
Кеше Қазақстан Республикасы президенттігіне үміткерлерді ұсыну мерзімі ресми түрде аяқталды. Науқан басталғалы нобайы 22 адам өздерінің сайлауға түсуге әзір екендігін мәлімдеді. Бұрын-соңды болмаған жағдай десе де болады.
Сол 22 адамның екеуі өз еркімен бас тартты. Алтауы Мырзатай ағамыз бастаған тіл комиссиясының тезіне шыдамай ұшып кетті. Тағы бесеуі емтиханға енді барады. Амантай қажы ағамыз «мафиямен күресіп кетті».
Президент Назарбаевпен додаға түсемін дегендердің ішіндегі «мықтылары» деп тек «үйреншікті кандидаттар» Мелс Елеусізов пен Ғани Қасымовты айтуға болады. Қалғандарын ел ішінде ешкім біле бермейтін секілді.
Бір ғана жақсы жаңалық: сайлауға қазақ ұлтшылдарының атынан желтоқсаншы Құрманғазы Рахметов пен Серік Сапарғали мырзалар түсіп жатыр екен.
Біздің пайымдауымызша, осы жылы сайлау туралы заңнаманың талаптарын елбасымыздан тыс тек бес-алты кандидат қана орындап, бюллетенге есімдерін жазғыза алады. Олар: Сәлім Өтен, Мұсағали Дуамбеков, Мелс Елеусізов, Ғани Қасымов, Жамбыл Ахметбеков. Қалғандарының сынақтан мүдірмей өтуі екіталай. Осылардың қатарына қазақ ұлтшылдарының өкілі Құрманғазы Рахметов іліксе тіпті керемет болар еді.
Не болса да күтейік. Қай жеңгені біздікі!
«Абай-ақпарат»
По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы