттыруда ол өндірістік қуаттан жоғары болу керектігі мақсат етіліп отыр. Сол себепті бұл бағытта нақты жоба мен нақты инвестициялар қаралуда», – дейді ол.
Сонымен қатар «KEGOC» АҚ президенті, ұлттық электр желілері құрылысына 2025 жылға дейін 630 миллиард теңге инвестициялау жоспарланып отырғандығын айтты. Қаржы, негізінен, ұлттық электр желілерін жаңалауға, оңтүстік аймақты электр энергиясымен қамтамасыз етуді жақсартуға ықпал етуі тиіс «Алма» шағын стансысының құрылысына, Мойнақ СЭС-ті ұлттық электр желілеріне қосуға, Балқаш ЖЭС-нің қуатын арттыру мақсатында салынуы тиіс желілерге жұмсалмақшы.
Міне, мұның бәрі елімізде шығыны 20 пайызды қамтитын энергетика саласы қызметінің сапасын арттыруға, қуатты үнемдеп жұмсауға, тұтынушылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған шаралар болып табылады.
Салалық бағдарлама қабылданып, оған көлемді қаржы бөлу қарастырылып жатқандықтан, осы бағытта атқарылатын ауқымды жұмыстардың нәтижелі болуы үшін қадағалауды қатайту қажет деген мағынада қоғамда пікірлердің айтылып жүргеніне біраз уақыт болды. Сондай ұсыныстың бірі – Энергетика министрлігін құру.
Қазақстанда энергетика бойынша жеке-дара министрлік құратын уақыт жетті
«Меніңше, Қазақстанда энергетика бойынша жеке-дара министрлік құратын уақыт жетті. Оған ұзақ уақыт бойы Энергетика және минералды ресурстардың бір шаңырақ астында отыруда тиімсіздік танытқандығы айғақ бола алады. Сондықтан бүгіндері энергетика саласын басқаратын жеке орган ашу қажеттілігі туындап отырғандығын ешкім жоққа шығара қоймас», – дейді Қазақстан энергетиктері қауымдастығының төрағасы Шәймерден Оразалинов.
Оның айтуынша, энергетика – стратегиялық сала, сол себепті оған арнайы толыққанды министрлік керек, одан төмен мәртебеге бұл сала лайық та емес.
По сообщению сайта Nur.kz